Биылғы жаз бойы басқасы басқа, қаланың орталық бөлігінде ыстық су болған жоқ. Жығылғанға жұдырық дегендей, жуырда қала бойынша біржарым тәулікке жуық суық су болмай қалды. Осы жәйт, міне, тағы қайталанып отыр. Ал оның зардабы бірден сезілді. Әсіресе, ауруханада төсекке таңылған науқастарға қиын болды. Ал бала- бақшаларында бүлдіршіндерге өздерімен су ала келуі міндеттелгенін естігенде, не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.
Сөйтсек, бақсақ бақа екен демекші, мұндай сынақ тиісті мекемелер арасындағы өзара ерегістен туындаған екен. Яғни, “Семейводаканалдың” “Шығысэнерготрейд” мекемесіне қарызы 200 миллион теңгеден асып кетіпті. Содан мұның соңғысы су стансасын электр қуатынан ажыратып тастаған ғой. Солайша екі ортада шыбын өледінің кері келген. Бұл өзі жылда осы уақытта жиі қайталанатын тірлік. Қала тұрғындарының енді әлсін-әлсін жарық сөне бастай ма деген күдігі де жоқ емес. Монополист мекемелердің бұл тірлігін, әрине, құптауға болмайды. Одан да олар қысқа дайындық барысында басқаша амал қарастырмай ма деседі былайғы жұртшылық.
Бұрынғы жылдарға қарағанда жағдай біршама оңалып қалды дегенмен, семейліктердің өткен қыста да тоңып шыққаны жасырын емес. Көңілдегі сол алаң әлі де сейілмей отыр. Өйткені, мұнда жаңадан салынып жатқан үлкен жылу-электр орталығының құрылысы биыл да бітпейтін түрі бар. Ол келер жылы ғана пайдалануға берілуі мүмкін. Сонда оның құрылысы неге сағызша созылып бара жатыр дегенге келетін болсақ, мұның себебі қаржы тапшылығында ма дейміз. Өткенде бұл құрылыс барысымен Үкімет басшысының өзі арнайы келіп танысып кеткен. Мүмкін мұндағы жұмыс ілгерілесе енді ілгерілер. Бірақ...
Рас, жылу мен жарық, яғни қаланың қысқа әзірлік мәселесі назардан тыс қалып отырған жоқ. Соның айғағындай бұл мәселе жуырда ғана қалалық мәслихаттың сессиясында арнайы қаралды. Онда қаладағы тұрғын үйлердің қысқа дайындығы 80 пайыз мөлшерінде екендігі ашып айтылды. Қала көшелерінде жылу құбырлары әлі ауыстырылып жатыр. Әйтеуір, жылу қазандықтары түгелге жуық қысқа әзір екен. Енді тездетіп қажетті көмір және мазут қорын жинап алу керек. Болмаса өткен жылғы жырды қала тұрғындары ұмыта қойған жоқ. Онда қажетті көмірді алуға қаржы тіпті облыс қазынасынан табыла қоймаған. Сөйтіп, “сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар” дейтін жағдай қалыптасқаны да өтірік емес. Сонсоң айтты-айтпады тұрғындар мен заңды тұлғалардан жылу мен жарыққа қарыз 250 миллион теңгеден астам қаржы тездетіп өз орнына құйылуы тиіс. Ал осы мақсатта тиісті мекемелермен бірге халық қалаулылары, қоғамдық ұйымдар, жергілікті ақпарат құралдары да тізе қоса отырып, бірлесе отырып жұмыс істеулері керек-ақ. Сонда ғана қала тұрғындарының қыстан қысылмайтындықтарына кепілдік бола ма дейміз.
Солай дей отырып, бұл арада көп мәселе пәтер иелері кооперативтеріне қатысты екендігін айтпай кетуге болмайды. Ал олардың қайсыбірінің өздеріне бекітілген үйлердің қысқа дайындығына салғырт қарайтындығы да өтірік емес. Сондықтан оларға да өз жұмысын ширатпаса болмайды. Өйткені, қыс – қыр астында.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.