• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Үңгір

808 рет
көрсетілді

Әңгіме әлемі Жайбасарлықты жаны сүймейді, жалқаулықты екібастан... Бұған келгенде бұл өңірде Рақымбектің алдына түсетін адам сирек, тіпті болмауы да мүмкін. Ойға алған шаруасын жылдам әрі сапалы аяқтайды. Осы ауылда бірге оқыған бірді-екілі құрдасы бар, бірақ сырласы емес. Ара-тұра соларға ғана ұялғаннан иек қағатыны болмаса, ал былайғы жұртқа үйіп-төгіп уәде де, сәлем де бермейді. Әлдекімнің алдына барып, жарамсақтана қарыз сұрау – Рақымбек үшін өлім. Қарыз алмаған адам жұртқа да қарыз үлестірмейді. Екі-үш жылдықтың арғы-бергі жағында өзі дүниеге келген баяғы қақыра тамды апыл-ғұпыл бұзды да, орнына әңкитіп үш қабатты коттедж тұрғызды. Коттедж болғанда қандай! Әлгі бар болғыр құрдастары мақтауын бірінен-бірі асырып, ақыр аяғында Рақымбектің қолтығына қанат байлап, көкке ұшырып кеп жіберген жоқ па! “Коттеджің күншілік жерден көзге түседі-ей!” дегендері бергі жағы екен, шатырын өрнектелген шынымен қаптағанда енді қандай теңеу табамыз деп қиналды-ай. Өздері бар-ау, өле алмай жүрсе де сөзге шешен, майдан қыл суырғандай жымын білдірмейді және көздеген нысанаға дөп тигізеді. Рақымбек олардан өзі туралы осы заманға лайықтал­ған дәл сондайлық озық пікірлер күтпе­ген-ді. “Сендер тым тереңдеп бара жатқан жоқпысыңдар, осы?!” деп беттерін қайтарғысы келіп тұрды-тұрды да іштей іркіліп қалды. Жә, айтсын, айта берсін, бі­реу­дің аузын аяй ма. Бірде “Біздің Ра­қаң анау жапондарша үйді күн сәулесімен жылытуға қам жасап жа-т-ыр” деп ұтырлы сөздің ұштығын шығарған! “Ой-бай-ау, оған таңқалатын несі бар, Рақым­бек шынттап кіріспесін, шынттап кіріссе, үйдің төбесіне жел диірмен орната сала­ды. Сосын электр энергиясы үшін көк тиын төлемейді” деп одан әрі үстемелейді. Әрине, үйді күн энергиясымен жылытқанға не жетсін. Жапондарға ұқсар, ұқсамас... Бір қарағанда сол түбің түскірі алғашында үздік-создық естілгенімен, Рақымбек үшін жаман болмады. Жаман болмағаны – мұның ерте қамданар етітірілігін іштей көре алмайтындардың аш бүйірлеріне әлгілер шаншудай қадалсын-ай! Тіпті соған барымен беріліп иланғандары да жоқ емес-ті. Көрдіңіз бе, мылтықсыз майданның кімнің пайдасына шешілгендігін?! Көзге көрінбейтін “соғысты” бастап жібереді де, міне, біз білетін Рақаң өстіп түк болмағандай тымпиып жүре береді. Жәй жүрмейді, төңірегіне байыппен, әм барынша сабырлылықпен, мәдениетті түрде көз жүгіртеді. Ана жолы көмір баздың бастығы Жұмағалимен аздап ілінісіп, сөзге келіп қалғаны бар. Жұмағалидың бұлдайтыны әрине, Қарағандының қызуы мол тас көмірі. “Соның өзін мәшинеге алалап тиетеді, оңбаған!” Оңбаған деп біреуді сырттай сойып салу ыңғайсыз, әрине. Жоқ, кісінің жүйкесін сөйтіп жұ­қартады ғой қарап жүрмей. Оу, Рақымбек көрінген көк аттының бірі болса сөз бар ма?! Осы аудандағы әтібірлі мекеменің бастығы. Ағаш кесу цехы да кез келгеннің қолына су құяйын деп жатқан жоқ. Ол көмірді мына тұрған Қарағандыдан алдыртса, бұл бөренелерді арнаулы вагон жалдап сонау Сібірден, Финляндиядан тасымалдайды. Кімнің қолының ұзынырақ екендігін осының өзінен-ақ аңғара беріңіз. Ендеше, Рақымбектің әлі де мол мүмкіндігі бар екендігін ескеріп, ол неме мәшиненің қорабын толтырып неге тас көмірдің тазасын тиетіп жібермейді, а?! Құм араласқаны отқа жана ма үйдің ішін көк түтін қылып. Ол сол сорақылықты сезбей жүрсе бір сәрі ғой. Әдейі істейді. Және айтар жауабын да күн ілгері жұптап жүреді. “Мен үшін жұрттың бәрі бірдей, демократиялық үрдіс бізге де жат емес!” Пах, демократияны көмір баздың төңірегінен іздесең жетісерсің! Оу, Рақаң, Рақаң басымен сондайлар­мен текетіресіп жатса... естіген құлақтан ұят-ты. Неге майдаланады? Әрі ауыл арасынан нарық заманына бейімделген №1 адам ретінде де қолайсыз. Сосын әлгідей әдісті қолданады. Жұмағалимен итше ырылдасып қайтеді және Жұмағали секілділердің жалғыз болмауы да заңды. Ал құдайшылығына баққанда күн энер­гиясын пайдаланатын аппараттың мұның қолында әзірге жұқанасы да жоқ. Бірақ орайы келген сөз айтылды да кетті. Мезгіл­сіз атылған оқ әлдекімдердің әлсіз жерлеріне кірш ете қалды. Мықты болсаң суырып көр! Ал күн энергиясын пайда­ланатындай әдіс-тәсіл табылса, Жұмаға­лилардың беделі айдалада қалады. Құм араласқан тас көмірді жұрт майлап берсең алмайды. Ертеңді-кеш жұмысқа барар, не қайтар жолда “перашковоздың” терезесі­нен Жұмағалидың қылша мойнын созып, Рақымбектің коттеджіне өлгенше сұқта­нып қарайтындығы содан. Ал қалай, әлі де ерегесесің бе?! Ерегессең, екі аяғыңды бір етікке тығу Рақымбек үшін түк емес! Турасына көшкенде, ағаш кесу цехында да кеңірдекке тіреліп тұрған баяғыдай қауырт жұмыс жоқ. Тиген жерін күйдіріп түсіретін дағдарыс қой баяғы. Со пәлеңді біреу түсініп, біреу түсінбестен даурығады. Осы ауылда отырып сонау Америкаңыздың ит терісін басына қаптайтын білгіштер бұл күндері жыртылып айырылады. Тыңдамасыңа қоймайды, иланбасыңа шыдатпайды. Ақырында сенің де шыдамың түгесіледі, цехтың майда-шүйде шаруасын түгенде­ген болып, олай-былай жүгіріп жүріп, со бар болғырлардың кәкір-шүкір әңгімеле­ріне еріксіз құлақ түресің. Әрине, бастық­тығың еске түскенде қарауыңдағылардың апшысын қуырып, түсіңді суытып, жоқ жерден ілік тауып ұрысқың-ақ келеді. Бес-алты жігітке ақырып-жекірсең де қолыңды қағатын кім бар. Жеме-жемге келгенде ол айбатыңды амалсыз артыңа қысасың. Цехтың іргесінде бұрынғыдай білем-білем бөренелер үйіліп жатса бір жөн ғой. Азын-аулақ ағаш түске жетпей түгесіледі. Көрші ауылдардан келіп, тапсырыс беретіндердің қатары да сирексіген. Әлде... Жұмағалиға сырттай тісін қайрап жүргенде, дәп соның күйін өзі кешпесе сол-ақ. Бір пысық ауласына ағаш аралайтын станок орнатып алса, Рақымбектің де шаруасы шатқаяқтайды. Үй тұрғызып жатқандар соларға қарай жылыстап кетсе... Бәсеке, бәсекеге сайланып шық, мықты болсаң. Рақымбектің ашуы лезде басына тебеді. Бет қаратпайтын долылық мұның бойынан да табылады індете іздесең. Оу, оның үстіне жаманды-жақсылы меңгеру­ші деген аты бар емес пе. Бастық өзге­лерге есеп бермейді, ал дауыс көтерерлік сылтау іздесең аяқ астында. Мақұл, аралайтын ағаш жоқ екен деп өстіп, көлеңке беттегі көгістенген тақтай қабырғаға арқаларын тіреп, онан-мұнан естігендерін көкіп, ертеңді күндерін кеш қылып отыра бере ме бұл сорыңды ұрайындар?! Жұмыссыз күндеріне кім ақы төлейді? Жә, бұлардан келетін жаулыққа жауырын тосар, ұрысар-керісер, әйтеуір түсінісер. Оу, бұлардың басқасын айтпа­ғанда үш-төрттен балалары бар ғой. Оларды кім киіндіреді, кім тамақтанды­рады? Ертең әйелдері жетер күйеулерінің жалақыларын сұрастырып. Алдымен ізет сақтайды, Рақымбекті сыйлайды бір сыйлауға. Бұйымтайларын сызылтып, сыпайылап естіртеді. Міне, ішпей-жемей дарға асылатын жерің! “Күйеулерің шөп басын сындырмай қарап жүрді. Ал жұмыс істемеген адамның айлық алғандығын қайдан көрдіңіздер?!” Ой-хой, сол, сол-ақ, әлгі ұят үймелеген кірпияз жанарлар қасқыр көргендей ақиланып шыға келер... Тұс-тұстан жабылып, Рақымбекті түтіп жейтіндей өре түрегелер. Рақымбектің де көзі қарауытады, құлағын тарыс бекітіп, мына сойқаннан қалай сытылып шықсам шіркін-ай, деп армандайды. Ит өмір екен-ау көрген-баққаны! Бәрінен бұрын әлгілерге күйеулерінің сенделіп бос жүргендігін дәлелдей алмау қандай ауыр, қандай азап?! Ши шығарсаң тұс-тұстан анталаған ашқарақ көздер мен ашынған дауыстар аяқ-қолыңды байлап-матап зынданға жытыруға даяр. Ақыры, қызды-қыздымен Рақымбектің жеке басына шабуыл бас-тал-а-ды! Ай-хай! Салыс­тыр­ма­лы түрде айтқанда өзгелерден оқшаулау көрінетін бақ-дәулеті, балаларының үнемі су жаңа киім киіп шыртиып жүретіні, әйелінің апта сайын Түркістан базарына барып-қайтатыны, ақыр соңында үш қабатты коттеджі таразыға тартылады. Ал қаш, ал данышпан болсаң осы қыл­көпірден өзіңді арашалап ал! “Оның бәрін дағдарыстан бұрын жасап үлгергенмін” деген уәжіне құлақ қоятын пендені тапсаң, кәні. Осы картиналар түбі бір бұрқ ете қалады-ау деп іштей уәйім жеп жүрген соң Рақымбектің де өзгелерді аямауы тиіс қой! Оу, кеуделерінде жаны бар, аяқ-қолдары балғадай бір-бір шаңырақтың атпал азаматтарына тақта алдына шығарып, есеп сұраған оқушыдай қайта-қайта қақсай бергенің де орынсыз екен бір түрлі. Не айтуға болады бұларға? Ипотекалық несие үлестірген Америка банктерінде не әкелерінің құны қалды десеңші! Ал мынадай бұрын-соңды естімеген теңеулерді қайдан үйреніп жүр сонда бұлар?! Девальвация, стресс, рецессия, инфляция... Апыр-ай, солардың бәрі жиналып келіп, Рақымбектің жұмысшыларының мойындарына түсе қалған екен де. Дәп бір азуларын айға білеген атышулы қаржыгерлердің қалың орталарында талтаңдап жүргендей шіреніп-шіреніп сөйлегенде бар ма, естен тандырады! Тыңдамай көр!.. “Мейдоффа” қаржы пирамидасының қандай күйге ұшырағандығын білемісің?!” “Жә, онысы бер жағы ғой, Уолл-стритті айсаңызшы, бір-ақ күнде жер сипап қалды-ау, сорлылар!” “Алғашқысы 50 миллиардқа шығындалған дей ме?” “Ондай сорақылықты баяғыда мәскеуліктер де көрген”. “МММ-ді айтамысың?” “Немене, МММ тақияңа тар келіп тұр ма?” “Одан бері де қанша жыл, салым­шылардың қарыздарын қайтарған шығар біршама”. “Қарыз қайтарылар-қайтарылмас, елу адамның қас пен көздің арасында дарға асылып қалғандығын естігенде артыма жіберіп қоя жаздағаным ше...” “Әрине, сонша қаражатты желге ұшыру оңай деймісің?” “Дегенмен, өлмей қоя тұруға да болар еді ғой”. “Ол айтуға ғана оңай, құдай оның бетін әрі қылсын”. “Немене, сенің де банкке салған тең­гелерің бар ма еді? Долларға айналдырып қоймадың ба, біздің бастық құсап”. “Ой-хой, Рақаңның басы компьютер ғой. Нарық заманында да жұмыртқадан жүн қырқатындар табыла береді екен-ау, ә?!” “Қызғанамысың?” “Кімді?” “Рақаңды”. “Қой-ә, Рақаңды қызғанып өле алмай жүрміз бе? Байқамай тағы бір кәсіпорын­ның акциясын сатып алып сазға отырып қалмаса дегенім-дағы”. “?” “Кешегі облыстық ақындар айтысы­нан не хабарың бар?” “Не... не дейсің?! Тұмсығыңнан пе­рейін бе, сүмелек?! Бар жағдайды көріп-біліп отырып неге көткеншектейсің, а?!” “Оу, не бүлініп қалды, көкесі?” “Қазір облыстық ақындар айтысын тамашалайтын заман ба?” “Бәрінен бұрын Норман Фостерді аяймын ше?” “Ол қай құдаңыз еді?” “Құдам емес, Норман Фостер хай-тектің құдайы. Сом темірлердің шыбықша иіліп, сәулет өнеріне қызмет жасауы. Астанадағы Пирамиданы көріп пе ең? Соның авторы да сол кісі. Әне, дағдарыс деген пәлекетің, сірә, Сырдарияның ағысынан қатты болар. Атақты сәулетші де амалсыздан командасын таратып жіберіпті-міс”. “Бір нәрсе болып қалды ма десем, қайдағы бір...” “Әй, немене... сізді бір нәрсе иектегеннен сау ма? Күннен-күнге бір түрлі өзгеріп барасыз. Норман Фостерін де, “Мейдоффасын” да ұрып қойыппын! Менің білетінім Рақаң, өзіміздің Рақаң Төлеубаевич! Сол кісінің амандығын тілейік ендігі жерде”. “Тост секілді құлаққа жағымды естіледі екен. Ой-хой, осы сөзімізді Рақаң естімейді-ау?”... Оу, оны естімейтіндей Рақымбек саңырау ма еді?! Естігенде қандай! Рақымбек тірі жанның көзіне түспестен көгістенген сыз қабырғадан былайырақ жылыстайды. * * * Ауласы ат шаптырым. Кейбіреулердің “Рақымбектің ранчосы” деп күмпілдете­тіндері тағы бар. Құлаққа жағымдылау естілгенімен, ранчоның ауылы әзірге алыстау. Ранчоң қолға сирек ілігетін аң-құстарға сықа толып тұрса, кәнекей! Әр тұстан бұлбұл сайрап, арыстан ақырып, қырғауылдың қоразы қыт-қыттап әр бұтаның түбінен бір бас көтеріп, емін-еркін сайрандап жүрсе, “Рақымбектің ранчосы” деп сонда ғана ауыз толтырып сөйлесең жарасар... Дегенмен шүкіршілік, “ранчоның” сонша жерді алып жатқа­нымен сырты түгелдей “іске жарам­сыз қалдық” тақтайлармен қоршалған. Көше жақ бетін сырлап та үлгерді. Әлдекім­дердің қызғанышпен қарай­тындарын жақсы көрмейді. Өзімен-өзі болғанға не жетсін! Оу, бір-екі жылдың шаруасын алдын ала ой­ламаса Рақаң Рақаң бола ма! Жер ко­митетін­дегілер уақыт созып, ыбылжып жүріп алғысы келіп еді, олардың да тілін тапты. Ойға-қырға қыдыртты, “майоп­каға” алып шықты, әйтеуір “ранчоның” құжаттарын тездетіп қолға түсіріп алды. Дағдарыстың өстіп даңғыра қағатындығын ескерткен ғой ішкі түйсігі. Ендігісіне қылы қисайса не дейсің. Жә, Рақымбекті тағы бір мұқатып қалғысы келгендер: “Сонша жерді қоршап алып, немене парк ашқалы жатыр ма екен?” дер. Парк ашар-ашпас, же­ке меншігін не істеймін десе де өзі біледі. Сыртын қоршатқаны мұндай ақыл болар ма?! Жеміс ағашының неше түрін жерсіндірді. Алды өнім бере бастады. Бәрі биологиялық тәртіп бойынша, рет-ретімен. Су жүретін арық-атыздың өзі ғылыми жүйеге негізделген. Дарияның лай суына сенім бар ма, көктем айларында елді әбігерге түсіріп тулап-тулап алады да, тамыз туа жынынан айырылған бақсыдай сылқ ете түседі. Жылдағысы осы. Рақымбек ондайда “ранчоны” тамшылатып суару әдісіне көшіреді. Израильдік тәжірибе бойынша. Өзіне де қолайлы. Ағаш кесу цехына несіне шапқылайды алтын уақытын рәсуә етіп. Төтенше жағдай туындаса өздері-ақ хабарласар. Ал әзірге... осы сәтті пайдала­нып қалайын дейді де, белуарына дейін жалаңаштанып, топырақ аударуға кіріседі. Тоң жібіген. Күрек басына ілінгенін көз ілеспес жылдамдықпен ілгері-кейін лақтырады. Былтырғы жоңышқалықтың тамырынан нәр жүріп үлгерген бе қайдам, кей тұсы еркін қимылдауыңа мұрша бермейді. Керзі етіктің өкшесін қадап, күрек басына салмақ салуыңды қажетсі­неді. Алдымен алақаны терлейді. Сосын қос жауырыны жіпсиді. Самайынан төмен жылыстаған мөлдір тамшыны қолының қырымен бір сылып тастайды да тұла бойына тың күш пайда болғандай, жылдамдықты одан әрі үдетеді. Марқұм әкесі екеуінің ерте көктемде елдің алдымен қимылдап, есек соқамен әлемнің жерін ойран-ботқасын шығарып жыртып тастайтыны еске түседі. “Ауланың топырағын өзге емес, өзің өңде” дейтін әкесі өсиет қалдырғансып. Рақымбек талай шаруаға әлдекімдерді жұмсаса да, дәл осыған келгенде жалаңтөстеніп жалғыз кіріседі. Бойжеткен қыздарын да, келіншегін де мазаламайды. Осы қимыл­дан әжептәуір ләззат алады, бұлшық еттері білемденіп шиыршық атады. Екі-үш сағат бойғы тынымсыз қимылдан да шарша­майды. Бір түсті әрекет жалықтырмас үшін дереу екіншісіне, одан үшіншісіне көшеді. Топырағы аударылған атыз бойына көпсітіп көң төгеді. Сыртқы әлемді мүлдем ұмытады. Сусын ішуге шақырған Несібелінің дауысын да естімейді. Естігісі де келмейді. Әйел неме ойда жоқта бір тосын хабарды дүңк еткізіп, әуіре-сарсаңға сала ма деп те қауіптенеді. Ал қазіргі тіршілігі тіпті рақат: түк ойламайды, ешнәрсені қаперіне алмайды. Жұлын-жүйесі тап-таза. Біреуге берген уәдесі және жоқ. Бос жерді қашан игеремін десе де өзі біледі. Жарым-жартысы өңделмей қалса да өкінбейді. Күн ысығанша қай заман. “Ранчоның” шет-шеті шаңға көміліп, көзге сүреңсіз көрінсе сол жаман. Жоңышқа сеуіп тастаса да пайда. Пайдасынан бұрын төңірегіңнің жасыл құраққа оранғанын айтсаңшы! Ертеңгілік шық кепкенше жалаңаяқтанып ал да, көк шөптің үстімен олай-былай жүгір. Саламатты өмір салтына бүйрек бұрсаңыз барлығы өз қолыңда. Рақаң оның қызығын өткен жылы-ақ жақсылап сезінген. Бұл тіршілігі бойдағы артық еттен арылуға себеп, жүрегі де атша тулайды. Дағдарыстан кейін де өмір сүруі керек шығар. Үш қызын тұрмысқа беріп, бөлек-бөлек үй қылып, солардан тараған жаман жиенде­рінің қызығын көрсе, мұнысы қолға түспейтін арман болмас. Ұл бермеді деп кімге шағынады. Сол үш балапанының төбе көрсеткеніне шүкір. – Дем алсаңшы, өлемісің! – дейді Несібелі жүгері шалапты кәрлен кесеге құйып әкеле жатып. – Социалистік міндеттеме қабылдамаған шығарсың. Әйелі әдеттегісінен де сұлу көрінді. Әлде толыса бастаған денесіне құйып қойғандай жараса кеткен үстіндегі жібек халатының әсері ме. Оқыс қабағы кіржиді. Самайындағы шүпірлеген тер тамшыларын тағы да қолының қырымен сылып тастады. Не үшін кейістік білдіргендігін де аңғара алмады, ойпыр-ай, Несібелінің де өстіп жоқ жерден жаны аши қалатыны-ай! Есі дұрыс па, әйелінің әдемілігін әлдебір шүберекпен шатастырғаны несі?! Тұла-бойы жіпсіп, рақат күйдің әсеріне бөленгенде келіншегінің кеудесінен қайтіп кері итереді. Сусынды басына бір-ақ көтерді. – Рахмет, – деді ауыз ұшымен ғана. Несібелі де әлдене айтқысы келгендей қипақтап тұрып алды. – Аманшылық па? – Аманшылық болмағанда... – Мектепке қашан барушы ең? – Бүгін демалыс емес пе? –А...а, солай екен-ау. – Жаңа бір жайсыздау жаңалық естігенім... – Жайсыз жаңалықты жариялап қай­тесің. Оны қапелімде кімнен ести қойдың? – Кімнен естідің дейтінің бар ма, көп қой айтқыштар. – Жә, ішіңе сыймай бара жатса айт, айтып қал. Сөйт те бұл арадан табаныңды жалтырат. Сендердің маған тигізетін қолғабыстарыңның түрі осы ғой. – Күректі ылғалды топыраққа кірш еткізді. – Жұмағалидың үйіне ұры түскендігін естідің бе? – Қай Жұмағалиды айтасың? – Қанша Жұмағалиың бар еді? Әйтеуір, біздің білетіндігіміз көмір баздағы Жұмағали. – Несін ұрлапты, кім ұрлапты! Учас­ко­вой қайда жүр?! Ақшасын, алтындарын алған шығар, бала-шағасы аман ба? Тапа тал түсте... бұлары қалай? – Рақымбек ос­ынша сұрақтың аузынан қалайша түй­дек­теліп шыққандығын аңғармады. Бір жа­ғынан Жұмағалиға да аяушылық білдірді. Оның құрықтай бойы мен қылдырықтай мойны дөңгеленіп көз алдына келе қалды. Кісінің жүзіне жасқаншақтана қарайтын кіртиген жанарын тап жаңа ғана көргендей одан әрі Жұмағали жайлы тосын ойларға берілді де кетті. Самайынан аққан тер тамшыларын да елемеді. Самсоз. Бір жағынан айдалада тұрып аяушылық білдіргендігіне де іштей қысылды. Одан Жұмағалиға келіп-кетер не бар. Анау-мынау кемшіліктерден өзін де арашалап алғысы келмеді. Судан ақ, сүттен таза болуға ары жібермеді. Түкке тұрмайтын дүниеге бола кермаралдасып несі бар еді десеңші! Таза көмір тиетпедің деп бұлқан-талқан ашуланып еді-ау. Әрине, көмір баздың бастығы Жұмағали да кез келгенге иіліп-бүгілгісі келіп жүрген жоқ. Рақымбек білетін бір ғана айыбы бар ол сорлының, бі­реудің жетегімен, біреудің сүйемел­деу­і­мен күн кешуге дағдыланып кеткен. Өз бетінше тоқтамға келіп, шаруаны табанда шешіп тастауға жігері жетпейді. Әлденеден қорқасоқтап, артына қарағыштайды. Өмір ме сонысы? Кімнен қалмаған қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Қызметтің құлы бол­ған күні-ақ шаруаң түгесіледі. Әйтпесе Жұ­мағалидың жүрегі қандай, ақ қағаздай тап-таза. Өтірік айта алмайды, жерлестерін алаламай­тын­дығы да рас. Бәрі рас. Атаңа нә­лет ұрылар да сондай кісілерді мұқатуға шебер-ау! – Сонда немене, ұрылар баса-көктеп бірден үйіне түсіпті ме? – Жоқ-а! – Енді... – Сарайына... сарайдағы басы артық азық-түлікті сыпырып кетіпті түгелдей. – Не, не дейді, шырағым-ау?! Онда ұрылар алыстан келмеген болды ғой. Ауыл арасындағы жүгірмектер шығар. – Дегенмен, ұры түсті ғой, ұрының бәрі бір, маңдайларында таңбалары бар деймісің олардың?! – Иә, солай екен-ау, солай-солай, әрине... Жә, бопты. Бар, бара бер, бос­сың! – Рақымбектің қолдары қалтырап, тұла бойын аяқ астынан әлсіздік биледі. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Маңайындағы жалданып жатқан топыраққа да қарағысы келмеді. Күрек басын бірер мәрте сіңіріп еді, немкетті тірлік айыз қандыра ма, ары қарай жан қинаудың реті жоқтығын түсінді. – Ендігі кезек біздікі! – деп айқайлады коттедждің биік басқышына аяқ сала берген Несібеліге. – А...а, қайталашы, естімедім. – Ендігі кезек біздікі деймін, біздікі! – Қойшы әрі, қайдағыны айтатының не? – Әйелі алтын тістерін жарқ еткізіп риясыз күлді. * * * Түні бойы көз ілмеді. Есі кіресілі-шы­ғасылы кісіше төсегінен ұшып түрегеліп, бөлменің бұрыш-бұрышын кезгілеп жүріп алды. Тымырық ауа тынысын тарылт­қандай, ақыры жалаң аяғымен далаға атып шықты. Биік басқышқа құйрығын қойып, әлденеден рақым күткендей жұлдызды аспанға телміріп ұзақ үңілді. Қанша телмірсең де одан түсер пайда жоқ-ты. Сірә, жұлдызды аспанның есебі түгел. Жердегілердің күйкі тірліктерін ұрып қойыпты! Біріне-бірі ұрлыққа түсе ме, бірімен-бірі жағаласып итше ырыл­даса ма... өздері бастаған істі өздері аяқта­сын. Және зәу биіктен екі аяқтылардың түсініксіз жүріс-тұрыстарына аяушылық білдіре ме, әлде кекесінді түрде мысқыл­дап күле ме. Апыр-ай, жұлдыздардың күлімдеген көздерінен бір өзгешелік байқасашы! Бәсе, бәсе... арзан күлкімен ұпай түгенделуші ме еді. Әне, керісінше, бәрі керісінше... табалайды, мазақтайды... “Шөпірлеген жұлдыздар секілді санынан жаңылатындай көп болса екен-ау! Саусақпен санарлықтай, ал сөйтіп жүріп жерге сыймайды. Не істеу керек бұларға!..” “Амалым таусылды, – деді Рақымбек ішінен күбірлеп, – ендігі кезек біздікі. Жұмағалидан кейінгі бас көтерер екінші адам өзім. Қара күйеге былғанып жүрсе де Жұмағалидың барлығы қандай жақсы. Алғашқы болып кеуде тосты да, менің қамдануыма мүмкіндік жасады. Сенімен ұрысып жүрген мен ақымақ!” Топырақ­тың табаннан өткен сызын елемеді. Ауланың қара көлеңкелеу қалтарысына барып, жұлдызды аспанға қайта қарады. Сол баяғы күңгірлеген таныс әуен: “Сендер соншалық көп емессіңдер ғой, сөйте тұра жер бетіне сыймайсыңдар. Бір-бірлеріңді мүйізгектеп сыйғызғыларың келмейді. Не істейміз сендерге?!..” “Таптым, таптым!” – Рақымбек кеудесінен жанартаудай атқылаған зор дауыстың қалай ытқып шыққандығын аңғармай да қалды. Сол дауыс төңіректегі мауыққан мысықтар мен қаңғыбас иттер­дің шәуілдеген үндерін тұншықтырып тастағандай. Әлем өлі тыныштық құшағында. Сарайдың іргелігін қарманып жүріп, күндізгі жер аударған құрал-саймандарын әзер тауып алды. Кейін шегіншектеп, ұзын сапты күректі бусанып жатқан майда топыраққа кіріш еткізді. “Осы тұстан үңгір қазамын” деді үзіліп қалған әлгі ойын қайта жалғап. * * * Рақаңның ойға алған істі қалай жүзеге асыратындығын білесіз ғой. Сайдың тасындай оншақты жалдамалы жұмысшы­ны таңдап алды. Сыртқа шашау шығар­май олардың төрт мезгіл тамағын Не­сібеліге дайындатты. Ауланың үлкен есігін іштен бекітті. Қыздарының құр­бы­лары келсе оларды бүйірдегі кішкене есіктен кіргізіп аларсыңдар деп алдын ала қатаң ескертті. Ал дұрысы, бейсеубет жүргін­ші­лерді жаны қаламайды. Әсіресе, жер астындағы үңгірдің шаруасы біткенше... Үңгір деуге де дәтің шыдамай­ды: төрт қабырғасын түгел мраморлатты, жар­қы­ра­тып ион шамдарын орнатты, ауа тол­ты­рылған баллондарды қауіпсіз қалтарысқа тықсырды. Бағалы заттарға толы зілтасын да осында көшіріп әкелді. Жә, бәрінен бұрын үңгірдің қақпағы қалай ашылып-жабылады десеңші! Ауланың жоңышқа егілген бұрышының астында үңгір бар деуге де аузың бармайды. Теп-тегіс, жым-жылас. Электр қуатымен басқарылатын тетіктің кілті қашанда Рақаңның қолында. Енді неге алаң­дайды. Дағдарыс кезеңі өтіп кет­кен­ше үңгірде тұрса да ешнәрсесі кетпейді. Ұры түгілі үңгірдің қай тұста екендігін кейде Несібелі де аңғармай қалады. Қуаныш ЖИЕНБАЙ.