• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Алыс аудан айшықтары

528 рет
көрсетілді

Пески ауылының оқушылары мектеп үйінің тарлығынан екі ауысымда оқып келді. Спорт залының болмауы дене қимылымен шынығуға қалыпты мүмкіндік бермейтін. Одақ ыдырар алдында жаңа мектеп үйінің іргетасы қаланып, одан әрі жалғас таппай қалды. Пескиліктердің көптен бергі арманы биыл ғана орындалды. Енді олар үшін қыркүйек айы ерекше. 800-ге тарта тұрғынның өтініш-тілектеріне орай болашақ білім ошағының жобасы “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына енгізіліп, республикалық бюджеттен жарты миллиард теңге қаржы бөлінді. 250 орынды 2 қабатты білім отауы небәрі бір жылдың ішінде бой көтеріп, ауылдың төріне орналасты. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Біләлов арнайы келіп, мектеп ұжымына “ГАЗель” көлігін тарту етті. Заманауи құрал-жабдықтар орнатылған сы­нып­тарды аралап көрді. Оқу-әдіс­темелік, мультимедиялық каби­неттер, спорт және акт залдары кең де жарық бөлмелерде орналасқан. 50 балаға лайықталған шағын орталық жұмыс істейді. Серік Сұлтанғазыұлы аудан орталығы – Новоишим кентінде болып, ипотекалық үй­дің қоныс тойына қатысты. Түрлі сала­лар­да еңбек етіп жүрген 12 мемлекеттік қызмет­шіге жайлы пәтерлердің кілтін табыс етті. Ғабит Мүсірепов – өңірдегі ең ірі астықты аудан. Жылда бітік егін өсіретін аймаққа жаздың қуаңшылығы өте-мөте әсер еткені бірден байқалады. Соған қарамастан, озық тәсілдерді, әсіресе, ылғал сақтайтын технологияларды қолданудың арқасында орташа өнім алынуда. С.Біләлов егіс танаптарын аралап, элеваторлардың астық қабылдау жайымен танысты. Диқандармен әңгіме барысында нан және нан өнімдері бағасын негізсіз өсіруге жол берілмейтінін, жер-жерлерде меморандумға қол қойылып жатқанын, тұрақтандыру қорына 600 мың тонна астық құю солтүстікқазақстандықтар үшін басты міндет екенін, мұның өзі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылатын сүбелі үлес болып табылатынын қадай айтып, жауапты науқанды қыркүйек­тің 10-ына дейін аяқтауды тапсырды. Ауданда жарыс көшін “Тұқым” ЖШС бастап келеді. Серіктестік басшысы Мекібай Кәрімовтің сөзіне қарағанда, науқан бел ортадан ауған. Өнімділік 18 центнерге жетеғабыл. Округ тұрғындарына жемшөп жеткізілгенін, картоп қазу жұмысы қоса атқарылып жатқанын мәлімдеді. Оның ізін өкшелей келе жатқан “Возвышен-СК” 11 мың гектар алқаптың 80 пайызын бас­тырып үлгіріпті. Серіктестік жетекшісі Әбдірахым Нұқаев қолда бар техниканың ораққа түгел жұмылдырылғанын, келер жыл үшін сапалы тұқым құйып алын­ғанын жеткізді.“Бірлік-Қазақстан”, “Арта­бақ” шаруа қожалықтары егін жинауды аяқтапты. Самат Тасмағанбетовтің жетек­шілігіндегі “Вест” шаруашылығы соңғы дестелерді бастыруға қызу кіріскен. Ново­и­шимдегі “Әліби-Астық” ЖШС-не қарас­ты элеватор биыл іске қосылыпты. Сы­йым­дылығы 20 мың тоннаны құрайды. Астық қабылдау пункті қарбаласқа толы. –Бар күш-жігер 622 мың гектар алқаптың астығын ысырапсыз жинап алуға жұмылдырылған. Жаздың аптап ыстығы мен қуаңшылығы шығымдылыққа кері әсер етті. Алайда, гектар түсімділігі 8 цент­нерден айналса да, сапасы өте жо­ғары. Мәселен, балауыз 26-28-ден кем емес. Қолдағы астықтың 80 пайызы оры­лып, 76 пайызы бастырылды. Егін ерте піскендіктен, тікелей жинау әдісін қолданудамыз,–дейді аудан әкімі Марат Тасмағанбетов. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ. Мүсірепов ауданы.