• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Нан қымбаттамайды, тұқым болады

462 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары өңірде қуаң­шы­лық болып, бар үмітін алтын дән­ге жалғаған шаруалардың  тауы қайтып қалған болатын. Бір­ақ, өмірін жермен байланыс­тыр­ған диқан қауымының әр жылдан күтері бар екені рас. Егіншіліктің тәуекелді аймағына орналасқан ақ­тө­белік диқандар биыл үлкен үміт­пен егіс көлемін қысқартпай,731 мың гектар алқапқа тұқым сепкен еді. Қыс айларында қардың аз түсуінен, ерте көктемнен осы күнге дейін бір тамшы тамбағандықтан, оның үстіне жаз бойы аптап ыстық­тың беті қайтпай тұрып алуы сал­дарынан 523 мың гектар алқаптың астығы жинауға жарамсыз болып, күйіп кетті. Облыстың Мәртөк, Қар­ғалы, Әйтекеби және Хромтау аудандарында ғана алқапқа ком­байн­дар шығарылды. Бұл алқап­тар­дан әзірге 2,5-3 центнер шамасында астық бастырылуда. Өңдеуден кейінгі жалпы жиынтық өнім 72 мың тонна болады деген үміт бар. Мұ­ның өзі  жем мен қажетті  тұқымның белгілі бір бөлігін құйып алуға ғана жетеді. Осындай жағдайда халықтың бұған дейін еліміз бойынша нан бағасы ең арзан болып келген өңірде қымбаттаушылық болмас па екен деп абыржуы да орынды. Алай­да, жергілікті билік бұл мәселені ерте бастан ойластырып, нан өнімдері бағасының тұрақты­лығының шаралары алынғанына сен­діруде. Облыстық ауыл шаруа­шылығы басқар­ма­сы­ның бастығы Ерсайын Әжібаевтың айтуынша, облыс тұрғындарының азық-түліктік астықты жылдық тұтыну нормасы 122 мың тонна екен. Қа­зіргі уақытта осыншама көлемдегі астықты Азық-түлік ке­лісім-шарт  корпорациясы облысқа бөлуде. Оның 22 мың тоннасы облыстың элеваторларында сақтауда тұрған көрінеді. Ал қалғаны бір-екі ай ішінде астықты өңірлерден та­сып жеткізілетін болады. Осы­лай­ша, тұрғындарды ұнмен және нан өнімдерімен тұрақты баға бойынша  келер жылдың астығына дейін қамтамасыз ету мәселесі  шешілді деуге болады. Бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында облыс әкімімен Азық-түлік келісім-шарт корпора­циясы, ұн тартатын және нан өнімдерін шығаратын кәсіпорындар арасында меморандумдарға қол қоюға дайындықтар жасалуда. Сондықтан тұрғындардың нан өнімдері қымбаттайды деп секем­денуіне негіз жоқ.  Қала дүкен­дерін­дегі нан өнімдерінің бағасы сол арзан күйінде қалып отыр. Ендігі мақсат азды-көпті астықты ысырапсыз жинап алу болмақ. Облыс әкімі егін орағына қажетті жанар-жағар майды арзандату үшін 70 млн. теңге бөлді. Алдағы жылдың егісіне қажетті тұқымдық астықпен толық қам­та­масыз ету де үкіметтік деңгейде шешілуде. Тұқымдық астықтың жетпейтін бөлігін басқа облыс­тардан жеткізу қолға алынуда. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.