• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

Бауыржан Момышұлы –­­­ 100

1818 рет
көрсетілді

Ер және Елбасы Кеше киелі Тараз төрінде қазақ­тың хас батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойы басталды. Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол баста­ған батырлар аз болған жоқ. Бірақ солардың бәрінен Бауыр­жан­ның орны да өзгеше, атағы да айрық­ша, тұғыры да биік. Себебі, Бауыр­жан қатысқан екін­ші дү­ниежүзілік соғыс адамзат та­рихына әлемнің 70-тен астам елі қатысқан ең алапат соғыс болып енді. Ол батылдық пен батыр­лық­тың ғана емес, әскери өнер, соғыс тактикасы, ақыл-ой мен білім-біліктің арпалысқан, бес құрлық пен төрт мұхитта адам­зат жан алысып, жан беріс­кен, жер жаһанды қамтыған ғаламат соғыс болды. Екінші дүниежүзілік соғыс тарих сахнасына жаңа тұрпат­тағы қолбасшыларды шығарды. Қаһарлы 41-жылдың қысын­да Кеңес Одағының астанасы — Мәскеу қаласына жау танкілері қол созым жер қалған сәтте бү­кіл дүние жүзінің назары әйгілі шаһарға ауды. Міне, осы кезде қазақтың құрыштай берік ұланы қайтпас қайсарлық пен қаһар­мандықтың үлгісін көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ оның есімі құр­лықтың алтыдан бірін қамтыған алып империяның шекарасынан асып, дүние жүзін шарлап кетті. Орыстың қабырғалы қаламгері А.Бектің “Волокалам тас жолы”, А.Кривицкийдің “Москва түбін­дегі тосқауылынан” бастап даңқ­ты қолбасшы-генералдар К.Га­лиц­кий, И.Чистяковтардың өзі қаһарман қазақтың ерлігі туралы тамсана, таңғала жазды. Бұл шығармалар, әсіресе А.Бектің  романы әлемнің алуан тілдеріне аударылып, мұхиттың арғы-бергі жағына Б.Момышұлының құ­рыш­тай берік құдіретті тұлғасы аңыз болып жайылды. Ол тіпті Куба көсемі Ф.Кастроның сүйік­ті кейіпкеріне айналды. Жаһандық соғысқа қатысқан жауынгерлер мен қолбасшылар еңбегі Кеңес Одағы тарапынан кем бағаланған жоқ. Олардың алды бір, екі, үш, тіпті төрт мәр­те Кеңес Одағының Батыры ата­ғын алды. Өкінішке орай, бұл қа­тарда Бауыржан Момышұлы болған жоқ. Жалғыз Бауыржан емес, Рейх­­стагқа бірінші болып жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қош­­қарбаев пен жаужүрек пар­тизан Қасым Қайсеновтің ерлігі де еленген жоқ. Халық әлдеқашан Батырлар­дың батыры деп таныған қазақ ерлерінің ерлігіне лайықты баға­ны ақырып сұрайтын билік ба­сындағылардың сөзі күңкіл-шүң­­кіл, қыбыр-сыбырдан аса алма­­ды. Ұлы Жеңіске тұп-тура 35 жыл толғанда Ғ.Мүсірепов бас­та­ған қазақтың бетке ұстар азамат­тары – екі мәрте Кеңес Одағы­ның Батыры Талғат Би­гелдинов, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Жа­зылбек Қуанышбаев, Социа­листік Еңбек Ерлері Ұл­ба­ла Алтайбаева, Зеркүл Күзер­бе­кова, тағы да басқалар Кеңес Одағы­ның басшысы Леонид Брежневке қазақтың қос батыры Бауыржан мен Рақымжанның жоғын жоқ­тап, хат жолдайды. Қашанда ақиқатты ту етіп көтерген майдангер жазушымыз Әзілхан Нұршайықов ағамыздың айтуынша, бұл хат Ғ.Мүсірепов ар­қылы Қазақстанның сол кез­дегі басшысы Д.Қонаевқа жет­кі­зіледі. Димаш ағамыз “Мен қол қой­сам, ресми болып кетеді. Өз­дерің-ақ жібере салғандарың жөн”, – деп шығарып салады. Апыр-ау, ерлерінің кеткен есе­сін ел басшысы ресми түрде сұ­рамағанда кім сұрауға тиіс?!. Өкінішке орай, Қазақстан ком­мунистерінің көсемі дәл сол жолы да, одан кейін де сан мәр­­те сәті түскен орайлы сәт­терде мұндай батылдыққа бара ал­майды. Осылайша аяулы Баукең көзі тірісінде Кеңес Одағы Батыры­ның Алтын жұлдызын кеудесіне жарқырата таға алмай дүниеден өтті. Заман алмасты, басшылар ауысты. Ел тілегі қа­был болып, 1989 жылдың мау­сы­мында Қа­зақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің тізгінін әлі елуге де толмаған Нұрсұлтан Назарбаев ұстады. Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқына сіңірген мың сан ерлігін реті келгенде әлі талай жазармыз, бірақ соның біреуін дәл бүгін айтпасақ, ақиқат сөздің атасы өлетіні анық. Ол былай болған еді. Сол кездегі Кеңес Одағы­ның басшысы Михаил Гор­ба­чев­ке Қазақстанның жас бас­шы­сы Бауыржан Момышұлына қырық бес жыл бойғы жасалған әділет­сіздікті ашына жеткізеді. Ол әл­де­қашан көмескі тартқан ескі тарихты қайта тірілтпеуді, егер Б.Момышұлына Батыр ата­ғы берілсе өзге республика­лар­дан мұн­дай өтініштердің қарша бо­райтынын айтып, келісім бер­­мейді. Сонда Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: – Менің халқым – мың өліп, мың тірілген халық. Әлі де кездесер қиындықтың кез кел­генін жеңетініне сенімім кәміл. Ал арқамызға қырық бес жыл аяздай батқан дәл мына әділет­сіздікке былай төзу мүмкін емес. Бауыржандай ұл­тына ұран болған ұлды тудырған менің халқым ер намысын жоғары қойған. Ендеше, Бауыржандай ердің намысы мен үшін бәрінен биік, – деп табандылық таны­та­ды. М.Горбачев бұл өтінішке келесі Жеңіс күніне қарай қайта оралу жөнінде қайыра ұсыныс жасайды. Келер Жеңіс күніне дейін қызыл империя тағдыры қалай болатынын жобалаған, қа­шанда қиядағыны көріп, қиян­да­ғыны болжай алатын Қазақ­станның кемеңгер басшысы: “Мен елге Жарлықпен қайтуға тас-түйін дайындықпен кел­дім”, – деп қайсар мінез таны­тады. Міне, осылайша, 1990 жылдың 12 желтоқсанында қа­зақ­тың даңқты перзенті Бауыр­жан Мо­мышұлына Кеңес Ода­ғының Батыры атағы берілді. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді дана халқымыз. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның шуақты нұр мен шұғылалы сырға толы осы бір ел жоғын, ел намысын іздеген ерлікке парапар еңбегін дәл бүгін ел есіне салғанды жөн көрдім. Әділетті басшы еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін 1995 жылы Қасым Қайсеновке, ал 1999 жылы Рақымжан Қош­қарбаевқа “Халық Қаһарманы” атағын беріп, бар қазақтың жүрегіне нұр шуағын төкті. Ел тәуелсіздігінің он тоғыз жылында әлемнің әр түкпірін шарлап, халқының жоғын, елі­нің намысын іздеп, ақырып теңдік сұраған арыстан жүрек азамат Елбасымызға Батырдың ғасырлық тойында “Әрдайым нұрыңыз тасысын, Нұр-аға” деген тілек айтамыз. Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД.