• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2010

Ойы анық, бояуы қанық

1137 рет
көрсетілді

1976 жылдың аспанды қалың бұлт жайлаған, жаң­бырлы, назды да сазды қазан айы. Алматы қа­ла­сындағы Композиторлар үйінің шағын кон­церт­тік залында жас композитор Кеңес Дүй­секеевті КСРО Композиторлар одағының мү­ше­лігіне ұсы­ну­ға байланысты оның шығармалары тыңдалып, тал­қыланбақшы. Комиссия төрағасы – Сыдық Мұ­хамеджанов, хатшысы – осы жолдардың ав­торы. Мәселеге үлкен маңыз берілуі сондай, коми­ссия отырысына Ғазиза Жұбанова, Құдыс Қожа­мияров, Кенжебек Күмісбеков, Борис Ерзакович, Нағым Меңдіғалиев, Базарбай Жұманиязов, Ман­сұр Сағатов сынды тұлғалы суреткерлер шықырылды. Сыдық ағамыз комиссия отырысын бастай бергенде есікті біреу қақты. Есік ашылғанда, Шәмші Қалдаяқовтың жүзі жартылай көрініп, “Жолдастар, кіруге рұқсат па екен?” – деген сөзі естілді. “Ә, Шәмші, бүгінгі күннің Ақаны, Біржаны төрге шық, жайғас!” – деп Сыдық ағамыз ағынан жарылды. “Рахмет, Сықа!” – деп залдың босаға жа­ғы­на барып, жайғаса беріп: “Мен бүгін ұзын­құлақтан Кеңес Дүйсекеев деген інімнің музыкасы тыңдалады деген соң атымның басын күшпен бұрып келдім”, – деді ол. Бұл сөзі бәрімізге бұлт­тың арасынан сығалаған күн сәулесіндей әсер етіп, көңілімізді бір жадыратып тастады. Сыдық ағамыз қысқа да нұсқа сөзінде бүгінгі күні жас композиторлардың талантты бір тобы шыққанын, олар жоғары кәсіби білім алған, бесаспап өнерпаздар, соның маңдайалдысы Кеңес Дүйсекеев екенін айта келе, оның жаңа эстрадалық туындыларын мұқият тыңдап, пікір айтуға шақыр­ды. Кеңестің “Қазақфильм” студиясы түсірген кино­фильмге жазған музыкасы (Юрий Силантьев басқарған Бүкілодақтық радионың эстра­далық-сим­фониялық оркестрінің орын­дауында) және Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Ақжол Мейір­бековтің орындауларындағы “Қаракөз-айым”, “Еркеледің сен!”, “Сәлем саған, туған ел!”, “Дом­бы­ра туралы баллада”, тағы да басқа әндері тың­дал­ды. Бұған 40 минуттай уақыт кетті. Комиссия төрағасы дархан аға Сықаң: “Бүгінгі отырысқа атының басын күшпен бұрып, Шәмші Қалдаяқов келіп отыр. Бірінші сөзді соған берсек, қарсы бол­майсыңдар ғой?!” – деп залды бір сүзіп шықты да: “Ал Шәмші, алғашқы сөз сенде!” – деді. Шәмші сөзін алыстан бастады. “ХІІ ғасырда өмір сүрген Майқы би деген бабамыз айтқан екен: “Таздан жарғақбас туады, Кедейден малбақпас туады. Соқырдан көрмес туады, Сараңнан бермес туады!” – деп. Бүгінгі ән жазып жүрген компо­зитор бауырларымыздың басым көпшілігі, көңіл­дері­ңізге келсе де айтайын, осындай адамдардың ұрпағы сияқты. Мәні де, сәні де жоқ әлсіз, нәрсіз дүниелер. Жолдастар, біз Мұхиттың, Біржанның, Сегіз Серінің, Естайдың, Кененнің  ұрпақтары емеспіз бе?! Тың эпопеясы кезінде мына отырған классик Сыдық Мұ­хамеджанов ағамыз Қуандық Шаңғытбаевпен бір­лесіп, “Әйтеуір сол қыз бір сұлу”, “Тербеледі тың дала” әндерін жазса, біз – Жұ­ме­кен Нәжі­ме­денов екеуміз “Менің Қазақ­станым” деген дүние­ні тудыр­дық... Ал, Кеңес ініме келетін болсақ, байқай­мын, қара домбыра мен қобыздың қасиетті үнін, нақ­тылай айтсақ, Сыр өңірінің көне үнін бүгінгі эстрада гармониясымен әде­мі үйлестіріп, керемет сөйлетіп отыр. Мұндай жаңа әуен, оркестровкадағы күшті ұлттық үн мен бояу бірімізде де жоқ екенін мойын­дау керек, жол­дастар. Сырт қарағанда, ән шығару оңай сияқ­ты. Сондықтан болар, бүгінгі күні онымен Әбілахат айтпақшы, “до” мен “ре”-нің арасына такси жал­дайтын адамдар айналысып, нан тауып жүр. Олар композитор деген мамандықтың бағасын кетіріп, халықты әбден ығыр қылды. Мейлі, бола берсін, қанша тықпаласаң да тыңдарман олар­ды қабылда­майды. Кеңес бауырым, туындыларың­­ның әуені, ритмі, әсіресе, жастар аудиториясына ар­налған­дықтан, әр жаңа туындыңа үлкен жауап­кершілікпен қарап, оның мазмұн-тақырыбына мұқият болғай­сың. 4-5 жылдың ішінде әндерің халық арасына кеңінен тарады. Өзіңді, Кеңес айна­лайын, көріп, ән дүниесіне бізден кейінгі оқығаны мол талантты ұрпақ келгеніне қуанам. Композитор жақсы әнді күнде тудыра бермейді. Дұрыс ән тумаса, өзіңді-өзің күш­теме. Өз ісіңе берік болып, мақтаса – таспай­тын, тасса – аспайтын азамат бол деп батамды берсем Кеңеске қалай қарайсыз, Сыдық аға”,.. деген еді ол. Кеңес шын мәнінде бақытты адам, себебі композитор ретінде оған алғаш бағыт-бағдар сілтеген адам академик Ахмет Жұбановтың өзі болатын. Алматыдағы №2 эксперименталды мектеп-интернатының 7 сынып оқушысының әлі буыны қатпаған балаң шығармаларынан болашақ композитордың қуатты да шуақты үнін тану – көріпкел Ахаңа ғана біткен қасиет еді. Көне төлтума өнеріміздің тұнған жері Сыр бойы десек, Кеңес шығармашылығындағы осы қасиетті үн оның өзегі, жаны. Қазақтың талай дарынды ұлдарын (Нағым Меңдіғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Мәкәлім Қойшыбаев, Кенжебек Күмісбеков, Әбдімомын Желдібаев) үлкен өнер жолына қанат қақтырып, демеуші-қамқор болған абыз Ахмет Жұбановтың қолдауы – Кеңестің киелі шамшырағы болып, бар саналы өмірінде қотара-қопара еңбек етуіне күш берді. Ұлы Отан соғысынан кейін туған ұрпақ – Кеңестің замандастары. Олардың ішінде – Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев, Алмас Серкебаев, Төлеген Мұхамеджанов, Алтынбек Қо­раз­баев, Мұрат Құсайынов сынды бесаспап ком­позиторлар тобы. Бұлар арнайы композиторлық жоғары білімі бар, музыканың барлық саласында өздерін емін-еркін сезінетін кәсіби мамандар. Сондықтан бүгінгі күні Мұқан Төлебаев пен Ахмет Жұбанов бастаған алыптар тобының дәстүрі жіксіз жалғасты десек, артық айтпаған болармын. Кеңес үні басқаларға мүлде ұқсамайтын қазақтың ықылым замандағы интонациялық әуен ерекшелігі болып жетті. Оның отандық ән әлеміне әкелген мұндай сілкіністі жаңалығы бәрімізге бұлтты шаққан найзағайдай әсер етті десем, әсіре айтпаған болармын. “Қаракөз-айым”, “Еркеледің сен”, “Асыл ана”, “Сәлем саған, туған жер”, “Дом­­быра туралы баллада”, “Өкінбе сен”, “Ға­шық­тар жы­ры”, “Ойлайсың ба, жаным”, “Астана”, “Қош, аман бол, туған жер”, “Қазағымның күйлері-ай”, “Дастарқан”, “Өмір-өмір”, “Алғашқы махаббат”, т.б. туындылары осыған дәлел болып, өзінің төлтумалық қасиетімен айшықталып, ерекшеленеді. Кеңестің бұдан басқа шығармаларында да осы көрініс кеңінен, тереңінен өзінің жалғасын тапты. Яғ­ни, бұларда Алтын Орда, Дешті Қыпшақ зама­нындағы қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерінің ин­тона­циялық, екпіндік-ырғақтық, орындаушылық ерекше­ліктері үнемі бой көрсетіп отырады. Демек, көне эпикалық сарын мен тыл­сым лирикалық саз құстың қос қанатындай бірде самғап, бірде төмен құлдырап, қайта шапшып-шырқап, бітіспестей қақ­­тығысқа түсіп, ақыры кең құлашты, терең тыныс­ты мәң­гі тіршіліктің жасампаз гимнінде ғарыш кеңістігін шарлайды... Қақтығыстағы драматургия арқылы шығарма мазмұнын өрістету, ширату композитордың аспап­ты­қ-симфониялық туындыларында жиі қолда­нылатын әдіс. Бұл тұрғыда мен К. Дүйсекеевтің “Жалаңтөс батыр” симфониялық поэмасын жалпы қазақ композиторларының симфониялық музыка саласындағы қол жеткізген тамаша табысы дер едім. Онда Жалаңтөс Сейітқұлұлының ерен ерлігі, жасампаз еңбегі, жарқын бейнесі суреттеледі. Кеңес бойындағы Жаратқан ием берген асыл қасиет – алған бағытынан қайтпайтыны, қойған мақсатына жетпей тынбайтыны, шыққан биігіне тоқ­мейілсімейтіні, ойы мен ісі домбыраның қос шегіндей үндестікте болуы, шеберлігін үнемі ұштай білуі. Осының айғағы ретінде үлкен симфониялық оркестрге балаң жігіттің 1974 жылы жазған “Кон­церт-симфониясын”, 33 жылдан кейін, яғни 2007 жылы дүниеге келген “Астана” симфониясын са­лыс­тырсақ, композитордың өзіне қойған тала­бы­ның мейлінше биік те қатал екенін тану қиын емес. Кеңестің соңғы жылдары жазған әндері хас ше­бер­дің қолынан шыққан, шынайы көркем шы­ғармалар қатарындағы дүниелер. Мұнда компо­зитор қолтаңбасы біршама өзгеріске түскен: әндер тақырыбы мазмұн жағынан тереңдеп, әуен сазы сабырлылық пен парасаттылық тұғырында орын тепкен. Ендігі кезде композитор шығармалары адамның ішкі жан дүниесіне терең үңілуге, дербес Қа­зақ­станның рухани құндылықтарын, оның ішін­де жастарымыздың отансүйгіштік сезімін тәр­­биелеуге арналады десем, қателеспеген болар­мын. Бұл туындылар эфирден жиі беріліп, көрермен көңі­лінен берік орын алғанының куәсі болып жүрміз. Әншінің қанатын қатайтатын нәрсе – әрине, жақсы ән. Кәсіби дәрежесі биік, ұлттық бояуы анық та қанық Кеңес әндері бүгінгі эстрада жұл­дыз­дарының үш буын өкілдерін үлкен өнер жолы­на шығарды десем, еліміздің мәдени-рухани сала­сына бар күшіңді салып еңбек етіп, сол еңбегіңнің мәйегін туған халқың татып жатса, ел перзенті үшін бұдан артық бақыт болмас, сірә! Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор.