• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2010

Икемге иілгіш инфляция

436 рет
көрсетілді

Сараптама Статистика жөніндегі агенттіктің үстіміздегі жылғы 1 қыркүйекте ұсынған ресми мәліметтері тамыздағы тұтыным тауарлары мен қызмет көрсету түрлерінің бағалары осының алдындағы айдың деңгейінде сақталып қалғанын көрсетті. Дәлірек айтқанда, инфляцияның өсімі нөлдік деңгейде. Енді тұтыным бағалары индексі жөніндегі мәліметтерге көз жүгірт­сек, тамызда осының алдындағы айға қарағанда, азық-түлік тауар­ла­ры бағасының 0,1 пайызға төмен­деп, азық-түлік емес тауарлар құны­ның 0,4 пайызға көтерілгенін бай­қаймыз. Азық-түлік тауарларының арзандауы көкөніс (4,6%), жеміс-жидек (1,5%), кар­топ (6,6%), жұ­мыртқа (2,2%) және шикі сүт (0,2%) бағаларының түсуімен байланысты болды. Соны­мен бір мезгілде елде консервіленген сүт (0,3%), мал майы (0,4%), кофе мен какао (0,7%), ұн (0,8%), ет пен құс (0,9%) және қарақұмық жармасы (2,9%) бағалары өскен. Ал қызмет көрсету саласында тұрғын үй-ком­муналдық қызмет тарифтері (1,3%) төмендеп, білім беру (0,5%), мей­рамхана мен қонақүй (0,6%), темір жол жо­лаушылар көлігі (2,4%) баға­лары қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлар арасында кеңсе заттары (3,6%), темекі бұйымдары (3,5%) баға­ларының артқаны атап өтілді. Бұдан басқа, кітаптар мен газеттер (0,6%), жеке гигиена заттары, киім мен аяқкиім (0,3%), бензин (0,2%) және дизель отыны (0,3%) баға­ларына үстеме қосылған. Инфляцияның өткен сегіз айда жиналған деңгейі осының алдын­да­ғы айдың деңгейінде қалып, 2009 жылдың қаңтар-тамыз аралығында­ғы 4,3 пайыздан 4,6 пайызға көте­ріл­ген. Сегіз ай мұғдарындағы инф­ля­ция қарқынының тез жылжуы азық-түлік тауарлары мен ақылы қызмет бағаларының тиісінше 5,5 және 4,7 пайыз мөлшерінде өсуіне байланысты болды. Жылдық өл­шем­мен алғандағы (соңғы 12 айда­ғы) инфляция осының алдындағы аймен салыстырғанда, 0,2 пайызға төмен­деп, 6,5 пайыз деңгейін құрады. Осылайша инфляцияның жылдық өлшемі биылғы жылға жасалған ресми болжам дәлізінің шеңберінен (6,0-8,0%) табылды. Тамыз айындағы тұтыным инф­ляциясының баға саласындағы нақ­тылы динамикаға әсері бола ма не­месе бұл тұрғындарға инфляцияның деңгейі төмен күйінде қалғанын дә­лелдеп көрсетудің кезекті амалы бо­лып қала ма, біз ол жағын нақты айта алмаймыз. Бірақ мақаланың бас тақырыбында біздегі инфля­цияның икемге иілгіш екенін бекер­ден-бе­керге келтіріп отырған жоқ­пыз. Өйт­кені, облыстарда тұтастай алғандағы макроэкономика мен оның құ­рамын­дағы инфляцияны құрайтын әрбір цифр үшін жер­гілікті билік пен статистика бас­қармалары ара­сында қаншалықты текетірес жүріп жататынын, бұл ұдайы тайталаста көбіне сөзі өктем билік жағының басымырақ түсіп тұратынын жақсы бі­летін бол­ғандықтан, соңынан рес­публика бойынша жинақталып қолға тиетін осы ресми мәліметтердің өзіне кейде күмәнмен қарайтыны­мыз рас. Оның үстіне алда қанша бүр­кемелегенмен, азық-түлік тауар­лары бағасының күрт қымбатта­ға­нын жасыруға еш лаж қалмайтын қоңыр күз бен қыс айлары келе жа­тыр. Ал биылғы қымбаттау­шы­лыққа жаздың аса құрғақ өтіп, қуаңшы­лықтың қатты қысқаны белгілі бір өлшемде қосымша әсер етуі мүмкін. Дағдарыс дағдысы биыл бағалардың өсуін едәуір баяулатқанымен, ин­фля­циямен қатарласа жүретін рыноктар монополиясы, тұтыным тауарларының импортқа жоғары тәуелділігі, экономиканың бәсекеге қабілетінің төмендігі секілді шешуші факторлар ешқайда кете қойған жоқ. Еліміздегі инфляция деңгейінен толық хабардар болу үшін, әлбетте, оның қазіргі мөлшерін соның алдындағы аймен салыстырып қоя салу жеткіліксіз. Мұны нақты көр­се­тетін бірнеше өлшем бар. Соның ішінде ең құрығында былтырғы жыл­дың осы мезгіліндегі көрсет­кіш­ке бір үңілген ләзім. Бұл үшін ал­дымен негізгі азық-түлік тағамдары тұтыным нормаларының ең төменгі есебінен шығарылған жан басына шаққандағы орташа күнкөріс мини­мумын салыстырып көрейік. Оның өлшемі биылғы тамыз айында 14 581 теңгені құрады. Ол осының алдын­дағы аймен салыстырғанда, 6,1 пайызға жоғары болса, 2009 жылдың тамызындағы деңгейден 7,5 пайызға артық. Оның құрылы­мындағы ет пен балық сатып алуға кеткен шы­ғын үлесі – 18,5, сүт пен май өнім­дері, жұмыртқа – 14,2, жеміс пен көкөніс – 16,8, нан өнімдері мен жармақ бұйымдары – 7,9, қант, шай және түрлі қоспалар 2,6 пайызды құрайды. Осының қабатында өткен жылдың тамы­зымен салыстырғанда, биыл қант­тың бағасы – 23,3, кофе, какао және шай – 13,0, кондитер бұй­ым­дары – 8,5, май мен май өнім­дері – 8,3, сүт өнім­дері – 7,2, ал­когольді ішім­діктер – 5,3, бөлке және ұн өнімдері – 4,5, жеміс және көк­өніс – 1,1 пайыз­ға қым­баттаға­ны бел­гілі болды. Атал­ған кезеңде ет пен ет өнім­дері бағасында 10,3 пайыз­дық өсім орын алды. Өз кезегінде бұл шұжық өнімдерінде – 7,9, қой етінде – 7,5, құс етінде – 5,2, жыл­қы етінде 3,8 пайыздық мөлшермен көрініс тапты. Енді биылғы тамыз айындағы бірқатар негізгі азық-түлік тауар­лары­ның орташа бағаларын өткен жылдың осы кезеңіндегі мөлшермен салыстырып көрейік. Соның ішінде агенттік екшелеп көрсеткен 16 көр­сеткіш тізіміндегі килолық өлшем­мен алынған қарақұмық жармасы­ның (былтырғы 133 теңгеден – биыл­ғы 139 теңгеге), сиыр етінің (629-721), сары майдың (671-809), күнбағыс майының (литрмен: 216-233), шикі сүттің (литрмен: 86-91), алманың (201-204), қырыққабаттың (47-72), құмшекердің (146-181), қара шайдың (1 105-1 282) орташа баға­ла­ры қымбаттағаны байқалады. Бұған қарама-қарсы бірінші сортты бидай ұны (былтырғы 80 теңгеден биыл 65 теңгеге), бірінші сортты бидай наны (76-75), вермишель (153-150), күріш (227-217), жұмырт­қа (10 данасы: 157-155), картоп (76-70) осы кезеңде арзандаған. Осы 16 көрсеткіш ішіндегі 4 позиция бой­ынша Көкшетауда ең арзан, 11 по­зиция бойынша Ақтауда ең қымбат бағалар тіркелген. Айталық, бағасы ең төменгі сиыр еті (569), сары май (580), күнбағыс майы (205), шикі сүт (66) Ақмола облысының орталы­ғын­да. Ал Қарағанды облысында 3 по­зи­ция бойынша баға еліміздегі орта­ша көрсеткіштен пәс. Оларды вер­мишель (122), жармақ (94), құмше­кер (165) секілді тауарлар құрайды. Сол сияқты Таразда бірінші сортты бидай наны (57) мен картоп (55), Павлодарда бірінші сортты бидай ұны (41), Қызылордада күріш (150), Ақтөбеде қарақұмық жармасы (113), Қостанайда жұмыртқа (10 данасы 106), Талдықорғанда алма (164), Шымкентте қырыққабат (45), Орал­да қара шай (1 050) республиканың орташа бағасынан арзан қалып танытып тұр. Осы ретпен өңірге шолу жасауды жалғастырып, биылғы тамыздағы инфляция деңгейін өткен жылдың осы мезгіліндегі ахуалмен салысты­рып көрсек, төмендегіше көрініс ал­ды­мыздан шығар еді. Осы кезең­дерде Астана және Алматы қалалары (тиісінше 7,1 % және 8,0%) мен Ақмола облысында (7,7%) инфля­ция­ның ең жоғары деңгейі орын алды. Бұдан кейінгі кезекті Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан (6,6%), Батыс Қазақстан (6,5%), Қызылорда, Қарағанды және Павлодар (6,4%) облыстары алады. Ал Қостанай (4,1%), Атырау (4,9%) және Маң­ғыс­тау (5,2%) облыстарында был­тыр­ғы жылдың осы мерзімімен са­лыстырғанда ең төменгі өсу мөлшері тіркелген. 2010 жылдың қаңтар-тамызын­дағы көрсеткіштерді 2009 жылдың осы айлары аралығымен салыстыра қара­сақ, азық-түлік тауарларының қым­батшылығына басқалардан гөрі Оңтүстік Қазақстан (105,9%), Жам­был, Қостанай (105,6%), Солтүстік Қазақстан (105,5%), Атырау, Маң­ғыстау (105,4%), Қызылорда және Батыс Қазақстан (105,3%) облыс­тары­ның көбірек ұрынғаны көрінеді. Азық-түлік емес тауарлар бойынша ең қымбатшылық Оң­түстік Қазақ­стан (108,5%) облысын жайласа, одан кейінгі орындарға Шығыс Қа­зақстан және Жамбыл облыстары (107,9%) жайғасқан. Бұл саптан Ақтөбе (106,9%), Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары (106,8%) да оншалықты көп қала қой­мапты. Ақылы қызмет көрсету бағаларына келсек, онда 122,7 пайыздық көрсеткішпен Ақмола облысы жеке-дара көш бастап келеді. Одан кейінгі лекте Алматы қаласы (111,9%), Павлодар (111,8%) және Батыс Қазақстан (111,5%) облыстары тұр. Ал осы көрсе­т­кіштер бойынша көшбастаушылар тобын Ақтөбе (110,9%), Алматы (110,5%), Қа­рағанды (109,9%) және Қызыл­ор­да (109,5%) облыстары тиянақтайды. Қай кезде де, қай жерде де ба­ғаның өсуіне қатты әсер ететін бір фактор бар. Ол – электр энергия­сының бағасы. Егер электр қуаты­ның бағасы қымбаттаса, ол өз ке­зегінде тізбекті қайтарым жолымен халық шаруашылығының барлық саласында алынатын өнімнің өзіндік құндары артуына тікелей ықпал етіп, тұтыным тауарларының қымбат­тауы­на жол ашып береді. Осы ретте электр энергиясының биылғы та­мыз­дағы бағасының 2009 жылғы желтоқсанмен салыстыр­ғандағы өсі­міне көз сала отырып, мына жәйт­терге қанықтық. Бұл өсім респуб­ли­када орташа 112,2 пайыз мөлше­рінде. Ал қымбат­таушылықтың көшін 118,2 пайыз­дық көрсеткішпен Қызылорда об­лысы бастап тұр. Одан кейінгі орын­дар Алматы (117,2%), Қос­танай (116,5%) және Павлодар (116,0%) облыстарының еншісінде. Ал Атырау және Батыс Қазақстан облыстары былтырғы деңгейде (100,0%) қалса, Маңғыстау облы­сында электр қуаты аз ғана мөлшерде (102,3%) қымбаттапты. Міне, осындай көріністер көз ал­дында көлбеп тұр. Жылдың со­ңына дейін тағы қандай өзгерістер бола­тынын уақыт көрсетсе керек. Серік ПІРНАЗАР. Астана.