Талқылау тағылымы
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫН ДАМЫТУ ЖОЛЫНДА
Сенатта Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Бақберген Досманбетовтің төрағалық етуімен депутаттарының Қаржы министрлігінің, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агенттігі мен Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттік басшыларының кездесуінде халық үшін бағалы қағаздар нарығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз орталығы.
Талқылауды аша келіп Б.Досманбетов бұл қаржы мекемелерінің Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығын дамыту үдерістеріндегі рөлін атап өте келіп, халық үшін қаржы қызметінің жаңа салаларын енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Еліміздің жедел экономикалық дамуындағы басым бағыттары қатарында Президент Н.Назарбаев халықаралық сыныптағы қаржы секторын дамыту қажеттігі айтылған болатын. Биылғы жолдауда отандық қаржы нарығын 2020 жылға қарай ТМД мен Орталық Азиядағы өңірлік ислам банкингіне айналдыру туралы міндет қойылған болатын.
Сенатор атап өткендей, бағалы қағаздар нарығының қызметіне халықтың белсенді қатысуы оны дамытудың маңызды факторы болып табылады. Осыған байланысты ол банкілердің депозиттік белсенді қызметін қамтамасыз етіп, дамуына жеке тұлғалар ықпал еткен шетелдік қор нарықтарының табысты тәжірибелерін мысалға келтірді.
Осы секторды дамытуға бағытталған мемлекеттік шараларға қатысты Б.Досманбетов бағалы қағаздар нарығын нығайтуға ықпал ететін заңнама базасына назар аударды. Мәселен, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” және “Мемлекеттік қызмет туралы” заңдарға толықтырулар мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдарға шектеулерді алып тастауды және эмиссиялық бағалы қағаздардың акция және облигация секілді түрлерін, сондай-ақ ашық және инвестициялық пай қорлары пайын сатып алу және сатуды қарастырады.
Қор нарығына халықтың инвестициялық белсенділігін арттырудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысты сенатор халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауатын көтеру жөніндегі 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау, Қаржы министрлігінің жеке тұлғаларға арналған МАОКАМ-ның мемлекеттік облигациялары бойынша жұмыстарды атап өтті.
Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттіктің көмегімен 2008 жылы “Биржа” ұлттық ойыны табысты өтті, таяу күндерде осы агенттіктің тікелей қолдауымен “Жақсы инвестор” конкурсы басталды. Оны ұйымдастырушылардың ойынша, шара бағалы қағаздардың қазақстандық нарығында жеке тұлғалардың инвестициялық үлесін арттыруға ықпал етеді және бөлшектік инвесторлардың белсенді қызметі үшін ынталандыратын болады.
Кездесуде сөз алған Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау жөніндегі агенттігінің төрағасы Е.Бахмутова осы сектордың жағдайы туралы ақпаратты депутаттар назарына ұсынып, қор нарығын дамытуға кедергі болатын мәселелерді белгіледі.
Е.Бахмутованың пікірінше, қаржы нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруда құқықтық жағының маңызы зор. Осыған байланысты агенттік басшысы қаржы жүйесінің тұрақтылығы, ұжымдық инвестициялау және жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметі мәселелері жөнінде өзгерістер енгізілетін заңдарды атап өтті.
Кездесуде сондай-ақ Қаржы министрінің орынбасары Р.Даленов, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттік төрағасы Ә.Арыстанов сөз сөйледі және депутаттар сауалдарына жауап берді.
Қаржы секторының дамыту бағыттары, бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу және инфрақұрылымын одан әрі дамыту, халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауатын көтеру, эмитенттер мен бөлшектік инвесторларға жағдайды қалыптастыру жайында құрылым басшылары баяндады.
* **
Сайлаушы сапары
АРДАГЕРЛЕР МӘЖІЛІСТЕ БОЛДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан Астанаға арнайы келген соғыс және еңбек ардагерлері Мәжіліс үйінде болды. Оларды қарсы алған Парламент Мәжілісінің депутаты Сауырбай Есжанов заң шығарушылық қызметтің қыр-сыры туралы әңгімелеп берді.
40-қа жуық оңтүстік өңірден келген меймандардың арасында жастары 90-ға жуықтаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері де болды. Атап айтқанда, Курск доғасындағы сұрапыл шайқасқа қатысқан Жолдас Әлханов пен Сталинградты қорғауға қатысқан Әкімбай Жұмабаев бар. Сонымен қатар, бүгінде 80-нен асқан, соғыс жылдары ауыр жұмыс істеген еңбек ардагерлері Бөрібай Досанбаев пен Наурызбай Биқожаев және басқа да құрметті зейнеткерлер Парламент Мәжілісінің Үйін аралап, палатаның жалпы отырыс залында болды. Депутаттардың заңмен жұмыс істеу орындарымен танысты.
Депутат Сауырбай Есжанов оңтүстік өңірден келген зейнеткерлерге Парламенттің құрылымы, заң шығару тәжірибесі туралы айтып берді. “Бүгінгі таңда Елбасының Жолдауынан туындайтын заңдар бірінші кезекте қабылданады. Сондай-ақ елімізді дамытуға бағытталған, елдің индустриялық-инновациялық жедел даму бағдарламасын іске асыруды көздейтін заң жобаларын қабылдау міндеті алдымызда тұр. Қазіргі уақытта депутаттар үш жылдық республикалық бюджет жоспарын қарауды бастады. Біздің мақсатымыз – халықтың жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалардың бюджет жоспарына көбірек енуіне, олардың орындалуына барынша атсалысу”, – деді депутат С.Есжанов.
Меймандар “Нұр Отан” партиясынан сайланған халық қалаулысына өздерінің өтініштері мен ризашылықтарын жеткізді. Төртінші парламенттік сессияның басталуымен құттықтап, сайлаушылардың сенімінен шыға беруіне тілек білдірді. Астананың ғажап көріністеріне сүйсіне қарағандарын айта келіп, тәуелсіз мемлекетіміздің келешекте өркендей беретініне сенімдері мол екенін айтты.
Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.
----------------------------------
Суретті түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ.
* * *
Депутат дауы
БЮДЖЕТТІ ПЫСЫҚТАЙМЫН ДЕП...
“БЮРОҒА” ТҮСКЕНДЕЙ БОЛДЫ
Кеңес Одағы жылдарында басқарушы қызметкерлердің қатты қорқатыны – істерінің аудандық немесе облыстық партия комитеті бюро мүшелерінің талқылауына түсу болатын. “Бюроға түссең, бұйралайды” деген сөз содан қалған...
Мәжілістің сәрсенбі күнгі жалпы отырысына 2010-2012 жылдарға арналған бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әкелген Қаржы министрі Болат Жәмішев те сол “бюроға” түскендей болды. Жазғы каникулдан жуырда ғана, әбден тыңайып келген депутаттар Жәмішевті алақандарына түкіргендей болып қарсы алды.
Заң жобасы туралы қазақша баяндаманы еңкілдеген екпінмен оқып беріп, осымен құтылған-ақ шығармын деген болуы керек, министр орнына арқасынан бір жүк ауып түскендей болып, барып отырған.
Енді баяндамасына қысқаша тоқтала кететін болсақ, алдымен онда 2010 жылғы бюджеттің түсімдері 3 трлн. 517 млрд. теңгені құрайтыны анықталғаны айтылды. Бұл қолданыстағы, бекітілген бюджеттің түсімімен салыстырғанда 139 млрд. теңгеге немесе 4,1 пайызға артық екен. Одан әрі министр қай баптардың түсімі қаншаға артатынына тоқталды. Соның ішінде мұнайдың бір баррелі 20 доллар деп бағаланғандықтан, осы саланың түсімі 78,6 млрд. теңгеге артатыны белгілі болды. Осыдан әрі ол көбіне-көп білікті экономистер ғана жақсы түсінетін салықтар ставкасының өзгеруіне байланысты қол жететін өсімдер туралы толық баяндап берді. Соның ішінде, әсіресе, қосымша құн салығының өзгеруіне байланысты өсімнің арта түскені белгілі болды.
Біздіңше, бұл мәселелер депутаттарды аса қызықтыра қойған жоқ, тек бюджет шығыстарына бөлінген қаражаттардың игерілмей қалған сомалары туралы айтыла бастағанда қозғалыс басталды. Игерілмей қалған қаражаттарды есепке ала келіп, бюджет шығыстарын 130 млрд. теңгеге қысқарту көзделіп отыр, деді министр. Одан әрі босаған қаражаттардың қандай басымды бағыттарға жұмсалатыны туралы баяндалды. Соның ішінде сүбелі үлес Алматы мен Астана қалаларын дамытуға кететіні белгілі болды.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышевтің қосымша баяндамасын тыңдаған соң дайындалып отырған депутаттар Б.Жәмішевке тап бергендей, сұрақтарын жаудырып жіберді. Алдымен суырылған В.Нехорошев болды. Ол 130 млрд. теңге секілді ұшы-қиырсыз дүниенің игерілмей қалу себебі неде, оған нақты кімдер кінәлі, оларға қандай жаза қолданылады? Мұндайларға қашанғы шыдауға болады, қатаң жазалар қолданылуы керек қой деп салды. Екінші сұрағында депутат мұнай экспортына салынатын салық көлемі неге 40-ақ доллар және оның өзін 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастаймыз. Неге біз Ресей секілді оны осы жылдың қарашасынан бастамаймыз? Мен осы сұрақты бұрын да қойған едім, маған біз артық соманы игере алмаймыз деген жауап берілді. Осындай жауап берген Үкіметтен біз ғаламат жетістік күте алмаймыз, тек өздері алапаттығын қойса екен, деді ол (Мы не ждем от правительства чудо, а ждем когда она перестанет чудит).
Үнемі ащы сұрақтар қоятын В.Нехорошевтің бұл сауалы министр үшін соншалықты қиын дүние көрінбеді. Ол алдымен бюджет қаражатын игере алмағандарға қандай жаза қолданылатынын алдағы уақытта сараптаймыз дегенмен құтылды. Ал игерілмеген 130 млрд.-тың ішінде 25 млрд. теңгесіне ғана тұшымды себеп айта алды. Ол “Батыс Қытай-Батыс Еуропа” жолына бөлінген қаражаттың үнемделуі екен. Біз 2007 жылғы параметрлермен жоспарлаған едік, одан бері құрылыс материалдары арзандап, бөлінген қаржаттың толық игерілмегені содан, деді министр. Екінші сұрақтағы 40 доллардың қайдан шыққаны туралы айтқанда, оның басқа салықтар салмағына үйлестіріле келе алынған сан екенін жеткізді.
Өзінің сұрағын депутат Мұхтар Тінікеев те игерілмеген 130 млрд. теңгені ауызға алудан бастады. Бұл біздің еліміздің тарихында бұрын-соңды болып көрмеген сан, деді ол. Жалпы, бұл депутаттың сөз саптауынан қаржы министріне деген наразылықтың жалыны есіп тұрды. Осынша қаражат игерілмей жатқанда еліміздің қаншама түкпірі ауыз суын ала алмай отыр. Былтыр Чиркалин суға 5 млрд. сұрап еді, бермедіңіздер. Енді 6 млрд. ұсынып отырсыздар, немене қыстыгүні құбыр тартып, оны қатырсын деп отырсыздар ма? Біз ұсынған жеті түзетудің бірі де қабылданбаған, тек Қаржы министрлігінің түзетулері ғана енгізілген. Тыңдалмаса парламенттің неменеге керегі бар? Әлде біз тек Қаржы министрлігінің әрекетсіздігін заңдастыру үшін отырмыз ба осы жерде?
Бұл сұрақтар нақты мәселеге арналмаса да Б.Жәмішев мырза оған өз білігінше жауаптар беруге тырысты. Бірақ олары депутаттарды қанағаттандырмағаны көрініп тұрды.
Депутат Серік Темірболатовтың сұрағы нақты мәселеге арналды. Ол Кеден одағы туралы келісімді ратификациялағанда сіз осы келісімнің арқасында бюджеттің кіріс бөлімінің түсімі 60 млрд. теңгеге артатынын айтып, тұрып алған едіңіз. Біз, міне, бюджет жобасынан сол 60 млрд.-ты таба алмай отырмыз, қайда сол сома? – деді ол. Оған министр бұл сома түсімнің өсімін көрсеткен 139 млрд. теңгенің ішінде, біз оны бөліп-жарып көрсеткен жоқ едік, деп жауап берді. Айта кететін жәйт, осы 60 млрд.-тің ізін басқа да кейбір депутаттар қайта-қайта сұрай берді.
Депутат Қ.Ыдырысовтың сұрағы да министрдің жауаптарының нақты еместігіне назар аударуға арналғандай болды. Қаржы және бюджет комитетінің отырысында бюджет жобасы қаралған кезде біз Қызылорда қаласында салынатын емханаға 267 млн. теңге бөлуді сұраған едік. Сол хатымызға: әзірге әкімдік тиісті құжаттарды тапсырмағандықтан, ол 2011 жылдың бюджетінде қаралады деген едіңіз, енді, міне, кестеде ол шығын жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады депсіз. Жауабыңыздың екі түрлі болу себебі не, деді ол. Күтпеген жерден министр бұл нақты мәселені жақсы білетін болып шықты, ол құрылыс салуға бөлінген қаражатты жергілікті билік мақсатсыз жұмсап, жабдықтар сатып алғанын, қазір осы іс тексерілу үстінде екендігін айтты. Ал құрылысқа қажетті сома болашақта қаралады, деді ол.
Айта кететін жәйт, кейбір депутаттар министрді кінәламай, жаймашуақ сұрақтар да беріп жатты. Мәселен, депутат Г.Есімбаева Кендірлі курортты аймағы жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға бөлінетін 100 млн. теңге қаражаттың жобаны іске асырушы Маңғыстау әкімдігіне емес, Туризм және спорт министрлігіне аударылу себебі неде екендігін, тағы бір депутаттар жаңа мектептер салу үшін әрбір жолы жобалық-сметалық құжаттар талап ете берудің себебі неде, олардың бәрі бір типті емес пе, сондықтан жоба жасауға үлкен шығын шығара бермей жасалған құжаттарды неге пайдаланбасқа деген тәрізді де сұрақтар қойды.
Тынши бастаған ахуалды депутат Ирак Елекеевтің сұрағы қайта толқытты. Ол сот шешімімен Үкіметтен төленуге тиісті соманың 4 млрд. теңгеге жеткеніне, ал бюджетте бұл шығынға бар болғаны 200 млн. теңге ғана қарастырылғанына назар аударып, осыған байланысты өзінің наразылығын білдірді. Және бұл соманың өзі қарапайым жандарға емес, “Миттал-Теміртау” АҚ сияқты алпауыт фирмаларға төлеуге арналған. Сонда біз қарапайым халықтың талабын қалай қанағаттандырамыз, соттың шешімін неге аяққа басамыз, деді ол. Одан әрі Әзірбайжан Мәмбетовтің Кеңсайдағы зиратының басына ескерткіш қоюға қаражат қарастырылғанын сынға алды. Біз ол кісіге көше атын берейік, көшесіне ескерткішін қояйық, ал зиратының басына белгіні туыстары қою керек емес пе? Осындай келеңсіз тәжірибе қайдан шықты, дей келіп, сөзінің соңында министр Б.Жәмішевке сенім көрсетпеу туралы мәселе көтерілуі қажеттігін ауызға алды.
Б.Жәмішев оның сұрақтарына аса толымды жауап бере алған жоқ. Ақырында депутат М.Тінікеев И.Елекеевтің ұсынысын іліп әкетіп, министрге сенім көрсетпеу туралы ұсыныс жасап, оны дауысқа қоюды талап етті. Мұндай ұсынысты депутаттар қолдай қоймайтын, бірақ бұл жолы бірден 20 депутат қолдап, Б.Жәмішевке сенімсіздік көрсететінін білдірді. Әйтеуір, көпшілік дауыспен министрге деген сенімсіздік қабылданбады. Сөйтіп, әупіріммен заң жобасы мақұлданып, Сенатқа кетті. Министр де әупіріммен орнында қалды.
Жақсыбай САМРАТ.
* * *
Елдестірмек – елшіден
ТӨРАҒАНЫҢ ЖОЛДАУЫН ТАПСЫРДЫ
Парламент Сенаты Аппаратының басшысы Мұрат Нұртілеуовтің Грузияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Паат Каландадземен кездесуінде Қазақстан мен Грузия парламентаралық ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.
М.Нұртілеуов грузин дипломатына Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Грузия жоғарғы өкілді органының басшысы Давид Бакрадзеге жолдауын тапсырды.
Жоғарғы палата басшысы екі ел Парламенттері арасындағы өзара іс-қимылдарды белсенділендіру туралы грузин әріптесінің бастамасын қолдап, парламенттік делегациялардың өзара сапар алмасу жайында қазақстандық тараптың әзірлігін қуаттады, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
* * *
Сізді не толғандырады?
ЕГІЗ ТАПҚАН АНАҒА ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ ҚАРАЛСА
2010 жылғы шілде-тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесу өткізгенде көтерілген мәселелердің бірі – егіз және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналар мен балаларды қолдау мәселесі.
Мысалы, Аягөз ауданы Айғыз ауылының тұрғыны Шынар Шаяхметова маған жазған хатында: “...егіз баланың анасына, егіз балаға Үкімет тарапынан ешқандай жағдай жасалмайды. Мен өзім 4 баланың анасымын. Тұңғыштарым егіз Айман мен Шолпан биыл 11-сыныпқа көшіп отыр. Қазір аяғым ауыр, бұл да егіз. Жүктілігіме байланысты демалысқа шығайын деп егіз балаға аяғы ауыр адамға қандай жеңілдік бар десем, ешқандай жеңілдік жоқ дейді. 2 баланы әйел 1 балаға қарағанда ұзағырақ және ауыр көтереді. Егер 1 балаға 1 жасқа дейін ақша төленсе, егіз балаға тым құрыса 1,5 жасқа дейін төленбейді. Егіз баланы өсіру өте ауыр... әйел адамның денсаулығы да қатты әлсірейді”, – деп жазған.
Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен ана мен баланы қолдау мақсатында, демографиялық жағдайды жақсарту үшін егіз және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналарға:
1) жүктілігіне және босануына байланысты демалыстың мерзімін қосымша 40 (қырық) күнге ұзартуды;
бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты тағайындалатын жәрдемақыны бір жарым жасқа дейін беруді, бала күтімі жөніндегі жәрдемақының мөлшерін әр балаға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындау мәселесін қарастыруды сұраймын.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Мәжіліс депутаты.
* **
Достық дәнекері
ГЕРМАНИЯ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева Германия Федеративтік Республикасының Федералдық еңбек және әлеуметтік мәселелер министрлігіндегі Парламенттік Мемлекеттік хатшы Ральф Браукзипе бастаған делегациямен кездесті.
Мәжілістің комитет төрайымы алдымен Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы жайында айтып, желтоқсан айында өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының саммитіне әзірліктер жасалып жатқанын мәлімдеді. Қазақстанның Германиядағы жылында өткізілген мәдени шараларға да тоқталды. Мәжіліс депутаты өз әріптесін әлемдік дағдарыстан халықты алып шығудың бір жолы болған “Жол картасы” мен комитет қоржынында жатқан “Көші-қон” заңы мен Еңбек кодексіне енгізілетін толықтырулар жайындағы заң жобалары туралы да хабарландырды.
Мейман өз кезегінде екіжақты парламентаралық байланыстар мен саяси, мәдени және экономикалық байланыстардың тұрақты да мазмұнды болып отырғаны жайында, Германияның Қазақстандағы жылында атқарылып жатқан шаралар жөнінде біраз әңгімеледі. Ресми сапармен жүрген депутат Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде болып, екіжақты ынтымақтастық туралы ортақ ниет мәлімдемесіне қол қойып, еңбек рыногындағы жағдай туралы және министрліктердің өзекті мақсаттары туралы ақпарат алмасатындарын жеткізді.
Кездесуге Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетер мен бірқатар Германия Парламентінің өкілдері қатысты.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.
* **
Мәссаған!
БҰЛ ҚАНДАЙ ИДЕОЛОГИЯ?
“Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды”, – депті баяғыда біреу. Айтайын дегеніміз, қазақ киносы тағы бір “шедеврмен” толықты. Әрине, тырнақшаның ішінде. Шедевріміздің аты да ат-ақ . “Жаным” деп аталады. Қазақша ойлайтын адамның қойған атауы емес екені анық. Сюжетінде сыра ішкен жалаңбұт қыз, зинақор әке, безбүйрек бала, жасқаншақ ана, бейәдеп әйел, ақымақтау әже, некудышный академик ата, қарындасымен көңілдес аға, арасында күлкіңді келтіріп, аянышыңды туғызатын мистикасымақ бірдеңелер.
Шынымен, біздің Қазақстанның қоғамы осындай ма? Осы киноны жасаған “майталмандарымыздың” маңында осындай бірен-саран еріккен, тойынған, тоғышарлар бәлки Алматыда бар шығар. Бірақ, олардың азғындаған өмір салтын бүкіл елге таңу кімге керек, несі орынды?
Кино сюжетіндегі ана баласын алдадым, деп бүкіл Батыс Қазақстанның егіні күйіп кеткеннен әрмен қайғырады. Енді біреуісі болмашы нәрсе үшін, Шығыс Қазақстанның барлық малы қырылып қалса олай қайғырмас. Қымбат мәшинеге мініп бозбала үйінен қашады. Қазақстандық геологияның корифейі интернетке кіруді қызынан үйренеді. Компьютерде әріп теру білмейтін ол қандай академик? Қысқасы, киномыздың бір сюжеті екіншісіне қайшы, шым-шытырық, шимайқотыр. Логика деген ұғыммен абсолютті түрде шатағы жоқ, кино емес, қойыртпақ, елді мазақтау, жұртты ақымақ қылу!
Қазақстандық көрермендер жақсы біледі, Ресейдің “Московская сага” деген телесериалы шықты. Бір әулеттің шежіресі арқылы, ел тарихын бейнелеген бұл фильм, бір әулеттің басына түскен нәубет арқылы елдің басына келген нәубетті жеке адамның трагедиясы арқылы тамаша баяндай білген. Бауырмалдық, қайсарлық, махаббат, психологиялық ширығулар, сатқындық, мейірім, өмір бұралаңдары бәрі-бәрі қандай шебер қамтылады. Тағылымы, тәрбиелік мәні зор, тарихи ақпаратты да сондай әсерлі бере білген. Неге осындай фильмдерден үлгі алмасқа? Ресейдің “Громовы” фильмі қандай? Мына кәрістің тарихи тақырыпта түсірген арзан фильміндегі патриоттық неге бізде жоқ?
Осыған орай, біріншіден, мемлекеттік телеарналарда көрсететін бұқара санасына әсер ететін кез келген кинотуынды, қандай да бір хабар болсын, бірлі-жарым БАҚ жетекшілерінің шешімімен емес, елдің зиялы қауымынан құралған көркемдік кеңестің сүзгісінен өтіп барып, жарық көруге тиіс. Әсіресе, прайм-тайм – ең ұтымды уақытқа қойылатын хабарларға ерекше назар аударылуы қажет деп ойлаймын. Екіншіден, осы киноға жұмсалған қаражаттың көлемі қанша? Үшіншіден, елдің санасына біз не құйып жатырмыз, ұрпаққа не тәрбие беріп жатырмыз? Алғашқы 7 сериясы мынау болса, алда тағы қандай пәле, не сұмдық күтіп тұрғанын құдай біледі.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: “Кино дегеніміз барлығы. Кино бұл – идеология, кино бұл – сауық, кино бұл – БАҚ, кино бұл – патриотизм. Біз – жас мемлекетпіз, әсіресе, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуіміз керек”, демеп пе еді. Ал бұл киноның ішінде қандай идеология бар? Қарындасы мен ағасының “көңілдестігі” идеология болып па? Я болмаса, академиктің түртінектеп компьютер тере алмай отырғандығы патриотизм болып па? Сыра ішкен жеңілтек қыз да сауық па екен? Сондықтан да осы кино мәселесіне қайта оралып, тиімді шешім қабылданса дұрыс болар еді.
Мәжіліс депутаттары: Б.ТІЛЕУХАН, С.ИБРАГИМОВ, Л. ХОЧИЕВА, Қ.УӘЛИ.