Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Ө.Шөкеев Президентті Қазақстанның үкіметтік делегациясының АҚШ-қа сапарының қорытындылары туралы хабардар етті. Онда Қазақстанның БСҰ-ға кіруі туралы мәселе бойынша келіссөздер жүргізілген.
– Келіссөздер үш бағытта: тауарлар тобы, қызмет саудасы жөнінде және жүйелік мәселелер бойынша жүргізілуде. Тауарлар саудасы жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын – тек техникалық жұмыстар қалды. Қызмет саудасы жөнінде – біз бүгінгі күні қалыптасқан бірнеше проблемалық мәселелерді шешудің жолдарын белгіледік. Ал жүйелік мәселелерге қатысты айтсақ, біз үшін ең маңызды мәселе – қазақстандықтарды қамту екіжақты келіссөздер аясынан шығарылып, көп жақты форматқа ауыстырылды. Бұл біз үшін ірі жетістік болып табылады, – деді журналистерге арналған брифингте Ө.Шөкеев.
Кездесу барысында сондай-ақ азық-түліктің ішкі рыногында тұрақтылықты сақтау жөніндегі іс-шаралар туралы сөз болды.
Біз жыл бойына азық-түліктің негізгі түрлері бойынша бағаның тұрақты болуы үшін бірқатар қосымша шараларды әзірледік. Бұл шаралар Мемлекет басшысынан қолдау тапты, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.