• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
25 Қыркүйек, 2010

Қыран қазақ

1195 рет
көрсетілді

Жұбан Молдағалиевтің “Мен – қазақпын” поэмасы “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясына арқау болуда Қазақтың өр рухты ақындарының бірі Жұбан Молдағалиев есімін ел-жұрты қалай ұлықтап жүр дегенге нақты мысал іздеп көретін болсақ, 80 жылдық мерейтойына орай Орал қаласында ақын құрметіне ескерткіш орнатылғанын, сондай-ақ №2 мектепке есімі берілгенін, облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы да ақын есімімен аталатынын, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жыл сайын “Жұбан оқулары” өтіп тұратынын мерейлене айтуға құқылымыз. Бүгін, міне ақынның жыр қанаты ерке Есілдің еміренген толқындарымен есіле қағылып, “Мен – қазақпын” поэмасы жастарды Отанды сүюге үндейтін намыстың найзағайындай жарқылдауда. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл жуықтаған белесте ұлттық рухты көтеретін, азаматтық қоғамды нығайтатын отты жырларды маздатуға елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана ұйытқы болып, поэтикалық марафонды бастап бергені әсерлі шыққан. Мұны әрмен қарай “Нұр Отан” ХДП жанындағы Астана филиалының “Жас Отан” жастар қанаты, С.Сейфуллин мұражайы жанындағы “Жас талап” поэтикалық клубы жалғастырып, олардың аяғы мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған залда Брайль жүйесі бойынша оқу мен жазу байқауына, “Мен – қазақпын” әдеби-сахналық композициясына, америкалық бұрышта ағылшын тілінде Ж.Молдағалиевтің шығармашылығына байланысты мектеп оқушылары мен колледж, жоо-ның студенттері арасындағы байқауға ұласуда. Ұлттық академиялық кітапханада “Бір ел – бір кітап” кітап экспозициясы ашылып, интернетті пайдаланушыларға “Жырымен ой тебіренткен ұрпағына” виртуальді көрме ұсынылды. Шара қорытындысында Фариза Оңғарсынова, Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов, Құныпия Алпысбаев, Владимир Гундарев, Жарасбай Сүлейменов сияқты әдебиеттің бір топ майталмандары қатысатын “Жұбан жыры: Рух пен бірлік жыршысы” дөңгелек үстел өтеді деп күтілуде. Білім беру мекемелері, әскери бөлімшелер тартылған республикалық акция барысында түрлі кездесулер, әңгімелесулер, дөңгелек үстелдер, оқу марафоны, көрмелер, жалпы бас-аяғы 700-ден аса шара өтетіні мәлім болып отыр. Дәстүрлі акцияны сөз еткен кезде екі түрлі мәселе қатты мазалайды. Кезінде “Қазақстан – ең көп оқитын ел” атанса, дәл қазір кітапты ең аз оқитын елге айналғаны шындық. Бұл – бір. Екіншіден, күнделікті өміріміз тікелей компьютерге тәуелді бола бастаған тұста кітапқа деген ықылас бұрынғыға қарағанда, бәсеңси түскені тағы да ащы ақиқат. Баяғыда қызық кітаптар қолдан қолға өткендіктен кейде, тіпті мұқабалары күн жеп қойғандай үлбіреп қалатын кездер болған. Қазір кітаптар беті ашылмаған күйі сөреде тұрып беттері сарғаяды. Келешекте кітап оқу деген мүлде жойылуы мүмкін, адамдар өздеріне керек деректі, материалды, немесе жазушының шығармаларын компьютерден алып оқитын болады деген әңгіменің де кейде басы қылтиып шығып қалып жататыны рас. Егер шынымен солай болса, онда неге басқа өркениет­ті елдерде кітап шығару мәдениеті әлі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр, әлемнің озық елдерінде интернеттің, компьютердің қарқынды дамуына қарамастан мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары оқулық кітаптарға жиірек жүгінеді деген сұрақ туады. Әбіш Кекіл­баевша айтқанда, “техника мәтіннің бәсекелесіне емес, қолғанат жәрдемшісіне ғана айналып отыр”. Қалам­гер ағамыз осы мәселеде Ральф К.Стегердің сөзін мысалға келтіру арқылы кітапты жұрттың не үшін оқитынын түйіндеуі түйсікке түсінікті. Стегер адамдар басылымдарды “үйренген әдет болғандық­тан, міндет санағандықтан, уақыт өткізу үшін, ағымдағы оқиғалардан хабардар болу үшін, сол кездегі сезімді қанағаттандыру үшін, күнделікті өмір талаптарына жауап беру үшін, қосалқы әуестерін және әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз ету үшін, өзін-өзі жетілдіріп, өзін-өзі дамыту үшін, жал­пы мәдени көзқарасын күшейту үшін, таза зерделік құштарлықтарын қандыру үшін,  өз рухани сұра­нысын өтеу үшін” оқитындығын дәлелдеген екен. Осы ретте Жұбан ақынның: “Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тіліммен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен күн түрілген. Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым өмірге, қайта келдім...”, –деген отты жыр шумақтарын ойға қайта оралтқымыз келеді. Көкірегі күнгейлі нәрге толмай адам қалай биік мұратқа жетпек. Осы рухпен жігерленген жанға жыр шумағының әсер етпеуі мүмкін емес. Ақын өзінің асқақ арманын өлеңмен өріп, туған халқының рухани көгінен шуақ шашар жыр ұр­ан­ға айналды. Бұл дастан күллі қазақтың на­мы­сын жанып, қайрат-жігерін оятатыны күмәнсіз. Оған шығарылған әннің алатын орны өз алдына бір төбе. Әуен тап бір өлеңнің сөзде­рі­нен қуат алып тұрғандай туған. Эстрада жұл­дызы Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы “Мен – қазақпын” бүгінде жастардың ең сүйіп тыңдайтын әніне айналуында осындай сыр жат­қа­­нын ұғасыз. Мәтін де, ән де жалынды рухқа толы. Әрнәрсенің айтылар кезі мен шертілер сазын уақыт тілі таңдаса, сүрер дәуірің де тап сондай ма деген ой келеді. Жұбан ақын үнінің бүгін тау­дан шыққан жаңғырықтай жайыла шығуы еріксіз осы ойға бой алдырады. Бүгін дала түгел балғын жырға бас иіп, батылдана бағыт түзеген. Шығарма қазіргі уақыт қаламынан туғандай шымыр. Өлеңді өшпес құндылық еткен Құдіреттің құйтақандай сыйының жанды баурап алар сыр-сиқыры неде? Ол кезең мен бұл кезеңді қалай салыстырарсың? Қоғамның үні де, өмірлік құндылықтар да өзгеріп жатыр. Бірақ адамның туып-өскен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілік сезімінен асқан басқа бір құдіреттің болуы екіталай ма деп қаласың. Жұбан ақын туған елін қалай сүйсе, бүгін ел де ақынына соншалық махаббат жылуын төгуде. Тайғара, Кеной, Жамбыл, Көктерек, Орда, Сарал­жын, Мұратсай, Жарсуат, Аралтал, тағысын тағы елді-мекендерде ақынның 90 жылдық мерейтойы­мен тұспа-тұс келген поэзиялық кештердің ғибра­ты ауыл жастары үшін ұшан-теңіз болғанын сезе­міз. Еліміздің барлық өңірлеріндегі кітапха­на­лар мен мектептерде де Жұбан оқулары дәл осындай қарқында өтсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау. Төрт жылдан бері өтіп келе жатқан “Бір ел – бір кітап” республикалық акциясының түпкі мақсаты да сол. Рухани құндылықтың баға жетпес байлық екенін санаға тоқыту. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.