• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

400 мың көрермені бар Шаһизада Әбдікәрімовтің “Қоғам” ТВ телекомпаниясы

692 рет
көрсетілді

Сөз басы Университеттің 2-ші курсында оқырманына тұңғыш жыр-шумақ кітабын жүрексінбей ұсынған – айтқан сөзі жүрдек, жүрген жері дүрмек бұл ақыныңыздың аты-жөнін менің әріптес-замандастарым жақсы білуі тиіс! Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының бел ортасында, кеңес заманының дүрілдеп тұрған шағында, шынында да, шынашақтай сары бала Шаһизада Әбдікәрімовтің бұл “ісі”, яғни бесіктен белі шықпай жатып мемлекеттік баспадан кітап шығаруы – айтары жоқ сенсациялық құбылыс еді. Ол кезде сенсация атауының өзі тілдік қолданысымызда болмаған. Талдырмаш тұла бойына сыймай буырқанған жан сезімін 17 жасар бозбала таңғы шықтай кіршіксіз көңілмен ақтара салып, айды аспанға шығарды. Содан бір күні, журналистика факультетінің деканы өз ақшасына әперген бір тал билетті жұдырығына қысып, шынысы қалың көзілдірігін бір түзеп алып, Алматымен де, Алматының арқалы ақындарымен де қоштаспай, туған жері Қармақшыға тура тартып кетіпті дегенді ғана естідік. Арада сырғып сан жылдар өтті... “Алтын қазық” атты салмақты жыр жинағында бүгінгі Шаһизада: “Жылдарым-ай... Заманамен үндескен! Айдаһардың арқасында мызғып ап, Жолбарыстың жотасына мінгескен! ...Жылдарым-ай, қалып қойған түз-белде, Енді мені сұрау салып іздер ме? Үрпиеді ұл-қызым мен жұлдызым, Қалай аман жеткенсің деп біздерге?” деп сол бір “дауылды hәм жауынды” күндерін сарғайған сағыныштың шырмауында, тосырқай еске алады. Жыр жолдары – албырт жастың асау жылдар бедерінен сүрінбей өтіп, қазіргі қоғамдық ортадан өз орнын тапқан салиқалы азаматқа айналған ғұмырынан сыр тартып тұрғандай! Бірақ, бүгінгі әңгіме дарынды ақынның өткен немесе бүгінгі өмір белестеріндегі өрліктеріне орай өрілген жыр шумақтары хақында емес... “Жабық қаладан” басталған телехикая ...Кеңес Одағы құлап, әс­ке­рилер “жабық қала” Бай­қо­ңырда (Ленинскіде) ине-жібіне дейін қалдырмай Мәскеуге таси бастағанда осы Ша­һизада Әбді­кәрімовтің бір ұтқаны бар. Ол тұста “Бай­қо­ңыр” өңірлік те­лес­тан­­­са­сына же­тек­шілік ететін. Өз­дерін бо­лашақ “мәс­кеу­лік” санап қой­ған ке­шегі қанды­көйлек әріптес­тер Ленинград­тан таяуда ғана жет­кізілген судай жаңа аса қуатты жыл­жы­малы телевизиялық стансаны (ЖТС) қалай­да кері алып қайтуға жанта­ласты. Шаһизада да қол қусырып қарап жатпады. Байырғы көз­та­ныстары – әскери гене­рал­дарға тех­ни­ка­ны келген жерінде қалдыруға қолқа сап бақты. Алтын оқалылар аңқыл­даған аза­маттың сөзін жықпады. Әуелім, аталмыш қымбат техникаға бір әскери “КамАЗ”-ды қоса сый­лап кеткенін қай­тер­сің? Оларға журналистің сондағы бар берген сыйы – аталарының сүйікті асы, бір жәшік ащы су ғана. 1999 жылғы Қазақстандағы Президент сайлауы кезінде Шаһизаданың жаңадан тәй-тәй басқан “Қоғам” телекомпаниясы Ел­ба­сының Қызылордадағы кездесуінен, әлгі ЖТС арқылы қаланың Орталық алаңынан, эфирге тікелей хабар таратты. Сонда ғой те­ле­визиялық индустрияның тіс қаққан ма­мандарының ауылдағы бұл жаңа­шылдыққа аузын ашып, көзін жұмғандары. Содан көп ұза­май бір күні қалталы бір азамат Ша­һизадаға телекомпанияны сату туралы қолқа салсын. Мұндайды кім күт­кен, әзілі шығар деп, ат-тонын ала қаш­ты. Бас тартты. Бас тартқаны бар болсын, са­тып алушының қолы тым ұзын екен, тегі теле­компания бас­ты­ғының аузын аштыр­май, аяқ-қолын матап тастады. Қалайда сатуға мәжбүрлей бастады. Көпе-көрнеу қысастыққа жаны шыдамаған Шаһизада қызбаланып бірден Елбасына барып ша­ғын­бақ болған, бірақ ол кісінің қабылдауы­на жете алса жақсы, жете алмаса ше?! Оған дейін бар шаруа “заңды” түрде шешіліп кететін түрі бар. Қалайда Астанаға барудан басқа амал қалмады. Не керек, халық сыйлаған қайраткер Әбіш Кекіл­баевтың қабылдау бөлмесінен бір-ақ шықты. Он­дағысы – бір түсінсе, құзырлы басшы­лардан әдебиет пен өнерге жақын Әбекең түсінер деген ой. Кекілбаев Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып жүрген. Ақылман аға “аҺ” ұрған журналист інісінің жанай­қайын жаны­мен ұғыныпты, қабылдау уақы­ты қысқа, айтар сөзі аз болғанмен мәселені оң шешіп берді. Қызылорданың “Қоғамы” мен оның басшысын бұдан соң қайтып ешкім мазаламады... Қазір Қазақстанда тәуелсіз 21 телеарна бар десек, құрылғанына он жылдан асқан бүгінгі “Қоғам-ТВ” солардың ішіндегі біре­гейі. Олай деуге бірінші себеп: телестанса таза қазақ тілінде хабар таратады. Екінші­ден, аймақтағы 400 мыңнан астам көрер­меннің көңілін тауып отыр. Ұйымда ұзын-саны 47 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Сөз дода­сына лайықталған атшап­тырым екі түсіру алаңынан басқа, жеңіл ұрыс қаруы тектес шағындау екі студиясы кез келген уақытта хабар жазуға әрі тікелей ақпарат таратуға әркезде де тас-түйін әзір. Міне, сон­дық­тан да, аудио-видео құрал-жабдық­тары нөпірінің астында жатқан Алматы мен Астанадағы азулы Һәм аралас тілді теле­арналар техни­калық баспалдақ­тарда жазата­йым иық тірес­тіре қалса, қай-қайсысының да “Қоғам ТВ-ны” қызыл­ордалық деп қомсынбасы анық. Жан сүйсін­тетін және бір жайт – тәуелсіз те­л­е­арналардың қалып­тасуының елең-алаңын­да әуе толқынына шыққан бұл қар­лығаш-телекомпанияның бастапқы қазақы қалпын қаймағын бұзбай, сол күйінде осы күнге дейін сақтап келе жатқандығы. Сыр халқы өзінің күнделікті сырласына айналған телеарнаны “Шаһизаданың “Қо­ғамы” деп атап кеткен. Бұл, сірә дә, төрт ая­ғын тең басқан телевизиялық стансаның не­гізін қалаған белгілі журналист, айтулы ақын, қоғам қайраткері, мәслихат депутаты Ша­һизада Әбдікәрімовке жерлестерінің көр­сет­кен шынайы ілтипаты. Телеарна отау тіккен алғашқы күннен тек қана халықтың әлеу­мет­тік-тұрмыстық өмірінің түйткілдерін толассыз да тоқтаусыз толғап келеді. Соны­сымен де “Қоғам” өз биігіне көтерілді, ең алдымен көрерменнің марапатымен өсті. Бастан-аяқ өз күшіне сеніп, өз күнін өзі көріп, тіршілігін жасап отырған телеар­наның көрерменіне, яғни халыққа арқа сүйері заңды. Ең бастысы – Шаһизаданың “Қоғамы” осы жылдар ішінде ірілі-ұсақты атағы дардай телеком­па­ния­лар өтуге тиісті барлық кәсіби-өндірістік өт­келдерді артқа тастап, бүгінгі уақыт та­ла­бына сай техникалық құрал-жабдықтармен “мұздай қаруланып” үлгерді. Мұны тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңында еліміздің медиа-әлеміндегі “Қоғам” телеар­насының ерекше жетістігі деп бағалауға болады. Айтпақшы, осы таяуда бір қазақ мил­лио­нері, бәлкім, миллиардері, телестанса басшы­сына бетпе-бет келіп, қызық ұсыныс жасады... Ол туралы бүгінгі әңгімеміздің аяғына дейін айтуға уәде етеміз. Қармақшыдан асып құлаған “Сатана” Осыдан үш жыл бұрын беларусьтардың Байқоңырға ердей болып келгені естеріңізде болар... “Ердей болып” дегенім, Ресеймен туыс­қандығын алға тартқан олар Жер серігін тасы­­мал­­дайтын тұңғыш зымыранын ұшырмақ­қа ниет танытты. Өкінішке орай, “Днепр” зымы­раны ел сенімін ақтамады. Бір жағы ма­сат­­танып, бір жағы толқып тұрған Президент Александр Лукашенконың көз алдында беларусь­тық тұңғыш зымыран көкке көтеріле бере көзделген бағытынан ауытқып, алапат от құшағына оранды. Миллиондарға бағаланатын Жер серігінің өте қымбат коммуникациялық модульдері зымыранның үш сатылы жанармай құйған бөшкесімен бірге жарылып, жанды да кетті. Бұл Байқоңырдың басынан не өтпеген, бұл сайын дала не көрмеген, бірақ беларусь бауырлардан, сөйтіп... ұят болған! Оқиға болған күннің ертесіне Қызыл­ор­дадан Шаһизада Әбдікәрімов телефон шалды. “1991 жылғы 2 қазанды есіңізге түсіріңізші!” – дейді. “...Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан күні ғой”, – деймін мен. “Қарағаштың көлең­кесіне солдат үстелдерін қаз-қатар тізіп жіберіп, журналистер жапа-тармағай жайғас­қан баспасөз мәслихаты ше?” Әрине, есімде... Сұрақтар қарша борады. Жауап беруші үшеу – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев, Австрияның федеральді Канцлері Франс Враницкий, Ресей Президенті Борис Ельцин­нің өзі “кешірімді себептермен” келе алмай, елдің атынан арнайы жіберген төтенше өкілі ­– Иван Силаев. Дү­ние­нің төрт бұрышынан жиналған 40 журналистің ішіндегі ең “қызық әрі қиын сұрақ” “Бай­қоңыр” телеарнасының тілшісі Шаһизада Әбді­кәрімовтікі болды. Тілші полигонның басын­дағы саңырауқұлақтай қап­та­ған ядролық бал­листикалық зымыран­дардың болашақ тағдыры қалай шешілмек деген сауал тастады. Шыны керек, мұнда ғарыштық ұшыру айлағынан тыс кеңестік әскери баллис­тикалық зымыран ұшыратын құпия стратегия­лық 9 база барын көбіміз сонда білдік. Ғарыш айлағының келісім-шартпен қазақтың енші­сіне баяулап өту күндері жүріп жатқан. Нұр­сұлтан Әбішұлының жауабы былай болып келді: “Біз Семей ядролық сынақ полигонын жабу арқылы дүние жүзіне өзіміздің бейбітшіл, әділетшіл, әлемдік қауымдастықпен ынты­мақтас ел екенімізді дәлел­дедік. Енді, міне, Бай­қоңырды мем­ле­кет­тік меншігімізге айнал­дырып, тәуелсіз еліміздің тұтастығын, аб­солюттік өркениетті сақтауға мүдделігімізді та­ныт­­тық. Ал, ядролық оқ­тұм­сығы бар зы­мы­ран­­дарға келсек, біз оларды бірін қалдыр­май Ресей­ге қайтарамыз. Көршіміздің ядро­лық оқ­тұм­сықтарды алып тастап, зымырандарды бей­біт мақсатқа пайдаланамыз деген уәдесі бар...” Елбасы сөзінің соңын ала Ресейдің мем­л­е­кет­тік құзырлы азаматтары, ғарыштық-әскери са­ланың генералдары әлгі сауалға толықтыра жауап беруге тырысып бақты, бірақ тіл­ші­лерден мұндай “шабуыл” күтпесе керек, сірә, сөз­­дері қожырап, абдырап қалды. Әс­кери­лердің “м­ің­гірлегенін” түсінбеген “Байқоңыр” те­ле­арнасы­ның тілшісі сауалды енді Қазақстан Пре­зиденті­не бағыттады: “Нұраға, сол ядро­­лық зы­мы­рандарды Байқоңырмен бірге Қазақ­станның меншігіне алып, өзімізге қалдырсақ болмай ма?!” Әлі есімде, Прези­дентіміз: “Шаһизада, сұра­ғың өте орынды, оларды өзімізде неге қалдыруға болмайтынын орайы келгенде өзіңе оңашалап түсіндіріп беремін!” деп риясыз жы­миып, тілші жігіттің көп жайт­тардан хабардар екендігіне сүйсіне, жылыұшы­рай жауап қатты. “Ойы жүрдек, сөзі түйдек-түйдек, жүрген жері дүрмек” Шаһизада Әбді­кәрімовпен Алматы­дағы университет ауди­тория­сынан кейін өз басым екінші рет Бай­қоңырда, осылайша кездес­кенмін. Оны қалай ұмытайын?! Мобильді телефон тұтқасының аржағынан Шаһизаданың әдеттегі екпіндеп сөйлейтін етене таныс даусы құлағымды жарып барады: “Кешегі ұшпай жатып жарылып, масқара болған беларусьтардың “Днепр” ғарыштық зымыраны дегеніңіз... сол баяғы-ы, 91-ші жы­лы конве­р­сия­ланған ядролық зымырандар! Аме­ри­ка­лық­тарға кәдімгі “Сатана” дақпыр­тымен мәлім болған “СС-20” деген баллис­тикалық кеңестік қарулар. Соның атын өзгер­тіп, қарудың күшін бейбіт мақсатқа пайда­ланбақ болған бұлардың ниеттері түзу-ақ еді. Бірақ, ескінің аты – ескі, сыр берді. Байқа­дыңыз ба?! Бәрі де бар болсыншы, Қармақ­шының үстінен, мен туған ауылдың тура төбесінен ауып барып құлады емес пе. Жа­нымды беларусьтардан ары ауыртып тұрғаны осы жайт. Қазаққа бұл қасіретті зымы­рандардан құтылатын күн қашан туады, ағатай-ау, айтыңызшы?!.” Шаһизада Әбдікәрімовтің жанайқайын ұққандаймын. Жер астына жасырынған ке­ңестік ядролық тажал оқтарының әлі де таусыл­мағанына, жуық арада тұқымы тұздай құрып түг­е­сіл­мей­тініне налыдым. Дала­мызда бұр­шақтай шашылып түсіп жатқан гептилдің айықпас қасіре­тін бүкіл қазақ болып түсінетін дәрежеге же­тіп те қалдық емес пе. Жүрегім сыз­дап, әріп­тес­пен бірге мұңайдым... “Әр қазақ – менің жалғызым...” “Әр қазақ ­– менің жал­ғызым...” Осынау жыр жолын аузынан үнемі тастамай жүретін Шаһизада Сағитжанның қазасында да дәп бір “Сатана” Қармақшыдан асып құлағандай алабұртып толқыған. Сағитжан Бермағамбетов “Қоғам” телекомпаниясының жас журналис­терінің бірі еді... Дәл бүгін Астана мен Алма­тының телеарналарында Шәкеңнің шеберлік­тану тәрбиесінен өткен, “Қоғамның” студия­сы­нан бойларына қан жүгіртіп үлгерген қаншама журналистің жалындап жүргенін санамалап, дәріптемей-ақ қоялық. Дегенмен, Сағитжанның жөні бөлек-тін. Халықаралық ақпараттар желісінің (АҚШ) семинар-тренингінің екі мәрте таңдаулы дипломанты атанып үлгерген жас дарын “Қоғамның” кешкі жаңалықтарын жедел даярлап, көп жағдайда оны өзі жүргізетін. Ісі ширақ, қаламы жүйрік тілшіге облыстық әкімдік құда түсіп, аттай қалап алды. Шәкең де қанша қимағанмен екеуара жеке әңгіме барысында: “Аға, журна­листік өмірді сан қырынан байқап көрейін, “Қоғамға” қайтып ораламын, көріңіз де тұры­ңыз...” деген сөзіне иланып жастың жолын бөгемей, ақжол тілеген. Сол көктемде Сырдың суы да арнасынан қайта-қайта асып, елді дүрліктірді. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы асау өзеннің арнасын бақылап жүрген тікұшақ ұрынған кездейсоқ апаттан қаза тапты. Түңлік­тен күн көрсетіп, түтіктен су берсем де, Көр­сет­пеуім керек пе еді-ай, мен оны ешкім­ге!.. деп өлеңдетіп көңіл айтып, жүрегімен жылаған телекомпания директорының көз жасын сүрт­кенін көргенмін. Мектеп жасынан теле­студия­ның есігінен енгізіп, университет бітір­генше бас-көз болып, қадағалап жол сілтеп, жөн көрсетіп отырған әріптес ағасы өткір жастың болашағына зор үміт артып жүруші еді... Алматылық журналист Хылча Исмаи­ло­ва­ның Америкаға барған жолжазбасын оқыдым. Өзінің сапарлас әріптестері – екі қазақ жур­налисінің қылығына тамсаныпты. Қазақ­стан­ның БАҚ өкілдері америкалық жылтырақтар­ды қуып, қызықтап жүргенде, қызылордалық “Қоғам” телекомпаниясының журналисі Баян Құлтанова мен бейнеоператоры Ғалымжан Қожақовтың мұхит асып кеткен қазақ сәбилерін іздеп, шарқ ұрғанына ілтипат танытыпты. “Олар дегендеріне жетті”, – деп түйіндеген тілші, әріптестерінің Вашингтон мен Нью-Йорктегі отбасылардан 6 бірдей қазақ балаларын тауып қана қоймай, олардың атажұртында іздеуші-сұраушысы бар деген қоғамдық пікір тудырып кеткенін сүйсіне дәріптейді. Соңғы 8 жылдың ішінде кәсіби-шығармашылық тұрғыда “Қоғам” телекомпа­ния­сымен үзбей қатынасып, ұжым мүшелері­мен жақын араласып жүргендіктен де бұл оқиғаға ішім жылып қалды. Ол жайында кешікпей журналистика ілімін орысша алып, қазақша жазатын “Қоғамның” бүгінгі “арда­гері” санала­тын белгілі тележурналист Баян Құл­танованың өз аузынан естідім: “Алыс сапардың алдында бізді Шәкең шақырды: “Ата-баба аяғы баспаған жерге бірінші бара жатырсыңдар, уақыттарың тығыз... түсінемін, бірақ, Ақ-Баяш, айналайын, титтей уақыт тапсаңдар, Америка асып кеткен бейкүнә қазақ бүлдіршіндерін іздеп көріңдерші, о бейшаралардың күні не болды екен?” деген. Алдымызда бізді не күтіп тұр­ғанын білмесек те, бұйымтай бізге ой салды. АҚШ-та өзіміздің елшілік пен жергілікті му­ни­ци­палитетті қолқа­лап, бос уақытымызда ба­лаларға іздеу салдық! Елге оралып арнамыздан америка­лық қазақ сәби­лері туралы әсерлі сюжеттер тараттық. Шә­кең: “Біздің жур­на­лис­термен “Си-Эн-Эндегі” әріптестері бәсе­ке­лесіп көрсін енді, бәлем...” деп сондай ма­саттанып жүрді. Бұл тақырыпты өзім ауыздарына шайнап салып беріп ем демеді...” Компаниядағы өзінен басқа 46 қыз бен жігітке жасап отырған қамқорлығы бір басқа, журналистік шеберлік дәрістерін кез келген сәтте жай-күй талғап жатпай, тұра қалып оқып жіберетін елгезектігін айтсайшы, бұл Шәкеңнің, шіркін! Жалпы “Қоғам-ТВ” жігіттері мен қыздарының ұйымшылдығы мен ұлттық рухының күштілігіне, жаңаға ынты­зарлығына өз басым ерекше тәнтімін. Кәсіби міндетіне тас-түйін, ісіне мығым ұжым сан рет шығармашылық бәсекеде бақ сынап, тәуелсіз Қазақстанмен 10 жылдан аса әріп­тес­тік рухта келетін АҚШ-тың Халық­аралық даму агент­тігінің (ЮСАИД), өзге де шетелдік ұйымдар­дың гранттарын ұтып алды. Әрине, мұндай әлемдік телевизиялық жобаларға Қазақстан бойынша кемі 20 үміткер-телестанса қатына­сады. Солардың ішінде қазақ тілді “Қоғам­ның” тасы талай рет өрге домалады. Халық­ара­лық құзырлы комиссия ең алдымен бәй­геге қосылған теле­ком­па­ния­ның техникалық қуатына, эфирлік ауқымына, медиа кеңіс­тіктегі тәжіри­бе-тәлі­мі­не, әрине, күнделікті ақпарат таратудағы әбжілдігіне қадалып тұрып мән береді. Грант беруші мәртебелі ұйым­дардың талабынан шығып, назарына іліксе, демек, “Қоғамның” уақыт көшінен кеш қал­ма­ғаны! Сол уақыт көші туралы Шаһизада Әбдікәрімовтің өзі былай дейді: “Дүниежүзі бо­йын­ша қаншама БАҚ, жекелеген журналис­тер, тіпті, басқа да сала­лық ұйым-мекемелер қазір дәл осындай ірілі-ұсақты гранттармен күнін көріп отыр. Ең қызығы, жаңа кезеңнің жаңаша талап­тарынан көбіміз әліге дейін бей­хабармыз...” Теле­компания Қызылорда облы­сы әкімінің жыл сайын талғап-талдап, тара­зылап, жергілікті БАҚ өкілдеріне беретін қар­жылық грантынан да құр қалып көрген емес. Ол қаражат телеарнадағы ең үздік тілшілердің жалақысына жыл бойы қосылып тұрады. Сандық телевизия, қазақшаң қалай болар екен?! Телекомпания басшысының оң қолы – Тұрсынханым Желдербаева ұжымдағы шығармашылық істің ұйытқысы һәм үйлес­тірушісі, бір сөзбен айтқанда бүгінгінің До­малақ анасы. Сол қолы – инженер-элек­троншы Мұрат Шалабаев барлық аудио-видео жүйені тәптіштеп, тап-тұйнақтай тәр­тіп­те ұстайды. Қыздары эфирдегі биязы қылығымен қуантса, “сен тұр, мен атайын” жігіттері аттан түспей, ауыл мен қаланы шарлап кешкі жаңа­лықты жандандырып жүр. Ізбасар шәкірт­терінің жұлқынысы мен телеком­паниясының талпынысына іштей “тіфәлап” көңілі толатын медиа-магнаттың ойы мен санасын толған­дырып жүрген бір жайт бар. Ол – өмірге сандық телевизия жүйесінің келуі... Осы күнге дейін алыс-жақын шетелдің есігін ашуға құмартып көрмеген Әбдікәрімов, ресейліктердің сандық телевизия желісіне көшуге орай Ханты-Мансы аймағында өткізген алғашқы тәжірибе дәрістеріне өкіл жібермей, өзі барып қатысты. Көп жайтты көңіліне түйіп, көп жайттан көңілі күпті қайтты. 2011 жылдан Қазақстанда тұңғыш рет Қарағандыда хабар таратудың сандық жүйесі экономикалық негізде қолға алынбақ. Жаңа тәсілдің техникалық озық үлгісіне өз басының дауы жоқ. Қызылордалық теле­маманды алаңдататыны – “шығымы аз” қазақ­ша хабарлардың СТС жағдайында ора­мы аса зор мультиплекс жабдығының жұмы­рығына жұқ болмай қала ма деген қауіп. Осы орайда, мен де өз басым хабардар жүрген бір жайттарды ортаға жайып салып көрейін. Ташкенттік әріптесім Насыреддин На­заров: “Уай, аға, сіздерде тамаша ғой, тама­ша...” деп қанша тамсанғанмен, өздерінің телевизия ісінде жан-жағындағы көрші елдер­д­ен көш ілгері келетінін жасырмайды. Оның айтуынша, бұдан бірнеше жыл бұрын, Ислам Кәрімовтің ауызекі нұсқауымен барлық қалам ұстаған, саладан хабары бар журналистерге өзбек көрермен­деріне арнап мемлекеттік арна­ларға лайықты телесериал­дар жазу тап­сырылған. Жалпы, бүгін­де Азия құрлығының бұл аймағында үнділерден соң өзбек фильм­дерінің алда келеті­нін жұрт мойындап та қалды. Мойындағысы келмей­тіндер бар. Қазіргі өзбек телеарна­ларындағы ана тіліндегі хабарлардан тыс сол... сериал­дардың аста-төк молшылығы сандық телеви­зияға сақадай-сай дайындықтың алды болса керек. Өзбектер таяуда сандық телеви­зияға корейлік техноло­гиямен көшпек. Шәкең ашынып отыр: “Қо­ғамның” қоржыны толы, алдын ала дайын­дығымыз да бар. Ал, еліміздегі атағы дардай-дардай телестансалар онсыз да үңірейіп тұрған қазақ эфирін немен толтырмақ, әрине, орысша хабарлармен! Қазақша хабарларға нағыз сусау сонда басталмақ...” Түйін ...Cаясаткер әрі бизнесмен, салиқалы да салауатты астаналық бұл азамат дәл өзіне, дәл осындай ұсыныс жасайды-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Шаһизаданың қапелімде аузына сөз түспей, күмілжи берді. Сырбаз жігіт ағасы болса “...миллионды есепшотыңызға салыңыз, теларнаны маған сатыңыз” деді сөзін нықтап. Әңгіме АҚШ доллары хақында болып тұр. Бизнес адамын бұл қылығы үшін кінәлауға болмас, нарық заңы солай. Әбдікәрімовтің есіне осыдан он жыл бұрынғы оқиға түсті. Бүгінгі бизнесмен алдыңғы әпербақан қалталы әріптесіне қа­ра­ғанда сыпайы болып шықты, “тіпті қа­ла­саңыз, өз бағаңызды айтыңыз, ойласып кө­рейік” деп бар мәдениетімен қиылып-ақ тұр. Түнімен кірпік ілмеді... Көз алдында өзі үкілеп-баптап жүрген 46 қызметкері қаз-қатар тізіліп тұрды да алды! Бірақ... “Аз ақша ұсынып тұрған жоқ, Алматыдан гипермар­кет, Астанадан супермаркет сатып алсаң да жетеді. Жаныңа тыныштық керек болса, сәті келді. Алақұйын шапқылай бермей, жы­рыңды жаз да шалқаңнан түсіп жат, шайыр Шаһизада! Намысты қайтесің, қазақтың телеарнасы ше­телге де сатылып кетті емес пе. Оған қараған­да...” деген әзәзіл ой да қылаң беріп қоймай­ды. “Біздің телеком­пания­мызды бұлай бағала­ғаныңызға зор рахмет. Жаңа жоба бастаған едік, соны жүзеге асыруға дайын­далып жатырмыз. Қазақстанда алғаш­қы­лардың бірі болып арнаға жаңа технология сатып алған едік дейін... Түу, мұның бәрін... баяндаудың қажеті не?! Қысқасы, иегіңіз қышымасын деген бір-ақ сөзбен жауап қайтарған жөн-ау!” Кенет өзінің жүрегіне ғана етене жақын бұла күш кеудесін кернеп, атой сап бергені-ші... Кірпігімнен ай­ды ұзатып түнімен, Бұрылсын деп оңға ісім, – Оңашада өз кеудеме үңілем, Бүтін бе деп бесіктегі болмысым!? Таң сыз берген сәт еді... Ол ана сүтімен дарыған тазалығын сақтап қалғанына қатты қуанды. Тынымсыз тіршіліктің ақпараттық аптасының алдындағы тәтті ұйқыда жатқан Шаһизада “Қоғамының” өрендері бұл оқиғадан мүлдем бейхабар болатын... Талғат СҮЙІНБАЙ, Қызылорда.