Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың қатысуымен брифинг өтті. Онда ресми өкіл 23-25 тамыз аралығында Тәжікстанның сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифидің Астанаға ресми сапармен келетіндігін мәлімдеді. “Сапар шеңберінде Қазақстан мен Тәжікстан Сыртқы істер министрлері кеңесінің бірінші отырысын өткізу жоспарланып отыр. Алдағы басқосу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың көкейкесті мәселелері талқыланады”, деді А. Абдрахманов.
Ал 26 тамызда Астана төрінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігі бірлесе ұйымдастыратын конференция өтпек.
Брифинг барысында былтырғы жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарары 29 тамыз күнін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде бекіткендігі, ал 1991 жылдың дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Семей полигонын жабу туралы Жарлықтың дүниежүзілік маңызы халықаралық қауымдастық тарапынан лайықты дәрежеде мойындалғандығы атап көрсетілді. Ресми өкілдің айтуынша, Астанада өтетін халықаралық конференция аясында сол ядролық сынақтарды тоқтатудың және ядролық қаруды жоюдың саяси жағдайларымен қатар, Семей аумағының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелері мен даму болашағы жан-жақты талқыланбақ. Конференцияға Парламент пен Үкімет, халықаралық ұйымдардың, академиялық топтардың және азаматтық қауымдастықтың өкілдері қатысады.
Шара қорытындысында конференцияға қатысушылардың халықаралық қауымдастыққа арнаған үндеуі және Семей аумағын оңалту бағдарламасы мен іс-әрекет жоспары қабылданады деп көзделіп отырған көрінеді.
А.Абдрахманов сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына сәйкес, 2010 жылғы 12 маусымнан бастап ұйымды бір жылдық мерзімге Қазақстан басқаратындығы, осыған орай, Қазақстанның осы беделді құрылымға төрағалық етуі шеңберінде 2011 жылдың маусым айында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылуының онжылдығына арналған Мемлекет басшыларының саммиті өтетіндігі, осы айтулы күнге дейін бір жылдың ішінде Шанхай ұйымы шеңберінде Қазақстан 90-ға жуық түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылуын үйлестіретіндігі атап өтілді. Оның сөзіне қарағанда, бұл шаралардың 30-ға жуығы елімізде өтеді екен.
“Жақында Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы қазақстандық төрағалықтың ресми логотипі бекітілді. Ресми логотипте Шанхай ұйымының гербі мен оның төменгі жағында қанат жайған алтын қыранның бейнесі келтірілген. Ал екі жағынан еліміздің ұйымға төрағалық ету жылдары – яғни, 2010-2011 жылдар көрсетілген”, – деді бұл турасында ресми өкіл.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.