Қазақстан Республикасына қызмет етемін!
Алдағы 30 тамызда ел Конституциясының он бес жылдық мерекесіне елордада әскери шеру өтетіні белгілі. Аталған дәстүрлі салтанатты шараны ойдағыдай өткізу биыл еліміз Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Майкеевке жүктелген. Осы ретте әскери шеруге дайындық барысы жайында Мұрат ЖӘЛЕЛҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.
– Мұрат Жәлелұлы, Конституция күніне орай өткелі отырған биылғы әскери шерудің ерекшелігі қандай? Оған қанша әскери қызметкерлер жұмылдырылғалы отыр және әскери техника мен авиацияның саны қанша?
– Әскери шеруге дайындалып жатқан арнайы құрамның жалпы саны 2244-ті құрайды. Қару-жарақ пен әскери техникалар саны 154 болса, әуеде 66 әскери ұшақтар мен тікұшақтар өнер көрсететін болады. Олар 150 метрден 1200 метрге дейінгі биіктікте самғаса, ұшу жылдамдығының күші 100-ден 720 шақырым сағат болмақ. Ал ұшу уақыты 11 минөт. Сондай-ақ 180 адам оркестрде әскери қызметкерлер мен шеруді тамашалаушыларға патриоттық әуендермен рух беріп тұрады.
Жалпы, ерекшелік дегенде біз танктердің алаңда биыл көліктермен емес, шынжыр табандарына арнайы құрал кигізу арқылы өздерінің жүріп өтулерін айтар едік. Бұл да сырттан тамашалаушы жұртқа ерекше әсер береді деп ойлаймын.
– Шеруге қатысу бақытына ие болған әскери қызметкерлердің психологиялық дайындықтары жөнінде не айтар едіңіз?
– Олардың барлығы да аталған салтанатты шараға қатысатындықтарына шексіз қуанышты деп айтар едім. Мен мұны дайындық барысын қадағалаған қай кездері де байқап жүрмін. Сарбаздар мен сардарлар бұл айтулы мерекенің алдында өздеріне қаншалықты отаншылдық рухтағы міндеттер жүктелетінін анық сезінеді. Сондықтан да олар психологиялық тұрғыда қазірдің өзінде жүз пайыз дайын тұр деп айтуға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін 17 тамызда Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің шеруге қатысқалы отырған әскерилермен бірінші жүздесуінде оларға білдірген шексіз ризашылығын айтқан жөн секілді.
– Естуімізше биылғы шеруде нәзік жандылар да бір топ болып сап түзеп өтеді дейді...
– Еліміз Қарулы Күштерінің сан-саласында қызмет ететін қыздарымыз шеру көркін қыздыра түседі деп жоспарлап отырмыз. Мұндай арнайы құрам бұрынғы шерулерде болмаған. Яғни, биыл тұңғыш рет өткелі отыр. Олардың ішінде психологтар, тәрбие ісі офицерлері, іс жүргізуші және байланысшы болып әскери қызмет атқарып жүрген аруларымыз бар.
Әскери шеруде сондай-ақ Республикалық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері, Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы бөлімдері және әскери оқу орындары курсанттары секілді өзге де қуатты құрылым қызметкерлері сап түзеп өтулері жоспарланған. Мұның барлығы да “Хабар” телеарнасынан сол күні тікелей эфирден көрермендерге жол тартады. Бұл ретте де біршама жұмыстар жүргізілуде.
– Айтулы шараға дайындық дәл қай күндері өтеді?
– Қазақ елі монументі жанындағы бас алаңда тамыздың 23-і мен 28-і аралығында өтеді деп белгіленген. Алайда өз тарапымыздан тағы бір пысықтау дайындықтары өтуі тиіс. Ал енді басты үлкен дайындық 28 тамызда болады. Бұйыртса, шеру өтетін күннен бір күн бұрын барлығы да сақадай сай тұрады. “Тойдың болғанынан, боладысы қызық” дегендей, әр дайындықты қараған сайын ерекше құлпыра түскен сардарлар мен сарбаздарды көремін де, бұл шеру ойдағыдай өтетініне сенімім күшейе түседі. Айбынды армиямыздың өркендей түсіп, еліміздің іргесін берік ұстауда сардарлар мен сарбаздардың атқарар жүгі ауқымды екені айқын. Конституция мерекесі күніне өткізілгелі отырған әскери шеру әскерилерге ерекше серпін береді деп есептеймін және осы ретте біз жұмыла жұмыс жасай береміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.