• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2010

Әлем жұртшылығы нақты шешімдер күтеді

561 рет
көрсетілді

БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының сәрсенбідегі отырысында Мыңжылдықтың даму мақсаттарына арналған жалпысаяси пікірсайыс әрі қарай жалғасты. Отырыста Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Бұл саммит осыдан 10 жыл бұ­рын БҰҰ Бас Ассамблеясы алға қойған Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асырудағы үдерістердің кесектеу бөлігі бо­лып табылады. Уақыт өткен сайын оның маңыздылығы арта түсуде. Өйткені, Мыңжылдықтың даму мақсаттарында көрініс тап­қан аса өзекті мәселелерден әлем жұртшылығы нақты шешімдер мен оңды нәтижелер күтіп отыр. Дәлірек айтқанда, бейбітшілікті, қауіпсіздікті, даму мен өркендеуді күтуде. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас Ассам­блея­сының мәртебелі мінберінен сөйлеген сөзін осыдан бастады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ет­пейінше, орнықты дамуға қол жет­кізу мүмкін емес, деді Қа­зақ­стан сыртқы саясат ведом­ство­сының басшысы. БҰҰ-ның бей­бітшілікті қамтамасыз етуде негіз­гі рөл атқа­ратынына және қару­сыздану, қару түрлерін таратпау, әсіресе, лаңкес­тік, жанжалдардың алдын алу, сон­дай-ақ кикілжің­дер­ді реттеуде нақты шаралар қабылдайтынына сенімдіміз. Ал Мыңжылдықтың даму мақсатта­рын­дағы міндеттеме­лерге қол жеткізуде дамушы және дамыған елдер арасындағы бай­ла­ныстарды жандандыру арқылы олардың эко­номикасына ықпал етудің мүм­кіндігін қарастыру қа­жет. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бүгінде әлемдік қоғам­дастық үшін өткір проб­лемалар бо­лып тұрған энергети­калық дағда­рыс пен планета­мыз­да қолайсыз климаттық өзгеріс­тердің қауіп-қа­тері артып отыр­ғандығына тоқ­талды. Шешеннің атап өткеніндей, осынау аса өткір проблемаларға байланысты Қа­зақ­стан Республи­касының Пре­зиденті Нұрсұлтан На­зарбаев БҰҰ-ның осы мінбе­рінен 2012 жылы өтетін Орнықты даму жө­ніндегі бүкіләлемдік сам­митте тал­қылау үшін жаһандық энер­гия-экологиялық стратегия дай­ындау туралы ұсыныс білдірді. Бұл стратегия энергия-эколо­гиялық проблемаларды шешуге, оны ин­новациялық тұрғыдан толықтыруға ықпал етеді. Мемлекеттік хатшы бұдан соң, БҰҰ Бас Ассамблеясының осы сессиясында талқыланып жат­қан Мыңжылдықтың даму мақсатта­рына тоқталып, ол ту­ралы елімізде жүзеге асырылған жұмыстарды ор­таға салды, нақты мәліметтер кел­тірді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігі­мен біз ұлттық және салалық даму стратегияларын жү­зеге асы­ру аясында халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін таб­ысты ше­шіп келеміз, деді Қанат Сау­дабаев. Қазақстан­ның тәуел­сіздік алғаннан бергі 19 жыл ішінде еліміз реформаларды ойдағыдай жүзеге асырды, даму мен жаңаруларға қол жеткізді. Мың­жылдықтың даму мақсаттарын (МДМ) орындау бойынша ілгері­леу­ге жетіп қана қоймай, “МДМ+” күн тәртібіне байланысты өзіне бірқатар бағытта көтеріңкі мін­деттеме қабылдады. Қазақстан үшін ұлттық проб­лема көптен бері өзекті емес, деп жалғастырды сөзін Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев. Білім беру және денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржы тұрақты түрде өсіп келеді. Соңғы 10 жылда ол 8 еседен астамға артты. Тұрғындар денсау­лығын жақсарту көрсеткіші айтар­лықтай өсті. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы 65-тен 68 жасқа артып отыр. Беделді ұйымның мәртебелі мінберінен талай елге үлгі болатын осындай дерек-мәліметтер келтір­ген Мемлекеттік хатшы еліміздің саяси өмірінде әйелдердің рөлін көтеруге ерекше мән беріліп отыр­ғандығынан хабардар ете келіп, Отанымызда экологиялық тұрақты­лықты қамтамасыз етудегі міндет­темелердің қалай орындалып жат­қанына қатысушылар назарын аударды. Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі, сондай-ақ Арал мен Семей өңірлеріндегі экологиялық апат салдарын еңсеруге БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың көрсеткен көмектерін Қазақстан жоғары бағалайтынын атап өтті. Бұл саммит Мыңжылдық декла­рациясын орындауға серпін беруде біздердің ұжымдық саяси ерік-жігерімізді сынақтан өткізеді, деді Қанат Саудабаев сөзін қорытын­дылай келіп. Мыңжылдықтың даму міндеттемелерінің орындалуы ел­дердің өзіне байланысты. Сондық­тан даму мақсатында ресми көмек­тердің сапасы мен санын арттыру қажет. Бұрын Қазақстан шетелдер­ден көмек алатын. Экономикалық реформаларды табысты жүргізудің нә­тижесінде Қазақстан бүгін “жаңа донорлар” мемлекеттері то­бына кіріп отыр. Мемлекеттік хат­шы бұған мысал ретінде Қазақ­станның Орталық Азия өңіріндегі елдерге, сондай-ақ Ауғанстанға көмек көрсетіп жатқанын келтірді. 21 қыркүйек, сейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессия­сының аясында Ислам Конферен­циясы Ұйымы “үштігінің” кездесуі болды. Оған 2011 жылдың шіл­де­сінен бастап Қазақстан Респуб­ли­касы төрағалық ететіндіктен, Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қаты­сып, әріптестерімен климат өзге­рістері, кедейшілікпен күрес, дін­аралық келісім және Ауғанстанды әскери қимылдардан кейін тұрақ­тандыру мәселелерін талқылады. БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясындағы Мыңжылдық даму мақсаттары жөніндегі жоғары дең­гейдегі отырыс шеңберінде Қазақ­станның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаев бірқатар екіжақты және көпжақты кездесулер өткізді. Өзбекстан Президенті Ислам Каримов пен Қырғыз Республика­сының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаевамен әңгіме бары­сында Қазақстан сыртқы саяси ве­домствосының басшысы аймақтағы жағдай мен Қырғызстандағы жағ­дай­ды реттеуде әрі қарай халық­аралық қатысудың болашағын талқыға салды. Екіжақты және көп­жақты деңгейдегі ынтымақ­тастық мәселелері Қ.Саудабаевтың Германия Канцлері Ангела Меркельмен кез­десуі барысында қозғалды. Осы күні АҚШ Президенті Барак Обама сөз сөйледі. Ол Ирак­тан АҚШ әскерінің шығарылып жатқанына, Ауғаныстанды тұрақ­тандыруға, Иранның ядролық бағдарламасына және Израиль мен Палестина арасындағы жанжалды реттеу мәселесіне тоқталды. Сәрсенбі, 22 қыркүйекте Қа­зақстан Республикасының Мемле­кет­тік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев Литва Сыртқы істер министрі А.Адж­буниспен, Грузия Сыртқы істер министрі Г.Вашадзе­мен, Фин­ляндияның Сыртқы істер министрі Стуббен, Чехияның Сыртқы істер министрі К.Шварценбергпен және Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Ульям Хейгпен екіжақты кездесулер өткізді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Нью-Йорктен.