• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2010

Ел дамуы елеулі жобаларға байланысты

556 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді Кеңес Одағының Батыры, көзінің тірісінде-ақ халық жүрегіндегі қалаулы қаһарманға айналған Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойының қуанышы көңілдерінде әлі басылмай жүрген жамбылдықтар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жамбыл өңіріне ат басын бұруын жақсылыққа жорыды. Елбасы “Әулиеата” әуежайынан бірден Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті саябағына келіп, қала тұрғын­дары­мен және облыстық ішкі істер депар­таментінің жас кадр­ларымен әңгіме­лес­­ті. Жамбыл облысы­ның әкімі Қанат Бо­зым­баев пен облыстық ішкі істер депар­т­а­менті­нің бастығы Бекет Баймағамбетов құ­қық қорғау мен тәртіп сақтаудағы атқары­лып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұдан кейін Тараз қаласындағы жүн өңдейтін фабрикада болып, осындағы топс шығара­тын цехты іске қосты. Топс деген тосындау сөзді қазақшаласақ – ол жүнді өңдеп, жіп, одан мата жасау үшін ұршыққа иіру үшін дайындалатын кәдімгі шүйке іспетті нәрсе. Қардай аппақ, мақтадай жұмсақ. Сапасы да өте жоғары. Бұл жоба облыстағы үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарла­масы аясын­да жүзеге асырылған. Жобаны жүзеге асыру осыдан екі жыл бұрын қолға алынды. Жалпы құны 1116 миллион теңге болады. Кәсіп­орынға 967 миллион теңге несиені “ҚазАгро” ұлттық басқару холдингі” АҚ беріп отыр. Ал қалған 167 миллион теңге фабрика иелерінің өз қаржысы. Осыдан кейін кәсіпорын басшылары тәуекелге бел байлап, 450 миллион теңгеге Франциядан жүн өңдейтін заманауи үлгідегі жабдықтар сатып алған. Цехта бір жылда 2000 тонна арқар-меринос қойының ақ жүні өңделіп, одан 800 тонна топс өндіріледі. Әлемдік рынокта тиянақтай өңделген жүнге деген сұраныс барлық уақытта да жоғары. Мысалы, Қазақстанда жылына шамамен 7 мың тонна жүн қырқылады. Ал фабриканың жылына 2 мың тонна топс, яғни шүйке өндіруге мүмкіндігі бар. Сон­дықтан “Тараз-ПОШ фабрикасы” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі келешекте Италия және Үндістан елдерімен бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр. Ол кәсіпорын мата өндірумен шұғылданатын болады. Қазірдің өзінде осында өндірілетін топс­қа тапсырыс берушілер көптеп табылуда. Қазір мұнда 100 адам жұмыс істейді. Өндіріс орны толығымен жұмыс істегенде тағы да 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмысшы­лар­дың орташа айлық жалақысы 35 мың теңге. Топс өндіретін цехты іске қосқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цехтың жұмыс үдері­сімен танысып, жұмысшылармен сөйлесіп, олардың фабрикадағы тыныс-тіршілігін білді. Елбасының Жамбыл облысындағы жұ­мыс сапары бүгін одан әрі жалғасады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.