Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев бастаған Сенат депутаттарының Бас прокуратура басшылығымен кездесуінде прокуратураның конституциялық нормаларды жүзеге асыру міндеттері туралы мәселелер талқыланды.
Бас прокуратура жұмысының басым бағыттары туралы депутаттарды хабардар еткен Қ.Мәми қадағалау қызметін жетілдіру, Құқықтық саясат тұжырымдамасы мен Президент Н.Назарбаевтың “Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары туралы” Жарлығын жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.
Комитет басшысы Б.Имашев сот және құқықтық реформалардың міндеттері аясындағы талқылаудың маңыздылығын және азаматтар құқықтарын мемлекеттік қорғаудағы, Конституцияның сақталуын мемлекеттік қадағалаудағы және елдегі заңдардың орындалуындағы прокуратураның рөлін атап өтті.
Кездесу барысында Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы А.Кравченко, ұсталған және қамауға алынғандардың, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеушілердің құқықтарын сақтаудағы заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы Н.Әбдіров депутаттардың сауалдарына жауап берді.