• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2010

Айтылмаған әңгіме

760 рет
көрсетілді

Мен Баукеңді осыдан 50 жыл бұрын көрген адаммын. Оған дейін ол кісі туралы жазушы Александр Бектің “Волоколамское шоссе” және өзінің 1951 жылы Калинин қаласында басылған “Наша семья” кітаптарын орыс тілінде оқыған едім. 1960 жылы сәуір айының соңғы күні-тін. Студентпін. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетінің деканы И.Сәтпаев 2 курс қыз-жігіттерін аудиторияға жинап алды да әңгімесін айтты. Одан ұққанымыз: осы институттың ректоры, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин факультет декандарын жиып алып, Жеңістің 15 жылдық мерекесі қарсаңында атақты батыр аға Бауыржан Момышұлын институт студеттерімен кездесуге шақырыпты. Ол кісі бұл өтінішті қабыл алып, 5 мамыр – баспасөз күні келетінін хабарлапты. Декан И.Сәтпаев осы әңгімеден кейін мені өз кабинетіне ертіп барды. Онда біздің факультеттің тағы үш студенті тұр екен. Сол жерде ол кісі: “Бізге Мәлік Ғабдулиннің тапсырғаны мынау. Кездесу аяқталған соң институттың 15 оқу озаты Баукеңмен суретке түседі. Солардың тізімін декандарға дайындауды және Баукеңнің қасында қатаң тәртіп сақтауды өтінді. Сыйлы адамның жанындағы орындарға талас болмас үшін кімдер жанына отырады, кімдер түрегеп тұрады, бәрі алдын ала белгіленеді екен. Тізімді проректор Б.Мадинге апарған соң ол кісі суретке түсетін студенттердің орындарын анықтайды”, – дегенді айтып, әңгімесін аяқтады. Содан төртеуміздің қуанышымызда шек болған жоқ. Алайда, үш күннен соң Б.Момышұлы кездесуге келе алмайтынын, өзінің орнына Совет Одағының Батыры Д.Морозды жіберетінін рек­то­рымыз Мәлік Ғабдуллинге хабарлапты. Іле-шала Баукең өзінің өте ты­ғыз бір шаруамен қолы босамайтынын, студенттерге айтатын, сөй­лей­тін ойының тезисін жазып, Мороздан беріп жіберетінін, оны инс­титут ректорының жиында оқып беруін сұраныпты деген әңгіме естідік. Сонымен, 5 мамыр күні Д.Морозбен кездесетін жиын өтті. Онда акт залдың жартысы бос тұрды. Мәлік Ғабдуллин болған жоқ. Проректор Б.Мадин Жеңістің 15 жылдығына арналған жиынды ашып, студенттерді институт ректоры, партбюро, кәсіподақ атынан құттықтап сөз сөйлеген соң Б.Момышұлының сәлем хатын өзі оқып берді. Ел дуылдап қол соқты. Бұдан соң сөз Совет Одағының батыры, запастағы полковник Д.Морозға берілді. Ол Б.Момышұлының сәлемін әкелгені туралы және өзінің Берлиндегі ұрысқа қалай қатысқаны туралы әңгімесін айтты. Ешкім сұрақ қоймады. Жиын соңында алдын ала белгіленген тәртіп бойынша Д.Морозды ортаға алып суретке түстік. 8 мамыр күні жоғарғы курс студенті И.Әбдіғұлов біздің бөлмеге келіп: “Ел айтып жүр, біраз студенттердің газетке суреттері шығыпты, ішінде сен де барсың” – деді. “Қай газетте?” – деймін. “Социалистік Қазақстанда”, – деді ол. Жатақхана түбіндегі киоскіге барып газетті қарасам, “Совет халқы – жеңімпаз халық!” деген жалпы тақырыппен біздің жиында оқылған запастағы гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының “Мейрамың құтты болсын, отандастарымыз!” атты және Д.Мороздың “Жеңіс мейрамы” деген сөздері басылыпты. “Социалистік Қазақстанның” осы нөмірінің бес данасын сатып алдым. Газетке басылған біздің суретімізді түсірген фототілші Б.Тілекметов екен. Арада аз күн өтті. Маусым айындағы жазғы сессияға дайындалу үшін Комсомол көшесіндегі Пушкин кітапханасына барғанмын. Академик О.Жәутіковтің “Математикалық анализ курсы” деген қазақша кітабын кітапханадан қолы жеткендер ғана алып оқитын. Ертерек бармасаң бұл оқулық жетпейді. Түс мезгілінде екінші қабаттағы оқу залының іші абыр-сабыр болды да қалды. Одан біреулер шығып, біреулер кіріп жатты. Бір кезде залдың шығыс жағындағы төрге қойылған ұзын столға қызыл барқыт мата жабылды. Оның сол жағына трибуна қойылды. Бұл стол айналасына қойылған орындықтарға жазушылар келіп отыра бастады. Ғ.Орманов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов және тағы бір кісі бар. Сәлден соң жазушылардың бірі орнынан тұрып: “Жолдастар, қымбатты оқырмандар! Қазақ халқы мен Үндістан халықтарының арасында мәдени байланыс орнағанын баспасөзден білетін боларсыздар. Үнді халқының прогресшіл бағыттағы Рабиндранат Тагор деген ұлы жазушысы болған. Алдымызда сол кісінің 100 жылдығы келе жатыр. Осы Рабиндранат Тагордың өмірі мен творчествосы туралы баяндама жасау үшін Бауыржан Момышұлына сөз беріледі”, – деп орнына отырды. Мен Баукеңді іздеумен болдым. Президиумда жоқ. Бір кезде қарсы беттегі алдыңғы орындықтан бір кісі орнынан тұрып, трибунаға беттеді. Ағамыз трибунаға барып, қағаздарын реттеп алды да баяндамасын қазақша оқи бастады. Көзім Баукеңде. Төмен, қағазға қараған жүзін анық көрмесем де даусы ашық, қазақтың әр сөзіне дауыс екпінін қоя білетінін ұқтым. Бір сөзбен айтқанда дикциясы өте жақсы екен. Баяндаманың оқылғанына біраз уақыт өтті. Баукең әлі басын көтеріп бет-жүзін залдағы көпке бұрып қарамады. Отырған көпшілік арасынан өзара сыбыр-күбір сөздер естіле бастады. Залдың жартысынан көбі орыс және басқа ұлт өкілдері еді. Біраздан соң байқаймын, зал іші баяндаманы тыңдаудан қалды. Сол кезде Баукең баяндамасын оқымай, тоқтап тұрып, елге басын көтеріп қарады. Осы кезде жүзін анық көрдім. Қысқа қырқылған шашы тікірейіп тұр, мұрт жоқ. Көз жанары ашық, кірпік қақпай көпке қарап тұрды. Бірақ сөйлеген жоқ. Осы тұста залдың ырду-дырдуы сәл басылғандай болды. Баукең баяндамасын оқуға қайта кірісіп кетті. Алайда біраз уақыт өткен соң залдағы гу-гу қайта басталды. Менің екі көзім Баукеңде. Бір кезде ағамыз баяндамасын үзіп, дауыстап: “Уважаемые члены президиума!” – деді. Президиумда отырған жазушылар да өзара күбірлерін тоқтатып, бәрі Бауыржанға қарады. Ол кісі: “В этом зале, оказывается, есть люди, которые меня не знают. Я гвардии полковник Советской Армии в отставке, участник Великой Отечественной войны. Хотя при себя не ношу оружие. Но! В моем лексиконе есть могучее оружие, которое можно применить к ним: “көр-ген-сіз”, не уважающие ни себя, ни старших!” – деді. Зал іші тым-тырыс болды да қалды. Баукең орыс тілінде сөйлей білетінінде ерекше бір күш, әсер бар ма деп қалдым. Ағамыздың осы әсерлі сөздері өзінің көпке қарап тұрып сұсты келбетімен дәл қабысып жатқаны сондай, бойыма тоқ жүріп өткендей маған қатты әсер етті. Бұрынғы педагогикада “мұғалім сабақ үстінде дауысты қоя білу керек” деген ой тұжырымы бар еді. Баукеңді сондай педагог па деп ойлап қалдым. Маған ол кісінің “көр-ген-сіз” деген сөзді бөліп-бөліп, дауыстап айтқанда жеке біреуге арнап айтқанға ұқсағанымен, өзін де, басқаны да сыйлай білмейтіндердің әр қайсысына жеке-жеке айтқандай сезіндім. Мен Бауыржанның жеке біреуге, не көпшілікке арнап сөз сөйлеуінің өзінде бір ерекше сиқырлы күш бар ма деп қалдым. Содан бүкіл зал ішінде отырғандар қазыққа қағылғандай тым-тырыс болды да қалды. Арада шыбынның ұшқан ызыңы естілетіндей ғажайып тыныштық орнады. Баукең баяндамасын тағы оқуға кірісті. Сөз біткен соң жүргізуші: “Баяндамашыға сұрақ бар ма?” – деп еді, ешкім үн қатпады. Содан ел тарқай бастады. Баукеңнен көз жазып қалдым. Жоқ. Осы жиыннан кейін байқадым, залдың екінші қабатында көтерілетін қабырғада Рабиндранат Тагор туралы газет-журналдар, кітаптардан көрме ұйымдастырылған екен. Жасалған баяндамадағы әрбір қазақ сөзінің дауыс екпінін өз орнына қолданғанда айбынды, құдіретті, салмақты болатынына, оны басқаларға таныта білетін адам тек Бауыржан екеніне көзім жетті. Міне, осы көрініс 50 жылдан бері есімнен шықпай, соған таңқалумен келемін. Кейін білдік, Баукең осы баяндамасын Қазақ ССР Ғылым академиясында өткен бір жиында оқып, зиялылардан жақсы баға алыпты. Бауыржан Момышұлымен сол кітапханадағы кездесу туралы оның туғанына 100 жыл толу қарсаңында біреулер естелік жазып еске алар ма екен деп баспасөзді қадағалап жүрдім. Бірақ әзір ешкімнен сол жүздесу туралы ешқандай хабар-ошар болмады. Әдетте, Бауыржан Момышұлы жайлы көбінесе мемлекет қайраткерлері, жазушылар, ақындар тағы басқа кісілердің естеліктері жарияланып келеді. Ал 1960 жылғы осы кездесу туралы әзірге ешбір естелік жазылмады. Сондықтан 1963 жылдан бері үзбей жаздырып алып оқып келе жатқан еліміздің бас газетіне осы материалды ұсынуды жөн көрдім. Алматай ТӨЛТАЕВ, ҚР білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері. Тараз.