• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Бұл өмірге жолаушымыз бәріміз

2171 рет
көрсетілді

Тіршілікте өмірдің қызық күн­дерін бағалай білмейтініміз өкініш­ті-ақ. Жалпы адамзат баласының барға қанағат тұтатын сәттері сирек пе деп ойлаймын. Таңның атысы, күн­нің батысы шыр көбелек айна­лып жүріп, өмірдің алтынға балаған күндерінің тарихқа кетіп жатқанын байқамай қаламыз. Баяғыда ата-бабамыз күнім өтіп барады деп кү­ңі­ренсе, ал қазіргі уақыттың адам­дары айдың басы қашан болады, аяғы қашан болады, келер жыл жылдам келсе екен, зейнетақымыз өсіп, жалақымыз көбейсе екен, ма­лымыз семіріп, егініміз өссе екен деген қым-қиғаш тіршіліктің со­ңын­да жүріп, қалай күннің еңкейіп қалғанын байқамай да қалады. Иә, өмір деген адамзат баласына бе­ріл­ген кесікті бір мерзім екеніне терең бойлап, ойлана бермейміз. Мына өмір, жарық күн бізге берілген мәң­гі сыйлықтай, денсаулықты мәңгі тозбайтындай көретініміз құпия емес. Иә, адамзат баласының арма­ны, өмірінің соңғы күніне шейін таусылмайтын шығар. Жаратылыс қанша ғұмыр берсе, соншалықты арман-қиял пенденің көгілдір көгінде құс болып шарықтап ұшып жүретіні шарттылық па деймін. Соңғы жиырма жыл бойы байлық пен барлыққа қол жеткізген талай адамдардың өзгеріп, кеуделеріне нан пісіп кеткенін көрдім. Жалпы байлықтың адамды есіртіп жібе­ретін қасиеті бар-ау. Баяғыда бір хан өмір сүріпті. Ол хан өте әді­летті, халқына жайлы болыпты. Осы ханның шашын бір шебер шаштараз ай сайын тақырлап алып тұрады екен. Ханның шашын өткір ұстарасымен алған сайын әлгі шаш­тараз “Халқына жақсылығын аяма­ған ханның ақылды басынан айна­лайын, жолыңа құрбан болайын” деп тебіреніп, айналып-толғанады екен. Күндердің күнінде ханның шашын алған шебер аяқ астынан өзгеріп, “Басыңды біржолата кесіп тастайын ба?” деп кіжіне берген көрінеді. Ақылды хан ойланып-ойланып нөкерлерін шақырып ал­ып, шаштараз тұрған жерді белуар­дан қаздырған көрінеді. Бір қы­зы­ғы, сол жерден ат басындай алтын шығыпты. Байқұс шаштаразды сол алтынның буы аз уақыт болсын есіртіп жіберген екен. Бұл нені мең­зейді? Бұл байлық пен бақытты алып жүру үшін де мол ақыл, адам­гершілік, айрықша зерде, салмақты мінез-құлық керектігін көрсетеді. Көп жағдайда байлықты иемен­денген адамның билікке деген құ­марлығы оянып, көксей бастайды. Ақылды адамның қолындағы билік халқына қызмет етсе, таяз ойлы адамның қолындағы билігі өзіне, айналасындағы жанашыр топқа қыз­мет жасап, әділетсіздікке жол бере­тінін көзіміз көрді. Осындай бір то­ғышар адам қолындағы билігін пай­даланып, өзінің ауылындағы барлық жүргізушілердің куәлігін әл­деқандай сынық пен сылтау тауып, сыпырып алғанда бір ашынған жі­гіттің наласы ғұмыр бойы жадымда қалыпты... – Қолындағы биліктің құры­ғын ауылдастарынан өш алуға пай­даланған сол жігіттің адымы ұза­ма­ды, көп кешікпей майлы шелпек қыз­метінен айырылды. Жер бетін­дегі ең қысқа ғұмыр адамзат ен­ші­сінде екен, одан абыройын жоғалт­пай сүріп өту тек қана жақсы адам­дардың ғана қолынан келері анық. Дүние жүзін жаулаған қолбасшы Алек­­сандр Македонский өлерінің ал­дында мынандай өсиет айтқан екен. “Мен өлемін, өлгеннен кейін та­быттың екі бүйірін тесіп, қолда­рым­ды шығарыңдар, мен дүние жү­зін жаулап алсам да о дүниеге еш­теңе алып кетпегенімді мына жұрт көр­сін” деген екен. Білген адамға бұл аңыздың да айтар тағылымы мол. Жаратушыны ұмытып, қиянат­пен мал жиған адамдардың өмірінің соңы қара түнек болатынын да көрдік. Естеріңізде ме, адамды адам біліп болмайтын сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы дүрбелеңде қайдан шыққаны белгісіз, жеңіл табыс көзін іздеген басбұзарлардың пайда болғаны. Соның біреуін мен де сыртынан білуші едім, әлімжет­ті­к қылып, өзгенің ақшасын тар­тып алып, жолдан келген жеңіл байлықтың буына мас болып, елдің малын ұрлап, байыған ол бетіне қарап, сөз қайтарған жас жігіттің қанын мойнына жүктеуге шейін барды. Ал соңына шырақ алып түс­кен ішкі істер бөлімінің тергеуші­ле­рі кейіннен әлгі жігітті “сүттен ақ, судан таза етіп” босатып жібер­ген. Ол тіпті масайрап кетті, оңай олжа, байлықтың буы қойсын ба, келсін-келмесін ақаңның күшімен шайқап жүріп, бір жас қызды зор­лап, көз жасына қалған еді. Қор­қытқан ба, қыздың үйі ол жігітке қылмысты іс аштыруға батылдары бармады. Бірақ, қыз анасының сол бір тайраңдаған жігітке айтқан қар­ғысын естіп, төбе шашым шы­мы­р­лаған. Расында көп ұзамады, әлгі бас­бұзар жігіт қара жолда келе жа­тып, машинасымен апатқа ұшырап, қайтыс болды... Жалпы бір ұққаным, адамның жақ­сы аты да, жаман аты да жат­пай­ды екен. Ол ауыздан ауызға кө­шіп, дала кезіп кете береді екен. Не­ғұрлым жақсылық адамдарға көп жасасаң, алғысты көп алсаң, соғұр­лым жолың болып, жаныңа бір жайдары тыныштық келетіні анық. Қара ниетті, қиянат жасаған адам­дар­дың қалай тыныш ұйықтайты­ны­на таңым бар. Мына өмірде қонақ екенімізді олар неге білмейді?! Адам деген атымызға ісіміз сай болуы керек екенін, мұсылман екенімізді бір сәт те ұмытпау қажеттігін, қо­лыңнан келсе алдыңа алақан жайып келген мұқтаж жанға көмегіңді ая­мау керектігін, өмір деген керуен­нің жолаушылары біліп жүрсе, артық болмас. Байлық та, қызмет те адамға жолдас болмайды. Оның бар­лығы қолдың кірі деп сан ғасыр бұрын ата-бабамыз айтып кеткен. Сондықтан да мақтаныш үшін мал жиып немесе түнгі ойын-сауық отау­ын­да тұрмыс деңгейі төмен отбасы жыл он екі ай күнелтетін ақшаны лақтырып жүре беретін қалталы жігіттерге айтпағым, жан-жақтарыңа қарап, ойланыңдаршы, екі көзі жәудіреп ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай жүрген қанша қандастарың бар екенін біліңдерші дегім келеді. Үстіміздегі жылы баспасөз бе­тін­де ЮНИСЕФ ұйымы елімізде ар­найы зерттеулер жүргізіп, қо­ры­тындысы бойынша 45,2 пайыз ба­лалар өте кедей отбасынан екенін анықтады.Олардың оқып,білім алуына кім көмектесе алады? Әри­не, миллионер қалталы бай жігіт­тер. Біздің елде миллионерлер жоқ деп кім айтты. Бар, бірақ солар көмекке зәру, кедей адамдардың бар екенін біле ме? Өзі бай адам жоқ адамның мұңын түсініп көр­гені абзал. Мұқтаж адамдарға қан­ша жақсылық жасасаң, сон­ша­лықты жақсылық алдыңнан шыға­ры өмір­де дәлелденген. Тағы бір айт­пағым, кедей-кепшіктің алғы­сы, Аллатаға­ланың батасымен тең деген сөз бар. Кәсіпкерлікпен ай­на­лыса­тын бір жігіттің шаруасы жүр­мей діңкелеген күндерінде ал­дына баласы қатты ауырып жат­қан жесір әйел жылап келіп, кө­мек сұрайды. Өзі қатты қысылып жүрсе де өрелі жігіт жаны ашып, қалтасындағы барын береді. Тіпті оны кейінгі қарбалас күндері ұмытып та кетіпті. – Сенсеңіз, сол күннен бастап, шаруам алға дөңгеленіп жүріп кетті. Жаны қиналып-қысылып келген әлгі әйелдің ризашылық көңілінің шарапаты маған тиген сияқты. Сол кезден бастап, қиналған адамдарға қолұшын беріп тұруды әдетіме айналдырдым. Егер де беретін еш­кімді кездестіре алмасам, мешітке апарып беремін. Әйтеуір қайыр-садақа бергім келіп тұрады, – дейді әлгі жігіт ағынан жарылып. Өмір адамға бір рет қана бері­леді. Мәңгілік өмір жоқ, өз өмірің­нің әр бір өткен күніне талдау жа­сап, атқарған ісіңе баға беріп жү­р­сең, қандай жағдай болмасын қия­натқа бармасаң, байлығыңды еселеу жолында елдің ала жібін атта­масаң, кешке жақын басың жас­­тыққа ти­генде жаман түс көрмей, ұйқың ты­ныш болса, ұрпағың өсіп-өніп, көгеретініне, өмірің абыройлы бо­лып, ұзақ өмір сүретініңе кепілдік бар. Өмір думан, дүние жалған де­ген ұғым да шындыққа саяды. Бар­лы­ғы­мыз да өмір керуенінің жолау­шы­сы екенімізді, жарық дүниенің де өлшеулі екенін бір сәт те естен шығармайық. Нұрила БЕКТЕМІРОВА. Алматы облысы.