Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы небір ауыртпалықтар мен қиындықтардың орын алғаны баршаға мәлім. Көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің жұмыстары тоқырауға ұшырап, осының салдарынан қос қолдарын қусырып, жұмыссыз қалғандар қатары көбейді. Осыдан да сол кезде еңбекке ақы төлеу күрмеуі қиын мәселеге айналған. Халық айлап емес, жылдап еңбекақыларын ала алмады.
Сол бір қиын кезеңмен салыстырғанда қазіргі уақытты қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күн деп айтуға әбден болады. Экономиканың қай саласы болмасын қарыштай қадымдап, өркен жайып келеді. Заманында жұқпалы дерттей болған жұмыссыздық та жыл өткен сайын келмеске кетіп барады. Бүгінгі таңда елімізде әрбір адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, оған уақытында еңбекақы төлеу басты назарда тұр.
Осыған қарамастан, жұмысшыларға берілетін жалақы қарызының әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқандығы кім-кімді де ойландырмай қоймаса керек.
Облыста жалақы қарызы мен жұмыстан негізсіз босату, болмаса ақысыз демалысқа жіберуді болдырмау мақсатында екі құзырлы орган – облыстық прокуратура мен облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Осылардан алынған деректерге жүгінер болсақ, бүгінгі таңда облыстағы 15 кәсіпорынның 2312 жұмысшысына берешек жалақы қарызы 105,3 млн. теңгені құрайды екен. Осы мекемелер қатарында мемлекеттік кәсіпорындар бар екеніне қалайша қайран қалмассың. Жоғарыда айтқан 15 мекеменің ішінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қарызға белшеден батып отырғандығы бірден көзге ұрады. Атап айтқанда, “Су жүйесі” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 583 адам жұмыс істейтін болса, мекеме оларға тиесілі 48,363 млн. теңге жалақы қарызын төлей алмай отыр. Өткен сәуір айында осы кәсіпорынның еңбек заңнамаларын сақтауына жоспарлы тексеру жүргізген мемлекеттік еңбек инспекциясы 588 адамға 29,276 млн. теңге және жұмыстан босатылған 155 адамға 2,335 млн. теңге қарыз екенін анықтаған. Осы кемшіліктерді өтеу үшін лауазымды тұлғаларға 282 600 теңге айыппұл да салынған. Өкініштісі сол, баяғы жартас – бір жартас. Керісінше мекеме қарызы ай санап емес, күн санап өсіп бара жатқан көрінеді. Сондай-ақ, “Су құбыры” МКК жұмысшыларына 1,348 млн. теңге, ал “Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 5,5 млн. теңге қарыз болып отыр.
Қарызға белшеден батқан мекемелерді саусақпен санамалап айтар болсақ, бұл тізімге “Күрделі құрылыс басқармасы” ЖШС ілігеді. Аталған серіктестіктің жалақыға берешегі 17,8 млн. теңге болса, “Еңбек-Қызылорда” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының берешегі 5,034 млн. теңгені құрап отыр екен. Сондай-ақ “Имсталькон-Қызылорда” мекемесінің жалақыға қарызы 6,0 млн. теңгеге жуықтаған.
“Шыдамның да шегі бар” деп атам қазақ айтқандай, жұмысшылар жалақыларын алты айлап ала алмаған соң кейбір мекемелер мен кәсіпкерлердің ақыларын төлеуді шешу ісі сотқа да берілуде. Мысалы, “Арзан базар” ЖШС-ден құқық қорғау органдарына түскен арыз бойынша тексеру нәтижесінде оның жұмысшыларға берешегі 2,558 млн. теңге екені анықталған. Сондай-ақ “Қорғаушы”, “Салт А”, “Лювена строй лимитед” ЖШС-лар мен “Жазықбаева” атты жеке кәсіпкердің жұмысшылар алдындағы қарыздары қомақты болмаса да жәбірленушілер сотқа жүгінуде. Ал жалақыларын уақтылы ала алмаса да “үндемеген үйдей бәледен құтылады” деп тым-тырыс отырғандар да баршылық шығар. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлерден айлап емес, жылдап еңбекақыларын ала алмай, жұмыстан кетіп, ел жағалап жүргендер де жетерлік.
Айта кетейік, азаматтардың конституциялық құқықтары мен еңбек заңдылығының сақталуын бақылап, тексеретін органдар заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Осы бір тіршілік түйіткілдерін басты бақылауына алған облыс басшылығы да жалақыға қарыздар мекеме басшыларына қатаң талаптар қойып отыр. Содан болар жұмысшыларға берешек мекемелер мен кәсіпорындар қатары азайып та келеді. Бірақ тым баяу. Сондықтан еңбекақыға қатысты істердің басым бөлігі мамандандырылған экономикалық сотқа жіберіліп, жалақы қарыздарын мәжбүрлеп өндіру қолға алынған.
Таяуда облыс әкімі Б.Қуандықовтың төрағалығымен өткен мәжілісте жалақы берешегін өтеу мәселесі қаралып, сала басшыларына ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен қазанның 20-сына дейін барлық берешектен құтылу жөнінде қатаң тапсырма берілді. Орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер...
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда.