• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

Оңтүстіктегі оңды істер

706 рет
көрсетілді

Жазғы демалыста елге барып, халықтың жағдайымен, жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Олардың ұсыныс-пікірлерін, сын-ескертпелерін тыңдадық, Парламенттің бір жылдық жұмысы туралы есеп беріп, еліміздегі болып жатқан реформалар барысын түсіндіріп қайттық. Кездесулерде тұрғындар Елбасымыздың сара саясатының арқасында дағдарысты сезбе­ген­дерін, қайта осы дағдарыс кезеңінде әрбір елді мекендерде көптен қордаланып қалған мәселелердің шешімдері табылып, жол, электр, су жүйелері мен мектеп, аурухана, медпункттер, клубтар мен мәдениет үйлері жөнделіп, жаңар­ғанын, елді мекендер тазаланып, көріктеніп, абаттана түскенін, ол жұмыстар биыл да жал­ға­сын тауып жатқанын айтып жатты. “Еліміз­дің Азия құрлығы мемлекеттері мен мұсылман елдерінің, бұрынғы Кеңес Одағы республи­ка­лары ішінде бірінші болып Еуропаның төріне шығып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі біз үшін үл­кен мақтаныш. Бұның барлығы еліміздегі тұ­рақ­тылық пен ауызбіршіліктің, ынтымақтастық пен бірліктің, Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті, Елбасымыздың тікелей басшылығымен қабылданған және іске асырылып келе жатқан Конституциямыздың, Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында, Елбасымыз аман болсын, өмір жасы ұзақ болсын”, – деп өз ризашылықтарын білдірді. Елді мекендерді аралағанда облыс әкім­ді­гінің ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында тиянақты да тыңғылықты шараларды атқарып келе жатқаны байқалды. Ұлыстың ұлы күні Наурызда “Ырыс алды – ынтымақ” бас­қосу жиыны өткізіліп, онда елдегі ынтымақ пен бірлік туралы бәтуалы ұсыныстар айтылып, оларды жүзеге асырудың тетіктері қарас­ты­рыл­ған. Осындай үрдіс өткен жылғы Конституция күні қарсаңында Мәртөбеде болса, биыл рес­пуб­лика Конституциясының 15 жылдығына орай қасиетті Ордабасыда өтті. Бұл келелі ке­ңес­терде елдігімізді, ынтымақ-бірлігімізді, дос­ты­ғымыз бен татулығымызды берік етудің жолдары кеңінен сөз болып, тыңғылықты жұмыстар ат­қарылуда. Елдегі болған кездесулерден түйге­ні­міз, халықтың Елбасына деген құрметінде шек жоқ, олар Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отыр­ған саясатты бірауыздан қолдайды. Облыс бойынша “Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму” бағдарламасы аясында республикалық индустрияландыру картасына 83 миллиард теңгеге бағаланған 6 ірі жоба, ал облыс көлеміндегі аймақтық индус­трияландыру картасына 33 миллиард теңге болатын 19 жоба енгізілген. Осы жобалар іске асырылғанда төрт мыңнан астам адамға тұ­рақты жұмыс орындары ашылады екен. Ал, биылғы жылы 54 миллиард теңге тұратын 8 жоба іске асырылып, 2200-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Облыста үстіміздегі жылғы республикалық бағдарламаға сәйкес пайдалануға берілетін ең ірі объектілердің бірі Шымкент қаласы ма­ңын­да салынып жатқан “Стандартцемент” зауы­тының құрылысы. Алып зауыт 25 гектар жерді алып жатыр. Құрылысы 2009 жылы басталған, биылғы жылы қазан айында іске қосылмақшы. Қытай мамандарымен бірлесіп салынып жатқан зауыт қазіргі заманғы, ең озық, экологиялық таза, цементті құрғақ тәсілмен өндіру технологиясымен жабдықталған. Оңтүстікте құрылыс көп салынуда, Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолына да көп цемент ке­рек. Халқы тығыз өңірде жеке меншік үй салу да дамыған. Осының бәріне сапалы це­мент керек. Қазіргі жұмыс істеп тұрған цемент зауыты өткен ғасырдың 50-жылдары салынған, технологиясы ескі, бағасы қымбат. Облыс қа­жеттілігін толық өтемейді. Кей жылдары це­менттің тоннасы 30 мың теңгеге дейін көтеріл­ген. Жаңа цемент зауыты құрылысында 2000-нан астам құрылысшы істеуде. Оның 200-ге жуығы қытай жұмысшылары мен мамандары. Мұндай алып құрылыстар кезінде бүкілодақтық екпінді құрылыс болып жарияланып, дирек­тивті басқару органдарының басшылары штаб құ­рып, апта сайын ондаған мердігерлік құры­лыс, жабдықтау, тасымалдау мекемелерінің жұмыстарын үйлестіріп отыратын лездеме өткізіліп тұратын. Соның өзінде құрылыс 4-5 жылға созылатын. Міне, нарықтық экономиканың күші, ар­тық­шылығы. “Өзімдікі дегенде, өгіз қара күшім бар” дейді қазақ осындайда. Аты республикаға бел­гілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Серікжан Сейітжанов айқай-шусыз, қаржыны да тауып, жобаны да Қытайдың ең мықты жо­балау институтында жасатып, мемлекеттік са­раптамадан өткізіп, құрғақ тәсілмен цемент өн­діретін зауыт құрылысын небәрі 24 айда бі­тір­мекші. Құрылыс жүріп жатқанына қарамастан, зауыт территориясында гүлдер өсіп тұр. Мен, кәсіпкер С.Сейітжановқа: “Мынадай алып құрылысты өз еңбегіңізбен, өз күшіңізбен салып жатқаныңызға қарағанда, сіздің жүрегіңіз жолбарыстың жүрегіндей-ау шамасы. Бұл мың пұт тұз жегенмен бірдей ғой”, – дедім. “Мың пұт болмаса да соған жақындап қалған болар”, – деді ол сәл езу тартып. “Қазақтың үндемей жү­­ріп-ақ асқар таудай міндетті атқаратын осын­дай азаматтары көп болса ғой”, дедім мен ішімнен. Облыста инфрақұрылымы дайын, бұрынғы фосфор зауыты аумағында көлемі 132 гектар жер абаттандырылып, өндіріс орындарын ашу үшін шетелден инвестициялар тарту жұмыста­ры жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатын­да “Максимум” аймақтық инвестициялық ор­талығы ашылып, шағын және орта бизнес су­бъек­тілеріне жылдық өсімі 7 пайызбен несие­лер берілуде. Бұл екінші деңгейдегі банктер мен “ҚазАгро” Ұлттық холдингі” АҚ несие беру шарттарынан әлдеқайда жеңіл. Алайда, “ҚазАгро” Ұлттық холдингі” АҚ арқылы облыс­қа көктемгі егіс егуге арнайы бөлінген 2,5 миллиард теңге несие бар-жоғы 10 пайыз көле­мінде ғана игерілген. Себебі, несие беру ере­же­лері күрделі. Қағазбастылық көп. Оңтүстікте тауар өндірушілерге несие мақта, көкөніс, жеміс-жидек өңдейтін кәсіпорындар арқылы берілсе. Бұл тез және тиімді болған болар еді, дейді диқандар. “Жол картасы” аясында 2009 жылы 758 жобаны іске асыруға 25,8 миллиард теңге қар­жы игерілсе, үстіміздегі жылы бұл бағдарламаға 18,5 миллиард теңге бөлініп, жүздеген ауыз су, ағын су, тағы басқа объектілер күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуде. Жаңадан мыңдаған жұмыс орындары ашылған. Кездесулерде көтерілген мәселелер мен ұсы­ныстардан халықтың талап-тілектерінің, талғамдарының өсе түскені байқалады. Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелер: әр үйге тәулік бойы ауыз су беру, жолаушылар таситын автобус­тар­ды жаңарту, Кеден одағының халық үшін тиім­ді және тиімсіз жақтары, ЕҚЫҰ Саммиті ту­ра­лы, табиғат қорғау, экология, рекультивация мәселелері, шаруа қожалықтарын ірілендіруді ын­таландыру, елді мекендерді газдандыру, канализация салу, субсидия мен несие берудегі, тендер өткізудегі кемшіліктер, суармалы жер­лерді тиімді пайдалану, тамшылатып суару, жылыжайлар салу, шаруалардың білімін көтеру. Осы мәселелердің өзінен-ақ еліміздің эконо­ми­касынның алға дамып келе жатқанын, хал­қымыздың әл-ауқатының, сұранысының өсе түскенін байқаймыз. Кездесуге қатысушылар, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары Кеден одағының тиімді жақтарын айта келе, тиімсіз жақтарын азайту мақсатында республикалық деңгейде шешілетін мәселелерге де көңіл аударды. 2010 жыл басынан коммуналдық қызмет көрсетуші монополистер өз тарифтерін көтеру­де. Мысалы: “Шымкентцемент” АҚ цемент өнді­рісінде 35,6 пайыз монополистердің тариф­тері құрайды, ол электр энергиясы мен газ. Басқа да өндіріс орындарында жағдай осылай. Сондықтан отандық кәсіпорындарға қолайлы жұмыс жасау үшін монополистердің тарифтерді көтеруіне уақытша мораторий жариялау және ши­кізат пен басқа да материалдарды жеткізу үшін темір жол тарифтерін төмендету керек де­ген ұсы­ныс­тар айтылды. Бұл мәселеге респуб­лика Үкіме­тінің назар аударғаны жөн болар еді. Кеден одағын ұтымды пайдалану үшін облыс көлемінде шешімін күтіп отырған мәсе­лелер де жеткілікті. 2009 жылы облыстың сырт­қы сауда айналымы 2,5 миллиард АҚШ дол­ла­рын құраса, оның ішінде экспорт – 1,5 мил­лиард доллар, импорт 956 миллион доллар бол­ған. Экспортта Ресейдің үлесі 9,2 пайыз болса, импортта 27 пайыз. Оның ішінде облыс көле­мін­де өндірілуге мүмкіншілігі бар тауарлар да Ресейден әкелінеді. Мысалы: өткен жылы Ре­сейден 1500 тоннадан астам сүт және сүт өнім­дері, 6300 тоннаға жуық өсімдік майлары, жүз­де­ген тонна газдалған тәтті сусындар, кірпіш, цемент, мұнай өнімдері әкелінген. Осы тауар­лардың бәрін облыс ішінде өндіруге болады және өндірілуде. Тек, өндіріс саласындағы сұраныс пен қажеттілікті анықтап, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу мен құрылыс индус­триясында жұмыс істейтін отандық тауар өн­діру­шілерді барынша қолдап, көмектесу қажет. Тауар өндірушілерге Кеден одағының артық­шылықтары мен ерекшеліктерін түсіндіру, насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізіп, өн­ді­рілетін тауарлар мен олардың бағалары ту­ра­лы ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру керек. Кеден одағының жұмыс істеуге тиімділігін байқаған диқандар оңтүстіктің климат ерек­шеліктерін пайдаланып қауын-қарбыз, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін өндіруді ұлғайтып, Ресейдің тауар рыногына кеңінен шыға бас­таған. Тек, Шардара ауданы диқандары үстіміз­дегі жылы тамыз айында ғана Ресейге 15000 тонна қауын-қарбыз жіберіп пайда тапса, 120 мың тонна бақша дақылдарын республика кө­лемінде сатқан. Тек, бір жылда қауын-қарбыз егу көлемін 1500 гектарға арттырған. Осындай жағдай облыстың басқа аудандарында да бай­қалады. Облыста өндірілген өнімдерді (қауын-қарбыз, көкөніс, жеміс-жидекті) ысырапсыз жинау, дайындау, сату әлі де өз шешімін тап­пай келеді. Оңтүстік әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясының осы мәселені шешу үшін әр ауданнан ашқан сервисті-дайындау орталық­тары­ның жұмысы сын көтермейді. Өңірде ша­ғын және орта бизнесті дамыту үшін құрылған әлеуметтік-кәсіпкерік корпорацияларды облыс әкімдіктері қарамағына бөліп беру туралы мәселе толық шешімін таппаған. Облыста ұсақ шаруа қожалықтарын ірілен­діру, егін шаруашылықтарын әртараптандыру, жаңа технологиялар мен жоғары өнім беретін өсімдік сорттарын өндіріске енгізу жұмыстары қатар жүргізілуде. 2005 жылы Мақтаарал ауда­нында құрылған “Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” аз уа­қыт ішінде мақтаның 9 аудандастырылған сор­тын шығарып үлгеріпті. Енді ондаған миллион теңгеге көрші елдерден сатып әкелінетін бақша дақылдары мен суармалы жерге егілетін жоңышқа тұқымы дақылдарының сортын шы­ға­ру жолында ізденістер жасалуда. Институт ди­ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның докторы Ибадулла Үмбетаев: “Қазіргі кезде бақша дақылдарының өзімізге қолайлы сорттарын шығаруды қолға алдық. Кейбір шаруа қожалықтары суармалы жерлерге жо­ңыш­қаның, тәлімі жерге егілетін сорттарын егіп 2-3 орым ғана өнім алып жүр. Бұл да біл­мес­тік қой. Қазір біз суармалы жерге егілетін жо­ңышқа тұқымын шығарумен айналысуда­мыз. Сонда әр гектар өнімділігі 2-3 есе кө­бейген болар еді. Шаруалардың білімін көтеру үшін курстар ашып, оларды агротехника мен на­рық экономикасының ерекшеліктерін оқыт­пақшымыз”, – дейді. Мақтаарал мен Шардара аудандарын байла­ныс­тыратын жолды өзбек шекарашылары жауып тастағалы жол 80 кило­метрге ұзарып, тұрғындар үшін қо­лайсыз жағдайлар туындаған. Ал, қиыр оңтүстікте орналасқан Мақ­таарал ауданына жүк тасымалдау Өзбекстан арқылы келетін темір жолға байланысты болатын. Қазіргі кезде темір жол қатынасы Мақтаарал стансасының үкімет­ара­лық келісімге сәйкес жаса­лынған хаттамаға енбей қалуына байла­нысты тоқтап тұр. Егер Үкі­мет осы мәселені Өзбекстан үкі­метімен келісімге келіп, тез арада ше­шпейтін болса, 300 мың халық тұратын Мақта­арал ауданына ке­ле­тін және аудан көлемінен шығатын әртүрлі тауарлар мен жүктерді жеткізу үлкен проб­ле­маға айналады. Егер Өзбекстан жақтан келе­тін темір жол қа­тынасы шешілмесе, өз территориямыз арқылы Сарыағаш стансасынан Ғани Мұратбаев елді мекеніне дейін 70 километр темір жол салу мәселесін шешуіміз керек болады. Облыста “Көксарай” су рет­те­гішін салуға байланысты Жетісай-Шардара-Арыс автожолы­ның жиырма шақырымдай бөлігі су реттегіштің астында қалатыны анықталып, айналма жол салу туралы шешім қабылданды, қазір жол құ­ры­лысы қызу қарқынмен жүргізілуде. Жол құ­рылысының жалпы сметалық құны 2 195 мил­лион теңге. Ол республикалық бюджеттен 3 жылға бөлінген: 2009 жылы – 354 миллион теңге, 2010 жылы – 1 249 миллион теңге, 2011 жылы – 591 миллион теңге. Қазіргі таңда ағым­дағы жылдың қаржысы толығымен иге­рілген. 2010 жылғы құрылыс маусымы біткенге дейін жолды толық аяқтауға мүмкіндік бар. Сондықтан Үкімет 2010 жылы бюджетке толық­тырулар мен өзгерістер енгізгенде аталған жолды салуды аяқтау үшін 2011 жылы жоспарланған 591 миллион теңгені 2010 жылға бөлуді шешуі керек. Сонда 240 мыңнан астам халық тұратын Ордабасы, Арыс, Шардара аудан­дарының елді мекендерінің жол байланысы шешіледі. Оңтүстіктің бас қаласы Шымкент жылдан жылға көркейіп, құлпыра түсуде. Әсіресе, соңғы бір жылда Тәуелсіздік монументі, Абай мұражайы, “Жібек жолы” композициясы, көркемсурет галереясы, Т.Рысқұлов ескерткіші, тағы басқа объектілер ашылып, Абай саябағы сәнденіп шыға келді. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы қарсаңында Абай саябағынан Даңқ мемориалы ашылды. Онда Оңтүстіктен Ұлы Отан соғысына қатысқан 140 мыңнан астам адамның аты-тегі мәрмәр тасқа қашалып жа­зыл­ды. Тамыз айының 15-17 жұлдыз­дары аралығында Шымкентте Қазақтың ұлы сазгері Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық ме­рей­тойы атап өтілді. Мерейтой қарсаңында бұ­рын күл-қоқыс болып жатқан қырғы базардың етегі абаттандырылып, “Шәмші әлемі” саябақ-кешені ашылды. Осы жерде Шәмші ағамыздың 80 жылдығына арналған “Арыс жағасында” атты ән фестивалі жоғары көркемдік-шығармашы­лық дәрежеде өтті. Мазмұнды осындай іс-шараларды ұйым­дас­тыр­ған облыс әкімдігіне, облыс әкімі А.Мыр­зах­ме­товке көпшіліктің алғысы шексіз. Облыста денсаулық сақтау саласының мате­риалдық-техникалық базасы жыл сайын нығая түсуде. Өткен жылы облыс тарихында тұңғыш рет ашық жүрекке операция жасау игеріліп, жыл бойы 100-ден астам адамға операция жа­салды. Дегенмен, облыста бюджеттен бөлінетін қаржы бір адамға шаққанда республиканың орташа көрсеткішінен 15 пайызға, ал халыққа тегін берілетін медициналық көмектің кепілдік көлемі 20 пайызға аз. Қазіргі кезде құрылысы 2008 жылы басталып, кейіннен дағдарысқа бай­ланысты тоқтатылған Түркістан қаласындағы 200 төсек-орындық көпбейінді балалар ауруханасының, Шымкент қаласындағы емхана мен Леңгір қаласындағы аурухананың құрылысын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 2011 жылы қаржы бөлу Үкімет тарапынан шешімін табуы керек. Кездесулерде атқарылып жатқан игі істердің арасында кемшіліктер мен олқылықтар да сөз болды. Әсіресе, баға мен тарифтердің өсуі, мемлекеттік сатып алу мен несие берудің созылып кетуі, кәріздік жүйелердің ұйық басып, жер асты суларының көтерілуі салдарынан суармалы жерлердің істен шығуы, қосалқы шаруашылықтарды дамытуға мемлекет тарапынан көмектің болмауы, елді мекендерді газдандыру, жол апатының көбейіп кетуі, тағы басқа көптеген мәселелер туралы ұсыныс-пікірлер айтылды. Бүкіл саналы ғұмырын су шаруашылығы мен оны дамытуға жұмсаған, қазір құрметті еңбек демалысындағы зейнеткер, Созақ ауданының құрметті азаматы Совет Абдуллаев елімізде өндірілетін мал өнімдері мен көкөніс, жеміс-жидектің 80-90 пайызын өндіріп, өздерін өздері асырап қана қоймай, қаладағы балалары мен туыстарына азық-түлікпен кө­мек­тесіп, артылғанын базарға шығаруда. Елі­мізде азық-түлік молшылығын жасауға қомақ­ты үлес қосып отырған ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарына мал тұқы­мын асылдандыру, жұқпалы аурулар мен өсім­дік зиянкестерімен күресуде мемлекет тара­пы­нан қолдаудың тіптен аз екенін айта келіп, ол бы­лай дейді: “Біз өзіміздің үй-іргелі жерімізді ер­мек етіп, ешкімнен азық-түлік сұрамаймыз. Құ­дай­ға шүкір, ет те, сүт те, ірімшік те, май да, көкөніс те, жеміс те өзімізден. Ештеңе сатып алмаймыз. Қаладағы балаларымыздың соғымы да, ішіп жейтін май-құрты да, көкөнісі, жеміс-жидегі де біздің мойнымызда. Күзге қарай 100-150 банкі жабылған көкөністі қалаға жіберіп тұрамыз. Ауылға мемлекет көмек береді, суб­си­дия алады дейді, оны біз естігеніміз болмаса, көрген жоқпыз. Кей жылдары бұқа болмай, сиыр­ларымыз қысыр қалады. Үкімет ең болма­са мал тұқымын асылдандыруға, өсімдік зиян­кес­терімен күресуге көмектессе. Мал борда­қы­лау алаңдарына да мал керек шығар, оны біз­ден алмағанда кімнен алады. Ал, біздегі малдың түрі мынау. Ауыл шаруашылығын да­мытудың басты бағыты, оны индустрияландыру екенін тү­сінеміз. Ауылда тұрған соң бәрібір тұрғын­дар­дың қосалқы шаруашылығы болады ғой. Соның әлеуетін толық және тиімді пай­далан­сақ, еліміз байи түспей ме? Осы мәселеге Үкімет­тің неге немқұрайлы қарайтыны түсі­ніксіз. Бұрын дайындау пункттері дейтін болу­шы еді, артық өнімдерді өткізетін. Олардың ізі де жоқ, бұл туралы айта-айта шаршадық. Осы мәселенің шешілуіне атсалыссаңыз. Бұл – ауыл тұрғындарының аманаты”, деді. Иә, бұл ащы шындық. Бала-шағасын үй-іргелі жері мен мен қосалқы шаруашылығы есе­бінен асырап отырған, басқа жұмысы жоқ адамдар саны елімізде баршылық. Оларды  өзін-өзі асырайтындар сана­тына жатқызып, жұ­мыссыздар қатарына енгіз­бейді. Республикада мал өнімдері мен көкөніс­тің 70-80 пайызы осы жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарда өндіріледі. Алайда, Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі жеке шаруашылықта өндірілген өнімнің санитарлық жағдайы төмен дегенді сылтау етіп, олардың да­муына қамқорлық жа­са­ғысы келмейді. Сон­дықтан Үкімет бұл үлкен әлеуметтік мәселеге ерекше көңіл бөлуі тиіс. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.