Тоқшылық сақталады
Биылғы жаз біраз жерді қуаңшылыққа буғаны мәлім. Құрғақшылық Қарағанды аймағын да айналып өтпеді. Күйіп кеткен егістік алқаптар, жайылымдар мен шабындықтар бар. Бүгінде біреулер соның салдары азық-түлік мәселесін қиындатады дейді. Шынында солай ма?
“Егемен Қазақстанның” Қарағанды облысындағы тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ниқанбай Омархановқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Мұны жағдайға толық қанық еместер айтатын шығар. Рас, астық, жем-шөп былтырғы көлемнен төмен. Алайда соншалықты үрейленетіндей ештеңе жоқ дер едім. Қазір алдын ала есептеп, екшеп, болжап отырғанымыздай, азық-түлік түрлерінен тарықпауымызға сенім толық. Сөзім дәлелді болу үшін деректер келтірсем, өткен көктемде өңір бойынша 752 мың гектар егін егілді. Одан орташа түсім 5,8-6 центнерден айналды. Әрине, бұған дейінгі көрсеткіштен аз. Әйтсе де соның өзінде 645 мың тонна астық жиналады деп күтілуде. Осы орайда былтырғы қордан 138 мың тонна дән қамбада сақтаулы тұрғанын ескерсек, нан, ұн өнімдері жұртқа қалпынша молынан жететіндігіне күмән жоқ.
Жалпы алғанда, тұтынуға 120 мың тонна астық, тұқымға 80 мың тоннасы қажет. Жоғарыда аталғандай, қор бұдан едәуір көлемге өспек. Демек, тоқшылық сақталатындығы анық. Сыртқа 260 мың тонна астық өткізілмектігі диқан қауымына қосымша табыс әкеледі.
Екінші нан саналатын картоп та тұтынуға жеткілікті болуға тиіс. Бүгінде 6264 гектардан осы азық түрі жиналу үстінде. Көлемі – былтырғыдан 1060 гектарға ұлғайтылған еді. Соның арқасында картопты 13 мың тоннаға артық жинаймыз ғой деп үміттенеміз. Сөйтіп, оның қоры күзде 121 мың тоннаға жетпек.
Қыста кей жерлерде жем-шөпке зәрулік болуы мүмкін. Оның алдын алу шаралары белгіленді. Мал азығын белгілі себептерге байланысты аз әзірлеген аудандарды қолайсыз жағдайда қалдырмау қарастырылды. Айта кету керек, қуаңшылық салдарынан 72 мың гектар егістікке ештеңе өнбеді. Олар есептен шығарылып, шығын өтеледі.
Аймақтың азық-түлікпен өзін жеткілікті қамтамасыз етуі – алға қойылған басты мақсат. Соған сәйкес сыйымды қоймалар салу керектігі күн тәртібінде тұр. Әзірге картоп, көкөніс сақтайтын 10 мың тонналық 4 қойма пайдаланылып жүр. Бірден 92 мың тоннасы сақтауға қойылатын қоймалар қажет. Бұл мәселені шешу ойластырылып жатыр.
Қарағанды.