Кеше Назарбаев Университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы болып өтті. Оған Қоғамдық палатаның мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Үкіметтің, Білім және ғылым, Қаржы министрліктерінің, ғылыми орталықтардың, холдингтердің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Отырысқа Мәжіліс Төрағасының орынбасары, Қоғамдық палатаның төрағасы Владимир Бобров жетекшілік етсе, мәжіліс барысында “Ғылым туралы”, “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы” заң жобалары қаралды.
Алғашқы болып баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов еліміздегі білім саласын қаржыландыру мәселесі жыл сайын оңтайланып келе жатқанына, 2000 жылдан бері осы бағыттарды қаржыландыру жүйесі 5 рет қарастырылғандығына ерекше тоқталды. Білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту арқылы олардың өз қызметтеріне деген ынталарын арттыру жолдары да уақыт өте келе дұрыс шешім тауып келе жатқандығын тілге тиек етті. Басқа да білім саласына қатысты мәселелерді баяндай келе, осы саланы қаржыландыру көлеміне әлі де болса басымдықтар берілуі тиіс деген ой білдірді.
Қазіргі уақытта “Ғылым туралы” және “Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” заңдар мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың негіздерін реттейтін заңнамалық актілер болып табылады. Естеріңізге сала кетсек, “Ғылым туралы” Заңның жаңа редакциясы Парламенттің төртінші шақырылымының 2009 жылғы қыркүйектің 1-індегі ІІІ сессиясының ашылуында және 2009 жылғы қыркүйектің 4-індегі ғылым мәселелері бойынша өткен кеңесте Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау қажеттігіне негізделеді. Сондықтан да бұл заңның маңыздылығын ескере отырып, заң жобасының түйіндерін ортаға салып талқылау аса қажет. Өйткені, бұл білім сапасының жақсаруына әсер ететін бірден-бір фактор болмақ.
Ал “Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” мәртебесі туралы” заң жобалары Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2006 жылғы “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” және 2010 жылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауына сәйкес әзірлеген болатын. Аталған заң жобаларына сәйкес еліміздегі білім беру саласына қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізу, мектептердің инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларын іске асыру үшін қажетті академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту, жас ғалымдарға жағдайлар жасау, оларды әлемдік ғылым бәсекесіне бейімдеу сынды көкейкесті мәселелер қызу талқыланды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.