• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

ПАРЛАМЕНТ: Үшінші сессияның нәтижесі қандай?

532 рет
көрсетілді

Сараптама Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясы аяқталып, депутаттардың жазғы демалысқа шыққанына да бірер апта болды. Депутаттар сессияда қалай жұмыс істеді? Бұл сұрақ сайлаушылардың көкейінде жүруі әбден мүмкін. Үшінші сессия жұмысының күн тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың үшінші сессияны ашардағы сөйлеген сөзінде және Қазақстан халқына жолдауларында белгіленген стратегиялық басымдықтарды негізге ала отырып қалыптастырылды. Негізінен ол қазіргі кезде қоғамымызды толғандырып отырған өзекті мәселелерді түгелдей қамтыды. Сессияда Парламенттің қарауында бар­лығы 199 заң жобасы болды, оның 51-і өткен сессиялардан ауысқан, ал 148-і осы сессия барысында келіп түсті. Сессияның қорытындысы бойынша еліміздің құ­қықтық базасы 103 заңнамалық актімен толықты. Адам құқығын қорғау және халықты әлеуметтік қолдау Таразылап қарайтын болсақ, өткен сес­сия­да Парламент депутаттары адам құқық­тарын қорғау және азаматтық қоғамды дамы­ту мәселелеріне баса көңіл бөлгендігі айқын көрініп тұр. Мысалы, “Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы”, “Қазақстан Республика­сының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы” және “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы” қабылданған заңдарда азаматтар­дың конституциялық құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауды қамтамасыз ететін қосымша шаралар көзделген. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі ретінде босқындар проб­ле­маларын шешуге және олардың құқық­тарын қорғауға белсене атсалысып келеді. Осыған байланысты Парламент “Босқын­дар туралы” және “Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне босқындар мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңдарды қабылдады. Сон­дай-ақ құқықтық тәртіпті нығайту, қыл­мыстардың алдын алудың толық ауқымды әрі тиімді жүйесін құру үшін құқық бұзушылықтардың профилак­тикасына қатысты екі заң қолданысқа енгізілді. Қазақстан бүгінде төрағалық ететін Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымының маңызды өлшемдерінің бірі – қауіпсіздік жүйесін нығайту. Де­путаттар бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады. Бұған терроризмге қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін жетілдіру мақсатында және ТМД-ға қатысушы мем­ле­кеттердің заңнамасын біріздендіру мен үйлестіру аясындағы “Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң дәлел болады. Сонымен қатар, сессия барысында депутаттар құқық­тық жүйені одан әрі дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне де үлкен мән берген. Өйткені, сыбайлас жемқорлықпен күресте жан-жақты жетілдірілген толыққанды заңнамалық құжаттың қашанда орны бөлек. Депутаттар қызметіндегі басым бағыт­тар­дың бірі – халыққа әлеуметтік қолдау көрсету және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасау болып табылады. Үшінші сессияда да нақ осы мәселе басты міндеттің бірі болды. Халыққа меди­ци­на­лық көмек көрсетуді оңтайландыруға бай­ланысты көптеген мәселелерді құқықтық жағынан шешу үшін “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекс бойынша жұмыс аяқталды. Аталған Кодекс медициналық көмек көрсету сапа­сын арттыру, дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да көптеген мә­селелерді тиімді түрде шешуге бағытталған. Азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету тұрғысынан ерекше атап өтетін бір жағдай, Қазақстан әлем елдері ішінде дағдарысты кезеңнің барлық қиыншылықтарына қарамастан, өз мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындап шыққан санаулы мемлекеттердің бірі болды. Мұның өзі көптеген дамыған елдерде әлеуметтік салаға жұмсалатын мемлекеттік шығыстар барынша қысқартылып жатқан кезде жүзеге асырылды. Мысалы, биылғы жылдың ба­сынан бері зейнетақы төлемдері Прези­дент­тің Қазақстан халқына Жолдауында ай­тыл­ған нұсқауларға орай 25 пайызға арт­тырылды. Заңнамаға мемлекеттік әлеуметтік қол­дау мәселелері бойынша енгізілген түзе­тулердің нәтижесінде бала тууға байла­нысты жәрдемақының және баланы күтіп-бағуға берілетін ай сайынғы төлемнің мөл­шері ұлғайтылды. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анаға мемлекеттік жәрдем­ақының жаңа түрі енгізілді. Бұдан бөлек “Мемлекеттік наградалар туралы” Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес көп балалы аналардың “Алтын алқамен” және “Күміс алқамен” марапатталуы үшін бала туып, оны тәрбиелеп өсіруге тиісті балалар саны бұрынғыдан азайтылып, оларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері көбейтілді. Қабылданған осы шаралар көп балалы аналардың беделін арттыруға, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ елдегі демографиялық жағдайды жақсартуға ықпал ете бастағаны байқалуда. Депутаттардың қоршаған ортаны қорғау мәселесін жіті назарда ұстағаны осы жолы анық байқалып отыр. Өйткені, ұзақ жылдар бойы мұнайға ілеспе газды кәдеге жарату ісі шешімін таппаған проблема болып келгені жасырын емес. Мұның өзі энергия ресурстарын тиімсіз пайдалану мен елдің экологиялық қауіпсіздігін өрескел бұзу екенін Елбасы бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған байланысты тиісті заңнаманы жетілдіру үшін “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заң жобасына Қазақстанда жұмыс істейтін барлық жер қойнауын пайдаланушылардың ілеспе газды қайта өңдеуін міндеттейтін тұжырымдамалық сипаттағы өзгерістер енгізілді. Дағдарысты еңсеру және Кеден одағы Парламенттің екінші сессиясында әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруге байланысты нақты шаралар белгіленген болатын. Өткен үшінші сессияда да сол жұмыстар өзінің жалғасын тапқан. Мәселен, “Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шарт” ратификацияланды. Шартта әлемдік экономикалық дағдарыс салдарын бірлесе еңсеру, қорға қатысатын әрі кіріс деңгейі төмен мемлекеттерге тұрақтандырушы кредиттер беру, сондай-ақ мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері көзделген. Сонымен қатар, Парламент Ұлттық қордың активтерін жинақтау және әлемдік экономикадағы турбуленттік процестерге тиімді түрде қарсы іс-қимыл жасау мақса­тында “Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферті туралы” Заңды қабылдады. 2010 жылдан бастап бұл Қордан кепілдік берілген трансферт қана тарты­латын болды. Дер кезінде қабылданған осындай тиімді шаралардың нәтижесінде отандық экономиканың құлдырауына жол берілмеді, оның базалық макроэкономи­калық көрсеткіштерінің тұрақтылығы қам­тамасыз етілді.  Сөйтіп, 2009 жылдың қоры­тындысы бойынша экономиканың өсуіне қол жеткізілді. Осылайша әлемнің бірқатар елдері дағдарыс салдарынан айыға алмай отырған кезде Қазақстан тағы бір сыннан сүрінбей өтіп, дұрыс жолмен дамып келе жатқанын дәлелдеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен Парламент пен Үкімет қаржылық дағдарыс тегеурінін тиімді еңсеріп қана қоймай, еліміздің дағдарыстан кейінгі тұрақты әрі теңгерімді дамуының негіздерін де қалап бергенін ерекше атап өтуіміз қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы ақпан айында Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стра­тегиялық даму жоспарын бекітті. Қазақ­станның 2030 жылға дейінгі даму Стра­те­гиясы аясында қабылданған бұл жоспар елдің алдағы 10 жылдағы даму бағытын айқындайтын басты құжаттың бірі болып табылады. Сонымен бірге, Президент Қа­зақстан Республикасын үдемелі индус­триялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны және елді индустрия­лан­дырудың нақты картасын да бекітіп, қол­данысқа енгізді. Ал осыған орай депутаттық корпус елдің жаңа индустриялық даму сатысына дайындықты заңнамалық жағынан қамта­масыз ету жұмысына бірден кірісіп, үш жылдық республикалық бюджетке өзге­рістер енгізді. Соның нәтижесінде елімізде 144 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, биылғы жылдың өзінде ғана 72 жобаның тұсауы кесілді. Жаңа нысандарды іске қосу арқылы таяудағы үш жылдың ішінде 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жақын көршілерімізбен тығыз әрі өзара тиімді байланыстырды дамытудың отандық экономика әлеуетін одан әрі арттыруға ти­гізетін көмегі мол. Үстіміздегі жылдан бас­тап Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің басты қорғаушысы Н.Ә.На­зар­баев ұсынған Кеден одағы жұмыс істей бастады. Осы мемлекетаралық бірлестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін Парламент шама­мен 40 заңнамалық акті қабылдаған. Пар­ламент ратификациялаған Кеден одағының Кеден кодексі және осы салаға қатысты басқа да келісімдер 1 шілдеден бастап қол­данысқа енгізілді. Экономикалық тұрғыдан алғанда Кеден одағының құрылуының өзі елімізге 170 миллионға жуық халқы бар және ішкі жалпы өнімі 2 трлн. АҚШ долларына дейін жететін орасан үлкен тұтыну рыногының есігін ашады. Осындай ауқымды ортақ рыноктың қалыптасуы елімізде жаңа өндіріс орындарының дамуы мен өндірілетін тауарлар сапасының артуын ынталандыратын маңызды фактор болып табылады. Мемлекеттік тілдегі құжат жобаларының сапасы сын көтермейді Жалпы, депутаттар жекелеген министр­лік­тер мен ведомстволар жұмысының са­пасына кейде әділ әрі өткір бағасын беріп, олармен пікір таластыра отырып, сайлау­шылар мүддесін табанды түрде қорғап келеді. Өйткені, Парламент Үкіметпен ара­дағы қарым-қатынаста әрдайым ортақ мақ­сатты – барлық қазақстандықтардың тұр­мысын жақсарту мақсатын көздейді. Деген­мен, қалыптасқан ынтымақтастықты шы­найы түрде бағалаумен қатар, депутаттар­дың өз конституциялық өкілдіктерін іске асыруына және қабылданатын заңнамалық актілердің сапасына теріс әсерін тигізіп жүрген жекелеген кемшіліктерді де айта кеткеніміз жөн. Оны Парламент Мәжілісі­нің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Парла­мент­тің үшінші сессиясының жабылу рә­сіміндегі сөйлеген сөзінде де атап өткен еді. “Өкінішке қарай, біз депутаттық қыз­метімізде заңнамалық акт жобасының норма­ларынан ведомствоаралық келіспеу­шілік фактілерін жиі кездестіреміз, – деген еді сонда Мәжіліс Төрағасы. – Заң жоба­ларымен жұмыстың сапасына мемлекеттік органдардың заң шығару техникасы қағидаларын тиісінше сақтамауы да кері әсерін тигізіп жүр. Көптеген заң жобала­ры­ның түсіндірме жазбасында болашақ заңның мақсаттарына, міндеттеріне және негізгі қағидаларына, ал ең бастысы, оның қолданылу шарттары мен салдарына то­лым­ды сипаттама әлі де берілмей келе жа­тыр. Қолданылып жүрген заңдарға жиі тү­зе­ту енгізу де келеңсіз практикаға айнал­ды, заң жобаларын әзірлеу және келісу са­ты­сында барлық мүдделі тараптар өзара не­ғұр­лым мұқият, ойластырылған жұмыс істе­се, бұдан құтылуға болар еді. Үкімет енгі­зетін заң жобаларының мемлекеттік тілдегі сапасының сын көтермейтіні де құ­пия емес, қазір елеулі проблеманың бірі осы болды. Әсіресе, халықаралық шарттар­дың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтін­дері­нің мағы­налық жағынан сәйкес келмеуі депутаттық корпустың әділ сынына ұшырап жүр”. Партия фракциясы және парламенттік дипломатия Парламент депутаттары сессия ішінде өңірлерге үш рет шығып, көптеген елді мекендерде болып, 2 мыңға жуық кездесу­лер өткізген екен. Сол кездесулерде депу­тат­тар әртүрлі саяси көзқарастағы адам­дардан, әртүрлі кәсіп иелерінен еліміздің одан әрі даму жолдары, заңнаманы жетіл­діру туралы көптеген пікірлер, тілектер мен ұсыныстар естіген. Пікірлер мен ұсы­ныс­тардың маңызды дегендері іріктеліп алы­нып, кейіннен жекелеген заңнамалық ак­тілерге түзетулер түрінде енгізіліпті. Сон­дай-ақ олар Парламенттің өкілдік функция­сының маңызды тетігі ретіндегі депутаттық сауал түрінде де кеңінен қолданылыпты. Ал Сенат пен Мәжілістің жалпы отырыс­тарында Премьер-Министрдің, Үкімет мүшелерінің, өзге де мемлекеттік органдар басшыларының атына сайлаушылардың өзекті проблемаларын шешу жөнінде барлығы 815 депутаттық сауал жолданған. Үшінші сессия барысында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы фрак­циясының қызметі де барынша жандана түскенін атап өтуіміз керек. Өйткені, фрак­ция мүшелері елімізде болып жатқан бүкіл қоғамдық-саяси және әлеуметтік-эконо­ми­калық процестерді де жіті назарда ұстап келеді. Мысалы, фракцияның Премьер-Министрмен партияның Халықтық тұғыр­намасының, Дағдарысқа қарсы бағдарла­масы мен “Жол картасының” орындалуы жөнінде Үкіметтің іс-қимылы туралы кездесулер қалыпты жұмысқа айналған. Сес­сия кезінде Үкімет басшылығы мен мү­шелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда өткен фракцияның төрт жиналысы, сондай-ақ фракция төралқасының тоғыз отырысы осындай және басқа да маңызды мәселелерге арналды. Депутаттар нақты салалардағы пробле­ма­лар­ды еңсеру жолдарын бірлесе іздеп табу құралы ретіндегі “үкімет сағаттары­ның” мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған. Он сегіз рет өткізілген үкімет сағаттарында депутаттар Қазақстанның одан әрі дамуына қарымды серпіліс жасауға мүмкіндік беретін үдемелі инновациялық индустрияландыру жоспары, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, агроөнеркәсіп кешенін мем­лекеттік қолдау шараларын жетілдіру, тұр­ғын үй-коммуналдық секторын рефор­ма­лаудың негізгі бағыттары, білім берудің жай-күйі және ақпараттық-коммуника­циялық технологияларды дамыту жөніндегі жұмыстардың барысы туралы елеулі мәсе­лелерді талқылап, олардың нәтижелері бой­ын­ша Үкіметтің атына нақтылы ұсыныстар жіберілген. Парламентте өткізілетін парламенттік тыңдаулар мен ғылыми-практикалық кон­ференциялар да қоғам мен мемлекет ара­сын­дағы ынтымақтастықтың тағы бір пәр­менді тетігі болып табылады. Бұл іс-шара­лардың тақырыбы қоғамдық өмірдің әртүр­лі салаларындағы қарым-қатынасты үйлес­тіру жолдарын іздестіруге арналған. Осын­дай іс-шаралардың қатарында Мәжілістің қабырғасында өткізілген “Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі” атты конференция да бар. Нақ осындай жиындар еліміздің қоғамдық өмірінің барлық салаларында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейту мәселесінің оң шешілуіне өз ықпалын тигізетіні анық. Халықаралық тұрақтылықтың маңызды факторы болып табылатын парламенттік дипломатия депутаттық қызметтің негізгі бағыттарының бірі ретінде орнығып келеді. Ол неғұрлым жаһандық өткір проблемалар мен екіжақты қарым-қатынас мәселелерін барынша жедел әрі байыпты, өзара тиімді түрде талқылауға мүмкіндік береді. Сон­дықтан да шет мемлекеттер парламенттері де­путаттарымен тұрақты кездесулер өткізу, халықаралық және парламентаралық ұйымдардағы жұмыс, парламенттік “достық топтары” аясындағы қызмет сессия бары­сында депутаттар жұмысының ажырамас бөлігіне айналғаны байқалады. Оның үстіне бұл еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ке­зеңі­мен айрықша өзекті бола түседі. Ал Ұйым­ға төрағалық ету тәуелсіз Қазақстан­ның табыстарын шынайы түрде тану болып қана қоймай, бізге бүкіл Еуразия кеңіс­ті­гін­де бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығай­туға қатысты аса зор жауапкершілік жүк­тей­ді. Осыған байланысты үстіміздегі жылғы мамыр айында Алматы қаласында Қазақстан Парламенті мен ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы өткізген “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” атты Трансазиялық парламенттік форум халық­аралық дәрежедегі айтулы оқиға болды. Оның жұмысына әлемнің 30-дан астам елінен 104 парламентарий қатысты. Соны­мен қатар, туысқан түркі халықтарының арасындағы парламентаралық ынтымақтас­тық пен өзара тиімді байланыстарды нығайтуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі Кеңесін, Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы идеясының жүзеге асуы айрықша маңызға ие болып отыр. Жалпылай алғанда, төртінші шақырыл­ған Парламенттің үшінші сессиясы заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарының бірлесе отырып ауқымды жұмыстар атқарғанын және өзара іс-қимылы сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Өз кезегінде бұл ел үшін қажетті шешімдерді барынша қысқа мерзімде қабылдауға мүмкіндік берді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.