• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Қоғам дамуының бастауы

1904 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан­ның алдында тәуелсіз мемлекет ретінде ке­ңестік саяси жүйедегі республикадан демо­кратиялық және құқықтық құндылықтарды ұстанған қоғам құру  ұмтылысы тұрды. Тар жол, тайғақ кешу кезеңдерін бастан өткере отырып, қоғамның демократиялануында елеулі алға басуларға қол жеткіздік. Бүгінгі күн биіктігінен қарасақ, дүние­жүзілік қоғамдастық мойындаған еліміздің жетістіктерінің негізін қолданыстағы Ата Заң салды десек, артық болмайды. Бүкіл ел болып 1995 жылы референдумда қабылданған Конституция қазақстандықтардың азаматтық белсенділігінің арқасында жалпыхалықтық талқылаудан өтті.  Назарға ұсынылған жоба бой­ынша 30 мыңға жуық толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар түсіп, олар­дың мыңнан астамы 55 бапты түбегейлі өзгертті.  Сөйтіп, Қазақстан өзінің келешек­тегі даму жолын таңдады. Бұл құжат өзіндік қоғамдық келісім шартқа айналды, яғни, өкімет өзіне Қазақ­станды Ата Заңымыздың 1-бабына сәйкес “...демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретін­де...” бекіту жауап­кершілігін алса, азаматтар Конституция мен мем­лекет заңнамаларын ұстануға жауап­кершілік алды. Осындай өзара міндеттемелер мемлекет пен қоғамның табысты дамуының берік негізін құрап, бізге болашаққа сенімді қарауға мүмкіндік берді. Соның арқасында республиканың тәуелсіз­дік­ті қалыптастыру кезеңіндегі алдында тұрған  Қазақстан халқының тұтастығын сақтай оты­рып, әрбір адамның құқығы мен бостандығын қамта­масыз ету  мақсаты жүзеге асты. Қазақ­стан этносаралық және конфессияаралық үйлесімді сақтай отырып, қоғамдағы тұрақты­лықты нығайта білді.  Саяси саладағы бірізді және ұтым­ды жаңартулар арқасында елдің әрі қа­райғы демократиялануына қолайлы жағдай­лар жасалды. Сонымен қатар, этностық әр-түр­лілік қауіп-қатер факторынан Қазақстан халқының ұлттық және мәдени толысу факторына айналды. Конституция бүгінгі қоғам өмірінде ерек­ше орын алады. Ата Заң елдің басты саяси және құқықтық құжаты ретінде саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйенің маңызды жақтарын бекітіп, азаматтардың негізгі құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін анықтады. Сондықтан осындай саяси-құқықтық құжаттың қабылдануы мемлекетіміз үшін тарихи маңызды оқиғалардың бірі болып қала бермек. Өткен жылдар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасу тарихына, мем­лекет пен қоғам өмірінің барлық  бағыттары бойынша динамикалық жаңару үрдісін әкелген кезең ретінде кіреді. Елімізде үдемелі эко­номикалық және әлеуметтік алға басушы­лыққа, орта және шағын бизнестің дамуына назар аударылуда. Жыл сайын ауыл шаруа­шылығы саласын мемлекет тарапынан  қолдау күшейіп, жерге жеке меншік құқығы енгізіліп, ел экономикасында аграрлық сектордың үлесі көбеюіне жағдай жасалуда. Атқарушы билік пен сот жүйелерінің реформалары, азаматтардың құқықтық қор­ғалу бағдарламалары жүргізілуде. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында елеулі ре­фор­малар жүргізіліп, олар әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілуде. Сонымен қатар, рес­публикамыз экономикалық тұрғыда көптеген шетел мемлекеттеріне ынтымақтастық қарым-қатынастар құру үшін өнеркәсіп пен өнді­рістің түрлі салаларында ірі халықаралық жо­баларды жүзеге асыру жолында ұсыныстар жа­сап, оларды  қарқынды түрде жүзеге асы­рып жатыр. Қазақстанда әлеуметтік саясат белсенді жүргізіліп,  зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы­лар мен еңбекақының дер кезінде төленуіне үнемі көңіл аударылады.  Оған дәлел ретінде әлемдік экономикалық дағдарыс салдарына қарамай, биылғы жылы зейнетақы мөлшері 25 пайызға, бюджеттік саладағы қызметкерлердің еңбекақысы 1 сәуірден бастап 25 пайызға өскенін келтіруге болады. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстанда экономика саласында  өрлеу қарқыны байқалып, тұрғындардың тұрмыс деңгейі көтерілуде. Қазақстан 19 жыл ішінде аймақтық көшбасшыға, белсенді де сенімді әлемдік әріптеске айналды. Ал Қазақстанның Семей полигонын жабу мен ядролық қарудан бас тарту сияқты  алғашқы қадамдары жаһандық саясаттағы әрекеттерінде көптеген мемлекет қол жеткізе алмаған жаңа “моральдық үлгі” болды. Біздің ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК шеңбе­рін­дегі бірігу, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты сыртқы саясаттағы бастамаларымыз халықаралық деңгейде қол­дау тауып отыр. Ұзақ мерзімді ұлттық мүдде­лерді қамтамасыз етуге бағытталған белсенді және салиқалы сыртқы саясат конститу­циялық заңдарымыздың жетістігі болып та­былады. Сондай жетістіктердің бірі – Қазақ­станның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі. Бүгінгі күні әлемдік қауіпсіздік жүйесін қа­лыптастыруға үлкен үлес қосқан 1975 жылғы Хельсинки  келісіміне 35 жыл толып отыр. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшы­ларының Ыстамбұлдағы кездесуінен кейін, 1-2 желтоқсан күндері Астана қаласында өт­кізілетін Саммит әлемдік деңгейдегі ең елеулі оқиға болары сөзсіз. Бұл – Қазақстанның сыртқы  саясатының үлкен жетістігі. Сонымен қатар, 2011 жылдың маусымында Астанада ШЫҰ саммитін өткізу жоспарланып отыр. Осының барлығы мемлекетіміздің жүргізіп жатқан салиқалы саясатының нәтижесі болып табылады. Елімізде жүз отыздан астам этностар бейбітшілік және келісімде өмір сүріп жатыр. Демократия мен азаматтық қоғамның негізгі институттары құрылды. 500-ге жуық этно-мәдени орталықтар кіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді жұмыс істеуде, 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдардың қыз­меті дамуда. Халқымыздың толеранттылығы – Қазақстанның экономикалық дамуының, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуінің кепілі. Оған дәлел ретінде өзбек, ұй­ғыр, корей және неміс  театрларының бел­сенді жұмыс істеп жатқанын келтіруге болады. Сонымен қатар, 15 тілде газеттер мен журналдар, 8 тілде радиохабарлар, 11 тілдегі телебағдарламалар таратылады. Тәуелсіздік жылдарында діни институттар едәуір сандық және сапалық жағынан ұлғайды. Қазақстандағы діни қауымдардың саны алты есе көбейді, діни бірлестіктер саны 671-ден 4462-ге дейін өсті.  Түрлі кон­фес­сиялардың 3200-ден аса мешіттері мен шір­кеулері, храмдары мен мінәжат үйлері жұмыс істейді. Еліміздегі сенушілердің басым көп­шілігін мұсылмандар мен православтық хрис­тиандар құрайды. Сол себептен Құрбан айт және Рождество мейрамдары ресми мем­ле­кеттік мейрамдар болып табылады. Елбасы­ның сөзінде айтылғандай: “Православие исламмен бірлесіп Қазақстанда руханилықтың негізін құрайтын 2 бағана болып табылады. Бұл өз кезегінде егемендікті нығайту ісінде қазақстандық қоғамды біріктіру үшін жағдайлар жасайды”. Сонымен қатар, діннің қоғамдағы рөлі артуда. Себебі, діни бірлес­тіктер белсенді түрде әрдайым әлеуметтік іс-шаралармен айналысады, оның ішінде, қайырымдылық, рухани-адамгершілік тәрбие беру; қылмыс пен нашақор­лықтың алдын алу жұмыстары бар. Бұлардың барлығы Консти­туциямызда көрсетілген өзара татулық пен саяси тұрақтылық сияқты Қазақстанның түбегейлі принциптерінің тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де жүзеге асы­рылып жатқандығының дәлелі. Ол өз тарапынан респуб­ли­камызды нарықтық экономика құрушы мемлекет ретінде ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі этносаралық негіздегі қандай да бір шие­леністердің алдын ала білген мемлекеттердің бірі ретінде әлемге танытты. Елбасының бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде Мәдениеттер мен діндердің халықаралық ор­талығының құрылуы туралы шешім қабыл­данды. Орталықтың басты мақсаты – халық­аралық деңгейде конфессияаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша Қазақстанның тәжірибесін наси­хаттау болып табылады. Біздің орталықтың қызметіне алыс және таяу шет елдермен ха­лық­аралық байланысты дамыту, басқа елдердің тәжірибесін зерттеу мен қолдану және ел тұрғындарының мәдени және рухани деңгейінің көтерілуіне үлес қосу жатады. Аз ғана уақыт ішінде орталықтың күшімен мүд­делі жақтастардың қолдауымен дөңгелек үс­телдер, ғылыми-практикалық конференция­лар, кездесулер, лекциялар ұйымдастырылды. “Келісім әлемі” журналында тұрақты түрде дүниеде болып жатқан оқиғаларға баға беріліп, жаңа үрдіске назар аударылады. Орталық Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының жұ­мысына белсене араласуда. Хатшылық жұ­мы­сына түрлі конфессиялар мен әлемнің рухани ұйымдарының өкілдері қатысып, алдағы өткізілетін съездердің күн тәртібіндегі барлық тармақтар бойынша пікірлер алмасылады. Қазақстан Республикасының Конститу­циясы дамыған нарықтық экономикасы бар демократиялық, тәуелсіз және құқықтық мем­лекеттің қалыптасуына сенімді алғышарттар жасады деп нақты айтуға болады. Ата Заң елі­міздің әрі қарайғы және тиімді дамуына, қоғам мен саяси институттардың демократия­лануына, мемлекеттің либералды жаңаруын тереңдетуге ықпал жасай алатын үлкен страте­гиялық мүмкіндік болып табылады.  Бұл жұ­мыстар Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жол­дау­ында ерекше айқындалды. Атқарылып жат­қан жұмыстың басты мақсатын Мемлекет бас­шысы: “... еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қа­зақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюы­на мүмкіндік туғызу”, – деп нақтылап айтты. Стратегиялық мақсаттарға жетудегі біріз­ді­лік, мирасқорлық және алға басушылық – еліміздің жетістігі мен даму тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан, өңірлік көшбасшы ретінде жаңа бастамаларды алға тарта отырып, дүниежүзілік қауымдастықта кіммен болса да терезесі тең мемлекет болып танылды. Еліміз 2011 жылы тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Осындайда өзіміздің отансүйгіштігіміз бен азаматтығымызды көрсету – Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтады деген сенімдеміз. Гүлнар ЖАҚЫПОВА, ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениеттер мен діндердің  халықаралық орталығы  әлеуметтік зерттеулер бөлімінің бастығы.