• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Әскери шеру – армия айбынын айғақтайды

694 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасына қызмет етемін! Алдағы 30 тамызда ел Конституциясының он бес жылдық мерекесіне елордада әскери шеру өтетіні белгілі. Аталған дәстүрлі салтанатты шараны ойдағыдай өткізу биыл еліміз Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Майкеевке жүктелген. Осы ретте әскери шеруге дайындық барысы жайында Мұрат ЖӘЛЕЛҰЛЫН әңгімеге тартқан едік. – Мұрат Жәлелұлы, Консти­туция күніне орай өткелі отырған биылғы әскери шерудің ерекшелігі қандай? Оған қанша әскери қызметкерлер жұмылдырылғалы отыр және әскери техника мен авиацияның саны қанша? – Әскери шеруге дайындалып жатқан арнайы құрамның жалпы саны 2244-ті құрайды. Қару-жарақ пен әскери техникалар саны 154 болса, әуеде 66 әскери ұшақтар мен тікұшақтар өнер көрсететін болады. Олар 150 метрден 1200 метрге дейінгі биіктікте самғаса, ұшу жылдамдығының күші 100-ден 720 шақырым сағат болмақ. Ал ұшу уақыты 11 минөт. Сондай-ақ 180 адам оркестрде әскери қызмет­кер­лер мен шеруді тамашалаушыларға патриоттық әуендермен рух беріп тұрады. Жалпы, ерекшелік дегенде біз танк­тердің алаңда биыл көлік­тер­мен емес, шынжыр табандарына арнайы құрал кигізу арқылы өзде­рінің жүріп өтулерін айтар едік. Бұл да сырттан тамашалаушы жұрт­қа ерекше әсер береді деп ойлаймын. – Шеруге қатысу бақытына ие болған әскери қызметкерлердің психологиялық дайындықтары жөнінде не айтар едіңіз? – Олардың барлығы да аталған салтанатты шараға қатысатындық­тарына шексіз қуанышты деп айтар едім. Мен мұны дайындық бары­сын қадағалаған қай кездері де бай­қап жүрмін. Сарбаздар мен сардар­лар бұл айтулы мерекенің алдында өздеріне қаншалықты отаншылдық рухтағы міндеттер жүктелетінін анық сезінеді. Сондықтан да олар психологиялық тұрғыда қазірдің өзінде жүз пайыз дайын тұр деп айтуға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін 17 тамызда Қор­ға­ныс министрі Әділбек Жақ­сыбековтің шеруге қа­тысқалы отырған әс­к­е­рилермен бірінші жүз­десуінде оларға біл­дірген шексіз ризашылығын айтқан жөн секілді. – Естуімізше биылғы шеруде нәзік жандылар да бір топ болып сап түзеп өтеді дейді... – Еліміз Қарулы Күштерінің сан-саласында қызмет ететін қыздарымыз шеру көркін қыздыра түседі деп жоспарлап отырмыз. Мұндай арнайы құрам бұрынғы шерулерде болмаған. Яғни, биыл тұңғыш рет өткелі отыр. Олардың ішінде психологтар, тәрбие ісі офи­церлері, іс жүргізуші және байла­ныс­шы болып әскери қызмет атқа­рып жүрген аруларымыз бар. Әскери шеруде сондай-ақ Рес­пуб­ликалық ұлан, Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер­лері, Төтенше жағдайлар министр­лі­гінің арнаулы бөлімдері және әс­кери оқу орындары курсанттары се­кілді өзге де қуатты құрылым қызметкерлері сап түзеп өтулері жоспарланған. Мұның барлығы да “Хабар” телеарнасынан сол күні тікелей эфирден көрермендерге жол тартады. Бұл ретте де біршама жұмыстар жүргізілуде. – Айтулы шараға дайындық дәл қай күндері өтеді? – Қазақ елі монументі жанын­дағы бас алаңда тамыздың 23-і мен 28-і аралығында өтеді деп белгі­ленген. Алайда өз тарапымыздан та­ғы бір пысықтау дайындықтары өтуі тиіс. Ал енді басты үлкен дай­ындық 28 тамызда болады. Бұй­ырт­са, шеру өтетін күннен бір күн бұ­рын барлығы да сақадай сай тұ­ра­ды. “Тойдың болғанынан, бола­ды­сы қызық” дегендей, әр дайындық­ты қараған сайын ерекше құлпыра түскен сардарлар мен сарбаздарды көремін де, бұл шеру ойдағыдай өтетініне сенімім күшейе түседі. Айбынды армиямыздың өркендей түсіп, еліміздің іргесін берік ұстауда сардарлар мен сарбаздардың атқа­рар жүгі ауқымды екені айқын. Конс­титуция мерекесі күніне өт­кі­зілгелі отырған әскери шеру әске­рилерге ерекше серпін береді деп есептеймін және осы ретте біз жұмыла жұмыс жасай береміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.