• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

“Жол картасы” жолдардың да сапасын күшейтті

892 рет
көрсетілді

Шетелге шыққандар ондағы көлік жолдарын айтып аузының суы құрып келеді. Төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай жайлы дейді. Автокөліктердің ішінде отырып ішкен шынаяқтағы кофең үлкен жылдамдықта бір шайқалмайды-ау деп таңдай қағады. Әрине, Қазақстан ондай жолдармен мақтана алмайды. Әзірге. Жуырда Сайрам ауданына бір кәсіпкерлердің шақыруымен неміс мамандары келген екен. Ұзын жолдың бойымен ерсілі-қарсылы зулаған мәшинелердің кейбірі жанасардай болып өткенде олар қорыққандарынан көздерін жұмып алыпты. Германияда жол аралық қорғаулар бар, қарама-қарсы келе жатқан мәшинелер келесі бетке өте алмайды. Қауіпсіз. Бірақ, бізде де ауызды қу шөппен сүртетіндей жағдай жоқ. Оншақты жыл бұрынғы ойдым-ойдым жолдар көңілден ұмыт болып барады. Оңтүстікте жолды сапалы салуды үйренді. Асфальт зауыттары бар. Битум шығаратын зауыт іске қосылып жатыр. Керекті қиыршық тастар да облыс аумағынан табылады. Жылда қыруар қаржы шығарып, қырық шұрық тесікті жылда жамауды қойып, сапалы асфальт жолдары салына бастады. Осы орайда біз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Әбілсейіт РАБАЕВҚА жолығып, бірнеше сауал қойған едік. – Әбілсейіт Байсейітұлы, төрт құбыласынан да көлік құйылып жататын Оңтүстіктің автомобиль жолдары қазір қандай деңгейде? Республикалық жолдардың жағдайы белгілі, ал облыс және ауданаралық жолдарды жөндеуге биыл қанша қаражат қарастырылды? – Оңтүстік Қазақстан облысы бой­ынша жалпы пайдаланымдағы авто­мо­биль жолдарының ұзындығы 5208,8 ша­қы­рым құрайды. Оның 4422,8 шақы­ры­мы, яғни 85 пайызы облыстық маңызы бар жолдар. Қолда бар жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сақталуы мен техникалық жай-күйін жақсартуды қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттер қара­жа­тының үлестік қатысуы негізінде бұ­зыл­ған жол учаскелерін жөндеу мен қал­пына келтіру шаралары қарас­­тырылған. Облыстық мәслихаттың 2007 жыл­ғы 13 желтоқсандағы № 3/25-ІV ше­шімімен бекітілген “Оңтүстік Қазақ­стан облысының автомобиль жолда­рын да­мытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасына” сәйкес, 2010 жылға облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен Шымкент қаласы көшелерін дамытуға бюджеттен 6 128,7 млн. теңге бөлін­ген. Осыны та­ратып айтар болсақ, 1 641,9 млн.теңгесі республикалық, 4 486,8 млн. теңгесі облыстық бюджет­­тен бөлінді. “Жол картасы” аясында, 2010 жы­лы облыс аумағындағы, бар­­лы­ғы 130 нысан бойынша, жалпы ұз­ын­дығы 585 шақырым жолдарды жөндеуге бюджет­терден ағымдағы және ны­саналы трансфертпен 5 189,8 млн.теңге қаржы қаралып отыр. Оның 3 262,4 млн. теңгесі республикалық, 1 927,4 млн. теңгесі облыстық бюджеттен бө­лінуде. Осы бөлінген қаражат есебінен 282,7 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары және 302,3 ша­қырым қала (ауылдық елді мекендер) көшелерін жөндеуден өткізіп, ретке келтіру көзделуде. “Жол картасы” бойынша облыс­тағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында жоспар бойынша барлығы 585 шақырым жол мен елді мекендер кө­шелеріне және 1 көпірге жол-құ­ры­­лыс жұмыстарын жүргізу қарас­тырылған. “Жол картасы” жобасында қарал­ған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жаңадан жұмыс орындары ашылып, 5674 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз еттік. – Дұрыс екен. Облыстың бұрынғы басшысы Нұрғали Әшімов “Оңтүстіктің ең басты байлығы халқы” дегенді көп айтып еді. – Расында, Оңтүстіктің бағы қазба байлықтардан гөрі халқы екендігі дау­сыз. Осынша адамдарға мінсіз қызмет көрсетуде көліктердің жағдайын бақы­ла­масқа болмайды. Облыс тұрғындарына жолаушылар көлігімен қызмет көрсету қызметін 66 жеке тұлғадағы тасымалдаушылар жү­зеге асырады. Облыс аумағында 33 ав­­то­вокзалдар мен автобекеттер тізілімге енгізілген. Оның ішінде 5 автовокзал мен 1 автобекет Шымкент қаласында орналасқан. 2010 жылдың басынан бері Түркістан қаласында “Алтын Орда”, Мақтаарал ауданында “Жетісай” авто­бе­кеттері іске қосылып, облыстағы авто­вок­залдар мен автобекеттер тізіміне ен­гіз­ілді. Облыс аумағындағы реестрге ен­ген 33 автовокзалдар мен автобекет­тердің заңнама талаптарына сәйкестігі 2010 жылғы 1 наурыздан 15 сәуірге дейін комиссия арқылы зерттелді. Зерттеу нәтижесі бойынша 1 автовокзал және 2 автобекет тізімнен шығарылды. 2010 жылға конкурстар өткізу кес­тесі әзірленіп, облыс әкімінің орын­ба­сарымен бекітілді. Бекітілген кестеге сә­й­кес 3 ашық конкурс өткізілді. Об­лыс тұрғындарының өтініштеріне сәй­кес, жаңадан 1 бағыт ашылды. Барлық түзілген келісім-шарттар зерттеліп, келісімнің жаңа үлгісі дайындалып, жа­ңа келісімдер осы үлгіге сәйкес жа­са­­луда. Ескі келісім-шарттарға өзгерістер енгізу бойынша келісім жобасы дайындалып, аталған жобада басқада мә­селелермен қатар келісім-шарт та­лаптарын бұзған тасымалдаушыға ай­­ыппұл салу мәселесі қаралды. Басқар­мамен түзілген келісім-шарттардың орындалуы үнемі бақылауда. Бүгінгі күнге келісім-шарт талаптарының бұзылуына жол берген фирмаларды сот арқылы жеңіп, арадағы келісімді бұздық. Атап айтар болсақ, облыстағы жолаушылар көлігі кәсіпорындарының жолаушылар тасымалдаумен айналы­са­тын автокөліктер мен жүргізушілері туралы мәліметтер базасы жаңартылды. Оңтүстік Қазақстан облысының об­лыс­­ішілік және ауданішілік бағыттарының тізімі жасалып аяқталды. Облыс әкімінің 2010 жылғы 19 ақ­пандағы “Жергілікті атқарушы органдар жұмысын жақсарту мәселелері туралы” №1-45Ө өкіміне сәйкес, жұмысшы топ­тар құрамында 15 аудан мен қала әкім­діктерінің бүкіл көлік саласы бой­ынша жұмысы зерттеліп, қорытындысы бой­­ынша тиісті анықтамалар толтырылды. – Көліктердің шамадан тыс көптігі, ойлы-қырлы жолдарда көру мүмкінді­гінің төмендігі жол апаттарын көбейтіп жіберді. Шымкент-Түркістан бағытын­дағы жол шеттерінде жол апатынан қаза тапқандарға ескерткіш-тақталар көбейіп, елдің үрейін ұшыруда. Жол қауіпсіздігін қадағалауда басқарма тарапынан қандай шаралар қарастырып жатыр? – Жол-көлік оқиғаларының көбей­іп, арты ауыр қайғыға душар етіп жат­қаны, әрине, бәрімізді алаңдатады. Жол апаттарының себеп-салдарын зерделеп қарасаң, қайғылы оқиғалар көбіне жүр­гізушінің өз жолынан шығып, алдын­дағы көлікті басып озуынан болып жатады. Ақаулы көліктермен жолға шығатындар да азаймай тұр. Біз өз тарапымыздан жасалуға ти­істі шараларды мейлінше жүзеге асы­рып жатырмыз. “Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында жол қауіпсіздігін қамтама­сыз ету­дің 2007-2009 жылдарға арнал­­ған өңірлік бағдарламасының” мерзі­мі­нің аяқталуы­на байланысты бағдарлама бойынша ти­істі құжаттар дайындалып, аталған бағ­дарлама облыстық мәсли­хаттың сессия­­сында 2010 жылдың нау­рыз айында қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Б.Әли­ев 2010 жылғы 5 ақпанда бекіткен “Жо­лаушылар тасымалдаумен ретсіз айна­лысатын көліктердің жұмысын зерттеу мақсатында өткізілетін рейдтік іс-ша­ралар” кестесіне сәйкес, ақпан айында Шымкент, Түркістан қалала­рын­да және Мақтаарал, Сарыағаш ау­дандарында жергілікті әкімдік, ішкі істер басқар­ма­сы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүс­тік Қазақстан облыстары бойынша Шым­кент қаласындағы (Оңтүстік) өңір­аралық көліктік бақылау инспек­циясы қызметкерлерімен бірле­сіп рейдтік іс-шаралар өткізілді. Заң бұзушылыққа жол берген автобус жүр­гі­зушілеріне жол полициясы мен инс­пекция қызметкерлері тарапынан 7 әкімшілік шаралар көрілді. Сонымен қатар, наурыз айында “Шақпақ” бе­ке­тінде автобустарға 5 рет мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында 362 автобус зерттеліп, оның ішінде 133 ав­тобустың заңсыз тасымалдаумен айна­лысқаны анықталды. Қорытындысы бой­ынша, 2010 жылғы 26 наурызда облыс әкімдігінің мәжілісінде Оңтүстік Қазақ­стан облысында жол қозғалысы қауіп­­сіз­­­дігінің жағдайы туралы мәселе қаралды. Қаулыда көрсетілген тапсырма­лар­ды орындау мақсатында бірлескен бір айлық іс-шаралар жоспары дай­ын­далып, облыс әкімінің орынбасарымен бекітілді. Іс-шаралар жоспары бойынша жол полициясы тарапынан жүргізу­ші­лерге 111 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Шымкент қаласының бағытта­рын­да қызмет көрсететін қоғамдық көлік­тердің техникалық жай-күйін жол жүру ережесіне, стандарттарға сәйкестендіру және техникалық байқауды өткізетін жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру мақсатында, қоғамдық жолау­шылар автокөліктерін мемлекеттік тех­никалық байқаудан Шымкент қа­ла­сында бір орталықтан өткізу туралы ОҚО ішкі істер департаментіне ұсыныс жолданып, ұсыныс қолдау тапты. ІІД жол полициясы басқармасының диагностикалық орталығынан құру туралы шешім қабылданып, бүгінде орталық өз қызметін атқарып жатыр. Жүргізушілер дайындау мектептері­нің жұмыстарын зерттеуге және олар­дың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтауға облыстық ведомствоаралық комиссия құруға ұсыныс ОҚО ішкі істер департаментіне жолданып, осы мақсатта жұмыстар басталуда. Басқарма қызметкерлері тарапынан қаланың қоғамдық жолаушылар та­сы­малдау жұмысына күндізгі және кешкі уақыттарда мониторинг жүргізіліп, біршама кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, кешкі уақыттағы кестелер ор­ындалмайтыны, бағыттарда артық ша­ғын автобустар жүретіні байқалып, бұл туралы облыс әкімінің орынбасарына және Шымкент қаласының әкіміне шара көруге ұсыныс берілді. Өкінішке қарай, бұл кемшіліктер әліге дейін жалғасуда. Шу-Талас экологиялық депар­та­мен­­тінің қызметкерлерімен бірге нау­рыз-мамыр айларында қаладағы 34 көлік компаниясының 681 автокөлігі тексе­ріліп, 135 автобустың ақаулары анық­та­лып, заңды тұлғаларға және автокөлік жүргізушілеріне айыппұлдар салынды. Қала әкімінің шешімімен құзырлы органдар және қоғамдық ұйымдар өкіл­дерінен жұмыс тобы құрылды. Бүгінгі күнге жұмыс тобы Шымкент қала­сын­дағы барлық тасымалдаушы көліктердің техникалық жағдайын, өндірістік-техни­калық базасының жай-күйін және тасы­малдау жұмыстарын ұйымдастыру құжат­­тарын көліктік бақылау инспек­циясы, жол полициясы, қала әкімдігі және басқарма қызметкерлерімен бір­лесіп зерттеп бітіріп, өз ұсыныстарын берді. – Жолаушылар тасымалдауда бір­қатар мекемелермен бірігіп, нақты жұ­мыстар жасап жатыр екенсіздер. Осыдан екі-үш жыл бұрын облысішілік темір жол бағытында кейбір пойыздардың тоқтап қалғандығына жұрт алаңдаушылық білдіріп еді. Қаржы жетпегендіктен, шы­ғынды ақтамағандықтан солай болды. Қазір қалай? – Әлеуметтік маңызы бар аудана­­ра­лық, қалааралық қатынастар бойын­­ша “Түлкібас-Шымкент-Сары­­ағаш” және “Түркістан-Шымкент” облыс­іші­лік темір жол бағыттарының шығында­рын субсидиялауға 2010 жылға облыс­тық бюджеттен 72 млн. 427 мың теңге қаралды. Бекітілген қаржылан­ды­ру жос­парына сәйкес, облыстық бюд­жет­тен жыл басынан бері 30 175,0 мың теңге бөлінді, ал тасымалдаушының шығындары 2010 жылдың 5 айында атқарған жұмыстардың актісі бойынша 40973 мың теңге болып, 5 айдың ішін­дегі 10 798,0 мың теңге кредиторлық қарыз болып табылды. Осыған байла­ныс­ты, әлеуметтік маңызы бар аудана­ралық, облысішілік темір жол мен жо­лау­шылар тасымалын субсидиялауға 22 267,0 мың теңгені бюджеттен қо­сым­ша қарау туралы облыстық эко­но­ми­ка және бюджеттік жоспарлау бас­қар­масына ұсыныс берілді. Бюджетке салмақ түсіріп жатса да халықтың керегі үшін мұндай шығын­дарға баруға болады. Өйткені, игілік­тер­дің бәрі адам үшін жасалады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.