Темір ауданында соңғы кездері әлеуметтік сала нысандарының құрылысын салу қарқын ала бастады. Мұны жұртшылық осы ауданның тізгінін ұстағанына көп уақыт бола қоймаған Б.Қаниевтің іскерлігімен сабақтастырады.Ол аудан аумағында жұмыс істейтін инвесторлармен ортақ тіл табысу арқылы өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпал етіп отырған көрінеді. Екі жылға жетер-жетпес уақытта ғана тоғыз бала бақша мен төрт клуб пайлалануға беріліп, халықтың игілігіне қызмет етуде. Жақында аудан орталығы Шұбарқұдық кентінде Елбасының “Балапан” бағдарламасы бойынша іске қосылған 75 орындық “Қарлығаш” балабақшасы балаларды ғана емес, олардың ата-аналарын қуанышқа бөледі. Оның да реті бар, бұрын орталықтан қашықтау тұратын ауыл жұртшылығы бөбектерін ит өлген жерге сүйреп әуреге түсетін, енді іргеден тәрбиешілеріне тапсырып, алаңсыз жұмыстарына аяңдайтын күнге де жетті. Бұл балабақша құрылысын төрт айда “Әлихан Ойл”жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып беріпті. Жаңа нысанның тұсаукесерінде сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев салтанатты сәтке жиналғандарды жаңа үлгідегі балабақшаның ашылуымен құттықтады, шараға қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Иран Әміров игі тілегін білдірді, еңбек және соғыс ардагері Айтбай Алмағамбетов батасын берді. Тағы бір салтанат осы бағдарлама аясында салынған 50 орындық “Гауһар” балабақшасы жаңадан пайдалануға берілген Темір қаласында да болды. Шүкір, Елбасының “Балапан” бағдарламасы осындай қарқынмен жүргізілсе, таяу уақыттарда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелерге орналастыру мәселесі түбегейлі шешімін табары сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.