• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2010

Елбасы қабылдады

418 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Кәрім Мәсімовті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. К.Мәсімов Президентті Үкімет­тің ағымдағы жұмысы және еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның қорытындылары туралы хабардар етті. Премьер-Министр астық жинау науқаны іс жүзінде аяқталғанын баяндады. Он үш миллион тонна­дан астам астық жиналды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігінің барлық мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазақстандағы астықтың қоры 2011 жылдың 1 қазанына дейін жет­кілікті. – Егер келесі жылы астық түсімі төмен болған жағдайда да бізде барлық облыстарды қазіргі бар баға бойынша астықпен қамта­масыз ету үшін қажетті қор болады, – деп атап өтті К.Мәсімов. Президент Үкіметтің алдына Қазақстанның барлық өңірлерін астықпен қамтамасыз ету және астық жинау науқанын оңтайлы мерзімде аяқтау міндетін қойды. – Қалыптасқан жағдайдан қорытынды шығару маңызды. Осы ретте, қуаңшылықта осындай астық жинау мемлекеттің ауыл шаруашы­лығына зор көмек бергендігінің ар­қасында мүмкін болды. Жаңа тех­нологияны кеңінен қолдану керек. Ауыл шаруашылығын жаңа техникамен жарақтандыру, ылғал­ды сақтау технологиясын қолдану олардың келешегі зор екенін көрсетті, – деді Президент. Премьер-Министр астық экспортын реттеу туралы баян етті. Үкімет қазақстандық астықты өткізуге байланысты барлық мәселені пысықтап шықты. К.Мәсімов Мемлекет басшы­сын Қазақстанның үдемелі индус­триялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы да хабардар етті. Атап өтілгендей, ағымдағы жылы бағдарлама аясында қазірдің өзінде 72 ірі жоба табысты жұмыс істеуде, ал жылдың аяғына дейін тағы 72 жоба іске асатын болады. – Барлық 72 нысан Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілетініне сендіргім келеді, – деп атап көрсетті Премьер-Министр. Кездесу барысында шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі іс-шаралар туралы, құқық қорғау ор­ган­дарындағы реформалар барысы да, сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік қызметтегі аппаратты қысқарту туралы сөз болды. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Қ.Саудабаев Президентті БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысына қа­тысуының қорытындылары тура­лы хабардар етті. Ол БҰҰ Бас хат­шы­сы Пан Ги Мун БҰҰ Бас Ас­сам­блеясының аясындағы екі ірі шарада Нұрсұлтан Назарбаевқа жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әлемде ядролық қауіп-қатерді төмендетуге қосқан зор үлесі үшін үлкен алғысы мен ризашылығын біл­діргенін атап өтті. БҰҰ Бас хат­шы­сы жаппай қырып-жоятын қа­ру-жарақты әзірлеумен айналыса­тын ядролық мемлекеттер мен ел­дер­ді Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. Сонымен қатар мен Прези­дент­тің тапсырмасы бойынша бір­қатар мемлекеттердің көшбасшыла­ры­на он бір жылдық үзілістен кейін Астанада 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шы­ларының Саммитіне шақыруды тапсырдым. Шақыру алғыс сезім­мен қабылданды, еуропалық елдер көшбасшыларының көпшілігі осы жоғары халықаралық форумға өздерінің қатысатындықтарын қуат­тады. АҚШ Президенті Барак Обама біздің Мемлекетіміздің бас­шысына өзінің игі тілегін білдіріп, біздің елдеріміз арасындағы стра­тегиялық әріптестікті одан әрі нығайту және кеңейту жолын берік ұстанатынын жеткізді, – деді Қ.Саудабаев. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Ар-Намыс” (Қырғыз Республикасы) саяси партиясының төрағасы Феликс Куловты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу кезінде Қырғызстан­да­ғы жағдайды тұрақтандыру мәселесі және ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікті ны­ғайту саласындағы рөлі тал­қыланды. Кездесу аяқталғаннан кейін жур­налистерге арналған брифингте Ф.Кулов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасының Қырғызстандағы жағ­дай­ды реттеуге қосқан маңызды үле­сін айта келіп, Қазақстан Пре­зи­дентінің туыстас республикаға гуманитарлық және экономикалық көмек көрсету­дегі рөлін ерекше атап көрсетті.