Орал қаласында Кеден одағына мүше Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері ішкі істер министрлерінің, сондай-ақ кеден, шекара қызметі, шекаралас облыстар ішкі істер органдары басшыларының кездесуі болды.
Кеңеске қатысушылар Кеден одағы жағдайында қылмыспен бірлесіп күресудің әдіс-тәсілдерін кеңінен талқылап, алда атқарылар іс-шараларды пысықтады.
Кездесу орны ретінде Орал қаласының таңдап алынуы тегін емес. Өйткені Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтің атап өткеніндей, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарында қылмысқа бірлесіп тосқауыл қоюдың бай тәжірибесі жинақталған. Сонымен қатар министр республикада Елбасы бастамасымен құқық қорғау жүйесін реформалау шаралары қолға алынғанын, соған сәйкес құқық қорғау органдарының бірқатар қызметі өзге органдарға жүктелетіндігін, бұдан былай ішкі істер органдарының негізгі күш-қайраты қылмыспен күрес сапасын арттыруға бағытталатынын жеткізді. Мұның Кеден одағы жағдайында жаңа сипатқа ие болатыны сөзсіз.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Кеден одағы біртұтас экономикалық кеңістік құру жолындағы аса маңызды қадам екенін атап өтіп, одақтың қазірдің өзінде экономикалық әріптестікті нығайтып, инвестициялық ахуалды жақсартуға, ішкі экономикалық қызметті жүзеге асыруда кездесетін кедергілерді жоюға, ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп отырғандығын баса айтты.
Қазіргі кезде қылмыстық топтардың трансаймақтық байланыстар деңгейінде жанданып отырғанын тілге тиек еткен Беларусь Республикасының Ішкі істер министрі Анатолий Кулешов түрлі қылмыстар, заңсыз есірткі айналымы, экстремизм мен лаңкестік әрекеттерге тосқауыл қою үшін үш елдің құқық қорғау органдарының бірлескен іс-әрекетін реттейтін мемлекетаралық құқықтық-нормативтік базаны жетілдіруді ұсынды. Үш елдің құқық қорғау органдары түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, ақпарат, тәжірибе алмасуды бұдан былай да жалғастыра фболады.
Қылмыспен күресте ортақ ұстаным қажеттігін қолдаған Ресей Федерациясының Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев Кеден одағы аясында жаңа жұмыс шарттарына бірлескен тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап көрсетті. Бұл үшін ең алдымен ведомствоаралық кешенді іс-қимыл, бірінші кезекте шекаралық және кедендік қызметтер басты рөл атқаруы тиіс.
Кеңеске қатысушылар бірлескен іс-қимылдар барысын сарапқа салып, алдағы жоспарларды белгіледі.
Темір ҚҰСАЙЫН. ОРАЛ.
* * *
Сібірлік журналистер келіп кетті
Павлодарда Ресейдің Новосібір облысы мен біздің облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірлескен форумы өтті. Сібірлік журналистер қауымын сол жақтағы одақтың төрағасы Андрей Челноков бастап келді.
Басқосуда екі ел арасындағы экономикалық-сауда, мәдени әріптестік байланыстар, жалпы журналистер арасында ақпарат алмасу сияқты мәселелер қозғалды. Орыс журналистеріне біздің еліміздің бүгінгі таңдағы асқаралы жетістіктері индустриялық даму бағыты, “Жол картасы” бағдарламасы жайлы облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова баяндап берді.
Кездесу “Достық” үйінде өтті. Қазақстандықтардың ынтымағын дәріптейтін мұндай кездесулер әркез облыстағы барлық мәдени орталықтардың басын біріктіретін осы “Достық” үйінде ұйымдастырылады. Бұдан кейін новосібірлік журналистер болашақ жазбаларына арқау болатындай мәліметтер жинап, облыс орталығындағы Павел Васильев музейінде, зауыттарда, әсем Баянауылда, көмірлі Екібастұзда болды.
Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР.