Мемлекеттік мәселе
Таяуда Маңғыстау өңіріне сапар сәті түскен болатын. Реті келгенде осы облыстың прокуроры Сабыржан БЕКБОСЫНОВПЕН кездесіп, сұхбаттасудың да мүмкіндігі туды. Прокурормен әңгімемізді ағымдағы жылдың өткен сегіз ай мерзімінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын және мемлекеттің мүддесін қорғауда, сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күресті күшейтуде қандай жұмыстар атқарылды деген сұрақтар төңірегінде өрбіттік. – Үстіміздегі жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстарды екшейтін болсақ, – деп бастады сөзін Сабыржан Мәдиұлы, – цифрларға жүгінгеніміз жөн болар. Осы кезге дейін прокуратура органдары 423 тексеру жүргізді, 624 прокурорлық ықпал ету актілері енгізілді, 146 заңсыз актілердің күші жойылды. Мемлекет пайдасына 1 миллиард 649 миллион 755 мың 333 теңге қаржы өндірілді. Прокурорлық ықпал ету шаралары нәтижесінде 24 791 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Мәселен, медициналық-әлеуметтік ұйымдарда мүгедектер мен қарттардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманың қолданысына тексеру жүргізіліп, осы мекемедегі қызметкерлердің өз міндеттерін дұрыс орындамау деректері анықталды. Атап айтар болсам, медициналық-әлеуметтік ұйымдардың жауапты қызметкерлерінің салғырттығынан осы ұйымдарға өткен ғасырдың 90-шы жылдары орналастырылған бірнеше адамның күні бүгінге дейін құжаттандырылмағаны, яғни олардың жеке куәліктерінің, салық төлеушінің тіркеу нөмірлерінің, әлеуметтік жеке кодтарының жоқтығы анықталды. Осының салдарынан бұл адамдар өздеріне тиісті зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларын күні бүгінге дейін алмаған. Тексеру қорытындысы облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде қаралып, барлық анықталған құқық бұзушылық бойынша құзыретті органдарға прокурорлық ықпал ету актілері енгізіліп, кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, мүгедектер мен қарттардың құқықтары қорғалды. – Уақытында кейбір заңгерлер елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформа аяқталды деген тұжырым жасаған болатын. Сөйтсек, бұл асығыс айтылған пікір болып шықты. Сот, құқық саласы әлі де реформалауды қажет етеді екен... – Осыған дейінгі реформалардың күткен дәрежеде нәтиже бермегенін айта келе, Елбасы өз шешімімен құрған Мемлекеттік комиссия әзірлеген және соған орай өзі мақұлдаған “Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар туралы” Жарлыққа қол қойып, құқық қорғау органдары жүйесін реформалау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Бұл ұйымдастырушылық-құрылымдық, қызметтік міндеттілік туралы шаралар. Құқық қорғау органдарының құзыреттерін айқын ажыратып, оларға тән емес қызметтерден босату және сот ісін жүргізуді жетілдіру реформаның негізгі бағытының бірі болып табылады. Тергеу органдарын реформалауға және сотқа дейінгі іс жүргізуді жетілдіруге байланысты прокуратура органдарынан құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіруші функциясын күшейту, сотқа дейінгі іс жүргізуде прокурорлардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру талап етіледі. Мемлекет басшысының нұсқауына сай барлық құқық қорғау органдары өз жұмысында қоғамдық пікірді толықтай есепке алулары, яғни қоғамдық пікірмен есептесулері тиіс. Сондықтан біздер – құқық қорғау органдарының басшылары халықпен жиі кездесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Өз кезегінде бұл шаралар әлемдік тәжірибеге негізделген құқық қорғау және арнайы органдардың өте тиімді құрылымын жасайтынына сенімдімін. – Сабыржан Мәдиұлы, бүгінгі күні азаматтардың еңбек құқытарының бұзылатыны, еңбекақыларын уақытында ала алмайтындығы туралы фактілердің жиі кездесетіні жасырын емес. Осы мәселеде қандай жұмыстар атқарылды? – Облыстық прокуратура азаматтардың еңбек құқығын қорғау мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Еңбек заңнамасын қолдануды тексеру нәтижесінде 16 ұйғарым орындалып, заңдылықты бұзуды жою туралы 193 ұсыныс қабылданды. 10 адам тәртіптік, 94 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Уақытында қабылданған шаралар мен “Sat Operatіng Aktau”, “Жөндеу”, “Тазалық”, “Аско” мен “Түпқараған” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 8063 жұмысшысының 657 миллион теңгеден астам еңбекақысы өндірілді. Мысалы, “Sat Operatіng Aktau” серіктестігі өткен жылдың желтоқсанынан бері осы мекеменің 252 қызметкеріне 97 миллион 316 мың теңге көлемінде жалақыларын уақытында бермеген. Тексеру нәтижесінде бұл заң бұзушылық жойылды. Бейнеу аудандық прокуратурасы еңбек заңнамасының қолданысын тексеру барысында “Каско” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазақстандық жұмысшыларға 48 миллион 506 мың 294 теңге көлеміндегі жалақыларын кешегі күнге дейін төленбей келгенін анықтады. Тексеру қорытындысы нәтижесінде серіктестік директорының атына заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде жұмысшылардың жалақылары толық төленді. – Әр өңірдің өзіне тән проблемалары болады. Мысалы, мұнайлы өңірдің ең басты, ең негізгі деуге болатын мәселесі – қоршаған ортаны қорғау. Олай болса, әңгімемізді осы тақырып төңірегінде өрбітсек... – Өндірісті өлкенің ең басты проблемаларының бірі – қоршаған ортаны қорғау заңнамасын орындату деуге болады. Осы бағытта үстіміздегі жылдың 8 айында 59 тексеру жүргізілді, 509 заң бұзушылық анықталды, оны жою туралы 73 ұсыныс енгізіліп, 543 адамның конституциялық құқығы қорғалды. Осы мәселеде 33 лауазымды тұлға тәртіптік, 114 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтар болсам, Ақтау табиғат қорғау прокуратурасы актісі негізінде белгіленген мөлшерден тыс ілеспе газды жаққаны үшін “Бозашы Оперейтинг ЛТД” компаниясы филиалына әкімшілік айыппұл салынып, экологияға келтірген зияны үшін 1 миллиард 124 миллион теңге өндірілді. Тағы бір айта кететін мәселе, соңғы бірнеше жыл бойы итбалықтардың қырылу деректері ұлғаюына байланысты арнайы табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі және Балық инспекциясы басқармасы өкілдерімен бірге Маңғыстау облысы Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі аумағында Каспий итбалығының қыстайтын орнын белгілеп, анықтады. Кемелердің итбалықтың шоғырланған орындарынан біршама қашықтықты сақтап жүрулерін қамтамасыз ету үшін теңіз порттары мен мүдделі мемлекеттік органдарының басшыларына ақпарат жолданды. Аталған органдар мен шаруашылық субъектілері біздің ұсынысымызды қолдап, кемелердің теңізде қозғалу бағытын қайта қарап, бекітті. – Сыбайлас жемқорлық – қоғамдық дерт. Оның тамырына балта шабу, оны жоюға бағытталған күрес науқандық шара болмауға тиіс. Облыс көлемінде коррупцияға қарсы күрес нәтижесіне көңіліңіз тола ма? – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті үздіксіз және үнемі жүргізіп отыру керектігін, оны бүтіндей жоюға бағытталған кешенді жұмыс істеуіміз қажеттігін алдымызға міндет етіп қойды. Осыған орай аталған қылмысқа қарсы күресті тиімді қадағалау қызметін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Бұл сала бойынша 58 тексеру жүргізіліп, 791 заң бұзушылық фактілері анықталды. Оны жою туралы 57 ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде 65 лауазымды тұлға тәртіптік, 4 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 5 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күні сол істердің 4-еуі сотқа жолданды. Мұндай құқық бұзушылықтар мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаларды қолдану кезінде орын алған. Мысал келтіретін болсақ, Жаңаөзен қаласының прокуратурасы “Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімі” мемлекеттік мекемесінде “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заң талаптарының сақталуына тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде Жаңаөзен қаласының шағын аудандарының аяқталмаған инженерлік желілерінің құрылысы жұмыстарының мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген ашық конкурсының жеңімпазы заңсыз анықталғаны белгілі болды. Конкурстық комиссия мүшелерінің шешімімен “Проффармат-Сервис” серіктестігі жеңімпаз деп танылып, 23 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған. Тексеру кезінде аталған серіктестіктің жарылыстан қорғалған электрлік техникалық жабдықты қоса алғанда, электр пештерімен өзге де техникалық құрылғылар мен бақылау және есепке алу аспаптарына байланысты технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстарымен айналысуға құқық беретін лицензиясы жоқ екені анықталды. Сонымен бірге, “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңның 26-бабының 5-тармағына сәйкес, конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылардың шартты бағасын салыстырады және олардың ішінен ең төменгі баға негізінде жеңімпазды анықтайды. Осы орайда “Өзенэнерго” серіктестігінің шартты бағасының төмен болуына қарамастан, комиссия керісінше “Проффармат-Сервис” серіктестігін жеңімпаз деп танып, келісім-шарт жасаған. Тексеру қорытындысымен Жаңаөзен қалалық прокуратурасы Маңғыстау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына “Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімі” мекемесінің конкурстық комиссия шешімін заңсыз деп тану туралы талап-арыз түсірді. Осы талап арыз негізінде сот жоғарыда аталған келісім-шартты заңсыз деп тапты. Маңғыстау аудандық прокуратурасы осы аудандық жол полициясының инспекторы Н.Шәуеновтің азамат Е.Жамансариевке көлік құралын заңсыз басқару куәлігін бергенін анықтады. Н.Шәуенов аталған деректі жасыру мақсатында жалған құжаттар рәсімдеп, аудандық ішкі істер басқармасы бастығының қолын өзі қойған. Аталған дерек бойынша Н.Шәуеновке қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол екі жылға сынақ мерзімімен шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айрылуға кесілді. Облыс прокурорының нұсқауымен облыстық Қаржы полициясы департаменті “РАП-Құрылыс” серіктестігінің директорына қатысты қылмыстық іс қозғап, ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Л.Рахова жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Реті келгенде тағы бір мысал келтіре кетейін, облыс прокуратурасының бірнеше рет нұсқауынан соң қаржы полициясы “Инком-құрылыс” серіктестігінің басшылары және құрылтайшылары А.Толмачев, Д.Бессараб, С.Шубскийге қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар 2004-2008 жылдар аралығында аталмыш серіктестіктің құрылтайшылары ретінде Ақтау қаласының 28 және 29 шағын аудандарындағы 212 үлескердің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысының 66 миллион 626 мың 275 теңге қаражатын талан-таражға салған. Алаяқтардың үшеуі де қашып кеткенімен, Ақтау қалалық соты оларға қатысты сырттай қамауға алу санкциясын берді. Осылардың бірі А.Толмачев өткен жылдың тамыз айында ұсталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. – Сабыржан Мәдиұлы, біраз әңгіменің басын қайырдық. Дегенмен, уақытында дүйім елді дүр сілкіндірген түзеу мекемелерінен қашу оқиғасы болған еді. Осыған қатысты қолданылған шаралар туралы да айта кетсеңіз. – Биылғы жылдың 22 маусымында Маңғыстаудағы ГМ 172/1 түзеу мекемесінен ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған 21 адамның қашқанынан барша жұрттың хабары бар. Оларға қатысты Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Сонымен бірге облыстық прокуратура осы түзеу мекемесінің бастығы М.Жанахметовке, орынбасары Ш.Халменовке, колония бастығының кезекші көмекшісі М.Нұрсейітовке және шұғыл бөлім бастығының міндетін атқарушы М.Ысқақовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 316-шы бабының 2-ші бөлігімен, яғни абайсызда ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған салақтығы үшін қылмыстық іс қозғады. Қазіргі кезде осы қылмыстық істер бойынша тергеу аяқталып, оларды қылмыстық істердің материалдарымен таныстыру жүргізілуде. Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІР. Ақтау.
•
12 Қазан, 2010
“Міндетіміз – заңдылықты қорғау”
477 рет
көрсетілді