• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

Дүбірге толы дүние

431 рет
көрсетілді

ТӘЖІКСТАНДА ОППОЗИЦИЯ ҚАЙТА БАС КӨТЕРДІ Өткен жексенбіде тәжік оппозициясы қантөгіс әрекетімен өздерінің қайта оралғанын жария етті – олар Камароб шатқалында қарулы күштердің әскери колоннасына шабуыл жасап, оның құрамының жартысына жуығын қырып салды. Бұл Тә­жік­стан астанасы Ду­шанбенің шы­ғы­сындағы жүруге қиындау таулы аймақта болды. Шабуылдың же­рін анық­тауына, ұйым­да­стыруына қарағанда, оппозицияның бұған мұқият әзірленгенін және дайындықтары да айтарлықтай күшті екенін аңғаруға болғандай. Ресми мәлімдеулерге қарағанда, 23 адам қаза тауып, 20 адам із-түссіз жоғалған көрінеді. Қазір бұл қанды әрекеттерді бұрынғы дала командирлері Абдулло Рахимов, яғни Молло Аб­дулло, Алауитдин Давлатов­тардың адамдары жасады деп отыр. Бұлар туралы да айта кеткен жөн шығар. Тәжік оппозициясы сонау тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарында Эмомали Рахмонды билікке әкел­ген Халық майданымен айтар­лықтай күресіп, ақыр соңында 1997 жылы Мәскеуде қарулы күресті тоқтатуға келіскен болатын және оның өкілдері үкімет құрамына да кірген. Бірақ оппо­зицияның бір бөлігі оған келіспей, қарулы күресін жалғастырған. Оны Рахимов пен Давлатов басқарды. Кейін үкімет күштерінің ығысты­руымен олар Ауғанстанға, содан соң Пәкстанға ойысқан болатын. Абдулло Рахимов пен оның жақ­тастарының былтыр елдің Тавильдар ауданына оралғаны анық­талды. Тіпті өткен аптаның ор­тасында президент Рахмон әлеуетті күштер басшыларын олармен келіссөз жүргізуге жіберді. Бірақ одан оң нәтиже болма­ған­дай. Рас, үкімет күштеріне қарсы әскери лаңкестік әрекеттерді олар өз мойындарына алып отырған жоқ. Ал басқалар жасады-ау дегенде, осы айдың басында Ходжанд қа­ласында жасалған лаңкестік әрекет көңілге оралады. Сонда жанкешті лаңкестің өзін-өзі жа­руынан екі милиционер қаза тапқан еді. Сол әрекетті бұрын белгісіз болып келген “Джамаат Ансаруллаһ” деген топ біз жасадық десе де, ол­арға көңіл бұрмайды. Оның есесіне біраз жұрт Өзбекстан ислам қозғалысы (ӨИҚ) ұйымын еске ала­ды. Өйт-кені, олар­дың Ауған­стан, Пәк­стан ел­дерінде қолдау таппаған соң, Тәжікстанға келіп орныққаны белгілі. Бұл әре­кет­терді кім жасаса да, әйтеуір қазір елде оппо­зи­циялық көңіл күйдің біршама көтерілгені аңғарылады. Ал соңғы 4-5 жылда бұл елде айтарлықтай тұрақ­тылықты бұз­ғандай әрекет­тердің болмағанын айтқанымыз жөн. Сірә, енді ел тыныштығын бұзуды мақсат ететін күштер біршама әл жиғандай көрінеді. Бұған қазір елдегі біршама қиындықтар да себепші шығар. Қаржы тап­шылығы, құр­ғақ­­шылықтан азық-түлік тап­шы­лығы алқымнан алып тұр. Ал билікке қарсылар осындай сәтті таңдайды ғой. Радикалдық оппозицияны экстремистік исламистердің қол­дайтыны да анық. Есірткі биз­несіне де осынау аралық елдегі жағдайдың күрделі болғаны жақсы. Қырғыз еліндегі жағдайдың да бұған әсері болуы әбден мүмкін. Ал жақында ұлттық қауіпсіздік мекемесінің қамауынан 25 қылмыскердің қашып кетуі де сыртқы күштерге тікелей байла­нысты. Олар қашқанда, оппо­зициялық қарулы күштерге барып қосылуды ойлайтыны да даусыз. Осы жерде осыдан біраз бұрын президент Эмомали Рахмонның ата-аналарға шетелде діни оқу орындарында оқитын балаларыңды шақырып алыңдар, олар сырттан экстремизмді үйреніп келеді дегені, сондай-ақ хиджаб кимеңдер, біздің мемлекетіміз зайырлы дегені де елде айтарлықтай ықпалы бар исламистерге ұнамағаны. Пост-кеңестік кеңістікте исламдық партия тек осы елде ғана бар екенін де ұмытпаған жөн. Тәжікстанда қай жағынан алсаң да күрделі жағдай қалып­тасып отыр. Экономикалық қиын­дық жағадан алғанда, қарулы оппозиция етектен келіп жар­масты. Тәжік ағайындарға үлкен сын кезігіп тұр. ҰРЫЛАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ЖЕРДЕ ҰРЫ КӨБЕЙЕДІ Өткен аптада Ресейді шулатқан оқиға болды – Мәскеудің қақ ортасында осы елдегі ұрылардың бір көсемі Аслан Усоян (лақап аты Хасан ата) дегенге қастандық жасалып, оны қаланың ең бір беделді Боткин ауруханасына апарып жатқызыпты. Оны құқық қорғау орындары қорғауға алып, дәрігерлер оның жаны үшін жанталасып күресіп жатыр. Қылмыскерді қылмыскер атыпты, соны сөз етудің қажеті бар ма дер екінің бірі. Әңгіме сонда. Бәлкім, сол Мәскеуде бір белгілі қайраткерге қас­тандық жасалса, дәл осындай шу кө­терілуі екіталай. Ал “заңды ұры” саналатын Хасан ата дейтіннің жатқан жерін қор­ғауға Мәскеу милициясының бастығы Владимир Колокольцевтің өзі ке­ліп, түн қатып осында жүреді. Екі автобусқа тиелген ОМОН сар­баз­дарын айтпағанда, жиырма шақты жеңіл мәшинеге жайғасқан атақты ұрының өз жасақтары да күзетте. Мұның бәрі Хасан ата жатқан аурухананың сыртындағы жағдай. Ішіндегі тәртіп бұдан да күшті екен. Аурухананың бас дәрігерінен басқаның бәрі аяқтарын қия баса алмайтын көрінеді. Реанима­цияд­а­ғы дәрігерлердің бәрін тінтіп, тексеріп жібереді. Осыдан бір жыл бұрын тағы да бір “ұлы” ұры Вячеслав Иваньков (лақап аты Япончик) та осында жатқан екен. Сонда да бұл жерде әскери тәртіп орнапты. Оның жатқан палата­сын­да төрт автоматты адам тұрыпты, есігінің алдында үш, ал реанимация бөлімінің алдында тағы да төрт адам күзетіпті. Қылмыскерге осынша құрмет неліктен? Қарапайым халықтық қи­сынға салып, сол халықты қан қақ­сатып жүрген қылмыскерлердің “бірі өліп, бірі қалсын” деме­ген­мен, оларға осыншалық қамқорлық көрсетудің қажеті бар ма дер екінің бірі. Қылмыскерді құрметтеген жерде қасиет қала ма? Енді бұл оқиғаның қалай бол­ғанына келсек, Санкт-Петербургте “тіркелген” белгілі “заңды ұры” Аслан Усоян Мәскеуге баласы Нодаридің үйіне келгенде, оны көптен аңдып жүргендер дыбысы шықпайтын мылтықпен атып, ішінен жаралапты, ал оққағарын кеудесінен жараласа керек. Ми­лиция аяғынан тік көтерілген. Болжамға қарағанда, мұның барлығы – қылмыскерлердің өзара аймақ бөлісу әрекеттері. Сарап­шы­лардың айтуынша, Хасан атаның бас­ты жауы – “заңды ұры” Тариэл Ониа­ни (лақап аты Таро). Онымен 2006 жылдан бері қақ­тығыста екен. Өткен жылы өлген Япончиктің қаны да сол Онианидің мой­нында көрінеді. Биылғы жазда он жылға сотталса да, Онианидің құрығы ұзын. Хасан атаның көзі жойылса, Таро Ресейдей ұлы елдің қыл­мыс­тық дүниесіне билігін жүргізбек. Хасан атаның қарауында Ресейдің Мәскеу, Петербург қалалары, елдің орталық аймағы, Кавказ өңірі ғана емес, таяу шет елдер, тіпті алыс шет елдердегі қыл­­мыстық топтар бар екені айтылады. Хасан атаның жарасы тым қауіпті болмаса керек. Барын са­лып жатқан дәрігерлердің оны жа­зып шығатынына жұрттың күмәні жоқтай. Демек, бұл оқиғаның алда үлкен жалғасы болатынына да күмән келтірмейтіндей. Бізді бәрінен бұрын, әрине, осынау қылмыстық дүниеге ресми орындардың көзқарасы қызық­ты­рады. Қалайша қылмыстық дү­ниенің басшылары аяқтарын ал­шаң басып жүреді дейсің. Айталық, Хасан атаның бастамашылығымен 2008 жылы Сочиде “заңды ұры­лар­дың” саммиті өтіпті. Оған бүкіл бұ­рынғы КСРО кеңістігінен “де­легаттар” қатысқан, құқық орын­дарының көз алдында. Мұндай жерде қылмысқа жол ашық бол­ма­ғанда қайтеді?! Биыл ғана Ук­р­аи­нада қылмысы үшін ұсталған Хасан ата Ресейге қайтарылған екен, ал мұнда оны босатып жібере салған. Бұл оқиғалар, шет елде болса да, көрші елде болып жатыр. Қылмыскерлерге кеңшілік, оның көсемдеріне құрмет бізде жоқ па екен дейсің. Кейбір заң бұзу­шы­лардың тайраңдап жүргені жа­йында әңгімелер естіліп қалатыны бар. Қылмыскерлерге кеңшілік қайырымдылық көрінісі еместігін, қайта қылмысты қолдау екенін ешқашан да ұмытпағанымыз жөн. Мамадияр ЖАҚЫП.