• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2010

Мемлекет басшысы Жолдауындағы тапсырмалар қатаң мемлекеттік бақылауда

461 рет
көрсетілді

Президенттің Қазақстан халқына үстіміздегі жылғы Жолдауының ерекшелігі таяу он­жылдықтағы еліміз дамуының стратегиясы ай­қын­далғандығында болып отыр. Ол Қазақ­стан­ның 2030 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады, ал оның бірінші кезеңін біз аяқтадық. Мемлекет басшысының жүйелі де терең ойластырылған саясаты арқа­сын­да Қазақстан экономикада зор та­быстарға қол жеткізіп, әлем­дік дағда­рыс кезеңінде өзінің тұрлаулы­лы­ғын көрсетті. Өткен онжылдықта макро­экономикалық сипаттағы міндеттер шешілді: нарықтық экономиканың заңнамалық базасы жасалып, айтарлықтай шетелдік инвестициялар тартылды, Ұлттық қор және даму институттары қалыптасып, осы заманғы қаржы және бюджет жүйесі құрылды. Бәсекеге қабілетті және сұранысы мол шикізат салаларын дамытуға екпін түсірілетін стратегияны дұрыс таңдау біздің мемлекетімізді экономикалық даму қарқыны жағынан еуразиялық кеңістікте көшбасшылыққа шығарды. Қазір еліміздің алдында индустриялық-инновациялық экономиканы дамыту, әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына ену жөніндегі мүлдем жаңа, әлде­қайда ауқымды міндеттер тұр. Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысының барлық кесімдері мен тапсырмаларының орын­далуына қатал мемлекеттік бақылауды ұйым­дастыру. Үстіміздегі жылы бақылау жүйесін жетілдіру жөнінде үлкен кешенді жұмыс жүргізілді. Мәселен, Президент Әкімшілігінің бастамасы бойынша 2010 жылғы 27 сәуірде Мемлекет бас­шысының Жарлығымен Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің кесімдері мен тапсырма­ла­рын қол қоюға әзірлеудің, келісудің, ұсы­нудың және олардың орындалуын бақылаудың ережесі бекітілді, бұл ереже екпінді алдын ала ба­қылауға, мемлекеттік органдар бірінші бас­шыларының дербес жауапкершілігін арттыруға ауыстыра отырып, бақылау жүйесін түбегейлі түрде күшейтеді. Қазірдің өзінде біз қабылданған Жарлық­тың нақты қайтарымын көріп отырмыз. Мә­селен, жүргізілген жұмыс нәтижесінде Мем­лекет басшысы тапсырмаларын орындау мер­зі­мінің ұзартылу саны 1,8 есе азайды. 255 тап­сыр­­ма (43%) бақылаудан алынса, олардың 190-ы (75%) орындалуына байланысты бақылаудан шы­ғарылған. Бірқатар тапсырмалар қаржы дағ­дарысына, өзектілігін жоғалтуына орай бақы­лау­дан алынған. Мемлекет басшысының Жол­дау­ын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық тұр­ғыдағы 322 тапсырманың 258-і (81%) бақы­лау­дан алынып, 64 тармағы жұмыс үстінде қалып отыр. Барлық мемқызметшілер ағымдағы жұмыс қаншалықты жеңілденгенін, қағазбастылық азайғанын сезініп үлгерді. Бірақ та енді Пре­зидент Әкімшілігі тарапынан Елбасы тап­сыр­маларын дер кезінде және сапалы орындауға деген сұраныс күшейетін болады. Мемлекет басшысының 600-ден астам тап­сырмасын бас-басына тексерудің қорытындысы бойынша 345-і Президент Әкімшілігінің бақы­лауында қалдырылды. Мемлекеттік органдар Елбасының әрбір тапсырмасы бойынша бақы­лаудың кезеңділігін, аралық мерзімдерін еске­ріп, сондай-ақ әрбір кезең үшін дербес жауап­тыларды анықтай отырып,  “Жол картасын” (Шаралар жоспарын) әзірлеуі тиіс. Енді бақылау қызметі таза парақтан баста­ла­ды деуге болады. Қағидаттық тұрғыда жауап­кершілік деңгейін анықтауға деген көзқарас өз­герді. Жаңа Жарлық бойынша мерзімді ұзар­туға бір реттен артық жол берілмейді, ал қай­та­лап ұзартылатын болса, жауапкершілік бұрын қолданылып келгеніндей, қатардағы қызмет­кер­ге емес, енді саяси мемлекеттік қызметкерге жүктеледі. Бақылау туралы жаңа Жарлықтың қабыл­дануы барлық мемлекеттік органдардың атқару және бақылау қызметін түбірінен қайта құрады. Қазір мемлекеттік органдар аппараттарында кең ауқымды түсінік жұмыстары жүргізіліп, оқыту семинарлары өткізілуде. Енді жедел жұ­мыс көп ретте мемлекеттік органдар қызметін тікелей үйлестіретін Премьер-Министр Кең­сесіне байланысты. Ал мемлекеттік орган­дар­дың өздерінде Мемлекет басшысының аталған кесім­дерін тиімді іске асыру жө­ніндегі басты рөл жауапты хатшыларға жүктеледі. Сонымен қатар үстіміз­дегі жылы Президент Әкім­шілігі Мемлекет басшы­сы­ның кесімдері мен тапсыр­маларын, соның ішінде жауапты хат­шылардың мәр­тебесі мен өкілеттіктері ту­ралы Жарлығын орындау мәселелері бойынша мем­лекеттік органдар қызметін мақсатты тек­серу жүргізуді практикаға енгізді. Мемлекеттік органдар қызметін бақылау мен оның тиімділігін арттырудың тағы бір елеулі құралы Мемлекет басшысының №954 Жарлығымен бекітіліп, ор­талық және жергілікті атқарушы органдар қыз­метінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі енгізілді. Бұл Жарлық өткен жылы қа­был­данған “Стратегиялық жос­парлау туралы” Жар­лықтың қисынды жалғасы болып табылады. Үстіміздегі жылы алғашқы мемлекеттік ор­ган­дардың: Табиғи монополияларды реттеу жө­ніндегі агенттіктің, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің, Ақмола облысы әкімдігінің қызметін бағалау басталды. Келесі жылдан бастап барлық дерлік мемлекеттік ор­гандар бағалауға жатқызылатын болады. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімді­лі­гін бағалау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады: жүргізетін салада/мәселеде/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу; Президенттің, Президент Әкімшілі­гі­нің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің ке­сімдері мен тапсырмаларын орындау; бюд­жет­тік бағдарламаларды іске асыру; мемле­кет­тік қызмет көрсету; қызметкерлерді басқару, сон­дай-ақ ақпараттық технологияларды қолдану. Мемлекеттік органдар қызметін бағалау қорытындылары Мемлекет басшысына ұсы­нылатын болады, сондай-ақ анықталған олқы­лықтарды жою мақсатымен мемлекеттік ор­гандар жетекшілеріне жолданады. Тұтастай алғанда, бұл жұмысты Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдерінен тұратын сараптау комиссиясы үйлестіреді. Бұл ретте мемлекеттік органдар қыз­метін бағалау жөніндегі жұмысқа тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Бағалау нәтижелері міндетті түрде БАҚ-та жарияланады. “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесінің бюро­сында сөз сөйлегенде Мемлекет басшысы бүкіл үкіметтік емес сектормен және БАҚ-пен өзара іс-қимылдың жаңа тетігін түзу қажеттігін атап көрсеткен еді. Бұл қоғамдық күштерді алға қойылған міндеттерді тиімділікпен іске асыруға топтастырады. Осы тұрғыдан келгенде Жар­лық­ты іске асыру Қазақстанда азаматтық қоғам қа­лыптасуы жолындағы тағы бір қадамға айна­лады, үкіметтік емес ұйымдар мәртебесін арт­ты­рып, оларға мемлекеттік органдар қызметін бағалауға қатысу, сол арқылы олардың жұмыс са­пасына ықпал ету, оларды әлдеқайда мөлдір және қоғам үшін түсінікті етуге мүмкіндік береді. Осылайша жоспарлау – бақылау – атқа­рылуын бағалау қағидаты бойынша мемлекет­тік бақылаудың сындарлы жүйесі түзіледі. Мұндай алгоритм Мемлекет басшысының тап­сырмаларын, бағдарламалық құжаттар мен мем­лекеттік органдар дамуының жоспарын кешенді және дер уақытында орындауды қамтамасыз етеді. Бүгінде Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің жауап­кершілігі еселеп артады. Өңірлерде ауқымды, әлеуметтік маңызды бағдарламалар: “Жол картасы”, “100 мектеп, 100 аурухана”, жедел ин­дус­трияландыру бағдарламасы іске асыры­луда. Олардың нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін әр әкімнің жұмысына объективті баға берілуі қажет. Бұл Президент Әкімшілігінің ғана емес, сонымен  бірге бүкіл қоғамның міндеті. Халық “өз қаһармандарын”, бірінші кезекте қала мен аудан деңгейіндегі қаһарман­дарын білуге тиіс. Халықтың көптеген өзекті мәселелерінің шешілуі басқарудың нақ осы буынына көп байланысты. Өңірлер дамуының динамикасын бағалау үшін Президент Әкімшілігі осы жылдан бастап тоқсан сайын рейтинг жүргізеді, ол ресми ста­тистикалық мәліметтерге негізделетін болады, мұның өзі баға берудегі субъективизмге жол бермейді. Рейтингтердің мәліметтері өңірлік БАҚ-тарда жарияланады. Осылайша жұртшы­лық кейбір жалған сарапшылардың тапсырыс­пен шығарылған “рейтингтік” ақпараттарына сүйенбей, жергілікті орындардағы істің объек­тивті жағдайын білетін болады. Рейтингтің негізгі мақсаты – өңірлерде оң тәжірибелерді анықтау және оны республи­каның бүкіл аумағына тарату. Сайып келгенде тұрмыс деңгейі жоғары өңірлер үздік баға алады. Рейтингтік бағалау әкімдер арасында жа­рысушылықты дамытуға жағдай жасап, жер­гілікті атқару органдарын белсенді жұмысқа  ынталандырады. Мемлекет басшысы әр өңірдің пробле­ма­ларын жақсы біледі. Еліміз бойынша жүйелі сапарларда бола отырып, Елбасы халықпен көп­теген бейресми кездесулер өткізеді. Адам­дардың пікірлерін, өңірдегі, елдегі олардың тұрмыс дейгейін жақсарту, мемлекеттік аппарат қызметінен қайтарымды арттыру  жөніндегі ұсыныстарын мұқият тыңдайды. Жергілікті орындардағы шенеуніктердің іс-қимылына шағым көп түсетіні жасырын емес. Президент Әкімшілігіне ғана өткен жылы 17 мыңнан астам, ал биылғы жылдың алғашқы тоқ­санында 5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Біздің талдау көптеген мәселелер жұмыс тәр­тібімен, алғашқы инстанцияда шешіле алаты­нын көрсетеді. Тұжырым мынадай: жергілікті жерде кейде мәселені аяғына жеткізбей жатады. Президент Әкімшілігі бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Нақтылап айтар болсақ, мем­лекеттік органдардың бірінші басшыларының дербес блогтары мен Қазақстан Республикасы Президентінің веб-сайтындағы азаматтардың өтініштеріне талдау жасалуда; Президент Әкім­шілігінің мемлекеттік инспекторлары өңірлерге шығып, азаматтарды қабылдау жүргізуде. Ше­неуніктердің дөрекі немесе әдепсіз сөйлесуінің, азаматтар өтініштерін елемеушіліктің анық­талған барлық жәйттері бойынша атқарып отыр­ған лауазымынан босатуға дейін қатаң шаралар қолданылады. Мысалы, азаматтар та­ра­пынан бірнеше қайтара түскен шағымдардан кейін Ақмола облысындағы Шортанды ауда­нының әкімі жұмысынан алынды. Мемлекеттік қызметші этикасын бұзғаны үшін өткен жылы Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер, соның ішінде облыс әкімінің орынбасары да бар, жұ­мыстарынан айырылды. Әкімдермен наурызда өткен кеңесте Пре­зи­дент әлемдегі жетекші елдердің индус­трия­лық серпілісі тек 30 пайызға ғана ақшаға, үш­тен бірі стратегияға, тағы үштен бірі аппарат­тың тиімділігіне байланысты болғанын атап өтті. Өңірлер реформалардың қарқынына ілесе алмауда, оларда жұмыс әлі ескіше жүргізіледі. Ал орталықта өңірлердің проблемаларын жете білмейді. Сондықтан да Президент Әкім­шілігіне кадрлар ротациясын жүргізу тапсы­рылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында осы жылдың сәуір-мамы­рында жүргізілген кешенді ротация аясында 115 мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер, олар­дың ішінде “орталық-өңір” кестесі бойынша – 52, “өңір-орталық” кестесі бойынша 63 қыз­меткер тағайындалды. Орталықта және өңір­лерде басшы лауазымдарға қазіргі кезде 18 саяси қызметкер бекітілді. Тұтастай алғанда, талдау орталық пен өңір­лер арасындағы кадрлар ротациясы қоғамда оң үндестік тауып, кадр әлеуетін жаңартуға ынта­ландырып отырғанын көрсетті. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ұсынған ақпараттарына қарағанда, ротация бойынша жолданған мамандар жақсы сипатталып отыр. Бұл ротация бір реттік акция емес екендігін атап өткен жөн. Мемлекет басшысының тап­сыруы бойынша ол жүйелі негізге қойылып, жыл сайын жүргізілетін болады. Мұның өзі түрлі деңгейде реформалар қарқынындағы сәй­кессіздікті еңсеруге, орталықта және жергілікті орындарда жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді. Өйткені, білім мен тәжірибенің жүйелі алмасуы жүріп, жұмыс стилі байытылады. Мұ­ның нәтижесі басқару қызметкерлерінің сапа­сын жақсартып, сол арқылы мемлекет алдында тұр­ған міндеттерді табысты іске асыру болуы тиіс. *  *  * Бүгінде әрбір мемлекеттік қызметкер өз орнында алға қойылған міндеттерді шешіп, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Жастарды өз Отаны үшін, оның болашағы үшін жауапкершілік рухында тәрбиелеу қажет. Сонда Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған барлық міндеттер нақтылыққа айналатын болады. Серікжан ҚАНАЕВ, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі.