Бәрекелді!
Үшемдердің әке-шешесі Валентин мен Ксения Толмачевтар Екібастұздың дәл іргесіндегі әлемге әйгілі алып ГРЭС-2 стансасы бар Солнечный кентінде тұрады. Бір күнде бес балалы болып шыға келген Валентин осы стансада слесарь болып еңбек етсе, Ксения осы жердегі №16 мектептің информатика пәнінің мұғалімі. Жүктіліктің алғашқы айында-ақ екібастұздық дәрігерлер бақылауында болған Ксения айы-күні жақындаған кезде Астанадағы республикалық Ана мен бала ұлттық орталығына келіпті.
Біз өндірісті қалада жолсапарда жүргенімізде Толмачевтар отбасына барып, құтты болсын айтып шықтық.
– Қазір балаларым жақсы, аман-сау, денсаулықтары да бірқалыпты. Өзімді де жақсы сезінемін. Ұлдарым Эрнест пен Виленнің салмақтары – 2800, ал, қызым Нэлли – 1700 грамм болып туды, – дейді Ксения.
Жас отбасы он жыл бойы пәтер жалдап тұрып әбден мазалары кеткен соң, Солнечный кентіне келіп, осы жерден үш бөлмелі пәтерге банктен алған несие арқылы қол жеткізіпті. Қазіргі тұрып жатқан сол үйлері тым жайсыз-ақ екен, әрі пәтерлері 7 қабатта кенттегі қараусыз қалған көп қабатты үйдің соңғы жылдары сыр бере бастағаны көрініп тұр, жоғары көтерілген сайын сасық иіс қолқаны атады. Пәтердің іші тар, бес баланың өсіп-өнуіне қиын-ақ. Екібастұздың әкімі Нұрлан Нәбиев те осындай жайсыз жағдайды көзімен көріпті, үшемдерге арналған арнайы арба сыйлапты. Қалалық әкімдік, қоғамдық қорлар дәрі-дәрмек, балалар тамағы, киімі сияқты басқа да көмек жақтарын қарастырып жатыр екен. Әрине, мұның бәрі жақсы. Бұған қоса жылы, жайлы пәтер жайын ойластырса әбден жөн болар еді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы, Екібастұз қаласы.