• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Партия беделі белсенділікпен келеді

944 рет
көрсетілді

“Нұр Отан” ХДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жауымбай ҚАРАЕВПЕН әңгіме – Құрметті Жау­ым­­бай Амантұр­лы­ұлы, әңгімені “Нұр Отан” ХДП облыстық фили­алы­ның өздеріңізге қа­расты аудандық, қа­ла­лық ұйымдармен және іргелі бастауыш ұйым­дар­мен өзара байланысынан, сондай-ақ сабақ­тастығынан бастасаңыз. – “Нұр Отан” халықтық-демократиялық пар­тия­сы өзі өмірге келген күннен бастап-ақ, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман етіп, күреске толы ғұмыр кеше жүріп қол жеткізген тәуел­сіздігіміздің тұтқасын нықтап, тұғыртасын бекітуді, еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосуды, адамдарымыздың қамсыз тұрмысына қол жеткізуді басты мұрат-мүддесі санап келеді. Осы мақсаттар жолында партиямыз қарапайым адамдар санасын бұрынғы бұйығы қалыптан арылтып, Елбасы саясатының басты бағыттарын жеткізуде үлкен жұмыстар атқару үстінде. Кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшкен кезеңдегі қым-қуыт қиын­дықтар, ел ішіндегі күрделі әлеуметтік жағдай бә­ріміздің де есімізден шыға қойған жоқ. Осын­дай сын сағаттарда қоғамды алға тартатын әлеует­ті қозғаушы күш қажеттігін өмірдің өзі талап етті. Еліміздің сан мыңдаған азаматы Мем­лекет басшысының ішкі және сыртқы сая­сатына, тәуелсіздігіне жаңа ғана қол жеткізген жас мемлекетті жан-жақты дамытудың көк­жиек­тері көзделген “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағ­дарламасына қолдау білдіре отырып, белгілі бір саяси ұйымның аясына бірігіп, бүгінгі “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясын құрды. Партияның негізі, былай айтқанда, ядросы – еңбек ұжымдарындағы мүдделес адамдардың бастарын қосып отырған бастауыш партия ұйымдары. Сондықтан Елбасы, партия Төрағасы айтқан тапсырмалардың негізгі жауапкершілігі, түптеп келгенде, бастауыш партия ұйымдарына жүктеледі. Және бұл тапсырмаларды нақты іске асыратын да халықтың қалың ортасында жүрген осы бастауыш ұйымдарымыз, қатардағы партия мүшелері. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатымен биылғы сәуір айының басында бастауыш партия ұйымдары төрағаларының форумын өткіздік. Форумда бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің ұсыныстары тыңдалды, бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Облыста қазір 273 бастауыш партия ұйымы, 25 мыңға жуық партия мүшесі бар. Бұл – үлкен күш. Осындай әлеуетті күшімізді ортақ іске жұмылдырып, еліміздің одан әрі өркендеуіне үле­сімізді қосу бағытындағы сан алуан жұмыс­та­рымыздың бел ортасында бастауыш партия ұйымдары, қарапайым партия мүшелері белсене қатысып жүр. Олардың қалың бұқара арасын­дағы белсенділігін арттыру бағытындағы тал­пы­ныстарымыз да нәтижесіз емес. Аумақтық фи­лиалдардағы, ауыл-кенттердегі қоғамдық-саяси шараларымызға жұртшылық өкілдері ынтамен қатысып, көптеген құнды ұсыныстарын, кейде, тіпті арыз-шағымдарын айтуға, қолдау-көмек сұрауға ден қойып отыр. Биылғы жылы партия ішінде бірқатар құры­лымдық өзгерістер болды. Партияның облыстық филиалы құрамындағы барлық аудандық, қалалық филиалдарымыздың төрағалары болып аудан, қала әкімдері сайланды. Атқарушы билік органдарының көшбасшы партиямыздың жұмысына тікелей араласуына мүмкіндік беріп отырған осындай оң бастама, аумақтардың экономикалық-әлеуметтік мәселелерінің ел өміріндегі қоғамдық-саяси маңызына айрықша көңіл бөлуге міндеттейді. Орайы келгенде айта кету керек, партияның беделі мен оған жергілікті жерлерде көрсетілетін сенім әрбір партия мүшесінің, партия құры­лымдары басшыларының беделімен айқын­далады. Сондықтан бастауыш ұйымдардың бас­шы­ларын ұжымның өзі сайлап алуына мүм­кін­дік туғызу жөнінде ұсыныстар бердік. Бұл ұсы­ныстарымызды бастауыш ұйымдар құптап-қол­дап, қазір бірқатар ірі кәсіпорындардағы бас­тауыш партия ұйымдары өз жетекшілерін ұжым ішінде беделі бар, білікті, іскер де бастамашыл партия мүшелерінен сайлап ала бастады. Тағы да бір айта кететін жағдай – біздерге жүйе­лі түрде партияның кадрлық резервін жа­сақтау жұмыстарына көшу қажет деп есептеймін. Өткен мамыр айында партияның Орталық аппараты жанынан тұрақты жұмыс жасайтын Партия мектебі ашылды. Осы мектепке болашақ партия қызметкерлерімізді жіберіп, оқытып, партиялық кадрларымызды нығайта бермекпіз. – “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдауға келушілер бір толас­та­майтынын байқап жүрміз. Олар сіздерге үлкен үміт, мол сеніммен келеді. Ал олардың арыз-шағым, талап-тілектерінің шешілу жағы қалай? – Партияның облыстық, аумақтық фи­лиалдарында қоғамдық қабылдаулар тұрақты түрде өткізіледі. 2010 жылдың сегіз айы ішінде қоғамдық қабылдау бөлімдеріне 947 өтініш келіп түсті, бұл бір айға шаққанда 118 бірлікті құрайды. 2009 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 1,5 еседен асып отыр. Жұрт­шылықтың көшбасшы партияға деген сенімінің артып отырғанын осы цифрлардан да аңғару қиын емес. Бүгінгі күні барлық өтініштердің 75 %-ы оң шешімдерін тапты. Азаматтардың өтініштеріне жүргізілген талдаулар аймақтың проблемалық мәселелерін жүйелеуге мүмкіндік береді. Олардың арасында аудан, қала әкімдерінің өздері шешетін мәселелер де аз емес. Халықтың проблемалары әкімдердің, облыстық мекемелер басшыларының қаты­суы­мен өтетін партия активінің жиналысында кең әңгіме болып, оларды шешудің жолдары бел­гіленеді. Жергілікті әкімдерге аумақтық партия фи­лиалдарының төрағалары ретінде қоғамдық қабылдауларға жиірек қатысып, тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерден үнемі хабар­дар болып, олардың оң шешімдерін табуына жұ­мыс­тануды тапсырып келеміз. Әрине, тұрғы­лықты халықтан түскен өтініштердегі өзекті мә­селелерді жүйелеу жергілікті билік органдары қыз­метінің тиімділігін бағалауға да мүмкіндік береді әрі партияның аймақтағы беделін көтере түсері сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, партияның облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдаулар өлке­міздегі әлеуметтік ахуалдың айнасы деуге болады. Сондықтан біздер қоғамдық қабылдаулардың өмірге неғұрлым жақын әрі тиімді түрлерін жүзеге асыра бастадық. Қазір ай сайын дерлік аудандар мен қалаларда, бірқатар ауыл-кенттерде көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырып, оларға облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшыларын, жергілікті әкімдерді, депутаттарды қатыстыруды жүйелі жолға қойдық. – Осы жылдың мамыр-маусым айларында партияның облыстық филиалы “Сенің “Жемқор­лыққа жол жоқ!” деп айтуың маңызды” атты ша­раны іскерлік жағдайда, түрлі қоғамдық ұйым­дар­ды, құқық қорғау органдарын қатыстыра отырып, ұйымшылдықпен өткізді. Осындай акциялары­ңыздың нәтижелеріне кеңірек тоқталып өтсеңіз? – Қоғам өмірінің қалыпты дамуына, жалпы еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағынан өркендеу бағыттарына зиянын тигізіп келе жатқан аса қауіпті әлеуметтік дерттің бірі – осы сыбайлас жемқорлық. Партиямыз сыбайлас жем­қорлықпен күрес шараларын кең көлемде жүргізіп келеді. Сіз айтып отырған шара солар­дың бір парасы ғана. Мемлекеттің құқықтық саясаты заң актілерін, мемлекеттік басқару, бақылау-қадағалау органдарының жұмысын оңтайландыруды жетілдіруге ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметке де, меншік түріне қарамастан, басқа да лауазымдарға да кәсіби қабілеті мен адамгершілік қасиеттеріне қарап қабылдаудың, олардың жұмысын қазіргі заман талаптары тұғысынан бағалаудың мейлінше жаңашыл әдістерін енгізуге де бағытталған. Партия басшысының тапсырмаларына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қазір барынша тиімді деңгейге көтерілді. Биылғы шілде айында өткен саяси кеңестің бюросында лауа­зымды қызметте жүрген үш партия мүшесінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты істері қаралды. Олардың әрбіріне тиісті партиялық шаралар көрілді. Сонымен қатар, құқық қорғау орган­дарымен бірлесе жүргізген дөңгелек үстел басындағы кездесулеріміз, бірлескен рейдтеріміз, жоспарлы инспекциялық тексерістер өзінің оң нәтижелерін бере бастағанын айту керек. – Партияның Орталық аппараты жанынан Партиялық бақылау комитеті құрылып, оның жергілікті бөлімшелері жұмыс жасай бастағанына жылдан асып барады. Осы құрылым партия белсенділерімен, депутаттармен бірлесе жұмыс жасаудың тиімді тәсілі болған сияқты... – Шындығында да партиямыздағы бұл жаңа құрылым аймақтағы өндірістік нысандардың серпінді жұмыс жасауына, бөлініп жатқан мем­лекет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуына партиялық бақылау орнатудың тиімді тетігіне айнала бастады. Президенттің “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламаларының орындалу барысына партиялық бақылау орнату мақсатымен әрбір салынып жатқан, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысанға партиялық бақылау бекеттерін құрдық. Қазірдің өзінде облысымызда біздің 86 бақылау бекетіміз жұмыс жасап тұр. Олардың жұмыстарын үйлестіру мақсатымен әрбір бекетке депутаттарымызды, бастауыш партия ұйымдарының төрағаларын жауапты етіп бекіттік. Салынып жатқан нысан­дарға партиялық бақылау комиссиясының мүше­лерімен рейдтер өткізуіміз, бұл кезде анықталған олқылықтарды түзету бағытындағы жұмыста­рымыз нәтижесіз емес. Мәселен, шілде айында Түпқараған, Мұнай­лы аудандарына және Ақтау қаласындағы бір­қа­тар әлеуметтік нысандарға жүргізген рейдтеріміз кезінде көптеген олқылықтардың беті ашылып, комиссия талқысына салынды. Нәтижесінде мектептердің оқу жылының басталуына дейін дайын болуына ықпал еттік, денсаулық сақтау нысандарындағы кемшіліктер жедеғабыл тү­зетілді. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша салынып, жөнделіп жатқан әлеуметтік ны­сандарға биыл 4 млрд. 425,4 млн. теңге бөлінген болатын. Біздің партиялық бақылау бекеттеріміз негізінен үш бағытта – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысан­да­рын­да, білім беру, ден­саулық сақтау салалары­ның нысандарында және ауылдардағы мәдени-әлеуметтік нысандарында жұмыс істейді. Партиялық бақылау бекеттері бірың­ғай үлгідегі баннерлермен жабдықталды. Ретті жерінде айта ке­тейін, жергілікті депутат­тарымызбен жұмыс жүргізуде осал тұстарымыз бар екені шілде айында өткен саяси кеңестің бюро мәжілісінде нақты айтылды. Мәжілісте партиядан ұсынылып, халық қалаулылары атанған әрбір депутат өздері сайланған округ­тер­дегі шешімін күткен мәселелерді шешуге әкім­дермен, партия филиалдарымен бірлікте жұмы­луға міндетті. Өңірдің өзекті деген мәселелерін сессиялардың қарауына енгізіп, қажет деген салаға қаражат бөлгізу, бірқатар мәселелердің шешілуіне инвестор-кәсіпорындарды жұмылдыру сияқты сан алуан жұмыстың бел ортасынан депутаттарды көргіміз келеді. Облыстық, аумақ­тық филиалдардың саяси кеңестерінде депу­таттардың есебін тыңдау, қолданыстағы заң­дардың осал тұстарын жетілдіру бағытында, жергілікті жерлердегі тәжірибеге сүйене отырып, Парламенттегі партия фракциясына ұсыныстар түсіру, бірқатар күрделі мәселелер жөнінде депутаттық сауалдар бойынша жұртшылықтың қоғамдық тыңдауларын өткізу, осы кезде жинақталған құнды ұсыныстарды тиісті атқарушы органдарға жеткізу – кезек күттірмей қолға алатын жұмыстарымыз. Партиялық бақылау комитетінің облыстағы инспекциясы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес мүшелерімен, облыстық қаржы бақылау комитетімен бірлікте тамыз айында 5 бақылау-тексеру рейдтерін жүргізді. Рейдтердің нәтижесінде әлеуметтік нысандарда жұмыс жасап жатқан мердігер кәсіпорындар тарапынан жіберілген қаржы заңдылықтарын бұзу фактілері, нақтырақ айтсам, жалпы сомасы 441 555,8 мың теңгенің ысырапқа түскені анықталып, прокуратура органдарына жіберілді. Осындай тегеурінді шаралар мемлекет қаражатын талан-таражға салушылармен күрес шараларына тың серпін берумен қатар, әлеуметтік нысандардың уақытында сапалы жөнделіп, ел игілігіне айналуына, түптеп келгенде, жұртшылықтың партияға деген сенімін одан әрі нығайта түсуіне жол ашқанын айту керек. – Енді нұротандықтар қатарының сапалық құрамы және мүшелікке жаңадан қабылдану­шылар жайлы қысқаша айта кетсеңіз. – Партияның ел ішіндегі беделі мен әлеуетінің артуы партия мүшелерінің сапалық құрамына тікелей байланысты екені анық. Соңғы жылдары партия қатарына қабылданушыларды алдын-ала сараптан өткізіп, ұжым алдындағы беделі мен белсенділігіне айрықша назар аудара бастадық. Бұл орайда бастауыш партия ұйым­дарына көбірек салмақ салып, олардың халық алдындағы беделін көтеруді, сол арқылы партия қатарын идеялық жағынан нығайтуды басты міндет етіп қойдық. Біздерді облыс көлемінде партия қатарына қабылдануға тілек білдірушілер саны ай санап артып келе жатқаны қуантады. Бір ғана шілде-тамыз айларында партия қатарына 319 адам қабылданды, “Қазақтелеком” акционерлік қоғамында бастауыш партия ұйымы құрылып, 27 байланысшы партия қатарына қабылданды. МАЭК “Қазатомөнеркәсіп” ЖШС-інде өткен салтанатты жиналыста кәсіпорынның 50 жұ­мысшысы өздерін көшбасшы партия қатарында көргісі келетіндіктерін білдірді. Орайы келгенде айта кетейін, үстіміздегі жыл­дың шілде айында партияның Орталық аппа­ратына партияның Маңғыстау облыстық фи­лиалының 2010 жылдың бірінші жартысына жүргізген жұмыстарының есебі тапсырылды. Орталық аппарат біздің филиалдың жұмысына оң баға берді. Өткен сегіз ай ішінде партия облыстық фи­лиалының ұйымдастыруымен 526 шара өткізіліп, оларға 220 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл шаралардың ішінде “Ардагерлерді ардақтайық”, “Нар тұлға”, “Отандастар”, “Киелі мұралары­мызға тағзым”, “Ауылдың гүлденуі – Қазақстан­ның гүлденуі”, “Дипломмен – ауылға!” сияқты акциялар аясында өткізіліп келе жатқан ша­ра­ларымыз бұқаралық сипат алып, жұртшылықтың ынтасын туғызды. Бұл акциялар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Жоламан БОШАЛАҚ. Маңғыстау облысы.