• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2010

Мәтібұлақтағы бейбіт атыстар

569 рет
көрсетілді

ШЫҰ аясындағы “Бейбіт миссия-2010” жаттығулары шеберлікті шыңдауда Лаңкестікке қарсы халық­ара­лық “Бейбіт миссия-2010” бірлес­кен әскери жаттығу ойындарының белсенді  кезеңі “Мәтібұлақ” жал­пы әскери полигонында өткізілді. Қазақстан, Ресей, Қытай, Қыр­ғызстан, Тәжікстан мемлекеттері әскери құрамаларымен қатар, ҚР ІІМ-інің “Бүркіт” арнаулы отряды мен ҚР ҰҚК-нің “Арыстан” отря­ды да қатысқан әскери жа­т­ты­ғу­ларды ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тердің қорғаныс саласы басшы­лары қадағалады. Бұл іс-шараға 6,5 мыңнан астам әскерилердің қатысуы оның ауқым­дылығын айқын аңғартады. Соны­мен қатар, оған жауынгерлік ұшақ пен тікұшақтарды қоса есеп­тегенде 1,5 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техниканың тартылуы да көп нәрседен хабар берсе керек. Оларды Қазақстан, Ресей және Қытай мемлекеттері қосқан. Халықаралық бірлескен әскери жаттығулардың негізіне – бүгінгі таңда әлем назарын өзіне аударып, қоғамға үлкен қауіп төндіріп отыр­ған ең ірі жойқын қатерлердің бірі –  ұлтаралық, діни және өзге де шие­леністердің нәтижесінде ушығып, дүрбелең тудыратын күр­делі жағдай алынған. Сала бас­шы­ларының айтуынша, “Мәтібұлақ” жалпы әскери полигонында ұйым­дастырылған ірі жаттығу ойындары оған қатысушыларды, анығырақ айтқанда ШЫҰ-ға мүше мемле­кет­терінің қарулы күштері саласы ұжымын ұлтаралық, діни немесе басқа да шиеленістер тұтана қал­ған жағдайда, оны бірлесіп жоюға  көмектеспек. Біз сөз етіп отырған полигон­да­ғы лаңкестікке қарсы халықаралық “Бейбіт миссия-2010” жаттығу ой­ындарына енген төрт тактикалық оқи­ғаның, эпизодтың бірі түнгі уа­қытта өткізіледі деп жоспарланған. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қарулы күштерінің “Стрела-10” және “Игла” зениттік-ракеталық кешендері авиацияның талқандау алаңына еніп, әуе ша­буылы құралдарын жойып жібереді. Сондай-ақ, операция кезінде өз қарсыластарын жаңылыстырып, адастыруды ойластырған “Прима” реактивті дивизиясы өздерінің басты соққысының бағытын нақты көрсетпей, қарсыласынан басым түседі. Сөйтіп, әскери жаттығу­лар­дағы алдын ала ойластырылған оқиғалар осылай өрбіп, өзінің соңғы түйінді сәтіне де жетті. Халықаралық “Бейбіт миссия-2010” әскери жаттығулары ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер – Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қыр­ғыз­стан қарулы күштері басшылары тарапынан ойдағыдай бағаланды. Әскери жаттығулар аяқталғаннан кейін өткізілген брифингте сала бас­шылары шығып сөйлеп, өз ой­ларын ортаға салды. Брифингте ал­ғашқылардың бірі болып сөз алған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков “әс­керилердің өздеріне тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарағандығын” тілге тиек етті. – Халықаралық “Бейбіт мис­сия-2010” бірлескен әскери жатты­ғуларына қатысушы барлық жасақ­тар түгелдей дерлік өздеріне қой­ылған тапсырмаларды мүлтіксіз ор­ындап шықты. Бұл орайда атап ай­тарлығы және ең бастысы, халық­аралық жаттығулар қорытындысы ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің ау­мағында тұрақсыз жағдай қалып­тас­қан жағдайда оның алдын алуға, яғни оған тойтарыс беретіндей күш­тің бар екенін дәлелдеп шық­ты, – деді ол. ҚР Қорғаныс министрінің бұл пікірі оның әріптестері тарапынан да қолдау тапты. Ресей Федера­ция­сы Қорғаныс министрі Анатолий Сердюков, ҚХР Қорғаныс ми­нис­трі Лян Гуанле, Тәжістан Қарулы күштері Бас штабы бастығының ор­ынбасары Зариф Бобокалонов, Қыр­ғызстан Қорғаныс министрі Аби­билла Құдайбердиев және бас­қа­лар әскери жаттығу ойындары дең­гейінің талапқа сай екендігін атап айтты. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.  Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.