• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2010

Алынған асулар мен алдағы міндеттер

475 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты­жылдығы да жылжып өте шықты. Көп көкейінде Сыр аймағының даму дәрежесі қандай деңгейде деген сауал тұрады. Осы сауалға нақты жауап беруді мақсат еткен облыс әкімдігінде облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Өткен жылмен салыстырғанда ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Сыр аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуында көш ілгерілеушілік бар сыңайлы. Егер саралап айтар болсақ, облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары 367,7 млрд. теңгенің өнімдерін өндірген. Аймақтың басты саласы – ауыл шаруашылығында да айтарлықтай табыс бар. Ал, негізгі қорға тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 89,1 пайызға артқан. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында алғашқы жартыжылдықта жалпы құны 12,3 млрд. теңге болатын 7 жоба іске қосылған. Өткен жартыжылдықта барлық қаржы көздері арқылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына 4,7 млрд. теңге несие берілсе, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 107,6 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ел дамуына негіз қалайтын Қазақстанның 2015 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Сыр аймағында іріктеліп алынған 54 инвестициялық жобаның 12-сі индустрияландыру картасына енгізіліп, оның 7-уі биылғы жылдың жартыжылдығында іске қосылды. Атап айтар болсақ, “УАД” ЖШС иелігіндегі тәулігіне 500 тонна өнім шығаратын битум зауыты, Ақшабұлақ кенішіндегі ілеспе газды өңдеу кешенінің екінші кезеңі, Жаңақорған ауданындағы “Шалқия – Неруд компаниясы” ЖШС-нің жылдық еңбек өнімділігі 300 мың тоннадан асып жығылатын тас пайдалану кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ Қызылордадағы “Шапағат сүт” ЖШС-нің нан зауыты пайдалануға беріліп, тұтынушыларға нан өнімдерін таратуда. Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың ішіндегі “Кристалл менеджмент” компаниясының газ-турбиналы электр стансасы мен “Тату Агро” ЖШС-нің томат өндіру цехы келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Ал, “РЗА” АҚ тауарлы сүт фермасын, “УАД” ЖШС асфальт шығару зауытын, “ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз”  АҚ газ-турбиналы стансасын іске қоспақ. Айта кету керек, энергетика саласында да игілікті жобалар қолға алынып, жоспарлы жүргізілуде. Атап айтқанда, бюджеттен бөлінген 743,26 млн. теңгеге облыс орталығындағы 6 қосалқы стансаға қайта жаңғырту жұмыстары жасалса, тұтынушыларды сенімді электрмен жабдықтау үшін “Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы” АҚ өз қаражаты есебінен жоспарланған 1100 шақырым электр желілерінің бүгінгі таңда 367 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ “АТД”, “Западная”, “Южная” қосалқы стансалары мен тарату пункттерін  жаңғырту жұмыстары басталды. Ағымдағы жылы Қызылордада маңызды жоба “Қызылорда қаласының жылу және энергия көздері мен тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру” жобасының екінші кезеңі жүргізілуде. Бұл мақсатқа 14 млрд. теңге қаржы бөлінген. Жоба бойынша биылғы жылы қалада шамамен 8,5 мың үйге газ қондырғылары орнатылмақ. Биылғы жылы Сыр аймағының ауыл шаруашылығы саласына да серпін беру мақсатында игілікті жобалар жүзеге асырыла бастады. Яғни, өңірде жалпы құны 12 млрд. теңгені құрайтын 16 агроөнеркәсіп жобасын іске асыру қолға алынуда. Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 14 жоба іске асырылуда. Аймақтың әлеуметтік ахуалын арттыруда да айшықты жұмыстар атқарылуда. Аймақта мемлекеттік ғимараттар мен тұрғын үй құрылыстары жарыса бой көтеруде. Сонымен қатар үстіміздегі жылы 8670 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген болса, алғашқы жартыжылдықта 7668 жұмыс орны ашылды. – Облыс бойынша ресми жұмыссыздық деңгейі өткен жылғыдан 0,1 пайызға төмендеген,– деді  облыс әкімі Б.Қуандықов. – Бірақ кейбір аудандарда, атап айтқанда, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету ойдағыдай емес. Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілік болғанымен кейбір салаларда кемшіліктер де жоқ емес екендігін баса айтты. Аймақта су жүйелерін республикалық меншікке беру жұмыстары баяу жүргізілуде. Мал тұқымын асылдандырып, түліктер басын көбейтуге түрлі қаржы көздерінен қолдау жасалып отырғанымен бұл салада атқарылып жатқан жұмыс ауқымы көңілді көншітпейді. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы қаралса да баяулық басым. Аймақта тұрғын үй құрылысы өткен жылғыдай қарқынды емес. Облыс әкімі есепті кезеңде еңбекақы қарыздарының қордаланып келе жатқанын да қадап айтты. – Қазіргідей дағдарыс кезінде жұмысшыларға берешек қарыздарын жеке кәсіпкерлер ғана емес, мемлекеттік коммуналдық мекемелердің толықтыруы мүлдем түсініксіз әрі кешірілмейтін жайт, – деген ол аудан әкімдеріне, сала басшыларына қатаң талаптар қойды. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысында облыс бюджетінің кірісі 101,6 пайызға орындалған. Салық түсімдері мен қоршаған ортаға эмиссия төлемақысының артуынан облыстың кірісі 112,1 пайызға орындалса, ал бюджет шығысының орындалуы 92,6 пайызды құрайды екен. Республикалық бюджеттен алынған нысаналы трансферттер 93,6 пайызға игерілген. Шығындар көрсеткішінің орындалмай қалуы кейбір салада мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімінен кеш өткізілуінен болып отырған сыңайлы. Сондай-ақ өз міндеттеріне салғырт қарайтын мердігерлер де жоқ емес. Осыған байланысты облыс әкімі биылғы жылдың екінші жартыжылдығында бөлінген қаржыны толық игеруді назарда ұстау керектігін баса айтты. Мәжілісте қысқы маусымға дайындық барысы да қаралды. Қажетті 76,6 мың тонна қатты отынның бүгінгі күнге облысқа жеткізілген көлемі көңіл көншітпейді. Сондай-ақ сұйық отынның 6 пайызы ғана дайын көрінеді. Облыс әкімі мәжілісте аймақта су қаупінің алдын алу шаралары жайлы да айтып өтті. Бүгінде “Тоқтағұл” су қоймасында 19 млрд. текше метр су жиналып тұр екен, бұл өткен жылғы көлеммен салыстырғанда 8 млрд. текше метрге артық деген сөз. Осыған байланысты аймақ халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігіне ұсыныс жолданған. Мәжілістің қорытындысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық бағдарламасын баянды етудегі алдағы тұрған  міндеттер айшықталып, сырбойлықтар Елбасымыз қойып отырған талап биіктерінен көрінеді деген сенім бары нақтыланды. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.