• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2010

Жыр ғұмыр мен Жұмекең

780 рет
көрсетілді

Осыдан елу жылдай бұрын ойлары ортақ, үндері үйлескен ақын Жұмекен мен сазгер Шәмші өз халқының жан тебіренісін берген “Менің Қазақстаным” сынды айтулы шығармаларын жұртқа ұсынғаны өзімізге белгілі. Бұл туынды өз алдымызға егемен ел болған заманда ұлт­тық рухымызды жаңғыртып Ән-ұраны­мыз­ға айналды. Бұл да болса біздің ха­лық­қа берген Алланың сыйы демеске ха­қы­мыз жоқ. Жұмекен ақынның үс­ті­міз­дегі жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­нылып отырған “Атамұра” баспа­сы­нан шыққан “Менің Қазақстаным” жи­нағына көңіл аударайық. Жалпы, “Ата­мұра” баспасы­ның талғамы биік бірегей баспа екені елге аян. Кі­тап­ты құрастыру­шылар да барынша ақын шығарма­лары­ның таза болмысын көр­сетуге тырысқан. Жұме­кен сияқты күрделі ақын­ның алып ауқымын қамту кім-кімге болсын оңайға соқпасы анық десем, онда қарағандылық заңгер Марат Азбанбаев деген азамат ақын­ның алғашқы еңбек еткен жері Қара­­ғанды шахталарының бірі болған­ды­ғын, оған қоса сондағы көр­кемөнер­паз­дар арасында өзінің дәулескер күй­шілігі­мен де өнерімізді төрге оздырғанын айтады. Енді ақын жинағына көз жүгіртейік. “Көкірегімнің үміті мен жүрегі Күй боп түлеп, күн боп шығып  күледі. Күн астында көк төбелер түледі, Менің елім, менің елім – гүл елі. Айтпағым бір ағыл-тегіл сыр еді – Шежіреңе ол өлең болып кіреді. Мендегі өнер сен деп өмір сүреді, Менің елім, менің елім – жыр елі! Қанат қомдап таң атқанда шығыстан Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан. Жүрегім бар, жүрегіңмен ұғысқан, Менің елім, менің елім – гүлстан! Бұл ақынның “Менің елім” деген алғашқы өлеңдерінің бірі. Осы жырдың өзінде ақындық жүректің елжіреуі ерек­ше болып тұрған жоқ па? Кәне, енді оның Алматыдай ғажап қалаға деген көңілінің көгершін жырын оқып көрелік. Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды  жел ескен, Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен. Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады, Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады. Айдалада ақ-боз мінген Алатау бір қас батыр Айналада тал-қайыңдар, тал-қайыңдар сапта тұр. Қызыл гүлдер “үзілдім дер” баяула жел, баяула, Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма? ...Тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде. ...Тас балқытқан талма түсте – балқимыз біз күнге ұқсап, Қызуынан алма пісті – айқасқанда мың құшақ. ...Жұлдыз көрмей, күндіз көрдім, күндіз көрем әрине, Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де... – дей келіп, жанымызды жұмақ жағалауын кезгендей рахатқа бөлейді. Әсем Алматының тұлғасын тұтас әлемге айналдырып жібереді. Ол аз болғандай енді келіп: ...Міне, біздің Алматы осы, алма төсі бұлтиып, Алма-төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп. Жүрші, жаным қыдырайық, неғы­ласың жалғыз қап, Алатаудың ақ қарынан әперейін  балмұздақ! – деп аяқтайды. Осы өлеңді алғаш оқығандар да, кейін оқығандар да, сөз жоқ, нағыз поэ­зияның не екендігіне көзі жетіп, табиғат­тың таза ауасымен дем алғандай бола­тыны екі бастан. Осындай жаратылыс­тың өз жүрегін жаратындай жыр жазған­мен Жұмекен ешқашанда масаттанып кеудесін көтеріп, біреулерге астамшылық жасаған жан емес. Адамзатқа қаншама қасіреті мен қуанышын сыйлап келе жатқан қара жер қандай болса, Жұмекен де дәл сондай көнтерлі жан болатын. Ол әрқашанда, өз тірлігінде адамзатқа жаса­латын құрмет, сол адамның жаратылы­сындағы үздік қасиетіне беріліп тұрса ғой шіркін, – дей­тін. Соған орай әр жы­ры­ның астарында шүкіршілік тағзымы басым жататын. Аяқ екеу, ақыл жалғыз, қатем мың – Барлығын да өмірге өзім әкелдім. Жігіт болдым. Анам байғұс соған мәз, Шақ болғанға киімдері әкемнің. Қайдан білсін, қайдан білсін ол менің Бар мәнімді мазасыздық жеңгенін. Қайдан білсін бар екенін талай жыл Шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың... Бұдан артық тағзым, бұдан артық шүкіршілік жыры болар ма?! Дүрмекке қосылмаған бір ақын болса, ол – осы Жұ­ме­кен еді. Бар масаттанғаны да, мар­қай­ғаны да езуінен елес беретін бір жағы мысқылға ұқсас, бір жағы шуақты тол­қынға ұқсас өзіндік бір кішкене иірімі болатын. Кейде өзі де тұтасымен сол өмір иіріміндей нүктеге айналып жүре беретін. Екі көз тұр – екі жұлдыз жанады, Бірін-бірі көріп тұрған жоқ бірақ. Ақ қағазға екі нүкте тамады, Бірін-бірі көріп тұрған жоқ бірақ. Екі нүкте көрер болса бір-бірін Қос нүкте емес, сызық болар еді ғой. Екі көзің көрер болса бір-бірін Бір басыңды бұзып болар еді ғой, – деген ол. Енді бірде “Шұбатылып жаза беру өнер ме, таусылмайды саған біткен күш неғып. Жарасады жалыны бар өлеңге, жақсылардың өміріндей қысқалық”, – деп тебіренеді. Иә, Жұмекен-ақынның тақырыптары қаншалықты әр қилы болғанмен, тоғыс­қан ойы топшылаған жерінен шығатын ондай жүйріктер саны тым аз. Сол аз топтың сыңары, биік шынары тағы осы  Жұмекен десек, ар­тық айтқан­дық емес. Ол өзінің шығар­машылы­ғының бір жартысын “Мен туған күн” таңда­малысымен қайырып тастаған ақын. Өз биігінен әсте түспей өтті. Таби­ғатта сан алуан бояу болуы мүмкін, ол тек жастық жы­рына жарасар. Ал жас­тықтан ел аға­сына бой ұрған Жұмекен сол көл-көсір бояу­дың көктегі жеті қарақшыдай жетеуін таңдап, оның өшпес өңін өмірдің қышқылтымын өз бояуына ұштастыра білді. Шуақты бейбітшіліктің ашық аспанын тіледі. “...Үндемейін, деп ем мен, үндемейін – Бүлкілдеп бара жатыр тіл көмейім: Судың жырын жырлайын күмбір етіп, Гүлдің жырын жырлайын үлбіретіп, Жалғыз сәтке, тым құрса, уа табиғат Қондыр мені бұтаңа бұлбұл етіп”, – деп келеді де енді бірде: “...Ұлы қала. Сөздеріңнің жұмсартып мағынасын, Моторға да май беріп жағынасың... Жиырмасыншы ғасыр ғой: Кейде бірақ Табиғаттың өз даусын сағынасың”, – дейді ақын. Бізде қазір сол табиғаттың өз дауысындай Жұмекен ақынды сағынып жүрміз. Дабыра құмар “мықтылардың” төбеңді оятындай қылығына налыған да осы Жұмекен, Мұқағали, басқа да тумысынан тұғыры мықты, текті ақын­дардың жырына шөлдейміз. Шөлдейміз де жырларын оқып, солығымызды басып, еріксізден: “...Ағаш егем, қаласам, қала салам: Мен ұқсаймын, Шуақ Күн, ауа, саған. Мен сенемін, ей, көктем, оңашада Мейірімділік жөнінен таласа алам”, – деп Жұмекен болып дем аламыз. Байқап тұрсақ, табиғат пен адамның тұтас бір дүние екенін үзіліссіз жырлаған Жұмекен Нәжімеденов міне, тағы да алдымыздан шықты, тек бұрынғыдан то­лысқан, егделенген. “Жаздағы жапы­рақ­қа үміт артпа, көңіліңді қалдырады”. “Мен – тамырмын, тараймын, топы­раққа, тамыр өссе – тек қана терең­дей­ді”. Немесе “Майдандардың мүге­дегін көп көрдік, бейбіт күннің мүгедегі қиын-ақ.” ...Мүгедектің басқа түрі көп өсті: Бір түрі оның жарамсақтар күлкілі, Күншілдер мен өсекшілер – бір түрі, Бықсық тірлік. Сен білесің бұл істі, Судан жылап жылға қуған жымысқы, – дейді ақын. Мүгедек – тамыр, жарам­сақ – жапырақ арбасып келіп, тағы да табиғат пен адамның жұп-жұмыр тұтас жанды бейнесін көз алдыңызға елестетеді. Ақынның қай қырынан көз салсақ та, оның озық ойы көш ілгері тұрады. Тағы Жұмекен жырына кезек берелік. “...Қашты біреу Батысқа ұзартам деп мұратын, Міне, міне, дәл соның салмағы жоқ бір атым, Басың сенің доп адам, О, домалан, домалан, Көкейінде көп алаң, Көрген күнің зобалаң, Табанының астында туған жері жоқ адам”, – Ойланыңызшы, ақын туған жеріңіз кіндігіңізден байлап тастаған жоқ па? Дәл солай. Немесе балықшылар жайлы “Тор” деген өлеңінде балық сорпасына тойған ақын”...түйе өлтіру – түк емес, түйдегімен өлтірудің қасында” деген өз ойына балықшы болып өзінше қарсы жауап береді. Сонда ақын: Сенбейді екен мына жұрт тоқ кісінің сөзіне, Халық қамын ойласақ – тоймай тұрыпойлайық, – деп ой түйіндейді. Ақынның бұл сөзі – жыр ғұмыр Жұмекеннің бүкіл болмысын көрсетіп тұрғаны анық. Оспан СЕЙФОЛЛА, ақын.