• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Экономиканың тіні – шағын және орта кәсіпкерлік

631 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысына сапармен келген Мемлекет басшысы облыста осы саланың жақсы жолға қойылғанын атап өтті Оңтүстікке жұмыс сапарымен келген Елбасы ең алдымен қалада жаңадан пайдалануға берілген Неке сарайында болды. Әділет басқар­ма­сына қарасты АХАЖ бөлімінің мә­ліметі бойынша жыл басынан бері 3790 жұп шаңырақ көтерсе Неке сарайының ашылу салтанатында 8 күйеу жігіт пен қалыңдық жұбай­лық өмірін бастамаққа ниеттеніп ке­ліпті. Елбасы оларды отау көтеруі­мен құттықтап, неке куәлік­терін табыстады. Әрқай­сысына үй кинотеатрын тарту етті. Жас жұбайлармен шампан толы бокал соғыстырып, тілегін айтты. Неке сарайының астыңғы бөлігі қазақтың киіз үйі іспеттес болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы көшпелі қа­зақтың ғұмырын, салт-дәстүрін көз алдыңа әкелетін шаңырақ астында халқымыздың “қол ұстату” ғұрпы­мен отау көтерген екі жасқа бақыт тіледі. Халық аузында “Қырғы базар” деп аталып кеткен базардың етегі осыдан бес-алты жыл бұрын құ­мырсқа илеуіндей еді десек сыпайы теңеу болар еді. Мұнда қаптаған базар болатын. Кейбір пысықтар бір кездері жұрт шілденің аспан айналып жерге түсетін аптабында суға түсіп, жаны жай табатын, қыз жігіт болып қайық мініп, Шәмші­нің әніне салатын, астында ондаған көзі бар көлді де құрғатып, базарға айналдырып жіберген еді. Астында көзі бар көл тесік таппай тұра ма, жа­қын маңдағы үйлердің жертө­ле­ле­рін суға толтырып, айқай болып жататын осы жерді реттеуде облыс­қа басшы болған азаматтар үлкен еңбек сіңірді. Базарлар сыртқа көшірілді. Қазір бұл жердің бәрі гүлзар, аллеялар. Аршыған ақ жұмыртқадай Неке сарайын осы жерге салуға “Береке А” корпорациясының бас дирек­то­ры Рәшкүл Оспаналиева өз қар­жы­сы есебінен 241700 мың теңге жұм­сады. Астыңғы қабаты киіз үй пі­ші­німен жасалған, үстіңгі қабатын­да салтанат бөлмелері бар, қаптал­дары ұлутаспен қапталған сарай Елбасыға ұнады. Неке сарайынан соң Елбасы Шымкент қаласы, Еңбекші ауда­ны­на қарасты бұрынғы фосфор зауы­ты аймағында орналасқан “HІLL Corporatіon” ЖШС-ның жағармай материалдарын шығара­тын зауытына барды. Жылына 24 мың тонна мотор және трансмис­сия майларын дайындайтын зауыт­тың жобалық құны 2 615 млн. тең­ге. Алты гектар алқапты алып жат­қан кәсіпорынның дайын өнімді сату нарықтары Қазақстан және жақын шетелдер. Зауыт басшысы Қуат Қожамжаров Елбасына осын­дағы атқарылып жатқан жұмыс­тарды баяндады. Бұдан кейін Елбасы “Oxy textіle” ЖШС-нің автоматтанды­рыл­ған кешенді жіп иіру-есу фаб­рикасында болды. Дүние жүзіндегі мақта дақылын өсіретін ірі мем­лекеттер қатарына қосылмағаны­мен Қазақстанның өзіне молынан жететін ақ алтыны бар. Мақта – нә­зік өсімдік. Су көп болса да, аз бол­са да зиян. Оның сыртында көсек құрты сияқты жайпап кететін түрлі зиянкестері бар. Осынша бейнетпен өсірген мақтаны мақта зауыттары қабылдап алып, арзан бағамен шетелге шығарып сатып келді. Ал, қазақ мақтасынан өңді­рілген өнімдер араға біраз уақыт салып төрт-бес есе қымбат бағамен өзіне дайын өнім болып келетін. Осының бәрін електен өткізген Елбасы “Оңтүстік” арнайы эконо­ми­калық аймағын құру туралы” 2005 жылы 6 шілдеде №1605 Жарлыққа қол қойды. Енді сол эко­номикалық аймақ жақсы жемі­сін беріп жатыр. “Oxy textіle” ЖШС жобасы Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығымен құрылған “Оң­түстік” арнайы экономикалық ай­мағы аумағында жүзеге асырылуда. Өндіріс тоқыма өнеркәсібінде пай­даланылатын ең соңғы технология­лармен және жаңа жабдықтармен жабдықталған. Шығарылатын өнім халықаралық ИСО 9000 стандарты­на сәйкес. Өндірісте швейцариялық “Ритер”, жапондық “Lіnk” компа­ния­ларының және немістің “Ка­верион” фирмасының жабдықтары пайдаланылады. Жоба жергілікті мақтаны өңдеу үлесін арттыруды, аумақтағы және елдегі тоқыма өнер­кәсібін дамытуды, экономи­каның бір-біріне байланысты басқа да салаларына оң әсерін тигізуді көздейді. Шығарылатын өнім толы­ғымен экспортқа бағытталған. Бү­гінгі күннің өзінде немістің “Би­меко” фирмасымен 2 жылға алдын-ала келісім жасалып қойылыпты. Нұрсұлтан Әбішұлы фабрика жұмысшыларымен әңгімелесіп, жағдайларымен танысқаннан кейін “Хлопкопромцеллюлоза” ЖШС-нің мақта шикізатынан гигроско­пия­лық мақта, мақта целлюлозасын және техникалық карбоксиметил­цел­люлоза өндіру бойынша экс­портқа бағытталған өндіріс ұйым­дас­тыру фабрикасына келді. Фаб­риканың бас директоры Қайнар Абасов Елбасына осындағы атқа­ры­лып жатқан жұмыстарды баян­дады. “Бұл жоба Қазақстанда біреу-ақ және бұған ұқсас жоба жоқ”, – дей­ді бас директор. Компанияның басты мақсаты жергілікті өнім негізінде әлемдік технологияларды ендіру және құрамында мақта бар шикізаттан дайын өнім шығару. Сондай-ақ, жергілікті тауарлардың импортты алмастыруын арттыру, әлемдік рынокқа шығу және еліміз­дің 50 да­мы­ған ел қатарына қосылу мақсатын жүзеге асыру болып табылады. Кәсіпорын Оңтүстік Қазақстан облысында өндірілетін мақта шикізатына негізделетін болады. Ал ол өз кезегінде Қазақстанда мақта кластерінің дамуына оң ықпал етеді. Өндірілген өнімнің 70 пайы­зын экспортқа шығару көзделген. Өндіріс заманауи, жоғары техноло­гиялық, ІSO-9000 халықаралық стандарттарына сәйкес құрал-жабдықтармен жабдықталған. Елбасы осы фабрика аумағында облыстың индустриялық жоба­лары­мен танысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Мемлекет басшысына индустриялық аймақты дамыту бой­ынша жұмыс жоспары бекітіліп, нақты іс-шаралар атқары­лып жат­қанын жүйе-жүйесімен баяндап берді. Ел экономикасын көтеруге кет­пен мен соқа аздық етеді. Онымен жылдық табыс тауып, жекелеген отбасыны асырауға болар, ал әлем­дік рынок бәсекесінде тіптен қау­қар­сыз. Оған сену – кері кету. Мем­лекеттің келешегі – үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда. Елбасының тапсырмасымен индус­трия­лық саясаттың барлық басым салалары мен шешуші бағыттары облыстар бойынша да айқындалып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Оңтүстікте осы жұмыстар бұ­рын­ғы фосфор зауытының аума­ғын­да жүзеге асырылуда. Индус­трия­лық аймақ аумағының көлемі 337 гектар болса, оның 187,6 гекта­рына кәсіпорындар орналасқан. Өндірістің басым бағыттары би­туминозды минералдардан алына­тын мұнай өнімдері, минералды және химиялық тыңайтқыштар, пневматикалық және резина шина­лар, қағаз, картон және целлюлоз­дық мақта, кірпіштер, блоктар, плиталар және ұсақ құрылыс материалдары болып табылады. Бұдан соң Асқар Исабекұлы ауыл шаруашылығын өркендету бағытындағы жұмыстарды саралап көрсетті. Елбасы облыста жасалып жатқан индустриялық жобалармен танысқаннан кейін кәсіпкерлермен кездесіп, пікірлесті. Соңынан ақпарат өкілдеріне сұхбат берді. Елбасы Жамбыл облысындағы сапарын баяндай келіп, Оңтүстіктің даму көрсеткіштеріне қарай ойысты. – Әркім өз шаруасын жасауы тиіс, – деді Елбасы. – Әркім өзінің отбасын асырайтын жағдайы бар. Жұмыс істейтін адам бүгінде кедей бола алмайды. Ол – бір. Екінші, 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – бұл Қазақстанның тікелей болашағы. Оны жүзеге асыр­масақ біз тағы да артта қала­мыз. Көштің соңында қалып, шаң жұтамыз. Сондықтан да біз мұны ұлттық идея ретінде қабылдауымыз қажет. Келесі жылы ел тәуелсіз­дігінің 20 жылдығы келе жатыр. Мерекені атап өткенде әрбір облыс, әрбір аудан, ауыл тұрғыны, әрбір азамат “мен ел тәуелсіздігі үшін қандай жұмыс атқардым, мем­лекетке, өзіме қандай жақсы­лық жасадым” деген патриоттық оймен жүруі керек. Индустриялық-инновациялық бағдарлама халық­тың ойында болуы шарт. Ол әншейін бір айтыла салған жоспар емес, ол біздің болашағымыздың түп-тамыры болып саналады. Мен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын араладым. Бұл халқы тығыз орналасқан өңір­лер. Оңтүстік Қазақстан облысында 2 млн.-нан астам халық тұрады. Облыста халық саны күрт өсіп келе жатқандықтан көші-қон проблема­сы да бар екені рас. Сондықтан мемлекет аталған облыстарда көп­теп мектеп салуға үлкен маңыз беріп отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында бір жылда 64 мектеп салынған. Яғни, үш ауысымды мектеп мәселесін шештік. 50-ден астам медициналық мекемелер салынды. Дәл осындай көлемдегі әлеуметтік нысандар басқа бірде-бір өңірлерде салынған жоқ. Өйт­кені, мұнда зәрулік бар. Барша қа­зақстандық индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын бола­ша­ғының бағдаршамы, идеясы ретінде сезінуі керек. Оңтүстік Қазақстан облысында атқарылған жұмыстар мені қанағат­тандырады. Облыстың атқарушы билігінің жұмысына оң баға бере­мін. Облыс әкімі Асқар Мырзахме­тов және аудандардағы оның әріп­тестері тапсырманы ойдағыдай орындауда өздеріне қойылған мін­деттерді белсенді атқарып келеді. Орта және шағын кәсіпкерлікті Оңтүстік Қазақстан облысы сияқты дамыту қажет. Бізге дәл қазір өте ірі кәсіпорындардың керегі жоқ. Бізге 20-30-50 адам жұмыс істейтін кәсіпорындар керек. Бұл өте икемді өндіріс. Германия 90 пайыз өнімді шағын және орта кәсіпкерліктен алады. Сондықтан да бұл ел эко­номикалық дағдарысты оңай өт­керді. Өйткені, онда 50 ғана адам жұмыс істейді. Оның шығарған өніміне сұраныс төмендесе, басқа өнім түріне ауысады. Ал ірі өндіріс орындары олай жасай алмайды. Сондықтан бізге өте тиімді икемді өндіріс қажет. Қазақстандықтар, әсі­ресе, жастар өзінің жеке бизне­сімен айналысуға мүдделі болғаны жөн. Ал атқарушы билік осыған барлық жағдайды жасауы керек. Кәсіпкерлікке бағытталған “Биз­нес­тің жол картасы – 2020” бағ­дарламасы да осы үшін жасалған. Егер банк 14 пайыздық ставкамен несие берсе, мемлекет 7 пайызын өз мойнына алады. Біз экспортқа шығатын өнімдерге кепілдік бере­міз. Оңтүстік Қазақстан облысында қайта өңдеу саласы қатты дамып келе жатыр. Мұнда әлі де атқара­тын шаруа көп. Барлық облыс тұрғындарына жақсылық тілеймін, деп түйіндеді Елбасы өз сөзін. Мемлекет басшысы айтқандай, оңтүстіктің шағын және орта кәсіп­тің тынысын ашуда мойны озық. Көктем ерте келетін Сары­ағаш секілді аудандарда суармалы аймақтан тоқымдай бос жер тап­пайсыз. Шаруалардың дені үйір­гелік жерінен жылыжай көтеріп, көл-көсір пайдаға шығып отыр. Тамшылатып суару әдісін де жақсы меңгеріп алған. Жылыжай жабдықтарын, оған қажетті құбырларды іздеп сабылу­дың қажеті жоқ, Шымкент ірге­сі­нен ата жұртқа оралған ағайын­дарға мыңнан аса үй-жай көтерген “Ақ Ауыл” корпорациясы бір айдан соң осы салаға қажетті құрал-жаб­дықтарды ине-жібіне дейін түген­деп іске қосады. Оңтүстіктің іскер жігіттері ауыл шаруашылығына кезекті қондырғылардың бәрін ойластырған. Елбасының аймақ­тағы шағын және орта кәсіпкер­лікті дамытуға разы болғанының бір себебі осы сияқты. Сапар соңында Елбасы кәсіп­кер­лермен және БАҚ өкілдерімен естелік суретке түсті. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.