• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қыркүйек, 2010

Австриямен аянбай айқасып бақтық...

524 рет
көрсетілді

Әдетте футболда мыңнан бір жағдайда кездейсоқтық деген болып жатады. Біз бұл жолы Қазақстан құрамасының қонақта Австрия үздік командасынан төре­ші белгілеген негізгі уақыттан ке­йінгі қосымша минөттерде екі гол жіберіп алып, аяқ астынан ұтылып қалғанын осы кездей­соқтыққа тели салмай-ақ қояйық, бірақ жі­гіт­теріміздің осы кездесуде жеңі­лісті емес, құрығанда тең ойын­ға әбден лайықты өнер көр­сеткен­деріне шүбә келтіре ал­маймыз. Тап осы матчта рес­публика құра­м­асы, сөз жоқ, өзінің еліміз тәуел­сіздік алып, дербес құрама коман­дасын ха­лық­аралық спорт арена­ларына шығара бастағалы бергі та­рихындағы әзірге ең жақсы ойы­нын көрсетті. Австрияның Зальцбург қала­сында өткен бұл ойында қазақ фут­болшылары алаңсыз қорғаныс­қа кетіп, қарсы­ла­сы­ның аяқ алы­сын аңдып отыра берген жоқ. Олар тіп­ті кез­десудің көп бөлігін шабуыл­­мен өткізіп, алаң иелері қақ­пасынан саңылау іздеумен болды. “Бізге қорғанысқа ба­рын­ша қатты назар аудару керек”, де­генді құра­маның бас жаттықтыру­шысы Бернд Шторк әрбір матч сайын қай­та­лаумен жүретін. Ал осы жолы бізді соңғы минөттерде тап осы қорғанысқа қатты көңіл бөле алмай қалғанымыз тақырға отыр­ғызып кетті. Соның сал­дары­нан қосымша уақыттың бі­рін­ші және екінші минөттерінде қақпа торынан доп алуға мәжбүр болдық. Осының алдындағы түрік­термен болған ойынмен салыстыр­ғанда, Шторк алаңға үш ойыншы­ны өз­гертіп шығарды. Бұл жолы жү­гір­генде өз салмағын алып жүре ал­май­­тын Сергей Остапенконың орнына шабуылдың алдыңғы өтінде одан гөрі әлдеқайда ширақ Глеб Мальцев ойнады. Сол қап­тал­дағы Генрих Шмитгальді “Ақ­төбе” са­пын­да жарқырап жүр­ген Евгений Аверченко алмастырды. Ал алаң­ның ортасында жүретін Максим Аверченконы жақында біздің аза­маттықты қабылдаған ресейлік Каз­бек Гетериев ығыс­тырды.Ол өткен ойында ойнаған жоқ еді. Онымен бір мезгілде келген ресей­лік Алек­сей Попов өткен ойында да, бұл жолы да ортаңғы шепте ойқастады. Біздің қақпаға бірінші голдың түсуіне тап осы футболшы себепкер болды. Ол туралы әңгіме алда... Матч бірінші минөттерден аса тартысты басталды. Осы кезде біз­дің ойыншылар алаң иелерінен кем ойын көрсетпеді, австрия­лықтар біздікінен аз қателеспей қалған жоқ. Екі жағы қай тұсынан кел­генде де, бір-бірімен тепе-тең түсіп жатты. Ал қақпаға тікелей қауіпті алдымен австриялықтар жа­­сады. Ойынның 10-шы ми­нө­тін­­де алаң­ның ортасынан доп алып, алға ұм­тылған Мартин Харник әп-сәтте біздің голкипер Андрей Сидель­никовпен бетпе-бет келе қалды. Бір тәуірі, қақпа­шымыз аса саса қоймады, өрекпіп келіп қалған шабуылшының соққысын қай­тарып үлгерді. Ал үш минуттан ке­йін осындай соқ­қыны біздің Александр Кислицын да жасады. Ол да осылай алаңның жартысын көктей өтіп, қақпа алаңына кірді де, ортадан жерлетіп ұрып жіберді. Бірақ доп штанга бағанасының жанынан зу ете түсті. Тағы екі ми­нөт өткесін Марк Ян­ко оң қанат­тан көлденең келген допты бізге қарай тартып кеп салды. Соққы жасар кезінде Ренат Абдулинмен беттесіп қалған ол мүлт кетті. 16-шы минөтте Франц Шимер алыс­тан керемет соққы берді. Ол да қақпа жанынан ыс­қырып өте шықты. Матчтың 28-ші минөтінде Нұр­бол Жұмасқалиев алаңның орта­сында допқа иелік етіп, алға жүгірді де, соңғы нүктені өзі қой­ғысы келді. Алайда, оның соққы­сына дәлдік жетіспей қалды. 33-минөтте жасал­ған біздің шабуы­лымызды алаң иелері қолмен ой­нап тоқтатты. Осыған байла­нысты берілген айып добын орындаған Гетериев оны қақпа алаңына жеткізді. Сол жерде допты алаң ие­лерінің қақпашысы баспен қай­тарып үлгерді. Бұдан кейін Азат Нұрғалиев те екі рет осындай айып добын орындап, оларды штан­ганың алыс бұры­шы­нан асы­рып жіберді. Ал 36-шы минөтте Шимер тағы да өзін көр­сете білді. Бұл жолы оның соқ­қы­сына Андрей Карпович кедергі келтіріп үлгерді. Соққы сонда да болса, дарбаза алаңына жетіп, біздің голкипердің қолымен аутқа жібе­ріл­ді. Осыған байланысты бе­ріл­ген бұрыштама добы тағы да Шимерді тауып, оның басы арқы­лы қақпаға қарай заулады. Бірақ біздің дарбазабон мүлт кеткен жоқ. Алаң иелері екінші таймды бірден қауырт бастады. Шамасы, үзіліс кезінде бапкерлері тарапы­нан көп ескерту мен ақыл-кеңес алса керек, олар салған жерден шабуылға ышқына кірісті. Бұл біздің футболшыларды жаппай қорғанысқа көшіп, аяқтарына тиген допты оңды-солды алысқа тебе беруге мәжбүр етті. Сондай қарбаластардың бірінде, ойынның 49-шы минөтінде австриялық Линц біздің айып алаңында Аб­дулинмен соқтығысып, құлап қал­ды. Өзінің әріптесі Фели Кавлак­пен қақпақыл ойнап, ішке кірген ол біздің ойыншыға қарай өзі ұм­тылып еді. Стадион толы көрер­мен мен австриялық футболшылар пенальти талап етіп тұрып алды. Бірақ хорватиялық төреші М.Ст­ра­­хоня бұл арандатуға түскен жоқ. Бұл аралықта біздің Аверченко мен Кислицын бір-бірден қарсы шабуылға шығып қайтты. Содан кейінгі қауіпті соққыны бізге 54-ші минөтте Экрем Даг жасады. Осыдан кейін қазақстандықтар қайтадан есін жинап алғандай болды. Өз-өздеріне жақсы келіп ал­ған олар алдағы 11 минөттің ау­қымында қарсыластарға қарай үш рет жойқын қарсы шабуыл ұйым­дастырды. Бұлардың бәрі де белгілі бір дәрежеде қақпаға айтарлықтай қауіп төндірді. Бұлар­дың біріншісі Карповичтің пасы­нан кейін Авер­ченконың сол қап­талмен жүгі­ріп өтіп, қақпаға ба­ғыт­тауымен аяқ­тал­ды. Екінші ме­зет­те екінші таймда Мальцевтің орнына шыққан Сергей Хиж­ни­ченкоға доп жіберілді. Біздің жақ­тағы ең жас ойыншы. Бірақ, бұл допқа жетіп үлгере алмады, оны қақпашы Махо қағып әкетті. Ке­ле­сі көріністе Александр Киров қарсы­ласынан қарсы алаң бетінде доп тартып алып, үшеуге төртеу болып шабуылдады. Бірақ біздің жартылай қорғаушы допты өз ая­ғы­мен қарсыласына беріп қойды. Алаң иелерінің қақпасы құл­пын ашатын ең қолайлы сәтті біздің жігіттер 66-ші минөтте дұ­рыс пай­да­лана алмады. Біздің қақпа ала­ңы­на қарай берілген бұрыштама добын Сидельников қағып алды да, оны қолымен қарсыластар алаңына қарай әуе­лете лақтырды. Ол сол бойда ба­рып Хижниченконың та­ба­ны ас­тына түсті. Оны ала сала ал­ға ұм­тыл­ған Сергей келесі кезек­те Жұ­масқалиевті соққы жасайтын жерге әдемі шығарды. Ал Нұрбол оны алғасын шамамен 17 метр қа­шықтықтан қақпаға қарай зыр­лат­ты. Бұл допты Махно қол­мен жоға­ры қарай көтеріп жіберіп қана қақ­пасын голдан аман сақтап қалды. Бұдан екі минөт өткесін алаң иелері тағы шабуылға шықты. Алдымен алыстан Кристиан Фухс ұрып байқастады. Оны Сидель­ников секіріп барып, бұрышқа жіберді. Ал 70-ші минөтте біздің жақтан тап сондай бір жөңкілген шабуыл өрбіді. Оны Хижниченко қақпаға қарай жақсы ұрып еді, бірақ соққысы жәй болып қа­лыпты, қақпашы қиналмай ұстап алды. Содан соң Жұмасқа­лиев ста­­дион толы көрермен­нің жүре­гін тоқтатып қоя жаз­даған та­ғы бір соққыны керемет шиыр­ды. Бұл жер­де осыған жеткізген біздің ка­пи­тан Кар­пович болды. Ол алдымен айып алаңы бұры­шынан қақпаға қарай доп атты. Бірақ соққы төмен кет­ті де, қақпа сызы­ғы алдынан көлбей өтті. Ал оның арғы мүйісінде қор­ғау­шылардың көздерінен тасада қалған біздің Нұрбол тұр еді. Өкі­нішке орай, оның баспен ұрмақ болған добы сол бойы сілкініп өте шықты. Ойын­­ның 89-шы минөтінде біз алаң иелері қақпасына соң­ғы мәрте соққы жасап үлгердік. Осымен ойын тең аяқта­латындай көрінген. Бірақ төреші қосқан 4 минөт бәрін бүлдіріп кетті. Шамасы, біздің ойыншылар да осы кезде бәрі артта қалғандай болып, аздап босаңсып кет­кен болуы керек. Соны алаң иелері әдемі пайдаланып кетті. Бұл жолы да біздің жігіт­тер шабуыл ұйымдас­тырып көрмек сияқты бол­ған. Олар өз алаңдары ішінде доп ал­ған бойда оны бетал­ды тебе бер­мей, өз ойын­шымызға жет­кізуге тырысып бақты. Бізді құрт­қан да осы болды. Айып алаңын­дағы қарбалас кезін­де доп Алексей Поповтың аяғы­ның астына топ ете түсті. Ол мұны бірден алысқа тебу орнына икемге келтіріп алып, өз әріптесіне асырмаққа ұмтылды. Оның солай тастаған добын Роланд Линц жолдан іліп әкетті... Сосын біздің сасып қалған жігіттер гол артынан гол жіберді. Есеп – 0:2! Енді біздің топтағы құрама­лардың екі турда ойнаған ойын­дары нәтижелерін берейік. 3 қыр­күйек. Бельгия – Германия – 0:1. Гер­ма­ния – Әзірбайжан – 6:1. Түр­кия – Бельгия – 3:2. Осымен екі ойыннан 6 ұпай жинаған Гер­мания және Түркия команда­лары турнир кес­тесінде 1-2 орындарды бөлісіп келеді. Үшінші орында Австрия тұр. Бұл екі турда сенсация атанған ойындар да орын алды. Біз бұлардың қатарына 3 қыркүйек күні Лиссабонда Португалия мен Кипр арасында өткен ойынның 4:4 есебімен тең ойналғанын, Францияның өз алаңында Бела­русьтен 0:1 есебімен ұтылып қал­ғанын, 7 қыркүйекте Ресейдің өз алаңында словактардан, чехтардың литвалықтардан осындай есеппен жеңілгенін айтар едік. Барлық топтардағы кезекті турдың ойындары қазанның 8-і күні ойналады. Серік ПІРНАЗАР.