Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Б.Момышұлының өшпес ерлігі арқылы жастарды бірлік пен татулыққа тәрбиелеудің жолдары” деген тақырыпта хас батырдың туғанына 100 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алқалы бас қосуға келгендер алдымен қаладағы батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін режиссер Х.Омаров түсірген, “Қазақтың Бауыржаны” атты деректі фильмді көрді.
Конференцияны университет ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев жүргізіп отырды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, “Құрмет” орденің иегері, “Қаһарман” кітабы мен “Қазақтың Бауыржаны” атты деректі фильмнің авторы Смағұл Бақытбек қатысты. Әли Бектаев батырдың өнегелі өмірі жастар тәрбиесіне темірқазық екендігін айтса, Бәукеңнің өзі “жеке архивімді тек Мекемтасқа сеніп қалдырамын” деп баға берген ғалым Мекемтас Мырзахметұлы баяндамасының бір иінінде: “біздің жастарға жетпей жатқан бір нәрсе бар. Ол – ұлттық рух. Оның қайнар бұлағын Бауыржан Момышұлының еңбектерінен табуға болады”, деді. Көз майын тауысып, өзі бас болып құрастырып жатқан 45 томдық кітаптың дайын 30 томының алғашқы даналарын университет ректорына табыс етті.
Жиында Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шешуші айқаста ерліктің өшпес үлгісін көрсеткені, ол басқарған рота, батальон, дивизия жауынгерлері қаһармандығы жан-жақты дәлелдер мен алға тартылды.
“Егемен-ақпарат”.