Облыс орталығында биыл 11 дүкен ашылды. Бұл дүкендер әлеуметтік тұрғыдан алғанда тұрмысы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандар, зейнеткерлер мен ардагерлер үшін қызмет көрсетеді. Азық-түлік өнімдерінің бағасы іші-сырты жарқырған сауда үйлеріне қарағанда біршама арзан тұрады әрі үйлерінің дәл қасында орналасқан.
Саяжай ауданында жақында ашылған “Алатау” дүкені де Қаныш Сәтбаев атындағы орталық көшеде орналасқан “Ертіс” дүкені сияқты қала маңындағы шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлермен тұрақты түрде жұмыс жасайтын болады. Яғни, олар ешқандай делдалсыз өз өнімдерін тікелей жеткізеді және арзан бағамен сатады. Сөрелер ет, сүт, жұмыртқа, май, айран, қаймақ, нан-тоқаш өнімдеріне толы. Қала мен ауыл өзара келісіп екі жаққа да тиімді азық-түлік белдеуін жасап алды.
Жалпы, облыс орталығының жартыжылдықтағы көрсеткіштері де жаман емес, кәсіпорындар осы аралықта 174,4 млрд. теңгенің өнімдерін өндіріпті. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қала әкімі Бақытжан Жоламановтың айтуынша, аумағы 6 гектардай жерді алатын жылыжай салу жоспарланыпты. Сонымен қатар, облыс орталығында басқа өңірлерден көкөніс, жемістерді жеткізіп беретін және оны сатуға арналған арнайы логистикалық орталық та есік ашты. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Серік Базарбаев жыл соңына дейін тағы да басқа шағын аудандарда әлеуметтік дүкендердің қатары көбейетінін жеткізді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.