• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

Табыстың қайнар көзі

1178 рет
көрсетілді

27 қыркүйек – Бүкіләлемдік туризм күні Туризм – көзін тапқанға елге көл-көсір табыс әкелетін, елдің дәулетін асырып қана қоймай, әлем қауым­дастығының алдындағы беделін өсіретін сала. Ал ертең осы саланың бүкіләлемдік деңгейдегі жылына бір келетін мерекесі аталып өтіледі. Осыған орай жақында біз Туризм және спорт министрі, Бүкіләлемдік туризм ұйымы Бас Ассамблеясының президенті Темірхан Досмұхам­бетовпен кездесіп, отандық туризмнің қазіргі жағдайы, оны дамыту жолдары туралы әңгімелескен едік. – 27 қыркүйекте Бүкіләлемдік туризм күні аталып өтеді. Оның мақсаты – әлем халықтарының арасындағы достық байланысты дамытып, туризмнің маңызы мен әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық мағынасына халық­­аралық маңыз беру. Осы орайда еліміздің туризмді дамытудағы қазіргі жағдайы қалай? Әңгімені осыдан бастасаңыз. – Елімізде туристік индустрия шикізатсыз саладағы ел экономи­касының дамуын анықтайтын мемлекеттік ұзақ мерзімді эконо­микалық басым бағыттардың бірі болып табылады. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың қазіргі жүргізіп келе жат­қан саясатының арқасында әлеу­меттік маңызды жаңғырулар, со­ның ішінде туризм индустриясын құрудың басым бағыттары қарқын алды. Мемлекет басшысы туризмді ел экономикасын әртараптан­дыруды қамтамасыз етуге арналған тұрақты дамудағы басым бағыт­тардың бірі ретінде қарастырады. Елімізде туризмді дамытудың негізгі мақсаты – заманауи, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік кешен құру. Оның базасында экономиканың секторы ретінде осы саланың дамуын қамтамасыз ететін жағдай тудырып, әлемдік туризм жүйесіне біртіндеп кірігу және туризм сала­сында халықаралық ынтымақ­тас­тықты әрі қарай дамыту көзделген. Қазақстан туризм күнін Бүкіл­әлемдік туризм ұйымына тұрақты мүше болған 1993 жылдан бері атап өтуде. Қазақстан осы ұйым­мен соңғы 17 жылдың ішінде ора­сан зор жұмыстар атқарды. Мем­ле­кеттік стратегияны табысты жоспарлаудың арқасында еліміз 31 мемлекеттің қатарында БТҰ-ның жоғары органы – Атқару ке­ңесінің құрамына енді. Міне, же­місті жұмыстың нәтижесі деп осы­дан бір жыл бұрын ұйымның Бас Ассамблеясының 18-сессиясы сынды маңызды оқиғаның былтыр күзде Астанада өткенін айтуға болады. Халықаралық ауқымдағы мұн­дай жиынның өтуі елдің туристік имиджін қалыптастырып және нығайтуға, елімізде туризмнің тұ­рақ­ты дамуының саяси, страте­гиялық және тиімді механизмін қалыптастыруда озық тәжірибе­лерді қолдануға игі әсерін тигізеді. БТҰ Бас Ассамблеясы ХVІІІ сессиясының шешіміне сәйкес, “Туризм және биоәралуандық” тақырыбына арналған 2010 жылғы Бүкіләлемдік туризм күнін өткі­зетін ел ретінде таңдау Қытайға түсті. Осы мерекеге байланысты не­гіз­гі салтанат Гуандун провин­ция­сында өтеді. Қы­­тай үкіметі ұйым­дас­тыратын бірқатар мәдени шараларға қоса Қы­­тай ұлттық ту­рис­тік әкімшілігі туризм ин­дустрия­сының мемлекеттік және жеке меншік секторының жетек­ші өкілдері бас қо­сатын мәжіліс өт­кізбекші. Бұл оты­рыста жер бетіндегі өмір мен ондағы өсімдік және жан-жануарлардың ға­жайып әлемін сақ­таудағы ту­ризмнің атқарар рөлі әңгі­меге арқау болмақ­шы. – Елімізде туризмді дамытудың мүмкіндіктері қаншалықты? Осы ба­ғытта қандай шаралар ат­қарылды? – Қазақстанда туризмнің тұ­рақ­ты дамуына қажетті ғаламат мүмкін­діктер мен табиғи ресурстар жет­кі­лікті. Біздің еліміз отандық турис­тік индустрияның қалыптасу үдерісін қарқынды жүргізуге батыл кірісті. Кейінгі оншақты жылдың ішінде туризм индустриясы еңсе­сін тіктеп, стандарттар мен сапаны ұдайы көтеруде және инновация мен бәсекеге қабілеттілік бағы­тында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Бүгінде заманауи үлгідегі отан­дық туристік индустрия қалып­тасуда. Министрлік бұл бағытта визаның құны мен оны ресімдеу мерзімін, авиатасымалдау тарифін төмендетуден бастап туристік ірі демалыс және ойын-сауық орта­лықтарын салуға дейінгі көптеген қадамдарды електен өткізіп, қайта қарап жатыр. Туризмді дамыту ісіне мем­лекеттік көптеген ведомстволар мен облыстық атқару органдары қызығушылық танытуы керек: неге десеңіз туризм қызмет көр­сету саласындағы орасан зор спектр­ді және түрлі саладағы өн­дірісті қамтиды. Әлемдік талаптар­дың бәріне жауап беретін дамыған туристік кешеннің жылдам пайда болуы үшін барлық қажетті жағдайларды жасау керек. Жергілікті билік туризмнің сол өңірдің гүлденуіне қомақты үлес қосатын қайнар көз боларын түсін­се, іс алға басады. Бұдан бө­лек, туристік қуатты орталықтар құру үшін мемлекет тарапынан, отандық және шетелдік инвес­торлардан капитал қажет болады. 2010 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен (53,0 млрд. теңге) са­лыс­тырғанда, туристік салаға деген инвестицияның көлемі 3 пайызға өсіп, 54,6 млрд. теңгені құрады. Бір қуанарлығы, әлемдік ту­рис­тік рынокта Азияға саяхат жа­сауға деген жоғары қызығушылық үрдісі пайда болған. Бұл жағдайды ескере отырып, республикада ең ал­дымен Қазақстанда қажетке жаратылған туристік өнім түрлері – танымдық, белсенді, шытырман және экологиялық туризм дами­тын болады. Мәдени, дәстүр сабақтастығы идеяларын паш етіп, уақыт пен ұрпақ байланысын көздің қара­шығындай сақтай отырып, Қазақ­стан әлемнің көптеген елдеріне жақсы таныс “Жібек жолы” жобасының дамуына мұрындық болды. Қазіргі таңда, табиғи мүмкін­шілігі бай біздің еліміз ұлттық туристік өнімінің қызықтылығы және экотуризмнің барлық түр­лерінің дамуы бойынша талай елдің назарын өзіне аударып отыр. Ендігі міндет – осы табиғи мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қалыптасқан экожүйенің табиғи тепе-теңдігін бұзбай, ұрпақ үшін табиғи мұраны сақтап, көбейте түсуге күш салуға тиіспіз. – Шетелдік сарапшылар елі­мізді қалай бағалап жүр? Туристерді Қазақстанға тартудың қандай жолдары бар? – Халықаралық сарапшылар атап өткендей, кейінгі жылдары Қазақстандағы туристік саланың дамуы үдемелі, жедел және тұрақ­ты деп сипатталады. Жақын жыл­дардың өзінде біздің еліміздің саяхат және туристік экономикасы ірі державалар деңгейіне көтерілуі мүмкін. Шетелдер Қазақстанды ту­ристік ғажап мүмкіндіктері бар, тұрақтылығы сенімге сызат түсір­мейтін ел ретінде қарастыра бастады. Бұдан басқа, шетелдік сарап­шылар қазақстандықтардың қо­нақ­­жайлығы мен қайырымдылы­ғына, табиғатының әралуанды­ғы­на, тарихы, мәдени және этностық алуан түрлілігі сынды бірегей ерекшеліктеріне ерекше назар аударып отыр. Президент Нұрсұлтан Назар­баев туризм саласы бойынша жа­қын болашақта әлемдегі бәсе­кеге қабілетті 50 елдің қатарына ену жөнінде жауапты міндет қойды. Бүгінгі күнде қазақстандық турис­тік кешеннің республика экономи­касын жаңғырту мен өсу ырғағын жеделдетуге мықты тетік бола ала­тынын түсінудің маңызы зор. Осыған байланысты және Мем­лекет басшысының былтырғы жылдың 18 маусымындағы “Қа­зақстан Республикасындағы мем­лекеттік жоспарлау жүйесі туралы” №827 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында біз 2009 жылдың 31 желтоқсанында Үкіметтің №2340 қаулысымен бекітілген Туризм және спорт министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған Страте­гиялық жоспарын жасадық. Биыл­ғы жылы Президенттің 2010 жыл­дың 19 наурызындағы №958 Жар­лығымен 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған, “Туристік сала” деген тарау енгізілген Үдемелі ин­дустрия­­лық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдар­ламасы (бұдан әрі – ҰИИДБ) бекі­тілді. ҰИИДБ-ға және Прези­дент­тің 2010 жыл­дың 1 ақпанындағы №922 Жарлы­ғымен бекітілген Қазақстан Республи­касының 2020 жылға дейінгі стра­тегиялық даму жос­парына сәйкес, 2010-2014 жыл­­дарда туристік индустрияны дамыту­дың перспективалы бағыт­тарын дамыту бағдарламасының жобасы жасалды. Биылғы жылдың 27 тамызында салалық бағдарлама жобасы Премьер-Министр Кәрім Мә­сімов­тің төрағалық етуімен өткен Қазақстан Республикасы Эконо­микасын жаңғырту мәселесі жө­нін­дегі мемлекеттік комис­сияның отырысында қаралып, аталған құжатты Үкіметке келі­сімге беру туралы шешім қабылданды. Аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында біз мем­лекеттік құрылымдармен қатар, жергілікті атқару орган­дарының, сонымен бірге, еліміздің барша туристік қоғам өкілдерінің іскер­лігіне, ізденісіне арқа сүйейтін боламыз. 2010 жылдың бірінші жарты­жылдығындағы сыртқы және ішкі туризмнің негізгі даму көрсет­кіштерінің тұрақты өсуіне қара­мас­тан, әлемдік дағдарыс ішкі туристік ағынға кері әсерін тигізді. Сонымен бірге, БТҰ халық­аралық сарапшыларының бол­жамы бойынша алдағы екі-үш жылда туризм өзінің тұрақты өсу ырғағына түседі және өңіраралық сапарлардың, оның ішінде Қазақстанға сырттан келушілер қатары 2020 жылға қарай өсе түспек. – Туризм саласының кәсіби мерекесіне байланысты қандай тілегіңіз бар? – Туристік индустрия өкілдері жылына бір рет келетін кәсіби мерекесін лайықты атап өтеді. Өңірлерде салтанатты жиындар, ғылыми семинарлар, туризмнің белсенді түрлері бойынша және демалыс күндері жорыққа шығу шаралары өткізіледі. Астанада туризм күніне байланысты 28-30 қыркүйек аралығында “Астана-демалыс” 7-ші халықаралық ту­рис­тік көрмесі ұйымдас­тырылады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзімнің әріптестерімді келе жатқан кәсіби мерекеміз – Бүкіләлемдік туризм күнімен құттықтаймын. Туристік сала­ның барлық қызметкер­леріне зор денсаулық, береке-бірлік және отандық туризмнің бола­шақта дамып, гүлдене беруі жолында шығармашылық табыс тілеймін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН.