Климаттың өзгеруі жиырма бірінші ғасырдың үлкен қатерлерінің бірі. Қатер дейтін себебіміз, техногендік әсерлер салдарынан температураның көтерілуінен мұздықтар еру үстінде. Алайда климаттың жылыну жылдамдығы адамзаттың болашақта Табиғат-Анаға қаншалықты дұрыс қарап, ауаға түрлі қалдық газдар шығаратын кәсіпорындар қызметін шектеуіне байланысты болмақ. Осы орайда әлемнің көптеген елдері парниктік газдар шығарындыларын төмендетуге бағытталған міндеттемелерді жүзеге асыруда. Соның ішінде алдымен ауызға алынатыны – төмен көміртекті даму. Төмен көміртекті технологияларды жасап шығару мен қолдану, осы саясатты қолдау климат өзгерісін жұмсартуда маңызды ықпал ете алады.
Алдымен төмен көміртекті даму дегенге анықтама берейік. Ол – ауаға шығарылатын зиянды шығарындыларды мейлінше азайтып, жасыл дамуға көшу, қоршаған орта тұтастығын сақтай отырып алға даму. Бұл орайда не істеу қажет? Жуырда Астанада өткен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен еліміз Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің “ҚР стратегиялық жоспарға климаттың өзгеру мәселелерін біріктіру арқылы орнықты даму саласындағы әлеуетті арттыру” бірлескен жобасы шеңберінде өткен “Төмен көміртекті даму: стратегиялық тәсілдер және нақты шешімдер” атты конференцияда БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Стелиана Недера осы даму түріне қызығушылық танытқан елімізге алғысын жеткізе отырып, кеңінен әңгімелеп берді. Айта кету керек, соңғы онжылдық ішінде БҰҰ Даму бағдарламасы ел Үкіметіне ғаламшардың жылыну үдерісіне бейімделу және оның ықпалын жұмсартуда әріптестік танытып, стратегиялық жоспарлау әлеуетін жоғарылатуда, сараптамалық кеңес беруде қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы Қазақстан БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына және ұлттық деңгейдегі Киото хаттамасына қол қойды. Оны ратификациялаған еліміз хаттаманың бірден-бір негізгі талабы парниктік газдардың шығарындыларын қысқарту мен төмен көміртекті дамуды орындау бойынша белсенді қимылдай бастады. Орталық Азиядағы парниктік газдарды шығаратын елдердің бірі болып табылатын Қазақстан үшін төмен көміртекті экономикаға көшу тұрақты дамуда, дүниежүзілік қоғамдастыққа бірігуде қажетті қадам болып отыр.
Төмен көміртекті дамудың стратегиялық жоспарының негізін, тұжырымдамасын ұсынған аталмыш ұлттық конференцияда осы үлгіге көшудің негізгі тәсілдері талқыланды. Сонымен қатар, парниктік газдар эмиссиясының жобасы, энергетикалық сектордың шығарындыларды азайтудағы әлеуетіне баға беріліп, “жасыл” экономикаға көшудің негізгі әлеуметтік, экономикалық пайдалары мен салдарлары талқыланды. Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Е.Сәдуақасова бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталды. Вице-министр ел кәсіпорындарында энергия үнемдегіш технологияны ендіру үшін экономикалық ынталандыруды жасау мақсатында алдағы жылдан бастап парниктік газдарға ішкі квота саудасының жұмысын бастауды жоспарлап отырғандығын алға тартты. Қазіргі таңда оған қажетті заңнамалық база әзірленуде екен. БҰҰ ДБ-мен еліміз арасында бірлескен бірнеше жобалар бар. Соның бірі энергиялық тиімділік жобасы. Жоба шеңберінде жүргізілген бірқатар шаралар қорытындысында ғимараттардың жылу энергиясын тұтынуы 20-30%-ға дейін қысқарғандығы дәлелденген. Бұл энергия сақтауда үлкен үлес. Екінші, жел энергиясы саласын дамыту жөніндегі ел Үкіметі, БҰҰ ДБ және Жаһандық экологиялық қор арасындағы ортақ жоба. Жел әлеуетіне, желдік атласқа жүргізілген зерттеу Қазақстанда үлкен жел әлеуеті барлығын көрсетіп отыр.
Төмен көміртекті дамуға өту жобасының Қазақстан үшін салдары мен одан келетін әлеуметтік-экономикалық пайда қандай? Бұл сұраққа Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен БҰҰ ДБ жобасының ұлттық сарапшысы Г.Исмағұлова былай деп жауап береді. Төмен көміртекті даму үлгісіне өту шеңберінде 3 негізгі сценарий қарастырылған. Бірінші, базалық сценарий. Мұнда саяси қалыптасқан заңдылықтар ескеріледі де, міндетті жауапкершілік болмайды. Тек құжаттарда көрсетілгенді ғана орындайды. Екіншісі, 15-25 пайыздық міндеттемелік сценарий. Бұл парниктік газдарды шығарудың жалпы көлемі 2020 жылға қарай 1990 жылғы шығарындыларға қарағанда 15%-ға кемітілуі, сондай-ақ 2050 жылға қарай 25%-ға дейін жетуі. Үшіншісі, БҰҰ ДБ Киото хаттамасына қол қойған елдердің барлығы 1990 жылмен салыстырғанда парниктік газ шығарындыларын 90%-ға дейін төмендету. Елімізде парниктік газдарды шығарудың негізгі көзі электр энергетикасына тиесілі. Бүгінгі күні өндірілетін қуат 70%-ға, жылу жүйелері 40%-ға, электр жүйесі 60%-ға ескірген. Осылайша саланың негізгі қорларының ескіруі қауіпті деңгейден асып кеткен және болашақта үлкен инвестицияны қажет етеді. 2007 жылдан бастап Үкімет парниктік газдарды шығарудың ең үлкен көзі болып табылатын осы секторды жаңартуға жеке инвестиция жұмылдыру саясатын белсенді жүргізіп келеді. Электр энергетикасы саласын жаңарту жұмыстары да жүзеге асуда. Еліміз ІЖӨ-сінің энергияны көп қажет етуі аумақтың үлкендігі мен тұрғын халықтың аздығына, құбылмалы климаттық шарттарға, қосылған құны аз өнімдер өндіретін өнеркәсіп құрылымында энергияны көп қажет ететін сектор үлесінің көптігіне байланысты.
2050 жылға дейін парниктік газдарды шығаруды 1990 жылғы көрсеткіштен 90-95%-ға дейін төмендету сценарийі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізбек. Мысалы, өз қажетін өтеу үшін сырт елден электр энергиясын импорттауға мәжбүр болады. Немесе энергия өндіретін қуатты жаңалауға өте үлкен көлемде инвестиция қажет болады. Оны орындау мүмкіндігі жоқ болғандықтан төмен көміртекті даму үлгісі – парниктік газдарды шығарудың ең жоғарғы көлемін 2050 жылы 25%-ға дейін қысқартуды көздеп отыр. Ұлттық экономиканың барлық мүмкіндіктерін қолдана отырып, оған қол жеткізуіміз әбден ықтимал.
Еліміз атмосфераға парниктік газдарды шығаруды қысқартуға кіріспек екендігін жоғарыда айттық. Төмен көміртекті даму – мемлекеттің көміртекті өнімге тәуелділігін азайтып, бірінші кезекте энергетика жүйесінде, сондай-ақ технологияны енгізу, жаңғырмалы энергия көздерін дамыту түрінде көрініс таппақ. Қазақстан алдағы екі жыл ішінде ПГ шығаруға берілетін квоталарды кәсіпорындарға бөлетін болады. Кейбір салалар бойынша алғашқы ПГ қысқартулар 2013-2014 жылдары басталады. Осы қысқа уақыт аралығында еліміз 1 пайыздық ПГ қысқартуына қол жеткізеді деп болжанып отыр. Үшінші ұлттық жоспардағы квота бөлінісі еліміздің 2020 жылға дейінгі ПГ қысқартуын қамтамасыз етеді. Екі жеңілдікті кезең ішінде ел кәсіпорындары қаржылық ресурстарын, болашақ инвесторлармен және өндірушілермен ПГ шығаруды қысқартуда өз базаларын қалыптастырып үлгереді. Қазақстан биылғы жылдың аяғына дейін Чикаго климаттық биржасымен келісімге отырмақ. Бұл ПГ шығарудағы Қазақстан квотасы осы биржада сатылатын болады деген сөз. Келесі жылдан бастап Қазақстанның ПГ шығаруға арналған квотасын сатуда ішкі еркін көміртекті рыногы болады. Яғни ПГ-ны аз шығарған қазақстандық кәсіпорындар өз квоталарын кестеден қалып бара жатқан кәсіпорындарға сата алады. Сондай-ақ еліміз квотаны басқа елдерден сатып алып немесе сатуға шығара алады.
Жаһандық жылыну құбылысы шындығында да планетаның басты мәселесіне айналып тұр. Оның негізгі шешімі ретінде көрсетіліп жүрген төмен көміртекті даму адамзат үрейленетіндей нәрсе емес. Бірақ осындай даму үлгісіне көшу мәселесінің көтерілуі оның қаншалықты маңызды екендігін айғақтайды. Оны барша адамзаттың түсінуі қажет. Ерте ме, кеш пе әлем бұл мәселені күн тәртібіне қояды. Ал сол уақытта біз дайын болуымыз керек.
Осы орайда айта кетер бір жәйт, Астанада қыркүйектің 27-сі мен қазанның 2-сі аралығында Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің Қоршаған ортаны қорғау және дамыту министрлерінің 6-шы конференциясы өтеді деп күтілуде. Әр 5 жыл сайын өтетін бұл конференцияда орнықты даму жағдайына баға беру, қоршаған ортаның жаһандық қатерлеріне және аймақтық мәселелерге келісілген қимылдар ұстану, т.б мәселелер қаралатын болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.