Астана қалалық ішкі істер департаментінде 2010 жылдың 8 айы қорытындысы бойынша қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен жиын өткізілді. Кездесу барысында ағымдағы жылдың 1-2 желтоқсанында ЕҚЫҰ-ға қатысатын елдер басшылары мен үкіметінің саммитін, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу қарсаңында Астана қалалық ішкі істер департаменті қылмыскерлікпен күрес, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану туралы мәселелер талқыланды.
ЕҚЫҰ-ның Астанада өтетін саммитіне 50-ден астам елдің басшылары мен үкімет басшылары, 12 серіктес ел мен 55 халықаралық ұйым және 700-ден астам БАҚ өкілдері, 500 үкіметтік емес ұйым, ЕҚЫҰ хатшылығының 110 қызметкері келеді деп жоспарлануда. Келушілердің жалпы саны 5 мыңнан астам болады.
Астана қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Демеуов қала әкіміне ЕҚЫҰ саммитіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша елордалық сақшылардың сақадай сай екенін жеткізді.
Қазіргі таңда Астана қаласының ІІД қылмыспен күрес, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жедел-алдын алу шараларын жүргізу қолға алынып отыр. Күніне шаһар көшелеріне мыңнан астам қызметкер шығып, елдің тыныштығын күзетеді. Қазірден бастап қаладағы базарлар, ойын-сауық ошақтары, құрылыс алаңдары тексеріліп жатыр.
Жиын соңында қала әкімі елордалық сақшыларға сенім білдіріп, атқарып отырған жұмыстарына жақсы деген баға берді.
“Егемен-ақпарат”.