Еліміздегі білім беру мен ғылым жүйесінде елге адал қызмет жасап келе жатқан қызметкерлердің аты аталғанда, солардың қатарында есімі ауызға алынатын азаматтардың бірі – Найман Бөбейұлы Қалабаев. Оның балалық және мектептегі жылдары туған жердің тылсым тіршілігін, сырға толы қырлары мен қырқаларын терең түсінуге, қатпарлы таулардың ішке бүккен құпияларын ашуға деген арманмен өтті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, қазақ баласы бой бұра бермейтін жағрапия, астрономия, картография, геодезия жайында жазылған ғылыми-танымдық журналдарға жазылып, ондағы басылған мақалаларды зерделей бастайды. Ол кезде Ю.Гагарин ғарышқа ұшып, көптеген жеткіншектердің армандары космонавт болу еді. Міне, солардың бірі ретінде оның да жүрегінде ертеңге деген үміт оты тұтанады.
Қазақ орта мектебін алтын медальмен тәмамдаған Найманға арман болған мамандығын дайындайтын бірден-бір жоғары оқу орны Мәскеу геодезия аэрофототүсіру және картография инженерлер институтына түсу бақыты бұйырады. Ол кездерде екінің бірінің бағына жазыла бермейтін, Кеңес өкіметіндегі бірден-бір жалғыз жоғары оқу орнына студент болып қабылданған ол, бала күнінде мақсат-мұрат тұтқан міндеттерді орындауға мықтап кірісіп кетеді. Үнемі үздік оқып машықтанған жас талап дәріс тыңдап қана қоймай, профессорлардың лабораториялық-тәжірибелік практикаларына қатысып, ауылда жүріп, сырын білсем деп, болашаққа қойған басты бағытының негіздерін айқындауға, білмегендерін білуге, түсінбегендерін сұрауға еш қысылмайды. Соның нәтижесі болса керек, институт қабырғасында жүріп-ақ, ұстаз-тәлімгерлерінің жетекшілігімен түрлі жобаларға қатысып, талай жүлделі орындарды да иемденеді.
Мәскеудегі мағыналы да мәнді студенттік жастық шақпен де қоштасатын кез келіп, жетекшісінің ғылыми жұмыспен шұғылдану үшін институтта қалу ұсынысына жас түлек алған теориялық білімді практикамен ұштастыруды дұрыс көріп, бір-екі жыл өндірісте жұмыс жасап келіп, өнімді ғылыми еңбек жазғаным дұрыс болар деп шешеді. Орынды, ойлы жауапқа мәскеулік профессор да келіседі.
Иә, алға қойған мақсатына жетпей тыным таппайтын, оңайдан жол іздейтіндердің қатарынан табылмайтын Найман Бөбейұлы сол кездегі еліміздің астанасы – Алматы қаласындағы КСРО Министрлер кеңесінің жанындағы геодезия және картография бас басқармасына инженер болып қабылданады. Бұл өткен ғасырдың 70-ші жылдардың басы еді. Жоғары білімді мамандар тым тапшы боп келетін аталған мамандықтың қыр-сырын терең түсінуге талпынған жас маман екі-үш жылдың ішінде-ақ білімділігі мен біліктілігінің арқасында, ұжымға жұғыстылығының, істің көзін таба алатынын қасиеттігінің негізінде қатардағы инженерден экспедиция бастығына дейін көтеріледі.
Ол ұстаздарына уәдесінің үдесінен шыға білді. Институт қабырғасында жүріп, тәжірибелік-конструкторлық бюрода жасалған эксперименттерді өндірістерде ұштастыра келіп, ғылыммен біржолата шұғылдануға бет бұрды. Алынған нәтижелерді Мәскеудегі профессор ұстаздарына ұсына отырып, бұл ғылыми жұмысты Алматыдағы политехникалық институтта ұстаздық ете жүріп, сынақтан өткізуге келісім алады.
Міне, осыдан бастап Найман Бөбейұлының жаңа бір қыры ұстаздықпен ұштасты. Алматы архитектура-құрылыс институтында ол студенттерге дәріс оқып, олардың ғылыми жұмыспен шұғылдануына жетекшілік жасады. Осы жерде кандидаттық диссертация қорғап, қатардағы оқытушыдан доцент лауазымына дейін көтерілді. Білім беруге шеберлікті арттыру, жоғары білімді ақпараттық және инновациялық технологияларды қолдану арқылы өзгерту мәселелеріне арналған жоғары білім саласындағы басқосуларға белсенді араласып, әрқашанда әріптестерімен ғылымның соңғы жаңалықтары жайлы пікірталас ұйымдастырып жүрген оны еліміздің білім мен ғылым саласындағы билікте жүрген ағалар аңғарып, білім министрлігіне қызметке шақырады.
Жетпіс жылдан аса билік құрған кеңестік дәуір құрдымға кетіп, мемлекетіміз тәуелсіздігін жариялап, өз бағыт-бағдарымызды айқындап жатқан кез еді. Ұлттық білім мен ғылым жүйесіндегі жаңа бағыттың бірі – еліміздің ерекшеліктерін ескере отырып, одан әрі дамыту күн тәртібіне көтерілді. Бұрынғыдай Мәскеуге қарап, солардың дайындаған білім беру стандарттарына машықтанып қалған мамандарға, енді өзіміздің ұлттық менталитетімізге қарай әлемдік өркениеттің озығын алып, тозығын ысырып тастап, білім мен ғылымды өркендетуге жаңа көзқарас қалыптастыру оңайлыққа соқпады.
Әлемдік тәжірибелерден хабардар, техникалық жоғары оқу орындарының көкейтесті мәселелерінің мән-жайын Мәскеуде жүріп түсінген Найман Бөбейұлы Білім және ғылым министрлігінің техникалық жоғары оқу орындары басқармасына бастық болып тағайындалғаннан бастап, осы саладағы барлық азаматтарды ұйымдастырып, білім үдерісіндегі техникалық білім-ғылымның нормативтік, оқу методикалық проблемаларын бірлесе қарастырып, келесі шешімдер шығаруға жол ашты. Білім стандарттары мен оқу бағдарламалар түзілді. Әрине, қазір айтуға оңай болып көрінгенімен, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының жағдайы оңай емес еді.
Тек білім саласын бағдарлап қана қоймай, сонымен бірге, бөлінетін мемлекеттік қаржы мәселесін бағамдай алатын мамандар жетіспеушілігі де сезіліп, оның шешілу жолын көрсете алатын кадрға талап тым жоғары еді. Жаңалыққа жаны құмар Найман Білім және ғылым министрлігі басшылығының пәрменімен экономика қаржы бас басқармасының бастығы болып тағайындалады. Бұл салада да ол өзінің іскерлігін, күш-қайратының зор екенін таныта білді. Еліміздің жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, құрал-жабдықтарын жаңартуға мемлекет қаржысын қарастыруда жаңа әдістер әзірленіп, ол әлемдік білім қауымдастығында қалыптасқан дәстүрге негізделді.
Сегіз қырлы, бір сырлы Найман Бөбейұлына басшылық министрліктің ғылым басқармасын басқаруды жөн деп табады. Бұл кезде жұрттың көбісі тіршіліктің күйбеңімен, мектепті, институтты тастап, базар жағалап жүрген кез еді. Отбасының күйін күйттеп, нәпақасын табу үшін әр жерден қосымша жұмыс іздеп, күнін көріп жүрген жас маманға сен ғылыммен шұғылдан деп айтудың өзі артықтау болатын. Міне, оның алдында отандық ғылымымызды дамытып, жастарды ғылымға тарту тетіктерін табу міндеті қойылған еді. Қашанда үмітті ақтай алатын, білімі мен біліктілігін көрсете алатын Н.Қалабаев бұл сыннан да мүдірмей өтті.
Осындай қиын кезеңде министрлік басшылығы оның іскерлігін, қоғам алдындағы жауапкершілігін жете түсіне алатындығын аңғарып, сол кездегі Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті аппараты білім және ғылым секторының меңгерушісі қызметіне ұсынды. Білім және ғылым министрлігінде үш бас басқарманы басқарған Н.Қалабаев жинақтаған кәсіби тәжірибелері жаңа қызметте де жарап жатты. Егеменді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бөлінбес бір тармағы: ғылым мен білім жүйесін жүйелі жетілдіру үшін ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылдау үрдісі басталып кетті. Осы істің басы-қасында жүрген Найман Бөбейұлы отандық білім мен ғылым саласының білгірлерімен бірлесе отырып, болашақ бағдарламалардың бағытын айқындайтын тұжырымдамалар жасады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білім мен ғылымға деген әкелік қамқорлығының арқасында іске асып жатқан іс-шаралар еліміздің әлеуетін көтеретін факторлардың бірі – ғылым мен білімнің қарыштап дамуына сара жол ашты.
Үнемі қызмет бабындағы өсу жолы оны Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне алып келді. Білім мен ғылым саласының өз өкілі шынында да маңдай тердің, қажымас қайраттың арқасында жеткен жетістігі осы салада жүрген барша әріптестеріне белгілі. Аталмыш салада негізгі атқарған жұмыстарының бағыты – отандық білім мен ғылымды әлемдік білім кеңістігіне кіріктіру төңірегінде өрбіді. Білім беру мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығына жаңа серпін беру, мемлекетаралық интеграцияны дамыту, ғылыми байланыстарды өзара түсіністікпен достық негізде нығайту туралы Елбасының тапсырмасын орындау барысында үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін айтсақ, артық болмас.
Биліктің біраз сатысынан абыроймен өтіп келе жатқан білім мен ғылымның өз өкілі – Найман Қалабаев білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғаннан кейін, елімізде жоғары ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау мәселесін мықтап қолға алды. Қорғалған докторлық және кандидаттық диссертациялар сапасын көтеру мақсатында қомақты жұмыстар атқарылды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлауды бірлесіп атқарар тұстағы іс-шаралардың өз деңгейіне айрықша көңіл бөлінді.
Жоғары оқу орындарында сапалы білім беру, оқытушы-профессор құрамының, материалдық-техникалық базаларының талапқа сай болуын қадағалап отыратын комитеттің атқарар шаруасы да жеткілікті. Міне, осындай міндеттерді абыроймен жүргізген жігерлі жетекші, ұтқыр ұйымдастырушыға деген ел ықыласы ерекше.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Найман Қалабаевтың ғылым-педагог кадрлар дайындау ісіне толықтай тоқтамай-ақ, бүгінгі күні оның ғылыми жетекшілігімен онға таяу ғылым докторлары мен кандидаттары қорғағанын тілге тие етсек жеткілікті болар.
Еңбексүйгіштік, қарапайымдылық және ұйымдастырушылық қасиеттер арқылы әріптестері, достары мен шәкірттері арасында сыйлы да белсенді ғалым-педагог, жақсы жар, мейірімді әке, сүйікті ата бүгінгі күні бір белеске көтеріліп отыр.
Профессор Н.Қалабаев туралы, оның ғылымдағы, білімдегі, мемлекеттік қызметтегі өзіндік орны, игілікті істері, адами қасиеттері туралы көп айтуға болады. Біз осы шағын мақаламызда ұзақ жылдар бойы ғылым және білім саласында тынбай еңбек ету арқылы қол жеткен табыстары мен ғылыми зерттеу нәтижелеріне баға беру мақсатында емес, тек Найман Бөбейұлының өткен өмір баспалдақтарын нақты деректер негізінде өзімізше талдап-тарқатып, көзі қарақты оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор.