Елбасы Н.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында дайындалған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту үшін білім мазмұнын түбегейлі жаңғырта отырып, білім саласында кезек күттірмей тұрған мәселелерді шешуге оң ықпал ететіні сөзсіз.
Бағдарлама мазмұнындағы сындарлы саясат пен тың бастамалар мемлекетіміздің интеллектуалды қорын құру жолында нәтижелі еңбегі бар М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледж ұжымының тыныс-тіршілігімен үндеседі. Себебі, колледждің әрбір оқу жылындағы мақсаты – кәсіби мамандар даярлауды халықаралық инновациялық жобаларға негіздеп, болашақ маманның кәсіби құзырлығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып отыр.
Бағдарламаның түйінді бағыттарының бірі – кәсіптік білім беру сапасын арттыру үшін оның мазмұнын, материалдық-техникалық базасын, инфрақұрылымын жаңғырту керек делінген. Бұл, бірінші кезекте, барлық мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары, оқу әдебиеті, оқу құралдары және оқу-әдістемелік кешендер қорының болуы. Бұл көкейкесті мақсатқа колледж алғашқылардың бірі болып мән берді. 1991 жылдан бастап колледж базасындағы республикалық оқу-әдістемелік топ жұмыс жасайды. Оқытушылардан құралған авторлық ұжым әр мамандықтағы арнайы және кәсіптік пәндер бойынша білім мазмұнын толықтырып, тереңдету мақсатында оқу-әдістемелік талдамаларды, бағдарламалар мен оқу құралдарын дайындаумен айналысады. Республикалық баспадан 25 оқу-әдістемелік құрал жарық көрді. Қазіргі уақытта колледж оқытушыларынан құралған шығармашылық топ мүшелері “Өмір қауіпсіздігі және валеология” мамандығының мемлекеттік білім беру стандартының жаңа жобасын жасады, ол халықаралық сараптамадан өтті. Колледж базасында “Кәсіптік білім берудің жаңа мазмұны: мәселелер мен шешу жолдары” тақырыбында республикалық әдістемелік семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Болашақ мамандардың сабақта және сабақтан тыс уақытта өз бетінше ізденіп-зерттеулеріне, кәсіби дамуы мен қалыптасуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Колледж базасындағы жалпы қоры – 97588 дана болатын кітапхана мен заманауи құралдармен жабдықталған электронды оқу залы, 4 интерактивті және 2 мультимедиялық кабинет, 12 компьютерлік кабинет, электронды тест орталығы 2 ауысымда оқушыларға қызмет етеді.
Кәсіптік білім беру сапасын өркениетті елдерге жақындату – кәсіби білімді әлемдік білім деңгейіне кіріктіру халықаралық жобалар мен тәжірибелерді үйрену талабын қояды. Ол үшін өзіміздегі бар нәрсені заманауи технологиялармен ұштастырудың ұшан-теңіз тиімділігі бар. Болашақ мамандарды жоғары деңгейдегі білім сапасымен қамтамасыз ету – техникалық және кәсіптік білім беру кадрларының бәсекеге қабілеттілігін көтеріп отыруды, әсіресе шетелдік іс-сапарларға жіберуді, халықаралық озат тәжірибелерді әріптестермен бөлісуді қажет етеді.
Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың қолдауымен білікті мамандарды шет мемлекеттерге іссапарларға жіберіп, халықаралық жобалармен толық танысуына мүмкіндіктер жасалуда. Шетелде іссапарда болу мүмкіндігіне колледж директоры және бірқатар білікті оқытушылар – Ж.Кулетов, М.Мүкеев, Н.Арқабаевтар ие болды.
Дұрыс бағыт алған әлеуметтік әріптестік пен халықаралық ынтымақтастықтың арқасында колледж оқытушыларының шетелдік іссапары оқушылар мен оқытушылардың ІТ технологияларын инновациялық тұрғыда меңгеруіне көмектесті.
Германия мемлекетінде кәсіби біліктілігін көтерген оқытушы Ж.Кулетов озат тәжірибені тек колледждегі әріптестерімен ғана емес, аудан-ауылдан келген мектеп мұғалімдеріне арнап арнайы компьютерлік курстар, шеберлік шеберханаларын ұйымдастыруда. Нәтижесінде “Кәсіптік білім беру”, “Электронды есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру” мамандықтарын ашуға мүмкіндік туды. Сонымен бірге әріптестерінің ақпараттық құзыреттілік деңгейі 85-90 пайызға артуына да әсер етті. Колледждің ақпарат орталығынан 12 жылдық білім беру жағдайына қажетті 11 электронды оқу бағдарламалары дайындалды.
Колледж директорының Оңтүстік Кореяда болған іссапарының нәтижесінде оқыту үдерісіне ІТ технологияларды толық ендіру жолға қойылды. Электронды оқу залы жабдықталып, РАБИС бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіле бастады. Соның нәтижесінде оқу пәндері бойынша – 80,5%, ал тәжірибе жинақтау –95,2%-ға артты. Оңтүстік кореялық әріптестермен тәжірибе алмасып қайтқан оқытушы Н.Арқабаев облыстық “Алтын диск” байқауының жүлдегері атанды.
Колледж әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу жолына нық қадам басуда. Оқу үрдісіне әлемдік білім беру бағдарламаларын белсенді ендіру үшін Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясымен, көптілділікті меңгерту бағытында волонтерларды жұмысқа тартатын “Бейбітшілік корпусымен” байланыс жүзеге асырылуда. Нәтижесінде колледж оқушылары халықаралық, республикалық конкурстар мен фестивальдарға белсене қатысуда. “ACCELS” конкурсының жеңімпаздары Қалиева Сәния мен Искакова Ханзада, Рашидова Мадина Америкада кәсіби білімін жетілдіріп келді. Колледждің “Шет тілі” мамандығының соңғы жетістігі – Көкшетау қаласында өткен 51 халықаралық математикалық олимпиадаға 30 оқушы мен 2 оқытушы республикалық “Дарын” орталығының арнайы шақыруын алуы. Олар шетелдік оқытушылар мен оқушыларға қызмет көрсетіп, арнайы сертификатпен оралды.
Қазіргі таңда кәсіби білім мазмұнын арттыру үшін біліктілікті үздіксіз жетілдіруге үлкен мән беріліп отыр. Колледжде оқытушылардың ғылыми-ізденіс жұмыстарына және біліктілігін көтеруіне үлкен назар аударылады, өйткені заман талабы оқытушының білімді де білікті болуын, бір емес бірнеше технологияны кіріктіріп меңгеруін қажет етеді. Өткен оқу жылының өзінде 52 оқытушы “Педагогикалық өлшемдер теориясы мен әдістеменің негіздері: тестілік бақылау жүйесін әзірлеу” бағдарламалық курсынан өтіп, сертификат алды. Соңғы 3 жылда оқытушылардың 97%-ы біліктілігін көтеру курсынан өтті. 28 оқытушы халықаралық және республикалық, 53 облыстық ғылыми-практикалық конференцияларға баяндамаларын жіберіп, өздері де қатысып, тәжірибелерімен бөлісіп қайтты.
Жастарға кәсіби білім берумен қатар, олардың интеллектуалды – үйлесімді болып қалыптасуына, білімді өз бетінше зерделеуіне, технологиялар мен инновациялардағы жаңалықтарды жүзеге асыра білу бейімдігін қалыптастыруда ұжым еңбегі нәтижесіз емес.
Ұжым мемлекеттік бағдарлама мазмұнында анық көрсетілген әлеуметтік әріптестікті жандандыра отырып және халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, мемлекеттік маңызы бар “Балапан” бағдарламасының орындалуына, өндіріспен байланысты жандандыруға, электронды оқытуды қамтамасыз етуге нәтижелі жұмыс жүргізуді көздеуде. Болашақ мамандардың кәсіби сапалы білікті болуына мән беріліп, өндірісте тәжірибе жинақтауды халықаралық жобаларға негіздеу және бітірушілердің келешекте сол өндірісте жұмысқа қалуын ұйымдастыру жан-жақты қарастырылуда. Жаңа оқу жылында мемлекеттік талаптармен үндесетін бұл кіріктірілген инновациялық жұмыстар мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етері сөзсіз.
Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж директоры.
Қызылорда.