Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті.
Алдағы аптада өтетін жалпы отырыста депутаттардың талқысына бірқатар халықаралық құжаттарды бекітуді көздейтін заң жобалары ұсынылатын болды. Сондай-ақ жалпы отырыста кейбір заңнамалық актілерге электрондық ақша мәселесіне қатысты толықтырулар енгізу туралы заң жобасымен жұмысты жалғастыру мәселесі қаралады.
Бюро отырысында “Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы” және еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы бойынша Мәжіліс пен Сенат арасындағы келісім комиссиясының ұсыныстары туралы және басқа да мәселелер қаралды.
“Егемен-ақпарат”.