• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2010

Азиадаға 158 күн қалды

591 рет
көрсетілді

Азиадаға 10 мың турист келеді! Ал Қазақстан қонақтарды несімен таңғалдырып, не тәбәрік етеді? Демалыстан кейінгі алғашқы жұмыс күні Қысқы Азия ойын­да­ры дайындығының дүбірімен жал­ғасын тапты. Алматыда “7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдас­ты­ру комитетінің ат­қарушы ди­рекциясы” АҚ прези­денті Анатөлі Құлназаров пен “Қазақстан Ту­ристік қау­ым­дастығы” заңды тұл­ғалар бір­лес­тігінің (ЗТБ) тө­райымы Ра­шида Шайкенова ын­ты­мақ­тас­тық пен өзара түсініс­тік ту­ра­лы меморандумға қол қойды. Анатөлі Құлназаровтың айту­ынша, меморандум елімізге келетін туристер легін қалыптастыру үшін  қысқы Азия ойындарын насихат­тауға және бұл бағытта бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру мақ­са­тында жасалынып отыр. Ме­мо­рандумға сәйкес, Қазақстан Турис­тік қауым­дас­тығы Азия ойындары кезінде елімізге келіп-кететін туро­пе­раторлар мен туристерге кеңес беру, халық­ара­лық туристік көр­ме­лерде ойындарды насихаттау, тұр­ғындар арасында ту­ристік мәде­ниет­ті қалыптастыру бой­ынша жұ­мыс­тар жүргізеді. Ойын­дарды ұй­ым­дастыру дирекциясы да өз ке­зе­гінде қауымдастыққа Қазақстан­ның туристік саласын дамытуға көмек көрсетеді. Қалай десек те, Азия ойындары Қа­зақстанға жаңа мүмкіндіктер туды­ратыны сөзсіз. Халықаралық стан­дарт­тар мен FІSO және OCA талап­та­рына сай салынған спорт­тық ны­са­н­дар құрылысы, отандық спорт­шылардың жаңа буынын қалыптас­ты­руға ар­налған база құру – біздің елі­мізде бұрын-соңды болмаған құбылыс. – Ойындарға мультипли­ка­тив­тік әсер тән екенін ұмытпау қажет. Олар қо­ғамның экономикалық әл-ауқа­тына оңды ықпалын тигізеді. Бұл жерде туризм саласы маңызды рөл атқарады. Қысқы Азия ойын­дары кезінде елімізге 10 мың шет­елдік қонақ келеді деп күтудеміз. Турис­терге ойындар туралы дұрыс насихат жүргізіп, түрлі мүмкін­дік­тер жасау үшін Туристік қауымдас­тықпен ар­найы меморандум жасап отырмыз. Мұн­дай спорттық ірі шаралар эко­номикаға оң әсерін тигізеді. Осыдан келіп ойындардың туристік саланы дамытуға серпін беретінін байқауға болады, – деді Анатөлі Құлназаров. Өз кезегінде “Қазақстан Ту­рис­тік қауымдастығы” ЗТБ-нің төр­айы­мы Рашида Шайкенова алға қой­ылған мақсаттарды жүзеге асы­ру үшін Қазақстанның 9 жетекші ту­ристік операторын тартуды ұсынды. – Бұл ірі спорттық шара елі­міздің туризм саласының дамуына түрткі болады. Мәселен, қазір әр туристен 2 мың долларға жуық қаржы қалады. Осыны есептеп көрсек, ойындардың екі қаланың бюджетіне қанша пайда әкелетінін көруге болады. Сондықтан тури­с­терді тартуға бұл іс-шараның оң әсері тиеді деп ойлаймын, – деді Рашида Шайкенова. А.Құлназаровтың айтуынша, шетелдіктер тарапынан Азиадаға келуге қызығушылық жеткілікті, мүдделілік те бар. Осыған орай бұл күндері спортшыларды аккредита­ция­лау мен конақтардың де­лега­ция­­ларын тіркеу жұмыстарын оң­ай­латудың түрлі шаралары қолға алы­нып жатыр. Ол Қазақстан ту­ристер үшін жаңа “туристік өнім” болып саналатын­дығын, тек соңғы жылы елімізге әлемдік эконо­ми­калық рецессияға қарамастан, 4,5 миллион турист ке­ліп-кеткенін алға тартты. Ал дәстүрлі туристік ел­дерге жолы түсетіндердің легі айтарлықтай азайып отырғанда, бұл қаперге алар көрсеткіш болып та­былады. Ақ Олимпиада Қазақстан­ның туристік имиджінің қалыпта­суы­на айтарлықтай септігін тигізуі тиіс. Ұлттық турөнімдердің тартым­ды етіп, туризм саласын жаңа бе­леске кө­теретін және Қазақстан­ның әлемдік туристік рынокқа интеграциялануына жол ашатын Азия ойындарына “Қазақстан Ту­ристік қауымдасты­ғының” тарты­лып отырғаны қай жағынан алғанда да құптарлық шара. Ал Рашида Шайкенова жоға­рыда аталғандай, көздеген мақсатқа жетіп, туристердің көңілінен шығу үшін еліміздегі: “Complete Servіce”, “Гуль­нар Тур”, “Arnaі Tour”, “Tu­ran Asіa LLP”, “Sky Eagle”, “Sad­mol”, “Отырар Тревел”, “Бюро пу­те­шествий Kompas”, “VDA Com­pa­ny” Глобус сынды тоғыз жетекші тур­опе­раторды тартуды ұсынып отыр. Қысқы Олимпиада кезінде оң­түстік астанадағы қонақүйлер лық толы болады, сондықтан оларға жоғары сапалы туристік қызмет те көрсету қажет. Туристердің сервис­тік қызметті мақтап, табиғи ресурс­тарымызды тиісінше тамашалап, ас мәзірімізді мақтап кетуі – алдағы уақытта Қазақстанға келіп-кету­ші­лердің молаюына, қазақстандық ту­ризмнің біз армандағандай дәре­же­де дамуына мықты әсерін тигізбек. Тек Азиада аясында Алматыға 10 мыңнан астам қонақ келетіні болжанып отырғанын атағанбыз. Сол қонақтардың спорттық дода­лар­­дан алар әсері бір бөлек, Қазақ­стан деген елден алары бір бөлек екен­дігі аян. Осы тұрғыдан келген­де, туристер біздің елден естелікке қандай тәбәріктер әкетеді, ұлттық сувенирлер жасау мәселесі нендей болып жатыр деген сауалға Құлна­заров мырза төмендегідей мазмұнда жауап берді. Бұл күндері ұлттық кәдесый жа­сайтын компаниялар мен Алматыда Алатауды баурайлап жатқан Ше­бер­лер ауылында түрлі бұйымдар жаса­лынуда екен. Ол бұйымдар қа­заққа тән болмыспен безендіріліп, ұлттық нақыштағы бояуларға малынған. – Мәселен, біздер үшін 100-200 дол­ларлық кәдесыйлар қымбаттау кө­рін­генмен, сапалы бұйымдарды қалтасы көтеретін, қуана-қуана сатып алатын қонақтар жеткілікті болады, – деді туризмнің ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін Рашида Шайкенова ханым. Қысқасы, Азиада қай жағынан алсақ та тамаша жаңа мүмкіндіктер мен туризмнің жаңа көкжиегі ғана емес, елдігімізге де үлкен сын болғалы тұр. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.

* * *

Жастарымыз жарап тұр

Сенбі күні Олимпиялық қалашықтағы Қазақстан делегация­сының штабына Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасөспірімдер Олимпиадасының тұңғыш чемпионы атанған Жәнібек Қандыбаевтың атына құттықтау хат келді. Онда жас талант иесін шын жү­регімен құттықтаған Сенат Төрағасы оның жеңісі барлық Қазақстан халқының мерейін өсіргенін, осы жеңіс арқылы ол спортта үлкен табысқа жетіп, баршамызға үлкен сыйлық жасағанын жеткізіпті. Алыстағы Отанымыздан Олимпиада өтіп жатқан жерге келетін құттықтау хаттар қай кезде болсын спортшы­ларды қайрап, жігерлеріне жігер, мінездеріне мінез қосып отыратыны белгілі ғой. Осы жолы да Олимпия­лық қалашыққа Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан хат келіп түскенде жасы 20-ға да толмаған кешегі мектеп партасында отырып, спорт залдарында жарыстарға дай­ын­далып жүрген іні-қарындас­тарымыздың көзінен ұшқын көрініп, келесі жарыстарға білек сыбана дайындалып кеткендерін өз көзі­мізбен көрдік. Сол күні ескек есуде Тимофей Емельянов (Олимпиялық даярлау орталығы, Астана) жаңа қашықтыққа жарысып, медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Ал дзюдода 66 кг. дейінгі салмақта қарағандылық Қайрат Ағыбаев екі жекпе-жек өткізіп, соның біреуін жеңіп, бесінші орында қалды. Осыдан кейін боксшылар айқасы басталды. Қазақстан құрамасы сапынан бірінші болып шаршы алаңға шыққан ШҚО өкілі Әділет Рақышев 75 кг. дейінгі салмақта венгрлік қарсыласына 1:6 есебімен есе жіберіп алды. Дегенмен, спорт­­тың басқа түрлерінде отандастарымыз алғашқы ойындарын жақсы бастады. Гандболдан қыздар құрамасы 12 тамыз күні Доминикан Республи­касында аяқталған әлем чемпиона­ты­нан Сингапурге бірден келісімен, қызуы басылмаған темірдей Австра­лия құрамасын 45:16 есебімен ойсы­рата жеңді. Бірақ келесі ойынында қыздарымыз Дания құрамасымен кездесіп, 15:40 есебімен жеңіліп қалды. Ал кеше кешкісін олар Ресей командасымен ойнады. Осы матчта жеңген команда финалда Бразилия мен Дания арасында өтетін ойын­ның жеңімпазымен кездеседі. Ал ұтылған командалар үшінші орын үшін таласады. Осы күні қазіргі бессайыста ал­ма­тылық Диляра Ілиясова лайықты деңгейде өнер көрсете алмады. Ол жарысқа қатысқан 24 спортшының ішінен 19-шы орында қалды. Келесі күні ат спортынан өткен жарысқа Тимур Патаров шықты. Мұнда ол өзі­мен бірге бәсекеге түскен қарсы­лас­тары сияқты барлық кедергілер­ден қиналмай өтіп, медаль үшін кү­ресу мүмкіндігіне ие болды. Ес­кек есуден Тимофей Емелья­нов ширек финалда румыниялық спортшымен жарысты. Өкінішке қарай, оның қайығы орта жолда толқынға шыдай алмай аударылып қалды. Оның бұл жеңілісінің себебін кейін білсек, спортшыларға қайықты өздері таңдап беретін ұйымдастыру­шылар Емельяновқа салмағы 75 кг. адамға арналған қайықты берген екен. Ал Тимофейдің салмағы 90 кг. екені белгілі. Ұйымдастырушы­лар­дың осы жағын ескермей біздің спорт­шыға өзінен жеңіл адамға арналған қайықты ұсынғаны қынжылтады. Дегенмен, қазір оған өкініп отырған Емельянов жоқ. Ол енді каноэ жарысының басқа түрінен бағымды сынап көремін деп білегін түріп жүр. Бокстан жарыстар одан әрі жал­ғасуда. Қазақстан құрамасында бірінші кездесуінде ұтылған Әділет Рақышев енді бесінші орын үшін жасөспірімдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы, ирландық боксшы­мен қолғап түйістіреді. Жексенбі күні зілтемірші, Олим­пиа­даның күміс жүлдегері Зулфия Чиншанло елге аттанды. Ол алдағы кезде ересектер арасында өтетін ха­лықаралық жарыстарға дайындала­тын болады. Әзірше Қазақстан құрамасы екі ал­тын, екі күміс және бір қола ме­дальмен жалпы командалық есепте 205 елдің арасында 8-ші орында ке­леді. Бұл жасөспірімдер үшін жаман көрсеткіш емес. Біздің спортшылар ішінен грек-рим күресінен Жәнібек Қандыбаев пен ауыр атлетикадан Жазира Жаппарғұл алтын медальді иеленсе, таэквондошы Нұрсұлтан Ма­­маев пен зілтемірші Зулфия Чин­шан­ло күміс жүлдені, ал қола ме­дальді ауыр атлетикадан Рүстем Сы­байдың еншілегені белгілі. Соң­ғысы боксшы Рустам Сыбаев­тың туған інісі. Ардақ ТОҒЫМОВ, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Сингапурден.

* * *

Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы

Алматы. Абай даңғылы, 44 Сонымен, күн санап жақындай түскен 2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындары бағдар­ламасының басым бөлігі Алматыда өтпекші. Спорттық жарыстардың 8 түрі оңтүстік астананың еншісінде. Бұлар – шаңғы жарыс­тары, биатлон, тау шаң­ғы­сы, спорттық фрис­тайл, тұғырдан шаңғы­мен секіру, әйелдер ара­сындағы шайбалы хок­кей және Қазақстан өзі­нің қожайындық құ­зы­рымен қосқан допты хок­кей (бенди) мен шаң­ғыдағы спорттық бағдарлау. Астана мен Алма­тыны қатар қамтитын Қысқы Азиада бұрын-соңды Қазақстанда өтіп жүрген жарыстардың ең ауқымдысы екенін тағы бір рет қаперге салып қой­ған артық болмас. Ай­маң­дай қос қаламызға отыз ел­ден 1100-ден астам спорт­шы, 600-ге қарайлас ресми адамдар мен құрметті қо­нақ­тар, 1000-ға жуық БАҚ өкілдері, сондай-ақ бірнеше мың турист ат басын тірей­ді деп күтілуде. Сонымен қа­тар ойындарды өткізу аясында 45 азиялық елдің спорттық қозғалыстарының басшылары қатысатын Азия Олимпиялық кеңе­сінің кезекті Бас ассамблея­сы бас қоспақ. Алматыда осынау айту­лы жарыстар кезінде 2500 еріктіні жұмысқа тарту көз­делген. Бүгінде солардың 2300-ден астамы ресми тір­кеуден өтіп, қыркүйекте жан-жақты дайын­дық­қа кіріспекші. Азия ойындарының бәсекелік рухына сай мұз бен жалын тайталасқан қар ұлпасы және толассыз қозғалысты бейнелейтін көшпенді арбасының доңғалағы түріндегі эмблемасы бекітілді. Оның оң жақ жоға­рысындағы сәуле шашқан күн барлық спортшы қауымның ынтымақ-бірлігін бейнелейді. Азиада алауының 2011 жылдың 12 қаңта­рында Алматыға жеткізілуінің өзі де рәсімді қуанышты мереке болмақ. Алау салтанатпен қарсы алынғаннан кейін көшелерде эста­фе­талатып жүріп өтіп, содан соң аймақтарға атта­нып кетеді. Азиаданың алматылық бөлігінде ел назары Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына кө­бі­рек аумақ. Себебі, мұнда шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы жарыс жалауы желбі­реу­мен бірге VІІ Қысқы Азия ойындарының жабылу салтанаты да өтпек. Осынау маңызы зор рәсімді өткізу үшін ең лайықты таңдаулы орын ретінде “елу бір пұт кірдің тасын көтерген”, қазақтың халықтық спортының көш басында тұрған Балуан атамыз атындағы көз қуандыра жаңаланған, көркейген, кеңейген Спорт сарайының таңдалып алынғандығы да сүйінішті жайлардың бірі дер едік. Мұндай шешімнің өткен шілде айының жетінші жұлдызында кешенді ғимаратқа Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, аралап көргеннен кейін бекем нақтылықпен тұжырым табуы Алматы жұртшылығының асқақ көңілін одан әрі өсіре өрлетіп, мерейлендіре түскен еді. Осы реттегі жұмыстар жайында Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының директоры Юрий Захарин былайша әңгімелейді: – Спорт сарайының бұрын қандай болғандығын сіздер білесіздер. Қазіргі келбет-кескінін, мінеки, көріп тұрсыздар. Айырма жер мен көктей. Ең алдымен, Спорт сарайын қай­тадан жаңартып салу жайына келер болсақ, мұн­да әрі спорттық, әрі мәдени тұрғыдағы бар­лық шараларды өткізуге боларлықтай жағ­дайлар түгел ескерілді. Көмекші орынжайларды кеңейтуге баса көңіл бөлініп, соның нәти­жесінде олардың жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге ұлғайтылды. Бұл деге­ніңіз киім ауыстыратын жерлер, спорт залдары, бас­пасөз орталығы және бас­қа­лар. Сондай-ақ мінбердің отырғыштары ауысты­ры­лып, ондағы көрермендер­дің орын саны айтарлықтай көбейді. Бұрын 3800 орын болса, енді 5 мың болмақ. Қазір отырғыштарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы аптада осы жұмыс то­лық аяқталған кезде ор­ынның нақпа-нақ дәл са­нын да айтып бере аламыз. Егер бұрын мінбердің жайлылығы талапқа сай келмесе, отырғыштар тар болса, енді ол жағынан ешкім сын таға алмайды. Спорт сарайының жалпы ауданы 22 мың шаршы метр десек, оның 2000 шашы метрін негізгі арена алып жатыр. Негізгі аренадан басқа көмекші орынжайларға тоқталар болсақ, олар – жоғарыда айтқанымызға қоса, душқа түсетін жайлар, сауналар, жаттығу залы, хореографиялық зал, төрешілер бөлмелері, журналистерге, мүгедектерге арналған орындар, т.б. Осының бәрі Спорт сарайын қайта жөндеу кезінде әуел бастан мұқият ойластырылды. Қазіргі уақытта реконструкция мәреге жетіп қалды. Яғни, осы айдың аяғына дейін біз қалған жұмыстардың барлығын аяқтауға тиіспіз. Қазір алынған жаңа жабдықтарды реттестіріп, құрастырып, орнату қолға алынды. Табло, жарық, дыбыс. Бәрі талап деңгейінде. Жалпы жұмыс барысында ешқандай қи­ыншылық туындап көрген жоқ. Қаржы­ландыру көзделген көлемде жүріп тұрды. Бірінші ке­зектегі 14,5 миллиард теңге игеріліп, іс жүзінде жұмыс жеріне жеткізілді. Кешеннің екінші кезегі – жабық жаттығу мұз айдыны мен 650 мәшинеге лайықталған 7 қабатты паркингтің құрылысы бұл күндерде қарқын ала түсті. Мұның бәрін желтоқсан айына дейін аяқтауға тиіспіз. Жұмысты “Алматы” құрылыс-монтаж кәсіпорны өз мойынына алып, атқаруда. Күн сайын 800-ге дейін адам еңбек етеді. Әрине, жұмыс ауқымы күнделікті өзгеріп тұрады. Жұмыс қолы жеткілікті. Материалдар уақтылы келіп түсуде. Сондықтан, кідіріс, бөгесін жоқ. Технология тұрғысындағы жабдықтарды да түгел алып болғанбыз. Спорт сарайының келбет-көркі тамаша. Қасбеті де, жалпы қай жағынан қарасаңыз да жарқырап, еңселеніп көрінеді. Ішкі жайлары да ғажап, заманауи үрдіс-үлгіге әбден сай. Фойесі, киім ілетін орындар айнадай жалтырап, жайнап тұр. Былайша айтқанда, бұл сарай әм­бебап спорттық ғимаратқа жата­ды. Спорттың барлық түрлерінен дерлік жарыс өткізуге болады. Қысқы түрлерін алсақ: хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, одан қала берді: бокс, күрес, волейбол, баскетбол, т.б. Қала басшылығы, спорт бас­қармасы Спорт сарайының жа­ңа­ланып салынуына көп күш-жігер жұмсауда. Ойындардың осында өтетін жабылу салтанатының сце­нарийін де осы бастан әзірлеп, ол үшін не қажеттің бәрін жа­сауы­мыз керек. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайының бас инженері Ескендір Зулуфов: –Иә, міне, өзіңіз көріп тұр­сыз, Балуан Шолақ атамыз ат­ын­дағы Спорт кешенінің тұтастай бей­несі танымастай өзгерді. Осы замандық ғажайып жаңа түрге енді. Мұнда іске қосылған барлық технология да осы замандық, әлемдік озық деңгейде. Рес­публикамызда ғана емес, дүние жүзінің басқа елдерімен салыстырғанда да сирек кездесетін жағдай. Жарықты музыка, жарықтандырудың алуан түрлі тетіктері, спорттық ойындардың үдесіне орайласу, телехабар таратуға оңтай­лылық және басқалары осындай жұмыстардың соңғы технологиялық нұсқасына негізделген. Бұлар әу бастан осылай ойластырылған. Мұның жоспары Туризм және спорт ми­нистрлігі деңгейінде бекітілді. Жалпы, Азиадаға дайындық орайында біздің қала бойынша көп жұмыстар тындырылды. Бір жағынан, бұл өзі қаладағы бірден-бір осындай жалғыз жер. Балалар мен жастар конькиді қайда теппек осы Спорт сарайы болмаса? Бұл, енді, тұрақты пай­далануымызға, өз игі­лігімізге қалады емес пе. Қасында 2500 кө­рер­мен орындық жа­бық стадион салынып жатыр. Осының бәрі бо­лашағымыз үшін жа­салып, халыққа арнал­ған. Бұл – өте жақсы, ізгілікті іс. Себебі, спорт әрқашан жеңіп шығады. Жастар мен балала­ры­мыздың жан­серігі спорт болса, еліміз ұтыл­май­ды. Адамның жасы спортпен ұзара түс­­пек. Алматы ос­ын­дай аса көрікті ғи­маратты сый­лық­қа алмақ. Аз ғана жұмыс қалды. Азиадаға уа­қытынан бұрын дай­ын боламыз. Қыр­күйектен бас­тап мұнда жарыс­тар өткізе бастай­мыз. Әуелі дзюдо­шы­ларды, сосын бес жұп кәсіпқой бокс саңлақтарын қа­былдаймыз. Қыс­қасы, аре­на­мыз кез-келген жа­рыс түрін өт­кі­зу­ге әзір. Техноло­гия­лық ор­ынжайларды, мә­жі­ліс залын, бас­па­сөз орталығын, күл­лі медицина, есірткі тексеру өткелегі, тағы басқаларын қосып алғанда, алдағы Азия ойындары сияқты ірі ауқымды, мәртебелі жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін не қажеттің бәрі қарастырылған, барлық керекті нәрселер сақадай-сай ұйымдастырылған. Ең бастысы, Спорт сарайымыз қай жағынан ал­ғанда да сапалы әрі көз тартарлықтай көрікті етіп салынды. Иә, өз ісінің білгір маманы Ескендір Ос­манұлы айтса айтқандай, Балуан атамыз атындағы Спорт сарайының көрік-келбетіне көз тойғандай. Ал, оған қосымша, Азиаданың жабылу салтанатының осында өтуі атақты Сарайдың мәртебесін одан әрі асырып, көрер көзге сүйкімділігін де арттыра түскендей. P.S. Сөз соңында бір ғана жайды ескерт­кіміз келеді. Қастерлі есімді ала тұрса да, Спорт сарайында әлде де болса Балуан Шолақтың өзі ұмыт қалдырылған сияқты. Мұнда келетін көрермен жұртшылыққа, әлемнің әр елінен тоқайласатын спортшы қауым мен қызығушы туристерге Балуан Шолақтың кім екендігінен мағлұмат берерлік мәселелер осы бастан еске­ріліп, қолға алынуы керек-ақ. Фойенің көр­некті жеріне ұлттық ән өнерінің ғана емес, ұлттық спортымыздың да ұлы тұлғасының бейнесі салынып, әйтпесе портреті ілініп, Балуан атамыз туралы буклет шығарылса, тіптен, музей сипаттас бір бұрыш ұйымдас­тырылса, құба-құп дер едік. Ал, Балуан Шо­лақтың аруағы алдағы Азиадада біздің спорт­шыларды қолдайтыны, есімі ел мерейін асыру­ға қызмет етері кәміл дей беріңіз. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы. ---------------------------------- Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.