Есімі елдің есінде
Жұбанағамыз бала кезінен-ақ байсалды, бейне бір көсем, көшбасшы болуға жаратылғандай көрінетін. Сүйегіне ана сүтімен енген салмақтылығы, сабырлы қалпы, қуанышта асып-төгілмей, қиындықта асып-саспай, төңірегін ұлағаттылармен қоршауға тырысып, тұрлаулы тұлғаға айналды.
Жұбанның келбеті тартымды, бас қондырысы үйлесімді, маңдайы кереқарыс, жарқын жүзді, жанары өткір, көзілдірігі ажарын аша түсетін тұңғиық ойының пердесі тәрізді. Бойы биік, тіп-тік, еңкіш емес, жауырыны жалпақ, иықтары еңселі, сұсы бөлекше, сесі ерекше. Отырысы хан тағындағы бекзада секілді. Әдемі бет пердесі, күндей күркіреген, құлақты ашып, сергектікке жетелейтін дауысы, қатал үні, желпінді, лепті сөз саптауы, аңқылдаған күлкісі, өз сезімін үнемі еркін ұстауы, әділдігі, жомарт, дарқандығы ішкі-сыртқы дүниесі, бүкіл он екі мүшесі оннан-мұннан құрастырмай, тұтас бір материалдан қашап жасалған монумент іспеттес, тұла бойы тұнған күш-қуат, жүргеннің өзінде жай жүрмейді, басын тұқыртып алып, тротуарды жарып бара жатқандай, сол екпін, сол қуатпен алдағы бір дуалға, не болмаса қабырғаға қойып кететіндей көрінетін. Табиғатынан тарихи ірі оқиғалардың қалың ортасында жүру үшін жаратылған осы бір дарынды тұлға өзіне жүктелген аса үлкен шаруаларды түгелдей тындыруға жаралған жан екендігін сезінесің.
Оның тәкаппарлығы мен шандоздығы өзіне ғана тән еді. Жоқтан өзгеге шыр-пыр бола қалуы, мазасыздануы, тарпаңдық та, маңғаздық та Жұбан мінезіне қонымды, жарасымды еді. Осы бір қасиеттеріне байланыстырып, батырлық пен ақындығына сүйсініп, халық оны өз заманының Махамбеті іспетті таныды, бағалады.
Жұбан – жиын-тойдың ақыны емес, қоғамдық өмірдің көшіне басшылыққа, көсемдікке жаралған қайраткер. Оның ақындық ерекшелігі – ұлттық биіктігі. Ол үкілеп жыр жазып, ұлағатты ойлар айтты. Ақын өз өлеңдерімен мінездес.
Жұбан жырдариясының қайнар көзі – шығар бұлағы бар. Ол туған топырақ – Ақ-жайық өңірі. Жылдар адам жүзіне әжім түсірсе де асыл поэзияға әжім түсіре алмайды. Ол адамға қажетті ождан мен жігер, қайрат пен ерлікті, намысты өз шығармалары арқылы адами құнды қасиеттерді ұстанды. Жұбан ақынның сөздері найзағайдай жарқылдап, күндей күркіреді, кектендірді, ыза қайсарлыққа шақырды.
Жұбан – қазақ поэзиясындағы санаулы шыңдардың бірі. Шұрайлы тілді ақын. Ол Ақын деген атақтың асқақ абыройы мен ауыр салмағын бірдей сезінді. Жұртшылықты поэзия дариясының эпикалық мазмұнды туындыларымен сусындатты. Оның өлең жолдарында басы артық сөздер жоқ, ой жұмырланып, санаға тез енеді. Әр сөзін абайлап, әр ойын өлшеп, әр сөзін нарықтауға дағдыланып, қазақ тілінің бай қазынасын ұқыпты, ұтымды пайдаланды. Оқырмандарына өзінің ақындық талантын мойындатқан Жұбан қазақтың ұлттық сөз өнеріне елу жылдан астам өмірін арнады. Лирик және эпик ақын есебінде, жалынды публицист, әдебиет ісінің көрнекті ұйымдастырушысы қатарында кең танылды. Оның өлең-поэмалары 60-қа жуық кітап болып басылды. Мұның бәрі – Жұбанның абыройлы өмірінің айғағы.
Жұбан сөздерінің қуаты күшті. Сөз кестесі, айбыны Құрманғазының төкпе күйлері “Адайы” мен “Сарыарқасы” тәрізді сезімді тербеп жібереді, үздіксіз тебірентеді, бойды балқытады, қанды бекітеді, жанды серпілтеді, арманды шалқытады.
Жұбан ағаның өлеңді сондай табиғи түрде төгіп сала беретіндігіне мысал ретінде бізге сыйлаған кітаптарына қалдырған бірер қолтаңбасын ғана келтірейін.
Кім білген алдағы өмір, ай сандарын,
Бір жанмын соқсам – дауыл, жансам – жалын.
Батам сол-бақытты бол, қоса ағарсын,
Төріңде төбе бидей Жайсаң жарың!
МұныЖұбағаң біздің үйдегі Қапия қарындасына жазған еді.
Тағы бір кітаптағы қолтаңбасы мынандай:
Жайықты қалайша мен жай сағынам,
Жүрегін жерлестерім жайса ағынан?
Күреңдей көкіректе күмбірлетіп,
Жыр мініп қайтам талай Жайсаңынан.
Осындай шымыр шумақтар, балталасып бұзылмайтын ұйқастар “Жұбаға, мына кітапқа қолтаңба қойыңызшы”, деп қолына ұстата салғанда сау етіп төгіле кететініне таңқалатынбыз.
Ақынның қай шығармасы да қазақ тілінің небір інжу-маржанын шебер қолдана білгендігімен ерекшеленеді. Жұбанды аспандатып ақын жасаған – қазақ тілі. Ол өмір бойы қазақ тілін жырларының өзегі, тиегі, сарқылмас бұлағы етіп қолданып, оны ардақтады, асқақтатты.
Жұбан – қазақ тілін қорғап, оның тағдырына байланысты мәселені саяси деңгейде көтеріп, ресми басшылық алдында батыл үн қатқан азамат, ұлт қайраткері. 1953 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде жұмыс істеп жүргенде қазақ тілі мәселесін көтергені үшін Сырбай Мәуленов екеуі қызметтен айырылды. 1966 жылы Жұбан орталыққа әдейі хат жолдап, жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерін көптеп ашу жайлы мәселе көтерді.
Ақын өмір бойы қазақ үнін талайлар естісін, қазақ жырының бұлағы – қазақ тілінің тірегі таудай берік болсын, оның терең тұнығы лайланбасын, қазақшадан аударылған Абайдың, Шоқанның, Мұхтардың дана ойларын, жырларын әлем сімірсін, сусындасын, дүние халықтары қазақ елі бар, қазақ тілі бар екенін біліп жүрсін деп армандады.
Жұбанның тіршілік-тынысы кеңестік қоғамның тіршілік тынысымен өзектес. Ол – кеңес мектебінің түлегі.
Бәрі де пенде: ақын да пенде. Аулады ақындар түлкі-жырды қансонарда, О, болашақ, әділ бол! Біздей болма! – деп өлең жолдарының арасына еркіндік арманын бөлеп, шындықты араластырды. Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дегендей, Жұбан кеңестік заман ағымына ілесіп, хандарымыз бен сұлтандарымызға, ұлт-азаттық туын көтерген Алаш қайраткерлеріне сын айтқан кездері де болды. Бірақ оларды балағаттамады.
Шындық дерті Жұбанның ішінде өсіп-жетіп, бөсірге айналып сыртқа шықты.
Жұбан көзінің тірісінде үлкен лауазымға ие болды. Қазақстан Жазушылар одағына басшылық етті. КСРО Жазушылар одағының хатшысы деген атағы да болды. Қазақ ақындарының арасынан КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болған да бір өзі. Халықаралық жазушылар қоғамдастықтарының көрнекті қайраткері санатына да иегер. Одақтық мемлекеттік заң билігіне сайланып, Жоғарғы Кеңестің депутаты болды, бірнеше жоғарғы дәрежедегі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қазақстанның халық жазушысы атағымен республикалық Мемлекеттік сыйлықпен әспеттелді. Қазақ халқының асылдары атанған жазушылар: Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев Жұбанды өздеріне жақын тұтып, ағалық ілтипат жасап, жақсы көрді. Талантын жоғары бағалады. Қосшыдан басшыға дейінгі дәрежеге жеткізіп таныды.
Жұбанның сол кездегі жүйе басшыларына ұнамай, талай соққы жегені де бар. Бұл жөнінде ақынның ауылдасы, досы, белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевтің естелігінен үзінді келтірейік.
“Жұбан 70-ші жылдары “Хатшыға хат” деген бірнеше шумақтан тұратын өлең жазды. ... Бұл өлеңін “Жұлдыз” журналына берген. Сол өлең жарияланған журнал номерін әдейі ұстап, Жұбанға шүбә келтіруді ойлағандар ... ертемен партияның Орталық Комитетінің бюро мүшелерінің, Қонаевтан бастап, үйлерінің пошта жәшігіне салып кетіпті. “Жұбанның өлеңіне көңіл аударсаңыз” деген жапырақ қағаз бар. “Көңілдестер” бұл өлең партияның басшыларын даттап, өзін мақтап отыр” деген ұғым тудыруға мықтап-ақ тырысыпты. ...Жұбан өзін олардан артық санайды, өйткені “мен қаламын ақын боп өлгенде де” деп сайрап отырған жоқ па деп даурығыпты. Өлең журнал бетінен сыпырылып тасталды.
... “Мен – қазақпын” поэмасы шыққанда, Жұбанның соңына түсушілер болған. “Бұл шығарма ұлтшылдықты уағыздайды” дегендер де болды”.
“Мен қазақпынды” партиялық цензура 6 ай бойы әр жолын ежіктеп оқып, ақырында ұлтшылдық сарынға негізделген ештеңе таба алмай, Мәскеумен кеңесіп, әрең деп жарыққа шығуына рұқсат етеді. Сөз жоқ, бұл деректер Жұбанның партиялық бақылау астында болғандығын дәлелдейді.
“Сел” поэмасы төңірегінде де біраз жағымсыз әңгіме орын алды. Енді күншілдер поэманың “басшы” деген геройына жармасып, “Шығарма Қонаевқа арналған, Жұбан баяғы “Хатшыға хаттағысындағы” партия басшысын сынағанын жуып-шайып, Қонаевтан кешірім сұрап, тізе бүгіп отыр”, деп шуласты. Жұбан жасымады, қайсарлығын танытты.
“Мен – Қазақпынның” жарыққа шығуына не негіз болды, Жұбанға қандай жағдай бұл туындыны жазуға әсер етті?
Большевиктік империяның қол астында қазақ елі бар да, еркі жоқ, ұйысқан ұлты бар да, дербестік дәрежеде тұрған мемлекеті жоқ, ұлан байтақ жері келімсектердің қонысына айналды. Енді не істейміз, атымызды, тілімізді жоғалтып, қазақ ұлты болып тарихи деңгейде тұра аламыз ба?
Ұлтымыздың еңсесі түсті, жымысқы саясатқа қарсы тұрар қайрат көрсете алмай, жігері жасыды. Ұлтымыз саяси әлімжеттіліктен қорғансыздың күнін кешті, ұлтсыздандыру саясатына ызаланды, налыды. 1960 жылы 26 желтоқсанда тың игеру деген желеумен Қазақстанның солтүстік аймағындағы жері құнарлы облыстардың басы біріктіріліп, орталық тың өлкесі – “Целинный край” деген аймақ құрылды. Бұл жер иесі – қазақ халқының ықтиярынан тыс істелді. Қазақстан үш өлкеге бөлінді де, тұтастығына балта шабылды. Ақмоланың аты Целиноград болып өзгерді. Далада мал өрісі қысқарды. Қазақ малдың орнына таяқ ұстады. Құла түз қалтырады. Дінін, ділін жоғалтты қазақ. Мектептер тек орыс тілінде оқытып, қазақ тілі тек дастарқан, үй-жай төнірегінде қолданыста қалып, мешеулікке ұшырады.
Кеңестік үстемдік рұқсат еткен пышақтың қырындай оқулықты оқып, шындықтың ауылынан мүлде алыс жасалған қазақ тарихын тұтындық. Тыңгерлер деп жіберді масылдарды, асылдарды емес, Абақтыдан босатып ап. Билеуінше биледі, бөсті де, иесі жоқ тәрізді бұл Даланың. Осындай халқының басына түскен қауіпті сезінген Жұбан қазақ ұлты туралы өз атынан “Мен – қазақпын” деп дастан жазып, халқын шыңыраудан алып шығу үшін поэзия күшін қолданды.
“Мен – қазақпын” деп айту бүгінде оңай. Ал сонау 1964 жылы бар дауыспен айбынды, астарлы ұлт туралы дастанды жазу үшін үлкен жүрек, асқан ерлік қажет еді. Ол Жұбанның еншісіне тиді. Ақынның қайсарлығы мен өжеттігін айдай танытқан: “Бұратана емеспін, Отаным бар” деп үн қатуы халқын биіктетті. “Мен – Қазақпын”поэмасын әрбір сөзі, әрбір жолы ұлттық идеяны арқау етіп, ұлттың тағдырын бірінші орынға қойды. Ақын өзінің осы асқақ туындысын еліне, туған жұртына тасқындатып төгіп, асқан шабытпен халқының мәртебесін асқақтатты, ұлттық сананы жаңа сапалық сатыға көтерді.
“Мен – қазақпын” – кең тынысты, айдын теңіз дастан. Бұл поэма қазақ жастарын нағыз қазақ болуға шақырды. Ұлттың азаттығын аңсаған, оны көрегендікпен жырлаған Жұбанның өз рухы да “мың тіріліп”, артында арға толы жалынды дастан-жыр қалдырды.
Жұбан Молдағалиев өзінің ақындық даңқын көтеріп, есімін әлемге паш еткен шығармасы – “Мен – қазақпын” поэмасында лирикалық, публицистикалық стильде қазақ халқының өткен өмірі, тағдыры жайлы үлкен толғаныс жасады. Қазақтың ұлттық характерінің қалыптасу жолы, оның ерлік дәстүрі рухының жоғарылығы, елі мен жері, оның байлығы, адамдары жайлы бейнелік пафосты жыр етті. Ұлттық белгілерге, ерекшеліктерге мән бермей, большевиктік үстемдік “біртұтас кеңес халқы” деген ұғым туғызып жатқан кезде, өзінің қазақ екенін ағынан жарыла, төгіле жырлаған Жұбанның ақындық ерлігінің өзі айта қаларлықтай.
“Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген” қазір афоризмге айналып, иісі қазақтың аузынан түспей жүрген сөз. Осы алты сөздің Жұбан ақын құрастырған тіркесі алты алаштың тарихының бір түйіні, түп-түбірі болып, санаға орнықты.
1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі қаһары мен ызғары бетіне теуіп тұратын әміршіл-әкімшіл кеңестік жүйе мен енді ғана тәй-тәй басқан демократияның алғашқы беттесуі еді.
Алматыдағы қазақ жастарының көтерілісін Мәскеу басқа жерден, қалалардан ұшақпен әскери күштер жеткізіп, жаншып, тұншықтырды. Партияға, кеңестік билікке бағынышты ақпарат құралдары арқылы қазақты күстәналап, көтеріліске қатынасқандарды “өңшең бұзақылар, арамтамақтар, маскүнемдер, қоғамға жат элементтер, ұлтшылдар” деп кінәлады.
Көтеріліске қатысқандарды қатаң жазалап, бас бостандығынан айырып, оқудан қуып, оларды арашалағандарды жұмыстан босатып, “қазақ ұлтшылдығы” деп зәбірлеп жатқанда ара түскен, қорғаған Жұбан ақын болды.
Бірде жол түсіп Алматыға барғанымда, Жұбан ағаның желтоқсандықтарды қорғап сөйлеуі жөнінде сыр шерткені бар. Жаңа жыл (1987) қарсаңында Мәскеу тағайындаған Қазақстан басшысы Колбинмен жазушылар қауымы өкілдерімен кездесу болады, соған шақырыласыз және сөйлеуіңізді қалаймыз деген жоғарыдан ұсыныс болады. Жұбағаң әзірленеді, ойын қағазға түсіреді. Таңғы 4-те айтарын дайындап бітіреді де, қайта оқыған соң екі бүктеп жыртып тастайды. Азырақ ойға түсіп, қайтадан жазғанына үңіліп, қосатындарын қосып, ақиқатын айтамын, тек айтпаймын, батыл айтамын, үстемдік құрып тұрған жүйеге, идеологияға сын айтамын, халқыма ара түсемін деген шешімге тоқтайды.
... Жазушылар одағы үйіне Колбин нөкерлерін ілестіріп келеді. Қабағы қатыңқы. Желтоқсандықтарды қанға батырған, қазақтың ұл мен қызына дүре соғып, ит қосқан жендеттілігі бет бедерінен, тарпаңдап аяқ басқанынан, қаңқылдаған үнінен сезіледі.
Алғы сөйлегендер жалпаңдап бақты. Тіпті бір қартаң жазушы: “Біз сізді жиырма бес жыл күттік”, деп мүләйімсіді, енді біреуі бұрын батылсынып, алқынып сөйлейтін қасиеттерін жоғалтып, басшыға бас иіп, қуанышын білдіріп жатты, Колбиннің істегендерін қуаттап жатты. Біреулер қара басының қамы үшін халқын қаралап, өзгелердің рушылдығын әшкерелегенсіп өз рушылдығын қоздырып жатты.
Жұбанға сөз берілгенде жұрт тым-тырыс, шыбынның ұшқаны білінеді.
Намыс пен кек түнеріп, мұң аралас жас тұнып қабағында, мінбеге көтеріледі Жұбан ақын.
Қасқиып тұрып қайсар Жұбан ең алдымен идеологияны, оның стереотиптілігін, пәрменсіздігін, шындықтан алыстығын, пәтуасыздығын сынады, биліктің халықтың толғанысы мен қиналысынан қол үзгендігін айта келіп: “Мен – қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін, маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал бүгінгі күні онан да қымбат. Халқым – жомарт, өршіл, аңқау. Ұлттық шектеулік оған мүлде жат”, дей келіп, “Когда я узнал о том постырном событии и последствиях его, я не скрою, очень сожалел, что дожил до такого дня”, деп ашық кетті. Осы тұста ақынның даусы діріл қақты, жанары жасқа толды...
Жиынға қатысқан ақын Ақұштаптың естелігіне жүгінсек:
“Жұбан желтоқсандықтарды қолдады, халқының намысын қорғап, ел алдында арқадан жүгін түсірді, ар алдында тазарды. Сөзін аяқтап, залға бет алғанда, жұрт күбірсіз, жанары жабыңқы, 37-жылдың сұмдығын көрген, естіген сорлылар қол соғуға да қорықты. Жұбан – “бөрі”, өзгелері “қояндай” көрінді. Тыныштық бұзылып, бір кезде ес жинаған қауым гуілдеп, қол соғып, бірін-бірі арсыз ұйқыдан оятты. “Айтқан сөз – атылған оқ” дегендей, Колбинді қайсар ақынның кекке толы лебі өртке бөледі. Жұбанның да сол күні сызат түсті жүрегіне”.
Қызыл империяның күмбезінің астында тоталитарлық жүйенің адам бостандығын, құқығын аяққа басып тұрған кезеңінде өз ұлтының мұң-мұқтажын айтып, халқын құрметтеуді, оның ары мен намысынан аулақ жүруді талап ету тек Жұбан Молдағалиевтың қолынан келді. Ол халқының абыройы үшін айқасқа шығып, ержүрек, шыншыл адам ретінде өз халқына жан дүниесіндегі арға толы қасиетін сыйлады. “Мен – қазақпын” толғауын балалар бақшасынан бастап, мың қайталап, мың серпініп оқып, миына тоқыған, кеуделері намысқа толы, саналы, сергек қазақ жастарын арашалады. Оларға бағытталған бәлекет Жұбан ағаның жүрегіне соғылып, тас-талқаны шықты. Мәселе не тағдырға көну бар, не ерлікпен өлу бар деген тұжырымға тірелгенде, Жұбан екіншісін қалап алды. Сын сағатта ол халық мүддесі үшін айтатынын айтып, нағыз ерлік көрсетті. Қазақ халқының арына, намысына ұрынғандарға қарсы тұрғаны Жұбағаң үшін жайлы аяқталмады, жүрегіне сыз түсірді, ғұмырын қысқартты.
1988 жылы 6 қазанда таңғы сағат 4-те Жұбан ақын көз жұмды. Асылымыздан айырылдық. Асқар тауымыз құлады. Ертемен, сағат 7.30-да алдымен келіп, отбасына көңіл айтқан бүгінгі Елбасы, сол кездегі Қазақ КСР-інің Үкімет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Жасындай жарқырап өткен Жұбан-жырдың нұр-шуағы ғасырлар биігінен халқына сәулесін түсіре бермек.
Жайсаң АҚБАЙ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.