• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

Бішкектегі кездесулер

438 рет
көрсетілді

Қырғызстандағы байыпты іс-қимыл мен баянды болашаққа ықпал етсе, құба-құп Бұдан бұ­рын ха­бар­ла­ға­ны­мыздай, Елбасының тапсыр­масымен және алдын ала қол жеткізілген уағдаластыққа орай, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы тө­рағасының Арнайы өкілі, Парла­мент Мәжілісінің вице-спикері Жәнібек Кәрібжанов Қырғыз­стандағы парламент сайлауы қарсаңындағы ішкі саяси ахуал­мен жақын танысу мақсатында 13-15 қыркүйекте осы елде жұмыс бабындағы сапармен болып қайтты. Ізгілікті парыз жүгін арқалаған, Қырғыз­стан­дағы халықаралық қоғамдастық тарапынан ықпал ету шара­ла­рын одан әрі өріс­тетуді көздеген осынау сапарға БҰҰ Бас хат­шысының Арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азия­дағы пре­вен­тивті мәмілегерлік жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Мирослав Енча мен Еуро­одақ­тың Орталық Азия елдері бо­йынша Арнайы өкілі Пьер Морельдің қосылуы мәселенің маңыз­­дылығын үстемелей түс­кен-дей. Аталмыш сапар барысында өтпелі кезеңдегі үкімет бас­шы­лығымен, саяси партиялардың және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен Қыр­ғыз Республикасына халық­аралық қоғамдастықтың қол­дау көрсетуі орайындағы іс-шара­ларды одан әрі үйлестіру туралы жан-жақты консуль­т­а­циялар алмасылып, елдің қа­зір­гі жағдайы, оқиғалардың даму ықтималдығы жөнінде бүк­­песіз ашық әңгімелер өткізілді. Қырғызстан президенті Роза Отунбаева елдегі тұрақ­ты­лық пен қауіпсіздікті қам­та­масыз етудегі халықаралық қоғамдас­тықтың жұмсап жат­қан елеулі күш-жігері үшін іл­ти­патты алғыс сезімін білдіріп, соның орайында заңның үстемдігі мен ел экономикасын қалпына кел­тіруде Уақытша үкіметке қолдау көрсеткен нақты қадам­дары үшін ЕҚЫҰ-ның қазақстандық төраға­лы­ғының рөлін ерекше атады. Шы­нында да, халықара­лық қоғамдастық елді құлдырау шыңырауына тартқан, күйзеліс пен қайғыға ұшыратқан, билік­тің тоқырауына ұласқан жо-сық­сыз оқиғалардан кейінгі ауыр да тауқыметті кезеңде Қырғызстанды не болсаң, ол бол деп, өз тауқыметінің шы­тыр­манында жалғыз қалдырған жоқ. Қазақстан әуелден-ақ ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде де, одан қала берді, тарихи туыстас та тағдырлас көрші ел, қазақы ұғымға сал­ған­да, ақжүрек ағайын ретін­де де көмек қолын алдымен созды. Әлбетте, Роза Ысқаққы­зының көңіл түкпірінде бұл жайлардың да жатқаны анық. Осы арада ел ішіндегі әралуан топтардың түсіністік үнқаты­суына және бір бауырлас мем­лекет – Түркияның мұрын­дық болуы да ғанибет дей алсақ керек. Қыркүйектің аяғына дейін қырғыз жағы сондай-ақ Түркия­ның, Дүниежүзілік даму бан­кінің және Германия банкінің грант­тарын, қазанда – Азия Да­му банкі мен Еу­ропалық Одақтың грант­тарын алуды жоспарлап отыр. Біз Бішкекте жүрген күн­дерде В.Путиннің дуалы аузымен Ресейдің Қырғызстан эконо­ми­касын оңалтуға 10 миллион дол­лар көмек беретіндігі жө­нін­де жария етілгені белгілі болды. АҚШ өз алдына, алыс­тағы Ж­а­п­ония да Қыр­ғызстанға қаржы к­ө­мегін беруге ықыласты кө­рі­не­ді. Әрине, алған жақсы. “Жоқ­шылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес” дейміз-ау. Бірақ алмақтың да салмағы бар емес пе. Олай болса, негізгі те­мірқазық бағыт ретінде қазіргі ағымдағы жағдайдың өзінде де Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев достас мем­лекет үшін ұсынған экономикалық оңалту бағдарламасын іске асыруды ұстанған әлдеқайда дұрыс сияқты. Бұл үшін Қыр­ғы­зстанның нақ өзінде эко­номикалық әлеует те, ре­сурстар да жеткілікті. Тек елдің эко­номикалық дамуының жаңа жағдайға лайықталған ілкімді бағдарламасы әзірленуі қажет. Осы жылдың 10 қазанына бел­гіленген парламент сайла-уына әзірлік, сайлау алдындағы күреске 29 партияның қосылуы елдегі әртүрлі күштердің саяси белсенділігін күрт арттырып жіберді. Осы орайда әзірге сырттай тұрақты әрі жайма­шуақ болып көрінгенімен, ішкі саяси жағдайдың кез келген үстірт немесе асығыс қадамнан, болмашы тамызықтан, ойлан­бай айтылған бір ауыз сөзден-ақ ушығып шыға келуі мүм­кіндігін ешбір жоққа шығаруға бол­майды. Осындай көзге көрінбес шиеленіс елдің оңтүс­тігінде, Ош пен Жалалабадта сақталып отыр десек, шын­дықтан алыста­маймыз. Қырғыз басшысының Арнайы елшілер сапарының дәл алдында ғана сол жақтан оралуы ол өңірдің ерекше назарда екендігін аңғартқандай. Бүкпесіз әңгіме кезінде Р.Отунбаева сайлау қарсаңында шиеленіс пен қайталама қақ­тығыс қаупі күшейген жағдайда елде төтенше жағдай енгізіліп, сайлау кейінге қалдырылуы мүмкін екендігін де жасырып қала алмады. Бірақ жаңағыдай қауіпті барынша азайтып, жұрт көкейіндегі күмән-күдікке орын қалдырмауға, сөйтіп, әділ әрі алаңсыз тыныш сайлау өтуін қам­тамасыз етуге қазіргі би­ліктің күш-жігері, құрал-дәрмені жеткілікті. Мұндай ше­шім­тал-дықты Р.Отунбаева осы күндерде күш ведомство­ла­рын­да – Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінде басшы кадрларды ауыстырған кезде танытып та тастағандай. Осы ретте бір айтарлық нәрсе, ел аумағында ЕҚЫҰ-ның полициялық консуль­тативтік топтарын әкеліп орналастыру мәселесі түпкілікті шешімін таппай, тежеліңкіреп тұрғаны қынжылдырғандай. Кейбір партиялар да техни­калық тұр­ғы­дағы мәселеге саяси реңк бергісі келетін ниеттерін білдіріп алды. Сол себептен де, кон­суль­та­тив­тік полиция топтарын сайлаудан кейін орналастыру жөнінде келісілді. Несі бар, тыныштық сайлаудан кейінгі кезде де керек. Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының төра­ға­сы А.Сариев, Сыртқы істер министрі Р.Қазақбаев, Ішкі іс­тер министрінің орынбасары Ш.Мамыров, республиканың техникалық үкіметінің бірінші вице-премьері А.Муралиев сайлау қарсаңында елде тыныштық сақтаудың, жанжал-кикілжіңдердің алдын алудың өзекті мәселелеріне, осы ретте атқарылып жатқан істерге тоқталды. Сайлауда жеңіліс тапқан партиялардың кейбір көшбасшылары өз мақсаттарына жету жолында неден де болса тайынбайтыны атап өтілді. Сондай-ақ әсіресе орталық ше­шімдерінің заңды­лығын үнемі тани бермейтін елдің оңтүстік өңірінде бүл­діргіш әрекеттердің орын алу мүмкіндігін қаперден бір сәт шығаруға болмайды. Осыған байланысты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақ­сатында қырғыз өкімет ор­ындары парламент сайлауы күні әрбір сайлау учаскесінде мили­ционерлер мен халық жасақ­шыларының кезекшілік етуі жөнінде шешім қабылдады. Енді, тікелей сайлаудың өзіне келер болсақ, оған 2 миллион 700 мың сайлаушы қатысады деп күтілуде. Бүкіл Қырғызстан бойынша 344 сайлау учаскесі жасақталмақшы. Тағы бір үлкен түйткіл сол, қазір Ресей Федерациясында ғана 400 мыңға жуық қырғыз мигрант­тары ресми тіркелген. Қа­зақстанда жүрген сайлау жа­сын­дағы қырғыз азаматтары 100 мың деп шамалануда. Оларды дауыс берумен қамту мүм­кін де емес және ондай жағ­дай қарас­тырылып та отырған жоқ. Демек, кемінде жарты ми­ллион қырғыз азаматы өз елінің болашағын таңдауға қатыса алмайды, деген сөз. Өте өкінішті. Қырғызстан парламентінің сайлауы қарсаңында ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығы игілікті істердің тынымсыз ұйыт­қысына айналған. Орта­лық­тың басшысы, Елші Эндрю Тесорьер діни экстремизмнің таралуын болдырмау орайында қылмыстық-атқару жүйелерінің қызметкерлеріне арналған семи­нарлар легін бастады. Сонымен қатар, аталған Орталық Қырғыз Республи­касындағы сайлауда саяси партиялар ұстанатын Әдеп кодексін әзірлеп ұсынды. Сайлауға ресми тіркелген 29 саяси партияның 26-сы осынау кодекске қол қойыпты. Демек, олар заң құзырына жүгініп, сайлаудың әділ әрі адал өтуін жақтайды, негізгі сайлау қағидаттарының қадағалануын қамтамасыз етуге ұмтылады. Партиялардың қауқарсыз емес екендігі сайлау алдындағы үгіт науқаны басталған алғашқы күндерден-ақ белгілі болып қалғандай. Халыққа олардың үні жетіп-ақ жатыр. Бәрінің ниеті түзу, тілегі ақ, мұраттары асқақ, мақсаттары біреу. Бәрі де Қыр­ғызстанды көгертуді, көркейтуді көксейді. Әйткенмен, ешқай­сы­сы жар­қын болашаққа жет­кізетін жолды көрсетпейді, нақты экономикалық бағдар­лама ұсынбаған. Партияларға абы­рой әпере қоймас осы жағдайды кездесулерде Жәні­бек Кәрібжанов та, сонымен бірге, Ресей Президентінің Қырғыз Рес­публикасымен қарым-қа­тынасты дамыту жө­ніндегі өкілі В.Рушайло да атап көрсетті. Сайлау кезіндегі түйткілді әрі көкейкесті мәселенің бірі партиялардың да, биліктің де, былайша айтқанда, “әкімшілік ресурс” дейтінді пайдалануына жол бермеу болып табылады. Егер ол пайдаланылса, қандай да бір партия немесе партиялық көшбасшы сайлау науқаны барысында мемлекеттік қол­дауға арқа сүйесе, даудың басы сол болайын деп тұр. Бұл – өте қауіпті. Осы жайдан Жәнібек Кәрібжанов бастаған халық­аралық ұйымдар өкілдері өте-мөте сақтандырып, өз кезегінде билік пен партиялар да “әкім­шілік ресурстарға” жүгін­бейтіндіктеріне сендіріп бақты. Нақ осы мақсатта, ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы 10 қазанда Қырғыз­стан­да өтетін парламент сайлауын байқап-бақылайтын өз мис­сия­сын ашты. Миссия басшысы Корин Жонкер: “ЕҚЫҰ-ға қатысушы ретіндегі міндет­те­ме­леріне сәйкес демократиялық сайлау өткізу Қырғызстан үшін маңызды сын болмақ”, деп мәлімдеді. Аталған миссия Қа­зақ­станның Сыртқы істер ми­нис­трлігінің ұсынысы бойынша ашылғанын атап өткеніміз аб­зал. Қырғызстанға ЕҚЫҰ-ға мүше 23 елден 300-ден астам сарап­­­шылар мен қысқа мерзімді ба­­й­қаушылар келеді деп кү­ті­луд­е. Сонымен, қырғыз елі өзінің саяси өмірінің аса маңызды кезеңіне аяқ басты. Халық­аралық стандарттарға сәйкес тең құқықты, ерікті әрі әділ сайлау­дың өткізілуін қам­тамасыз ету қазіргі қырғыз үкіметін былай қойғанда, бүкіл қырғыз халқы-ның болашағын болжалдайтын жауапты сын болғалы тұр. Осыны пайымдай келе, ЕҚЫҰ-ның, БҰҰ-ның және Еуроодақ­­тың Арнайы өкілдері Қыр­ғызстандағы ахуалға байланысты мәлімдеме жасап, сол сыннан сүрінбей өтудің, елдің тұрақты әрі өркенді болашағына парламент сайлауын кінәратсыз табысты өткізу арқылы негіз салудың маңыздылығын атап көрсетті. Иә, халықаралық қоғамдастық қырғыз халқының ақыл-парасатына сенеді және оларды өздерінің жарқын болашағы жолындағы күресте риясыз қолдайды. Алдағы пар­ла­мент сайлауы Қыр­ғызстанға мықты мемлекет болу мүмкіндігін ұсынып отырған елдік сыны дейтініміз де сондықтан. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы-Бішкек-Алматы.